12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕН, Парламент Мәжілісінің депутаты: «БІЛІМ САЛАСЫ СЫНАҚ АЛАҢЫНА АЙНАЛМАУЫ КЕРЕК»

– Жұлдыз Досбергенқызы, Сіз халыққа қаншалықты жақын депутатсыз? Сайлаушылар кез келген уақытта мұңмұқтажын айта ала ма?

– Иә, халыққа жақын депутатпын деп батыл айта аламын. Өйткені, қазір халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуге еш кедергі жоқ. Дамыған ақпараттық технология бұған кеңінен мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе, фейсбук, инстаграмм секілді әлеуметтік желілердің арқасында бүгінде жұртшылықпен үнемі біргеміз десек те болады. Бұған қоса өз басым ютубтан және тик-токтан парақша аштым. Соңғысы арқылы халыққа бұрынғыдан да жақындай түскен сияқтымын. Байқасам, қалың қазақ сол жақта екен. Оған бір-екі жалғызбасты, асыраушысынан айырылған аналарға әлеуметтік категорияларды қайтаруға қатысты видео жүктеп едім, сұрақтар мен пікірлердің астында қалдым. Үлгергенімше жауап та беріп жатырмын. Тоқетерін айтқанда, біз қазір халыққа барынша ашықпыз. Жалпы біз, Парламентке халықтың саясатқа көңілі суып, сенімі жоғалған кезде келдік қой. Бізге оңай болған жоқ. Өйткені, өзіміз де кеше халықтың бел ортасынан шықтық. Алайда, Парламенттің табалдырығын аттағаннан бастап, биліктің өкілі ретінде бізге де қатты сын, өткір пікірлер айтылатын болды. Өзім де күні кеше сол қалың қауымның арасында болғандықтан, мен оның бәрін қабылдаймын. Айтылып жатқан наразылықтар орынды. Біз оларды тыңдау үшін келдік. Бірақ біздің халқымыздың басынан бұдан да қиын кезеңдер өткен. Тарихты қарайтын болсақ, оның мысалы жеткілікті. Сондықтан құдайдың берген осы мүмкіндігін пайдалана отырып, халыққа қызмет ете алсақ, одан өзге арман да, мақсат та жоқ.

– Дегенмен, кейбір әріптестеріңіз әлі де жабық секілді. Мемлекет басшысы талап еткен «еститін үкімет» қағаз жүзінде қалғандай…

– Мұны жоққа шығара алмаймын. Үкіметтік органдар, әкімшіліктердегі лауазым иелері қарпайым халық тұрмақ, депутаттық мандат иеленіп отырған бізді де жүре тыңдайды. Мұны мен өз тәжірибемнен білемін. Біз депутат болып, 2021 жылы қаңтар айында келдік. Енді қызметке кірісіп жатқан алғашқы уақытта фейсбук арқылы Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Ағыбет ауылындағы Есіркеп батыр атындағы мектепке күрделі жөндеу қажет деген хат алдым. Біз бұл мәселеге тікелей араласа алмаймыз. Жергілікті жердегі мектептер атқарушы билікке қатысты. Соған қарамастан мен осы хаттың ізімен Аманат партиясы арқылы осы өңірге бардым. Сол кезде сізге өтірік, маған шын, маған Түркістан облысының әкімдігінен ешкім ерген жоқ. Негізінде бізбен бірге барып, халықтың талап-тілегін тыңдаса болар еді. Бізге тек білім саласының жауапты маманын қосты. Оның басшылыққа қатысы жоқ және құрылысқа да жауап бермейді. Мен осы сапарда тек аталмыш мектепті ғана емес, Сарыағаш пен барлық шекаралас жатқан елді мекендердегі білім беру ұйымдарын араламақшы болдым. Өзге тілде білім беретін мектептердегі қазақ тілді оқытудың барысын да білгім келді. Сөйтіп, қай мектепке жөндеу қажет, қайсысы апатты жағдайда екенін анықтап, олардың тізімін жасадық. Күзде бюджетті нақтылау кезінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бір топ депутат құлайын деп тұрған 20 мектеп үшін қайтадан қаржы бөлгіздік. Қаржы министрінен талап етіп, пікірталасқа түскен кезде әкімдіктен бізді ешкім қолдамады. Биыл сол мектептерге күрделі жөндеу жүргізілгенін өз көзіммен көріп келдім. Бірақ осы сапар барысында да әкімдіктегілер мектептердің жайын білуді қажет етпеді. Неге екенін қайдам, мемлекеттік органдар, әкімдіктер халықтың талап-тілегіне жабық. Сондықтан халықтың оларға деген реніші орынды деп ойлаймын. Өзіңіз көріп жатырсыз, қаңтар оқиғасынан кейін Мәжілістің есігі халыққа айқара ашылды. Мен басқа органдар үшін жауап бере алмаймын. Бірақ біз қай жерде қандай оқыс оқиға орын алады, сол жерге бірден барамыз. Өйткені, халықтың өкілі ретінде орын алған жағдайды көзімізбен көріп, үкіметтің алдында мәселе көтерген кезде қағаз жүзінде немесе әкімдік берген есеп емес, өзіміз көзбен көріп, жүрегімізден өткізген жағдайды айтқымыз келеді. Осы тенденция жалғаса беретін болса, мажориторлық жүйемен сайланатын депутаттар да халыққа жақын болады. Яғни, менің ойымша демократия деп айту үшін емес, жалпы халықтың жағдайын талап-тілегін естіп, орындау тұрғысында сең қозғалды. Және бұл халқымыз үшін оң нәтиже беретін үрдіс.

