12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Алтын ДАУТОВА, «Aqniet» денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Алматы қалалық филиалының төрайымы: «ӘСКЕР МЕН ДӘРІГЕРДІҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ БІРДЕЙ»

– Алтын Юсупқызы, сала қызметкерлері үшін кәсіподақ ұйымының маңызы қандай

? – Көп мекемелерде өз ішінде еңбек құқықтарын қадағалайтындар болады. Осыған қарамастан кейбір жерлерде құқықбұзушылықтар жасалып жатады. Сол кезде кәсіподақтың көмегі керек. Өйткені, басшылардың көбі қызметкерлердің еңбек құқының бұзылуына қатысты мәселе туындаса оны өзара «шешіп тастап» отырады. Өйткені, мекеме заңгерлері олардың қол астында. Сондықтан барлық жерде кәсіподақ ұйымы болғаны дұрыс. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік мекемелерде еңбек шарттарын бұзуға қатысты түрлі қиыншылықтар туындап жатады. Мәселен, ковид індеті кезінде 2-3 тәулік бойы үйіне бармай, жұмыста қонып жұмыс жасаған қызметкерлер бар. Өйткені, оларды ауыстыратын адамдар болмады. Ол кезде қиын жағдай болған соң бәрі өзара келісіп, бірінің орнына бірі шыққандар да болды. Бірақ қандай жағдай болмасын демалыс болуы керек қой. Басқа жұмыс болса келісуге болады, ал медицина қызметкерлері күн сайын операцияға кіреді. Сол кезде уақытылы демалмаған дәрігердің қателесуі ықтимал. Мәселен, дәрігер аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі қажет. Қазір ондай норманы ешкім сақтамайды. Өзге мамандық иелері әрдайым уақытылы тамағын ішетін болса, дәрігердің түскі ас уақытында да операцияда болатын кездері аз емес. Өйткені, операцияның бәрі таңғы 8-де басталғанымен оның кейбірі 5-6 сағатқа дейін созылып кетеді. Одан шыққан соң дәрігерлер бөлімдегі жұмыстарына жүгіреді. Онда әрқайсысының қарап жүрген науқастары болады. Егер жұмыс бітер уақытта, яғни, 4-5 кезінде жедел операция болатын болса күндізгі ауысымдағы дәрігерлер оны жасауға міндетті. Отаны бастаған адам аяқтап бір-ақ шығады. Яғни, жұмыс уақыты бесте аяқталатын дәрігер жұмыстан кешкі 8-де бір-ақ шығады. 27 жылдық еңбек өтілімде менің де операциялық блокта 10-12 сағатқа дейін тұрған кездерім болды.

– Шет елде дәрігерлер қалай жұмыс жасайды?

– ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығында акушер-гинеколог болып жұмыс жасап жүрген кезде бізді тәжірибе алмасу үшін шетелге жіберді. Шет елде медициналық мекемелерге барған кезде дәрігерлерді мүлдем көрмейсің. Онда операцияға келетін дәрігерлердің өз келісімшарттары бар. Олар өз жұмысын жасаған соң онда жүрмейді. Науқасты операцияға дейінгі және одан кейінгі бақылауды орта және төменгі медицина буыны қызметкерлері жалғастырады. Дәрігерлері әр 4-5 сағат сайын ауысып тұрады екен. Біздің дәрігерлер болса таңертең жұмысқа келіп пациентті қабылдайды, сосын операциядан кейінгі мәліметтерді компьютерге өзі енгізеді, және оның қарауында бір емес, бірнеше науқастан болады. Қазақстанда Damumed сияқты ақпараттық қызметтер өте нашар жұмыс жасайды. Оған бірдеңені енгізейін деп бастасаң аяқ асты өшіп қалуы, жазғаның жоқ болып кетуі мүмкін. Цифрлық медицинада осындай техникалық қиыншылықтар өте көп. Шет елдерде науқасқа қатысты мәліметті толтыратын арнайы мамандар бар. Жоғары оқу орнын бітіріп 2 жылдық резидентурадан өтетін жас мамандар толықтай осы дәрігерлердің жұмыстарын атқарады. Бізде резидентураны бітіргенше оларға жұмыс берілмейді. Сосын шетелде мейіргерлердің біліктілігі де өте жоғары. Олар науқасқа өздері диагноз қояды. Біз оны кешірек қолға алдық. Бұл соңғы 2-3 жылда ғана дамып келе жатыр. Кеңейтілген практик мейірбике деген қызмет шықты дәрігер мен мейіргердің ортасында. Сол лауазымды дәрігердің көмекшісіне дайындап жатыр.

