Мектеп жасында Мұқағағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын оқымаған, оның үзінділерін жатқа айтпаған оқушы елімізде жоқ шығар. Алайда бұл шығармаға арқау болған «Жетімкөлді» ақынның қиялынан туған деушілер күні бүгінге дейін әр жерден табылатын. Өйткені жер-су атауына қатысты «Жеріңнің аты – Еліңнің хаты» сияқты энциклопедиялық анықтамаларда Алматы облысының Райымбек ауданындағы «Жетімкөлге» қатысты мәлімет жоқ.
«Əйгілі құсбегі, өлкетанушы Мүлік Исабеков ағамыз еліміздің түкпір-түкпіріндегі бүркітшілердің жарысына барған кезде «М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы ақынның қиялынан туған шығарма. Бұл өңірде «Жетімкөл» деген көл жоқ. Ол Қазақстанда бір-ақ жерде, тек Көкшетауда ғана бар» деген алыпқашты əңгімені көп естиді екен. Осы өңірдің тумасы əрі «Жетімкөлге» сан мəрте барып, көзімен көрген адам ретінде Мүлік ағамызда «осы біз неге жалпы қазаққа Мұқағали жырлаған «Жетімкөлді» паш етпейміз деген ой туындайды. Сосын оны Алғазы Рақымбаев ағамызбен ақылдасып, Кеген ауданындағы «Өлкетану – елтану» тобында талқыға салады. Осылайша өз күштерімен қаржы жинап, «Жетімкөлге» қоятын белгітас дайындалды», – дейді Алматы облысы Кеген аудандық мəслихатының төрағасы Алмасбек Нұғман. Бұған дейін «Жетімкөлге» туристік бағыт ашылмаған болатын. Тіпті оның барын көп адам біле бермейтін. Енді міне «ештен кеш жақсы» дегендей бұл жаңалық жалпақ жұртқа жария болып отыр. Бұл оқиғаның Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі «сабақты ине сəтімен» дегендей дүние болғалы тұр. Өйткені, биыл Мұқағали Мақатаевтың əйгілі «Райымбек! Райымбек!» тарихи дастанының жарияланғанына 65 жыл толады. Ол 1981 жылы 26-28 қараша күндері «Лениншіл жас» газетінің 3 санында қатар жарияланған болатын. Енді Мұқағали Мақатаев шығармаларын жата-жастана оқитын қалың оқырман оның Қарасаз ауылындағы музейімен танысқан соң «Жетімкөлді» көруге асығары күмəнсіз. – Біз соны жария етіп отырған жайымыз бар. «Өлкетану – елтану» ұйымының «Жетімкөлге» бір туристік бағыт ашылса деген ұсынысы Қарасаз ауылдық округі əкімдігіне айтылды. Ол жүзеге асатын болса Райымбек ауданының бюджетіне біраз қаражат əкелетін туристік бағыт болар еді. Біз енді мұнымен тоқталмай өңірдегі өзге тарихи орындарға да алдағы уақытта осындай белгі, тақтатастар қойғымыз келеді. Мақсат – жас ұрпақты отансүйгіштке тəрбиелеу, тарихты жоғалтпау, елге үлгі-өнеге болатын дүниелерді жарыққа шығару. Бұл үшін тарихи орындардың бəрін шамамыз жеткенше бір арнаға тоғыстырып, олар туралы сыр шертетін дүниелерді қалыптастырсақ па деген ойымыз бар. Мəселен, алдағы уақытта енді Кеген ауданындағы Қулық тауындағы Жақыпберді Солтанбекұлы (1884–1932) батырдың Қарауыл шоқысы деген жерге де белгі қоймақпыз. Сондай-ақ тек ескерткіш тақта орнатып қоймай, онда бұл тарихи орын туралы мағлұмат беретін QR Code қойсақ деп жоспарлап отырмыз. Сол арқылы онда келген адамдар 1932 жылы Қулық тауында өмірге келген ол 1916 жылғы ұлт- азаттығы көтерілісі кезінде «құралайды көзге атқан» мергендігімен танылған ұлт қаһарманының өмірбаянымен таныса алатын болады, – деген аудандық мəслихат төрағасы бұл жұмыстың бəрі өлкетанушылардың бастамасымен, ерікті түрде жүзеге асып жатқанын атап өтті. «Жетімкөлдің» ғажайыбы Теңіз деңгейінен 2700 метр биіктіктегі тау басындағы «Жетімкөлдің» көрінісі «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында былай суреттелген: «Өзен де жоқ сыймаған арнасына, Жылға да жоқ даламен жалғасуға. Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай, Қалай біткен мына көл тау басына?! Мөлдірейді, қарайды қарға, шыңға, Жалғыздықтан жамандық бар ма, сірə. Қанша ғасыр өтті екен, қанша заман? Қанша ұрпақ кетті екен, қаншама адам? Қанша шырша өсті екен, құлады екен, «Жетімкөлге» қараудан шаршамаған? «Жетімкөлден» су ішкен қанша марал, Қанша киік қалды екен сай-салада? Қанатынан үзіліп əн-самала, Қаншама аққу кетті екен – аңсаған əн? Ортаймаған «Жетімкөл» толмаған да, Болған өмір ұқсайды болмағанға. Сызат та жоқ бетінде, сызық та жоқ, Айдынына аққуы қонбаған ба?! Мұқағали шығармашылығында – аққу тақырыбы бір емес, бірнеше туындыға өзек болғаны кездейсоқтық емес. Мəселен, 1970 жылы жазылған «Аққулар, қош болыңдар» деген өлеңіндегі «Аққу боп неге ғана жаралмадым, Адам боп өзіме-өзім сыймай барам» деген жолдар ақын шығармашылығынан хабары бар кез келген адамды бей-жай қалдырмасы анық. Сондықтан бұл өлең мəтініне бір кезде əнші Дəнеш Рақышев, сазгер Тұрсынжан Шапай, Ермұрат Үсенов əн де шығарған болатын. Ал «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы желісінде суретшілер салған көркемөнер туындылары мен драматургтер сахналаған қойылымдар енді «Жетімкөлдің» даңқын одан ары шартарапқа жаяры анық. Өйткені Мүлік Исабековтың бастамасымен бұған дейін 2024 жылы жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы кезінде Кеген ауданындағы Торыайғыр тауының Айырлы асуындағы «Бердібектің бұлағы» деген жерге де ескерткіш тақта қойылған болатын. Қаламгер «Өлгендер қайтып келмейді» романында өзінің ФЗО-дан ауылына қашып келе жатқанда осында бір түн түнегенін жазған болатын. Сол себепті мал шаруашылығымен ғана шектеліп қоймай, соңғы жылдары туризмге иек артып отырған Кеген мен Райымбек аудандары үшін мұндай тарихи орындардың маңызы өте зор.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


