12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЖАРТЫ МИЛЛИОН МҰҒАЛІМДІ ҚУАНТҚАН ҚҰЖАТ

Өткен жылдың соңғы күнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жарты миллионнан аса ұстаздың жұмысын реттейтін екі бірдей заң жобасын мақұлдап, қол қойды. Оның бірі — ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңы болса, екіншісі — «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы.Бұл маңызды құжаттар 2020 жылдан бастап күшіне еніп, кезең-кезеңімен іске асыруға көшу басталды. Жаңа заңның қандай жаңашылдықтары бар? Енді мұғалімдерге қандай жағдай жасалады? Олардың мәртебесін көтеру үшін қандай шаралар көзделген?

Материалдық ынталандыру тетіктері қарастырылған

Жалпы саны 21 баптан тұратын «Педагог мәртебесі туралы» Заңдағы қарастырылған жаңашылдықтарбірнеше бағытты қамтиды. Енді солардың әрқайсысына жеке-дара тоқталып көрейік.

Ең алдымен, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайтуға баса мән берілген.

Орта білім беру ұйымдарының мұғалімдері үшін 2020 жылы жалақыны 25 пайызға өсіру және төрт жыл ішінде екі есе арттыру көзделген. Үлгілік оқу жоспарлары төмендеуі есебінен 2021 жылдың1 қыркүйегінен бастап орта білім мекемелеріндегі педагогтардың нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету жөнінде норма бекітілді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, заңда материалдық ынталандырудың бірнеше тетігі қарастырылған және осы нормаларды жүзеге асыру үшін 2024 жылға дейін бюджеттен 5 триллион 3 миллиард теңге бөлінеді.

Материалдық ынталандыру аясында сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін төленетін ақыны екі есеге арттыру, біліктілік санаты үшін мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының жалақысын 30 дан 100% ға дейін қосымша ақы төлеп арттыру, тәлімгерлік үшін 1 базалық лауазымдық жалақы (17 500 теңге), педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30 бен 50 пайыз аралығында жаңа қосымша ақы, халықаралық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздарына түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың лауреаттарын дайындаған педагогтерге үш лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы, магистр дәрежесі бар ұстаздарға 10 АЕК мөлшерінде үстеме ақы, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы үшін педагогтерге 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төлеу қарастырылған.

Педагогикалық шеберлік үшін қарастырылатын қосымша ақы бұған дейін біліктілік санаты бойынша ақы алмаған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарыны педагогтеріне, қосымша білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілеріне де тиісті болмақ.

«Ал материалды емес ынталандыру тетіктері аясында мұғалімдердің балаларына балабақшаға бірінші кезекте орын беру нормасы қарастырылып отыр. Бұдан басқа педагогтердің еңбек демалысын 42 күннен 56 күнге дейін ұзарту көзделген. Сондай-ақ білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін ер азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру нормасы кеңейтілді», — деп атап көрсетті Сенаттың пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде Білім және ғылым министрі.

Мұғалімді қорғау

Сонымен қатар педагог өз міндетіне жатпайтын функцияларға тартылудан қорғалады. Бұған дейін баспасөз беттерінде мұғалімдердің міндетінен тыс жұмысқа жегілетіні, сайлау, санақ кезінде үй аралауға шығарылатыны, мерзімді баспасөзге мәжбүрлеп жаздырып, тіпті мәдени шараларға еркінен тыс билет алдыратыны, т.б арыз-шағымдары жарияланып жүргені жасырын емес. Енді мұндай әрекеттерге заң аясында тыйым салынады. Педагогті өз міндетіне жатпайтын функцияларға тартқаны үшін алдымен ескерту беріледі, егер бір жылдың ішінде бұл әрекет қайталанатын болса, 20-120 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Бұдан басқа заңда ата-ананың жауапкершілігін арттыру, бала құқығын қорғау, ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін, орынсыз есептілік, қағазбасылық, заңсыз тексерістер үшін нақты санкциялар, яғни айыппұлдар қарастырылған.

Мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптар күшейтіледі, ұстаздардың этика мәселелеріне баса назар аударылады. Ол үшін әрбір білім беру мекемесінде әдеп кеңестері жұмыс істейтін болады.

Мектептерге бейнебақылау камералары қойылады

Орталықтандырылған телекоммуникация қызметінде сөйлеген сөзінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Мұғалімдердің мәртебесі туралы» заңның қабылдануын білім мен ғылым саласындағы айрықша жаңалық ретінде атап өтті.