– Шетелде аурухана басшылары көбінде мейіргерлер деген қаншалықты рас?

– Олар әкімшілік істерінің бәріне өздері қарайды. Дәрігер тек науқасты көріп консультациясын беріп, операциясын жасауы керек. Ал бізде дәрігерлер көп жұмысқа өзі араласып кетеді. Бөлімшедегі жұмыстың жауапкершілігін меңгеруші боп жүрген дәрігердің мойнына іліп қояды. Дәрігердің бос уақытын көбейтіп, біліктілігін ары қарай жетілдіруіне мүмкіндік жасау керек. Осы жерде кәсіподақтың қызметі олардың денсаулықтарын жақсартуына, спортқа көңіл бөлуіне жағдай туғызу. Қазір дәрігерлердің оған уақыттары жоқ. Медицинадағы екінші күрделі мәселе, тұрғын үйдің жоқтығы. Көбі пәтерде тұрады немесе оны ипотека не кредитке алады. Сондықтан жалақысының көбі соған кетеді. Мәселен, «Aqniet» денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Алматы қалалық филиалында пәтерге 800 адам кезекте тұр. Бұл мәселе туралы қала әкімімен де сөйлестік. Алматыда ғана емес, бүкіл республикада медицина қызметкерлеріне қатысты жеке бағдарлама жоқ. Егер әскерилерге арналған бағдарлама бар екенін ескерсек, неге медицина қызметкерлеріне дәл сондай бағдарлама жасамасқа? Ипотека несиесін жалақысына қарай төлей алатындай жағдай жасау қиын шара емес қой. Тіпті, әр медициналық мекемені қадағалап, оның қасында салынып жатқан үйлерден онда жұмыс істейтін қызметкерлерге уақытша болса да пәтер берсе жақсы болар еді.

– Әлеуметтік сала қызметкерлері арасында мектеп мұғалімдерінен кейін ең көп жалақы алатын дәрігер ғой. Оларға кәсіподақ не үшін керек?

– Тарихқа көз жүгіртер болсақ медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы ұсынысты жасаған «Aqniet» кәсіподағы болатын. Қазір жалақы өсуінің құқықтық механизмдері салалық келісім арқылы жүзеге асып отыр. Кәсіподақ ұйымы сондай-ақ, дәрігерлердің біліктілік категориясына қарай жалақысына қосымша үстеме ақы төлеуді медицина мекемелері тоқтатқан кезде де, оған араласып, мәселенің оң шешілуіне ұйтқы болды. Өйткені, үкіметтің қаулысы бойынша оған ешқандай негіз болған жоқ. Мекемелер де оған қайшы әрекет жасаудан қорқып біліктілік категориясына қосымша ақы төлей алмады. Кәсіподақ бұл құқықтық тұрғыдан дұрыс емес екенін дәлелдеп, құзырлы органдарға хат жазып жатқан кезде, кейбір мекемелердің экономистері хаттың көшірмесін сұрап алып, оны сол арқылы төлеп жатты.

– Кәсіподағы жоқ мекемелер сонда оны төлемей ме?

