12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЖЕР КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРГЕН КІМ?

Заңсыз берілген жерлердің қайтару қажеттігі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы жолдауында тағы да айтылып, Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Жер – ауыл шаруашылығына инвестиция тартудың басты кепілі. Президенттің айтуынша, жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ берген әкімдердің екі мыңнан астам заңсыз шешімін анықтады.

Бұл мәселеге қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет. Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн. Алайда, жерге қатысты осы екі тапсырманың орындалуында кемшіліктер орын алып жатқаны белгілі болып отыр. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жасалған екі бірдей депутаттық сауалда осы келеңсіз құбылысқа қатысты нақты фактілер айтылды. Оның бірін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек еліміздің Бас прокуроры Берік Асыловқа жолдаған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдіктер тарапынан заңсыз әрі конкурссыз берілген 2 мыңға жуық шешім жұмысын «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен қайтаруды тапсырған еді. Бақытжан Жұмабекұлы өз сауалында осы тапсырманың орындалуына қатысты алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бүгінде республикалық жер комиссиясы мен оның инспекторларына жан-жақты заңсыз қысым көрсетілуде. Бұл комиссияның жүйелі жұмыс жасауына үлкен кедергілер келтіріп отыр. Соның бастысы ретінде Үкіметтің вице-премьері Нұрлан Байбазаровтың кәсіпкерлерден түскен арыз өтінішіне орай шығарған негізсіз хаттамалық шешімін айтуға болады. Депутаттың айтуынша, бұл шара жұмыс тобын құрып, оның аясында заңсыз, яғни конкурссыз берілген жерлердің құжаттамаларына комиссия және инспекция тарапынан талап-арыз беруді тоқтату және берілген арыздарды соттан қайтаруды көздейді. Осының негізінде жалпы көлемі 55 мың гектар аумақтағы 72 жер бойынша жер иелері инспекторлардың заңды талабын орындамаған. Жалпы көлемі 47 мың гектар болатын 263 жер бойынша материалдар сотқа жіберілді, ал 20 мың гектар болатын 136 жер бойынша іс сотта қаралып жатыр. Осы мәліметтерді ортаға салған депутат Үкіметтің негізсіз хаттамасының аясында аталған жерлерді, оның ішінде заңсыз берілген 122 мың гектар жерлер бойынша сотты тоқтатып, істі қайтару қажет болып отырғанын ашына мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл тапсырма Мемлекет басшысының латифундистер мен заңсыз жер иеленушілерден қайтарылатын жерлер бойынша жасап жатқан маңызды саясатына қарама-қайшы жасалынған жұмыс және әділетті Қазақстанды құру принциптеріне мүлдем сай емес.