«Заңда қоғам тарапынан жиі қозғалған мұғалімнің беделін көтеру, жалақысын арттыру, құқықтарын ұлғайту, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту тетіктері жасалды. Сонымен қатар білім саласын дамытудың 2020-25 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасында да қамтылған шара көп. Негізгі міндет — қазақстандықтардың білім деңгейін көтеру. Ол үшін бірінші кезекті балалар балабақшамен барынша қамтамасыз етіліп, апат жағдайындағы 121 мектеп пен 3 ауысымда оқитын 37 мектеп мәселесі толығымен шешіледі. Оған қосымша елді мекендерде интернат, спорт залдары салынбақ. Жоғарғы білім саласына берілетін қаржы 2 есе, ғылымға берілетін 7 есе өсетін болады. Кейінгі кезде көп сыналып жүрген жекеменшік оқу орындарына қатысты да үкімет тарапынан нақты шара қабылданды.Өткен жылдың соңында атқарушы билік жанынан арнайы құрылған комиссияның шешімі бойынша елдегі 707 оқу орны біріктірілмек.

Орта білім беретін ұйымдарда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша назар аударылады. Ағымдағы жылдың бірінші қыркүйегіне дейін барлық мектептер бейнебақылаумен қамтамасыз етіліп, ондағы инспекторлардың штаты көбейтілмекші. Елдегі барлық мектептерге септика жүйесімен әжетхана орнатылатын болады», — деп атап өтті Бердібек Мәшбекұлы журналистерге берген сұхбатында.

Ұстаздың зейнет жасы төмендетілмеді

Мұғалімдердің бір парасы 2018 жылдың қараша айынан бері халық талқылауында болып, қабылданған жаңа заңға кейбір маңызды ұсыныстардың енбей қалғанына наразы. Соның ең бастысы — 30 жыл жұмыс істеген ұстазды жасына қарамай зейнетке шығару туралы ұсыныстың қабылданбауы.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ ұстаз:
– Заң асығыс дайындалды. Өз басым бұл заңнан педагогті қорғайтын ештеңе таппадым. Сайлау-санақ секілді мұғалімнің міндетіне жатпайтын жұмыстардан да бұл заң мұғалімдерді қорғай алмайды. Мұғалімнің міндетіне жатпайтын жұмыстарға жеккен басшыға ескерту жасалады екен. «Бір жыл ішінде бұл жағдай қайталанса ғана әлгі басшыға айыппұл салынады» дегені тіпті арзан қулық. Бір жыл ішінде 2 сайлау болмайтынын білесіздер. Естеріңізде болса, өткен Президент сайлауында кейбір
әлеуметтік желі қолданушылар мен оппозициялық көзқарастағы қайраткерлер «Сайлау заңын бұрмалады» деп мұғалімдердің атына тіке қарғыс айтқандарын оқыдым.

Дариға Мұштанова ҚР білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:

«Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануын жалпы ұстаздар қауымына деген үлкен қамқорлық, мұғалімнің жауапкершілігін арттыру, ұстаз қызметінің қоғамға ауадай қажет екендігін сезіндіру деп ұғынамын.

Қазіргі таңда жалақыны көтеру, қаржылай қолдау деген, әрине, жақсы. Жалпы, марапат, мадақ, сыйақы, алғыс хат дегендердің алакөздікті, дүрдараздықты, сыпсың әңгімені көбейтуден басқа пайдасы жоқ. Өз мамандығын, баланы жан-тәнімен сүйген ұстаз ешқандай қосымша ақысыз-ақ бар жиғанын шәкіртінің бойына сіңіру үшін еңбек етеді деп ойлаймын. Ұстаз үшін ата-ана үмітін, шәкірт сенімін ақтап, жемісін көруден артық бақыт жоқ.

Менің жаныма қазіргі қоғамда әкесіз тәрбиеленіп жатқан ұлдардың көптігі қатты батады. Мұғалімнің жалақысын көтеру арқылы мектептерге ер-азаматтар көбірек келсе, ұлдарымызды нағыз ерлерше тәрбиелеуге ықпалы зор болар еді деген үмітім зор.

Айгүл Ахметова

«Заң газеті»

Елімізде қанша ұшақ 25 жылдан ұзақ пайдаланылған?

Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда жолаушы тасымалдайтын қанша ұшақтың мерзімі 20 жылдан көп екенін айтты.

Елімізде қыста мопедпен жүруге болады ма?

Қазақстан нарығында мопедтерге арналған арнайы қысқы шиналар жоқ. Бұл мопедтердің негізінен ыстық елдерде жиі қолданылуымен байланысты, сол себепті мұндай өнімге қажеттілік жоқ.

Алматыда Жаңа жыл мерекесіне орай отшашу жоспарланып жатыр ма? 

Бұл сұраққа қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі жауап берді.

Тағы бір елде TikTok бұғатталады

Албанияда келер жылдан бастап TikTok қолданылмайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына...

Алматыдағы атыстың мән-жайы айтылды

Алматыда Наурызбай ауданында 20 желтоқсанда болған атыстың мән-жайы айтылды.