– Көбінде әлі күнге дейін төленбейді. Өйткені, жекеменшік клиникалар көп нәрсеге бағынбайды. Сондықтан оны ұдайы қадағалайтын, өз құқықтарын білетін белсенді адамдар керек. Жекеменшік мекемелерде айлық жоғары. Сондықтан онда жұмыс жасайтындар біліктілік категориясы бойынша қосымша ақы талап етпейді деп ойлауы мүмкін. Мен үлкен айырма бар деп айта алмаймын. Ондағы қызметкерлер еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыру төлемін алмайды. Сауықтыру төлемі деген әрбір адам кезекті еңбек демалысына шыққанда жалақымен бірге соның көлемінде сауықтыруға деп берілетін көмек. Ол Еңбек кодексінде де жазылғанымен, оны медицина ғана емес, өзге салаларда да көбі төлемейді. Сонымен қатар, мекеменің өз ішіндегі нормативтерін басшылары өздері бұйрық шығарып қабылдап алған. Онда сауықтыру төлемін төлемейміз деп жазып, оған ұжым мүшелерінің қолын қойдырып алады. Оған біреу біліп, біреу білмей қол қоя салады. Ал «Aqniet» денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Денсаулық сақтау министрлігі және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен арадағы келісімшартында сауықтыру төлемі міндетті түрде берілу керек деп жазылған. Оның орындалуында кәсіподақ сол үшін керек қой.

– «Aqniet» денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Алматы қалалық филиалына Алматы облысының іргелес аудандары да қарайтын көрінеді?

– Оныңыз рас. Қазір бізге іргелес Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарының кейбір медицина мекемелерінің қызметкерлері мүше. 2018 жылға дейін елде денсаулық сақтау қызметкерлерінің бір ғана кәсіподақ ұйымы болған еді. Сол кезде республикада 350 мыңдай, ал Алматы қаласы мен облысында 35 мыңдай мүшеміз болған. Алайда, біздің салалық кәсіподақ ұйымымыз бір мүшесі болып саналатын ҚР Кәсіподақ федерация басшыларымен арадағы келіспеушілікке байланысты біз олардан бөлініп шыққан соң, олар өзге де билік органдарының әкімшілік ресурсын пайдаланып денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық жаңа кәсіподақ ұйымын құрып алды. Осыдан әлі күнге дейін өзінің қай кәсіподаққа мүше екенін білмейтін денсаулық қызметкерлері бар. Бүгінгі таңда бізде Алматы қаласы мен Алматы облысының Алматыға жақын аудандарындағы 22 мекемеден біздің филиалға 10 мың қызметкер ғана мүше болып қалып отыр. Оның өзі бізге оңайға түскен жоқ. Өз құқығы бұзылған кезде мекемедегі заңгерлерден ғана емес, ай сайын жалақысының 1 пайызы бухгалтерия арқылы аударылып тұратын кәсіподақтан еш қайыр болмаған соң ғана мәселенің мән-жайын түсініп жатқандар бар. Олардың кейбірі бізді іздеп тауып, өзінің ерікті түрде кәсіподақ ұйымын таңдап, оған мүше болу құқын пайдаланып жатыр. Мәселен биыл жыл басынан бері 5 ұйым бізге осылай қосылды.

– Салалық деңгейде республика көлемінде жұмыс істейтін сіздерден басқа қанша кәсіподақ ұйымы бар?

– Бізден басқа Денсаулық сақтау министрлігімен келісімшарт жасасқан республика деңгейінде медицина саласында қызмет жасайтын тағы екі кәсіподақ бар. Сондай-ақ, ешқандай федерация, конфедерацияларға мүше болып кірмей, тек бір мекеме көлемінде ғана жұмыс жасайтын кәсіподақ ұйымдары да бар. Яғни, жергілікті деңгейде ғана жұмыс жасайтын бұл кәсіподақ ұйымдарының қаржысы қаншалықты өз қызметкерлерінің пайдасына жаратылып жатқанын анықтау мүмкін емес. Ол бухгалтерияның ішінде жүретін ақша. Мұндай мекеме басшылары өз ішінен біреуді профком жасайды да, жалақының ай сайын бір пайызын аударатын бөлек шотын ашып қояды, оны кейін қайда, қалай, неге жарататынын өзі біледі. Осы арада оқырманға ескерте кететін бір жәйт бар. Сауықтыру төлемі кәсіподақ қаржысынан емес мекемеден төленеді. «Aqniet» кәсіподағы мүшелерінің бәрі сауықтыру төлемін толық алады. Өйткені, оны біз қадағалап отырамыз. Бұл үшін мекемедегі кәсіподақ ұйымы басшыларына ғана емес, мекеменің бухгалтер, экономистеріне де арнайы семинар-тренингтер өткізіп тұрамыз. Мекеменің құзырлы лауазымдағы мамандары бір нәрсені түсінбесе кәсіподақ заңгерлері оларға өздері барып, түрлі сабақтар өткізіп тұрады. Мысалы, биылдың өзінде біз кадр бөлімі, бухгалтер, экономистер үшін 3 рет семинар-кеңестер өткіздік.

