Сіз не дейсіз?
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, Парламент Сенатының депутаты:
– Мемлекет басшысының жолдауын жұртшылық аса қызғыушылықпен күтеді. Биылғы жолдауда халықтың көкейінде жүрген мәселелер қамтылды.Мысалы, өзім кеше ғана сайлаушылармен кездесіп келдім. Олардың айтқандары түгел осы жолдауда қамтылды. Соның бірі салық саласына қатысты. Мемлекет басшысының Салық кодексін барынша пысықтап, ондағы өлшемдердің кәсіпкерлер мүддесіне сай жасалуы қажеттігі жайлы айтқаны қуантты.Соның ішінде салықтың ашық болып, және тексерулердің азаюы жөніндегі талаптың қойылуы кәсіпкерлердің көптен күткен жаңалығы. Бұл өте маңызды. Өйткені, салықтың табысқа сай болуы, бұл шараның әділ жүзеге асуы кәсіпкерлердің өз ісін дамытуына, өнімді жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Бұл деген сөз, экономикамыз диверсификацияланып, азаматтарымыздың жұмыспен қамтылуы артады деген сөз. Бюджеттің де кірісін көбейтетін үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар, атом электр станциясына қатысты да көптің көкейінен шығатын ұсыныс тасталды. Қазір шыны керек, еліміз энергия тапшылығын тартып отыр. Мұны кездесулерде әсіресе, кәсіпкерлер жиі айтады. Өйткені, олар өз істерін жүргізу үшін энергияны айлап, жылдап күтеді. Астананың маңайының өзінде де өте қиын.Энергияның тапшылығы мен қымбаттығы инвестициялық тартымдылыққа, үлкен өндірістердің ашылуына да кедергі.Үшіншіден, бізде ядролық энергетика жақсы дамыған. Елімізде Кеңес Одағынан бері жұмыс істеп тұрған Ядролық зерттеу институты бар. Онда қаншама жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондықтан біздің атом электр станциясын салу әлеуетіміз бар. Атом электр станциясын бір мемлекет салмайды. Оған Кореяның,Францияның компаниялары және Росатом қатысуы мүмкін. Әрине, олардың әрқайсысының бұл салада жетістіктерімен қатар, кемшіліктері де бар. Мұны мамандар толыққанды зерттеп, зерделеуі керек.
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Мемлекет басшысы өз жолдауында жұмысшы мамандықтарын дайындауға айрықша маңыз беріп, келесі жылдың жұмысшы мамандықтары жылы болып бекітілетінін айтты.Кәсіптік білім беру саласы бойынша қосымша реформа жүргізу міндеттелді. Бұл өте дұрыс. Өйткені, кәсіптік білім беру саласында шешімін күткен мәселелер бар. Мұнда біріншіден жан басына шаққанда грантқа бөлінетін қаржы көлемі аз. Жоғары оқу орындарында бір студентті оқыту үшін бір миллионнан астам қаржы бөлінеді. Ал, колледж оқушыларына қаралған қаржы жарты миллионға жетер-жетпес. Әрине, мұндай қаржыға сапалы білім алу мүмкін емес. Бұл мәселені біз үнемі көтеріп келеміз. Өйткені, колледжде қосымша кететін ресурстар көп. Мәселен, аспазды тек теориямен дайындамайсың ғой. Сол сияқты басқа да техникалық мамандықтар бойынша практикаға инфрақұрылым керек. Сондықтан осы мәселе шешіледі деген ойдамын. Тағы бір мәселе колледждерді жүз пайыз заманауи жабдықтармен қамту қажеттігі. Бұл шара ақырына жетпей қалды. Білім беру бағдарламалары жаңғыртылу керек. Техникалық мамандықтар бойынша маманның жетіспеуінің негізгі себебі – жалақының төмендігі. Осы мәселе де шешімін табуы керек. Онсыз азаматтардың бұл мамандыққа келуін ынталандыру қиын.
Ермұрат БАПИ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Мемлекет басшысы бұл АЭС-ті салуды құптайтынын білдірді. Расында бұған қажеттілік бар. Мұны тәуелсіз сарапшылар мен мамандар да айтып жатыр. Мәселе мұнда емес, мәселе АЭС-ті кім салатынында және осындай жемқорлық заманында қалай салынатынында, бөлінетін қаржының қалай жұмсалатынында. Референдумға дейін АЭС-ті салатын мердігерлер анықталуы керек. Халық референдумға дейін оны кім салатынын білуі керек. Ал, егер, референдумға біз АЭС қажет, қажет емес деген сұрақпен барып, осы сауалға ғана жауап алатын болсақ, бұл жартыкеш шешім болады. Біз оған дейін бұл құрылысты қай мемлекет салатынын білуіміз керек. Сол кезде халықтың ой-пікірі, ерік-жігері нақты айқындалады.