– Әкімдіктерді, мемлекеттік орган қызметкерлерін сынап отырсыз ғой. Олардың осындай ұстанымдары нені білдіреді? Бұл біліксіздік пе, халықққа жанашырлықтың төмендігі ме немесе азаматтық ұстанымының әлсіздігі ме? Өзіңіз ұстазсыз. «Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы» дейді. Әкімдіктегілердің осылай өз міндетіне адал болмауында мектептегі тәрбиенің әсері бар деп ойламайсыз ба?

– Бұл ойыңызбен келісуге болады. Бізге жалпы білімнің мазмұнына қатысты терең ойланып, тың шешімдер қабылдау қажет. Себебі, осы елге жанашырлығымызды, осы елдің иесі де, киесі де өзіміз екендігін, жердің де, тәуелсіздігіміздің де тек қазақ үшін басты құндылық екенін біз толық ұғындырмай жатқан сияқтымыз. Көпке топырақ шашқым келмейді. Дегенмен, білім мазмұнын бір қарауымыз қажет. Қазақстан тарихынан сабақ берген кезде қазіргі Қазақстанның тарихы жаңадан жазылып жатқан еді. Мысалы әскери бекіністер қалай салынды? Петр біріншінің кезінде олар да Ұлыбритания секілді басқыншылық жасағысы келгені жайлы деректер ашылып, жоғары сыныптардың оқулығына енгізілді. Бұл деректердің маңызын ашып, оқыту мұғалімдердің ізденісіне байланысты. Сол секілді Жоңғар шапқыншылығы кезінде түрлі жағдайлар болған. Мен өзім де оқып таңғалдым. Мысалы «жоңғарлар қаптап келе жатыр» деген кезде Күлтөбенің басына жиналған үш жүздің бай-бағландары әртүрлі ұсыныс айтқан екен. Оларды күтіп алайық, келісімге келейік, ұлына қызымызды беріп, ұлымызға қызын әперіп құда болайық деген әңгімелер де айтылған. Сол кезде Қабанбай батыр қасқайып тұрып: «мен қасық қаным қалғанша күресемін, ұлымды құл, қызымды күң қылмаймын, ергісі келгендер келсін, ергісі келмегендер қалсын» деген екен. Осы оқиға желісі бойынша сценарий жазып, балалардың драма үйірмесінде өздеріне қойылым қойдырдым. Сол кездегі балалардың бастан кешкен сезімін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Менің ойымша, балаларға білім бергенде біз осындай әдістерді қолдануымыз керек. Қазақстан тарихын оқытудың әдістемесін аумақтық тұтастық, патриоттық сезім, елдік мүдде тұрғысынан қайта қарастыру керек. Қазақстанның экономикасына, география пәніне де көп басымдық берілуі тиіс. Сонда жерінің аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған еліміздің өндіріс орындары қай жерде, болашақтағы экономикамыздың негізі болатын қазба байлықтар қайдан шығуы мүмкін деген мағлұматтарды оқушылар зерделейтін болады.