– Жақында әлеуметтік желіде Алматы облысы Кеген аудандық ауруханасы қызметкерлері жалақысының кешіктіріліп жатқаны туралы жазба жариялады. Мұндай жағдай қайталанбас үшін өз әріптестеріңізге не кеңес бересіз?

– Біздің мүшелеріміз арасында мұндай құқықбұзушылық жоқ деп толық сеніммен айта алам. Өйткені, айлықты әр айдың онына дейін төлеу керек деген Денсаулық сақтау министрінің арнайы бұйрығы бар. Егер одан кешіктірсе бұл мекемелер мемлекетке өсімпұл төлейді. Кәсіподақ ұйымы дұрыс жұмыс істемегендіктен сіз айтып отырған бізге мүше болмаған және кәсіподақ ұйымы мүлде құрылмаған мекемелерде істейтін адамдардың банк пен өзге де қаржы ұйымдарынан алған ипотекасы мен кредитінің өсімпұлы үшін ешқашан өтемақы тұрмақ, кешірім де сұрата алмай отыр. Мәселен, сіз айтып отырған Кеген аудандық аурухана қызметкерлері «Сенім» деп аталатын салалық кәсіподақ ұйымына кіреді. Мен былтыр сол мекемеге барғам. Олар 2018 жылға дейін бізде болған. Аурухананың қазіргі жағдайы өте төмен. Қай кәсіподаққа мүше екенін қызметкерлері білмейді. Білетіндері «Сенімнен» шығуға қорқады. Оны біз емес, басшылар шешеді деді. Жасыратыны жоқ көп жерде мекеме басшысы қай кәсіподаққа кіреді, барлық қызметкерлері де соған мүше болады. Тіпті, қайда ауысып жатқанын көбі білмейді. Өйткені, олардың жарна аударатын шоты ғана ауысады. Ал оны сұрап жатқан ешкім жоқ.

– Кәсіподаққа мүше болудың жалпы тәртібі қандай?

– Кәсіподаққа мекеме қызметкерлері ұжым болып кіретін болса жиналыс хаттамасын толтырады. Жеке адам болса, өзі екі өтініш жазады, бірі кәсіподаққа, екіншісін мекеменің бухгалтериясына апарып өткізеді. Мәселен, Алматыдағы полиция департаментінің 25 адамы бізге өтеміз деп келді. Онда кәсіподақ ұйымы жоқ екен. Бізге көмектесіңдер, біздің жұмыс істейтін орнымыз құлайын деп тұр. Мұнда инфекциялық және медициналық бақылау нормалары сақталмайды деп бухгалтерияға 25 адам өтіншін апарса бастықтан рұқсат алып кел деп өтініштерін өздеріне лақтырып жіберіпті. Сосын біз онда өз заңгерімізді жіберуге мәжбүр болдық. Қазір бізге басқа саладан 30 адам келіп өтініш жазып кірді. Көбі зейнеткерлер.

– Демалыс орнына жолдама қалай беріледі?

