Соңғы уақытта жалған ақпарат таратты деген негізбен жауаптылыққа тартылып жатқандар саны артты. Олардың арасында ақпарат майданының ортасында жүрген кәнігі журналистердің бары да ойландырмай қоймайды. Бұл ненің белгісі?
Жалпы жалған ақпарат таратудың себебі əртүрлі. Оның біріншісі – танымал болуға, ел аузында жүруге қызығушылық. «Жұлдыз» болуға ұмтылғандар өзі шала естіген, ақиқатын анықтап, тексермеген ақпаратты сүзгіден өткізбестен аудиторияға ұсына салуға бейім. Бұл, əрине, құқықтық сауаттың төмендігі мен сөзге деген жауаптылықтың аздығын көрсететін жағдай. Мұндай азаматтар жалған ақпараттың жанды жасытатынын, беделге нұқсан келтіретінін, жылдар бойы жинаған іскерлік беделді айтарлықтай төмендететінін түсінбейді. Сондай-ақ, жалған ақпаратты өз аудиториясын кеңейту, жазылушылар санын арттыру, сол арқылы табыс табу үшін тарататындар да кездеседі. Əлеуметтік желідегі ақпараттарды теңгеге айналдыруды ойлағандардың танымына əдеп пен мораль ұғымы алыс. Мұндай жандар жалған ақпарат таратқаны үшін жауаптылыққа тартылғанда ғана қателігін түсінетін болады. Жалған ақпаратты кейбір мүдделі топтардың əдейі тарататын кездері де кездеседі. Олардың жымысқы мақсаты да белгілі. Бірі өзінің бəсекелестері туралы сыни көзқарас орнықтыру үшін осындай лас əрекетке барса, екіншілері өздері туралы жағымды пікір қалыптастыру үшін түрлі негізсіз ақпараттарды қоғам назарына шығарады. Жалған ақпаратқа бей-жай қарауға болмайды. Мұндай əрекет жасағандарға жазаның қатайтылып жатқаны да сондықтан. Əсіресе, ақпарат басты қаруы саналатын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жалған сөйлеп, жаңылысу кəсіби тұрғыдан кешірілмес қателік. Соның ішінде елге есімі белгілі журналистердің жалған ақпарат үшін көпшілік алдында айыпталып, жария түрде кешірім сұрап, жауаптылыққа тартылуы төртінші биліктің беделіне нұқсан келтіретінін ұмытпаған жөн. Əрбір журналист өз атына кір келтірмес үшін, əрі ақпарат құралдарына деген теріс пікірдің орнығуына түрткі болмас үшін кез келген күмəнді мəліметті ресми мемлекеттік органдар немесе сенімді дерек көздері арқылы тексеріп алуы керек. Оны əдейі таратқаны немесе жалған екенін біле тұра репост жасағаны үшін заң бойынша қылмыстық жəне əкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айталық Қылмыстық кодекстің 274-бабы 1-бөлігіне сай қоғамдық тəртіпті бұзу азаматтардың не ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратқандарға бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы не сол мөлшерде түзеу жұмысы не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тарту не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Ал жалған ақпаратты адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы, өз қызмет бабын пайдалана отырып немесе масс-медианы, телекоммуникация желілерін жəне онлайн-платформаларды пайдалана отырып жасаса айыппұл көлемі үш мың айлық есептік көрсеткішке дейін өсіп, үш жылға дейін бостандығынан айыру жазасы белгіленуі мүмкін. Жалған ақпараттың келтіретін залалына, тигізетін зардаптарына қарай жауаптылық да жоғарылай береді. Айталық жақында ғана əлеуметтік желілерде тараған «Алматыны су басуы мүмкін» деген негізсіз ақпарат көпшілікті алаңдатқаны рас. Арнадан аққан судың видеоларын бөліскен жұртшылықтың əр сағат сайын жасалған жұмыс тар жөнінде есеп берген құзырлы органдардың ақпаратына да көңіл бөле қоймайтыны өкінішті. Сондықтан əлі де болса жалған ақпарат таратудың жауаптылығын халыққа түсіндіріп, елді негізсіз дүрбелеңге салу құқыққа қайшы екенін санаға сіңіру маңызды.
Т.ИБАШЕВА, «Заң газеті»