– Оқулықтар мазмұны жайлы сөз қозғағанда тілді айналып өту мүмкін емес. Осы тұрғыда да мәселе бар сияқты…

– Иә, дұрыс айтасыз. Кезінде тілдік нормаларды талдайтынбыз. Мысалы, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында қазақтың тілдік нормаларына бағынбайтын сөйлемдер көп. Сол секілді он ғасыр сөйлеген жыраулық тіліміз бар. Бұл түркі және Алтай тілдерінің кәдімгі бүгінгі уақытқа жеткен жұрнағы. Біз мектепте осы дүниелердегі тілдік нормаларды талдап, сол арқылы қазақтың тілінің құнарын игердік, ұлттық ділді санамызға сіңірдік. Мысалы, мұғалім «Абай жолынан» бір сөйлемді жазып, соны бүкіл сынып болып талдайтынбыз. Соның арқасында «Абай жолын» оқыдық па, оның мазмұнын білеміз бе, бәрі белгілі болатын. Біздің ұстаздардың әдістемесі осындай болды. Ал, қазір тілдік норма, грамматикалық талдаулар алынып тасталды. Айталық қазақ әдебиетінде «Менің Аралым» деген Қадыр Мырзалиевтің өлеңіне бес жүз сөзден тұратын эссе жазып, онда экологиялық мәселе қамтылу қажет деген тапсырма беріледі. Алтыншы сынып оқушысы экологиялық мәселені қазақ тілі пәнінсіз де әлеуметтік желілер, сайттар арқылы игеріп алады. Бірақ біз он ғасыр жырлаған қазақ тілінің құнарын еш жерден меңгермейміз. Сондықтан оқулықтарға «Менің Аралым» сияқты өлеңдер емес, Ақтанберді секілді әр сөзі тарихтан, тілден, ділден шежіре айтқан жыраулардың шығармасы енуі керек. Менің ойымша, білімнің үлкен стратегиялық мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтау, халықтың қазақ ұлтының келесі ұрпағы ретінде сезінуіне мүмкіндік беру болу керек. Ал, химияны, физиканы қазіргі ақпарат тасқынында, жаһандану заманында өмір сүргендіктен меңгеру оңай. Бізді ұлт ретінде сақтайтын дүниелер тілімізде, әдебиетімізде, тарихымызда. Сол секілді дүниежүзі тарихын Қазақстанның қазіргі геосаяси жағдайы тұрғысынан көрсететін негізде оқыту қажет деген ойдамын. Осы пәндерді оқытқан кезде ұлтжандылық, отансүйгіштік тұрғыдан нақты бағытымыз болуы тиіс. Жалпы білім саласын сынақ алаңына айналдырмау керек.

– Оқулықтың мазмұны жайлы жақсы айттыңыз. Бірақ осы оқулықтың жазылуына қатысты авторлар дұрыс іріктелмей ме, әлде басқа себептер бар ма, әйтеуір олардың сапасы төңірегінде үнемі шу болып жатады. Осы мәселені қалай реттеу керек деп ойлайсыз?