– Жарнадан түскен қаржының 40 пайызы ғана бізде қалып, 60 пайызын біз мүшелеріміз жұмыс істейтін мекеменің бастауыш кәсіподақ ұйымына жібереміз. Көбі соны түсінбейді. Кәсіподақ ақшаның бәрін өзінің астына басып жатып алады да, оның қызығын басшылары көреді деп айыптайтындар көп. Кәсіподақ ұйымдарының республикалық аймақтық және мекемедегі бастауыш ұйымдары да біз сияқты жұмыс атқарады. Біз өзімізде қалатын жарнаның 40 пайызының әр тиынына дейін есеп бере аламыз. Атап айтқанда жылына 40 баланы балалардың жазғы лагеріне жібереміз. Ал санаторийде жатып, 10 күн емделіп, демалып қайту жолдамасының жалпы құны әр адам басына 140 мың теңге. Біз оны азайту үшін жарнаның 60 пайызын алып отырған мекемедегі бастауыш кәсіподақ ұйымына біз 50 пайызын төлейік, сендер 25 пайызын төлеңдер дейміз. Яғни, жолдаманың 75 пайызын кәсіподақ төлейді. Денсаулық сақтау қызметкерлері тек 25 пайызын, яғни, 36 мың теңгесін ғана төлейді. Бұдан бөлек онда жолдамамен тегін баратындар да бар. Өйткені, әр мекемеде 30-40 жыл жұмыс істеп, әбден еңбегі сіңген ардагерлер бар. Сондай-ақ, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы нашар және көп балалы (4-5 баласы бар) қызметкерлер бар. Біз соларға жолдаманы тегін береміз. Сосын жағдайы төмендерге ақшалай да көмектесеміз.

– Үкімет медицина қызметкерлерін дайындауға бөлінетін мемлекеттік гранттың санын көбейту арқылы маман тапшылығын жоямыз дейді. Ол қаншалықты негізді деп ойлайсыз?

– АҚШ, Германия елдерінде медицина қызметкерлерін өте жоғары бағалайды. Оларда медицина қызметкерлері 4-5 сағат сайын ауысып отырады. Бізде жұмыс ауыр, айлық аз, әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан қолдау жеткіліксіз болғандықтан медицина қызметкерлері арасында басқа жұмысқа ауысып кету үрдісі тоқтаған жоқ. Өйткені, емханада да, ауруханада да кезек. Науқастар қажетті көмекті дер кезінде әрі сапалы түрде ала алмаған соң оған дәрігерлерді кінәлап, бар ашу-ызасын соларға бағыштайды. Жастардың бұл салаға көп келмейтіні содан. Сосын телефон қоңырауы көп, бәрі өз жақынына көмектесуді сұрайды. Дәрігер өз жұмысын жасай ма, жоқ қоңырауға жауап бере ме? Оқу орнын, грантты көбейткеннен маман тапшылығы жойылмайды. Тек жағдайды жақсартып, баспана мен жалақыны шешкенде ғана маман тапшылығы шешіледі. Сосын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ауруды емдеудегі ұсыныс-хаттамасын тікелей көшіріп ала салуға болмайды. Әр елдің әлеуеті, халықтың әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Шетелде әйелдер 1-2 бала ғана туады. Көбінің тұрмыс жағдайы жақсы. Бізде көп балалы аналар арасында әлеуметтік қиындықтан өз денсаулығын күтпейтіндер көп. Статистикада нақты ахуалдың көбі жасырын қалды. Сондықтан көрсеткіш төмен деп салаға ақшаны аз бөледі. Егер шындығын айтар болса, ауылдық аймақтар тұрмақ Алматы қаласында да көп мекемелердің тозығы жеткен, кейбіреуі құлайын деп тұр. Алматы облысындағы Есік пен Ұзынағаштан өзге жердегі аудандық ауруханалардың көбі қайта салуды қажет етеді. Көбінің іргетесы жерге кіріп кеткен.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Жазасын өтеуші азамат бостандыққа шықты

           Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68...

Тергеу мекемесінде «Майнд машинасы» арқылы эмоциясын ретке келтірді

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мемлекеттік...

Жәрмеңкеден жұмыс тапты

24.04.2024 жылы Арал ауданындағы З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде...

№37 мекемесіндегі жазасын өтеушілермен «Діни сауаттылығын арттыру» тақырыбында кездесу өтті

23.04.2024 жылы «Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының директоры, РАТТ мүшесі,...