Сонымен қатар ол «Жер аманаты» комиссиясының Жамбыл, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарында іссапарлары барысында жер және құрылыс саласындағы анықталған келеңсіздіктерді де ортаға салды. Мәселен, Тараз қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердің ортақ кондоминиуміне кіретін аула жерлері ірі кәсіпкерлерге құрылыс жүргізуге заңсыз табысталыпты. Ал, Павлодар облысы Ақсу қаласында жерді қайтару практикасында бұрын кездеспеген, түсініксіз жағдай орын алған. Мұнда прокуратура жер телімдерін беру тәртібін зерттеу барысында 95 шаруа қожалығына берілген жалпы көлемі 53 мың гектар ауыл шаруашылық жерлердің мал бағатын жер қатарынан берілгендігін анықтапты. Бірақ аталған 95 жер телімінің 42-сі ресми түрде жойылған ауылдардың шегінде орналасқан. Басқаша айтқанда, карта бойынша ауыл жоқ, демек аталмыш жер телімдері ауылдың мал бағатын жері болып есептелінбейді. Шенеуніктердің қағаздарды уақытылы өзгертпей, жергілікті жер жоспарларына енгізбеуі салдарынан енді 42 шаруа қожалығы зардап шекпек. Б. Базарбектің айтуынша, бұл жағдайлар ҚР Үкіметі мен Бас прокуратура тарапынан пәрмен беріліп, бірлесіп шешуді қажет етеді. Тағы бір мәселе, Павлодар мен Қарағанды облысында 17 гектар жерге бола екі облыстың дауласқанына 10 жылдан асты. Нақтыласақ, бір жер Қарағанды әкімдігінің картасы бойынша Қарағанды облысының Осакаровка ауданы, ал Павлодар облысы картасы бойынша Баянауыл ауданы болып есептеледі. Цифрлық министрлік пен Ұлттық картографиялық қордың мәліметінше аталған жер Павлодар облысына қарау керек, бірақ Қарағанды облысы менің жерім деп жармасып, даудың үстіне дау туғызып отыр. Жағдайдың ушыққаны соншалықты, 2004 жыл мен 2018 жылдар аралығында Осакаровка ауданы әкімдігі 10 жер телімін жер пайдалануға берсе, Баянауыл әкімдігі 5 жерді беріп, соңы үлкен сот дауларына ұласқан. Депутат осы келтірілген нақты фактілердің бәрі жергілікті атқару органдары, прокуратураның жүйесіз жұмысы мен жер телімдерін беруде әрбір әкімдікте құрылған сыбайластық схемасы барын көрсететінін айтты. Оның пайымдауынша, мұндай заңсыз әрекеттердің өтеуі тым қымбатқа түседі. Яғни, олар шенеуніктерге қарсы миллиардтаған теңгелік талап-арыздарға айналуы мүмкін. Мұның мысалын алыстан іздеп қажеті жоқ. Депутат бұған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жер телімін қайтарып алу жөніндегі іс бойынша Т.Құлыбаевтың фирмасы сот шешімімен бизнес орталық салатын жерінен айырылған кезде Алматы қаласы әкімдігінен 34 миллиард теңгені қайтаруды талап еткенін дәлел етті. Яғни, бұл компания соттан ұтылған соң заңсыз салған қаржысын қайтарып алғысы келіп отыр. Мұндай жағдай жер телімдерін заңсыз таратқан барлық әкімдіктерде орын алуы әбден мүмкін. Сондықтан заңсыз ұсынылған жерлерді қайтаруда тиісті заңнама мен Президенттің тапсырмасын қатаң сақтау қажет. Алайда, барлық жерде депутат айтқандай, заңсыз иеленген жерлерді қайтаруда ғана емес, жерді заңды түрде иеленіп, әрі оны тиімді пайдаланып жатқандар үшін де қиындықтар туып жатыр. Парламент мінберінен жолданған «Ақ жол» фракциясы депутаттарының тағы да Бас прокурор Берік Асыловқа жолданған сауалында осы жағдай айтылды. Олардың бұл қадамына Жамбыл облысы кәсіпкерлерінің бақылау органдары тарапынан болып жатқан қысымынан құтқару жайлы өтініші себеп болыпты. Бұл өңірдегі «Жеміс-жидек» ЖШСнің жаңа иелері осы кәсіпорынды 2022 жылы сатып алған екен. Бұдан бұрын Мерке аудандық әкімі қаулысымен бұл 230 га жер телімін 49 жылға жалға алуға келісімшарт рәсімделіпті. 17 жыл бойы бұл жер телімі ешкімді қызықтырмаған. Оны жаңа иелері алған кезде жағдайы өте нашар болған. 20 га ескі, пайдалануға жарамсыз бағы және 28 га беде алқабы, 1,5 га егілген кәрі алма ағаштары болған. Қалған жер телімі маусымдық дәнді дақылдар өсіруге арналған. Олардың жаңа қожалары мемлекеттен еш көмек алмай, өз күшімен өндірісті жолға қойған сәттен бастап, бүлдіргенді алқап біреулерге ұнап қалғанға ұқсайды. Биылғы жылдың басынан бастап, аудандық прокуратура 2007 жылы шыққан жер телімін жалға беру туралы Меркі әкімінің қаулысын заңсыз деп күшін жоюға күш салып жатыр. Бұл орайда Мемлекет басшысының «…егер жерді заңды бұзып иеленіп әрі пайдаланбайтын болса, онда бұл жер мемлекетке қайтарылу керек. Бірақ, жерді пайланушы оны адал ниетпен кәдеге жаратып, оған инвестиция салса, онда жұмыс істеп тұрған өндірісті құртуға болмайды» деген сөзін құзырлы орындар ескергісі келмейтіндей. Кәсіпорын басшылары шаруашылықты дамытып, кеңейту үшін жүздеген миллион ақша салып, екі жылға жетпейтін уақыт ішінде жергілікті тұрғындардан ондаған жұмыс орнын құрған. 2022– 2023 жылдар аралығында 1 миллион бүлдірген түбірі отырғызылып, жеміс-жидек өсіру саласы бойынша жылына 400-6000 тонна аралығында өнім беруді жоспарлаған. Сонымен қатар, 2026 жылға дейін тағы да 500 жаңа жұмыс орнын құруды мақсат етіп отыр екен. Енді осы жоспарлаған жұмыстардың барлығы сот дауының салдарынан тоқтап тұр. Мұны білген инвесторлар жобалардың жүзеге асатынына күмәнмен қарап, сырт айнала бастаған. Бұл жағдайды кәсіпкерлікке жасалып отырған қиянат демеске амал жоқ. Тоқетерін айтқанда, жерді қайтару туралы тапсырманы орындауды шаш ал десе бас алатындар осылайша белден басып орындауға кіріскендей. Депутаттар айтқандай әлде дайын бизнесті тартып алу көзделіп отыр ма?

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»

Трендтегі “Шайн мускат“ жүзіміне қатысты тексеріс нәтижесі белгілі болды

Ауыл шаруашылығы министрлігі желіде трендке айналған "Шайн мускат" жүзімінде ағзаға зиянды зиянкес табылмағанын мәлімдеді.

Қай облыстарда жаңа су қоймалары салынады?

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов "Жедел желі" бағдарламасы қай облыстарда жаңа су қоймалары салынатынын айтты.

21 қарашада ауа райы қандай болады?

Қазақстан бойынша 21 қарашаға арналған ауа райы болжамы белгілі болды.

Тоқаев пен Орбан бірлескен мәлімдеме жасады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме жасады.

Ауылдық жерде жұмыс істейтіндерге қандай жеңілдік бар?

Қазақстанда ауылдық жерлерде жұмыс істейтіндерге белгілі бір жеңілдіктер беріледі.