– Бұл тұрғыда концептуалды екі мәселе бар. Бірінші мәселе, бағдарламалардағы мазмұнның 2015 жылы қабылданған стандартқа келіп тірелетіндігі. Естеріңізге сала кетейін, 2015 жылы бекітілген стандарттан кейін қазақ тілінен грамматикалық норма алынып тасталды. Оны кезінде жұртшылық көп сынады. Екінші мәселе, оқулықты жазатын авторларға қатысты. Олар бізге бұл жұмысқа уақыттың аз бөлінетінін, яғни екі ай ғана берілетінін, оқулықты негізгі міндеттерін атқара жүріп жазатынын айтады. Мұндайда, әрине, сапаның ақсауы заңдылық. Сондықтан талап бойынша оқулық жазатын мамандардың авторлық бағдарламаларының болуы, тиімді әдістемесі бойынша іріктеп алғаннан кейін оларға алты айдан он айға дейін ақысы төленетін демалыс берілуі керек. Израиль мемлекетінде оқулық жазатын авторларға осындай жағдай жасалған. Сонда ғана оқулық дұрыс жазылады. Бірақ былтыр тиісті заңға жақсы норма енгізілді. Сол бойынша тек базалық оқулықтар ғана емес, балама оқулықтар да оқыту үдерісінде қолданылатын болады. Сондықтан бұл да уақыт өте келе бір жүйеге келеді деген ойдамыз. Үлкен мәселе – мазмұнға қайта қарауға байланысты. Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы бұл бағытта жұмыс бастады. Мен ғалымдарға, осы ұжымға үміт артамын. Жалпы, «Қазбілім» секілді инновациялық білім ұйымдарының жұмысын зерделеу барысында байқағаным, олардың бәрінде бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін барлық пәннен дайындаған оқулықтары және осы оқулықтардың оқу-әдістемелік кешендері бар. Соның бәрін жинап алып қарап, оқулық дайындау барысында пайдалану керек. Бұл алты айдың, әрі кетсе бір жылдың жұмысы деп ойлаймын. Бірақ ол жариялы түрде жүзеге асып, қоғамдық бақылаудың назарында болғаны жөн. Асқар Жұмаділдаев секілді әр саланың мықты академиктерін жинап, ашық талқылауға шақырса бұл да шешілетін мәселе. Математикадан бізде Қытайдан, Моңғолиядан келген білікті мұғалімдер бар. Қытайдың жаратылыстану пәндерінің мазмұны мықты ғой. Қытай тілі қанша қиын болса да қалай үйретіліп жатыр, осы әдістемені игерейік. Оларға қаржы берейік. Қаншама қаржы талан-таражға түсіп кетті. Жиырма бірінші ғасырға келдік, енді осы ғасыр алға қойып отырған мәселелерді шешуіміз керек. Өзімізді ұлт ретінде сақтап қалуда оқулық сапасының маңызы зор. Сондықтан алыс, жақын елдің тәжірибесінен үйреніп, мамандардың әлеуетін толыққанды пайдалана отырып, осы жұмысты жолға қоюымыз керек.

– Оқулықтың мазмұнын ашып, оқушының санасына жеткізетін мұғалімге де айтылар сын аз емес. Өкінішке қарай, бізде мұғалімнің мәртебесі төмендегені сондай, бұл мамандық кім көрінгеннің күнкөріс көзіне айналғандай. Азар болса мұғалім бола саларсың деген ұғым бар. Басқа мамандықтан жолы болмағандар педагогикалық оқу орнын жағалайтын үрдіс қалыптасты…

– Иә, сондай бір кезең болды. Жоғары оқу орнына 50 балмен түсіп жатты. Оны былтыр уақытында Білім министрі болған, қазіргі сенатор Бақытжан Тұрсынұлы айтқан болатын. 2019 жылы Парламент қабырғасында 10 жыл жатқан «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси ерік-жігерімен жүзеге асқан еді. Осыдан кейін педоагогтың апталық жүктемесі азайды. Одан соң мұғалім аттестациядан өту арқылы өзінің педагогикалық шеберлігін дәлелдесе, оған тағы қосымша ақы төленетін болды. Қазір аттестациядан өтіп, ең жоғары категорияны иемденген мұғалім 720 мың теңге айлық алады. Мұғалімдердің жалақысы 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейін 70 пайызға көтерілді. Енді тағы 25 пайызға өспек. Қазіргі өзекті мәселе – білімнің сапасын көтеру. Мен де ата-ана ретінде оны көріп отырмын. Балам мүлде сабақты түсінбей келеді. Меніңше, қазіргі мұғалімдердің кейбірі сіз айтып отырған кезде оқуға түсіп кеткендер болса керек. Енді қазір оқуға түсетін шектік балл 70 болды. Бүгінде педагогикалық оқу орындарының стипендиясы бәрінен жоғары – 58 мың теңге болып бекітілді. Меніңше, осының бәрі өз жемісін беріп, екі-үш жылда мектептерге білікті мамандар келеді. Мұның сыртында былтырдан бастап біліксіз мұғалімдердің мектепке келуіне тойтарыс беру үшін мамандарды квалификациялық тест тапсыру арқылы іріктеу тәжірибеге енгізілді. Бұл сынақтан көптеген жас маман өтпей қалды. Басында «неге университеттерде сапасыз маман дайындалады, тест оқу орындарының өзінде өткізілсін» деген талап болған. Алайда, олардың тарапынан өздеріне сөз келмеу үшін нақты жағдайды жасырып, жабу орын алуы мүмкін болғандықтан сынақ дербес өткізілетін болды. Қазіргі таңда квалификациялық тест оқу орындарының маман дайындау деңгейінің негізгі индикаторына айналды. Осыған орай бұл мәселеде алға жылжу болады деп үміттенемін.

– Мұғалімдерді кім дайындайды деген де сұрақтың туындауы заңды секілді. Шыны керек, педагогикалық оқу орындарындағы оқытушы-профессорлық құрамның деңгейі заман талабына сай келе бермейді ғой.

– Иә, оқу орындарының бағдарламасына мән беру керек. Өйткені, мектептегі бағдарлама дамып кетті. Жоғары оқу орны консервативті орта ғой. Олар заман ағымынан қалып қойды. Сондықтан педагогикалық оқу орындарының да бағдарламасын қайта қарап, мазмұнын жаңғыртып, уақыт талабына сай ширату міндеті тұр. Екінші – университеттің ғалымдары жалақымыз аз, әлеуметтік кепілдік толық емес дегенді айтып жүр. Жаңадан құрылған Ғылым және жоғары білім министрлігі университеттердің білім сапасы, оқытушы-профессорлардың кәсіби деңгейін көтеретін нақты шаралар қабылдап, жүзеге асыру керек.

– Жалпы, мұғалімнің мәртебесі толық көтерілді деп айта аласыз ба?

– Бүгінде басқа салаға кеткен мұғалімдердің мектепке қайтып келе жатқанын көріп отырмыз. Қазіргі еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті мамандықтың бірі осы – педагогтар. Бұл белгілі деңгейде мұғалімдік мамандыққа көзқарастың жақсарғанын көрсетеді. Десе де, педагог еңбегіне қатысты шешімін күткен мәселелер әлі бар. Жалпы мұғалімдік қызмет эмоционалдық шығынды қажет етеді. Оларда күш-қуатты жоғалту көп болады. Өйткені, балаға энергияны көп береді. Аптасына 16 сағат сабақ жүргізу үлкен денсаулықты қажет етеді. Сондықтан Израильде еңбек өтілі 11 жылға жеткеннен кейін мұғалімге бір жылдай немесе алты айдай ақылы демалыс беріледі. Осы уақыт аралығында мұғалім өзінің денсаулығын ретке келтіреді, әдістемелік құралдарын жазады, біліктілігін арттырады. Меніңше бізге де осы тәжірибені енгізсе, білім беру сапасы алға жылжыр еді.

– Тәуелсіздігімізге отыз жылдан асса да мемлекеттік тілді төрге шығара алмай келеміз. Мұнда мұғалімдердің де кінәсі бар дегенді естіп қаламыз. Қаншама филолог, лингвистеріміз бола тұра қандастарымызды қазақша сөйлете алмай келе жатқанымыз қалай?

– Мұғалімдерді кінәлаудан аулақпын. Олар қолынан келгенін жасап жатыр. Бәрі стандарт негізінде жазылған оқулықпен жұмыс істейді. Одан басқаға уақыты жоқ. 2015 жылғы стандартта сөйлеп кету тумысынан берілетін қабілет, сондықтан грамматиканы оқытудың қажеті жоқ деп, тілдік норманы оқытудан бас тартылды. Меніңше, осы қате болды. Мен мұны мүмкіндігінше айтып жүрмін. Өйткені, тіл бізге керек. Ал, грамматика – дұрыс сөйлеудің негізі. 2015 жылы стандартты қабылдауға атсалысқан азаматтар өз жауабын алу керек деп ойлаймын. Біз қылышынан қан тамған кеңестік одақ кезінде тілдік нормаларды сақтадық, тәуелсіздік кезіне шетелдерге еліктеп олардан бас тарттық. Қазақ тілін ағылшын тілімен салыстыруға келмейді. Өйткені, ол мануфактураның тілі. Ал, біз үлкен өркениеттің түркі, оған дейінгі сақ, ғұн тілінің жалғасымыз. Менің ойымша мұны біз қайтаруымыз қажет. Қазақ тілін өзге ұлттар оқығысы келетіндей әдістеме дайындау керек. Осы ретте ағылшын тілін үйретудің әдістемесін қолданған дұрыс болады. Ресми кеңсе тіліндегі бір әдістеме дайындауымыз керек. Сонымен қатар, қазақ тілінде сөйлеу мәдениетіне назар аударылу керек. Бұл ретте жоғары оқу орындарында сөйлеу мәдениеті деген жаңа пән енгізілсе құба-құп. Өйткені, әдемі сөйлеудің, баяндаманың қандай болу керектігі жайлы түсінік болу керек. Кез келген мәселенің білім арқылы шешілгені дұрыс қой. Сондықтан жоғары оқу орындарында таңдау курсы деңгейінде болса да сөйлеу мәдениеті оқытылуы керек. Мемлекеттің тілдің мәртебесін көтеру үшін бір топ депутаттар кітапхана қызметінің мазмұны мен кітапханашылардың мәртебесін көтеру туралы заң жобасына бастамашылық етіп жатырмыз. Қазақ тілінде сөйлеу керек деп құр талап қоюмен тілдің мәртебесін көтеру қиын. Бұл жерде тиімді тетіктерді іске қосу керек. Соның бірі тетігі – кітапхана қорын толтыру, кітап нарығын реттеу. Қазақ авторларына субсидия бөлуіміз қажет. Кітап тапсырыстары жас ерекшелігі, қызығушылық негізінде қалыптасуы керек. Жалпы қазақ тіліне сұраныс бар. Мұны өзімнің әлеуметтік желідегі парақшаларым арқылы көріп отырмын. Контент қазақ тілінде жасалатын тик-токтағы парақшама бір күнде 550 мың тіркелді. Демек, барлығы біздің ұсынатын дүниеміздің сапасына, өзектілігіне байланысты. Идеологиялық тұрғыдан бұл мәселе үнемі назарда тұру керек.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Жалдамалы тұрғын үйге берілетін субсидияны қалай алуға болады?

Елімізде әлеуметтік осал топқа жататындар мемлекеттен пәтерді жалдау ақысының 50 пайыз мөлшерін ала алады. Судсидиялау тәртібін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі реттейді. Жалдамалы тұрғын үйге берілетін субсидиялау қалай жүзеге асырылады? Оған кімдер және қалай қатысады?

Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың деректері жарияланды

ТЖМ Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты ақпаратты жариялады.

Жылан жылы қандай болады? Қазақстандық астролог жауап берді

Биыл қазақтың жыл санауы бойынша Жылан жылы. Жылан - мүшел есебінің алтыншы жылы, Ұлу жылынан соң, Жылқы жылынан бұрын келеді. Қазақ бұрыннан әр жылдың өзіне тән сипатын берген. Ал Жылан жылы қандай болады?

Қазақстанда автокөліктің утиль алымы төленгенін қалай тексеруге болады?

Автокөлікті тіркеу және заңды түрде пайдалану үшін утиль алымының төленгенін тексеру - маңызды қадам. Әсіресе шетелден әкелінген көліктерді сатып алу кезінде бұл мәселені назардан тыс қалдырмау керек.

Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақ бортында қанша қазақстандық болған?

Министрліктің алдын ала ақпаратына сәйкес бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.