12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Заңдағы өзгерістер заман талабынан туындайды

Заман талаптарына сәйкес Жоғарғы Сот «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, Парламент қарауына жолдаған болатын. Осы жылдың 26 ақпанында өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар аталған заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.      

Жобада көрсетілген өзгерістер мен толықтырулардың негізгі мақсаты – істің толық және уақытылы қаралуын қамтамасыз ету, заманауи форматтарды ендіру, яғни, соттағы цифрландыруды одан әрі дамыту, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту, процеске қатысушылардың жауапкершілігін арттыру болып табылады.

Маңызды өзгерістің бірі – судьяның өз бастамасы бойынша істің мән-жайларын тараптармен талқылауға мүмкіндіктің берілуі болып тұр. Айталық, қазіргі қолданыстағы Кодекс бойынша судья істің нақты мән-жайларын анықтау мақсатында өз бастамасымен дәлелдемелер жинаудан толық босатылған. Жоба мақұлданған жағдайда судья өз бастамасы бойынша істің мән-жайларын анықтауға, талқылауға, іс бойынша дәлелдемелерді уақтылы және толық жинауға, оларды зерттеуге жәрдемдесуге, дәлелдердің негізділігін, дұрыстығын тексеру бойынша көзделген кез келген шараларды қолдануға құқылы болмақ.

Жауаптылық – басты орында

Процеске қатысушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында сот приставының және аудармашының ұғымдары, өкілеттіктері, құқықтары мен міндеттері қаралған бөлігі 56-3 және 56-4-баптармен толықтырылады. Мұндай нормалар қылмыстық процестік заңнамада бұрыннан қаралған. Атап айтқанда, Кодекстің 60-бабының бірінші бөлігінде «тапсырма бойынша өкіл талап қою арызына қол қоюдан, iстi төрелікке беруден, дауды медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасаудан, талап қоюдан немесе талап қоюды танудан толық немесе ішінара бас тартудан, талап қою талаптарының нысанасын ұлғайтудан немесе азайтудан, талап қоюдың нысанасын немесе негізін өзгертуден, өкілеттіктерді басқа тұлғаға беруден, сот актісіне апелляциялық, кассациялық тәртіптермен шағым жасаудан, жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша сот актісін қайта қарау туралы арыз беруден, сот актісін мәжбүрлеп орындатуды талап етуден, сот алып берген мүлікті алудан, апелляциялық шағымнан, өтінішхаттан бас тартудан басқа, осы Кодексте көзделген барлық процестік әрекеттерді өзі өкілі болып отырған тұлғаның атынан жасауға құқылы», — деп көрсетілген болса, жаңа өзгерісте «өкілдің өкілеттіктері кассациялық өтінішхаттан бас тартудан басқа», — деп толықтырылған.  Яғни, өкілдің  өкілеттігі өзгеріс бойынша кеңейтілген.

66-баптың төртінші бөлігі «қарсылық білдірілуге жататын тұлғаның  процестік әрекетке қатысуына байланысты» деп көрсетілген болса, жаңа өзгерісте «дау медиация тәртібімен реттелмеген жағдайда судья өзі сотта  медиация жүргізу кезінде алынған дәлелдемелдерді, егер тарап бұған қарсы болмаған жағдайды қоспағанда, іс жүргізуінде іс жатқан судьяға ұсына  алмайтындығы» жөніндегі қағидамен толықтырылған. Ал, 67-бап мынадай екінші абзацпен толықтырылған, яғни сотқа ұсынылған дәлелдемелердің дұрыстығын тексеру тараптардың өтінішхаты бойынша да, соттың  бастамасы бойынша да мүмкін болады. Яғни, дәлелдемелердің анықтығын тексеруде соттың ролі күшейтілгенін байқауға болады.

   Мүддесін қорғаймын дегендерге мүмкіндік

112-баптың бірінші бөлігі төмендегідей мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылған, яғни «кәсіпкерлік қызметке байланысты дауларды қоспағанда, сот Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден қиын әлеуметтік және қаржылық жағдайдағы өзге де тұлғаларды босатуға құқылы». Бұл өзгеріс материалдық қиын жағдайдағы азаматтардың өз мүдделерін сотта қорғауға мүмкіншілік ашады.

Өзгеріс, ҚПК-нің 126-бабының төртінші бөлігін де қамтыған. Яғни  «өткізіп алған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы арыз арыз иесіне өзінің құқықтарының немесе заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы белгілі болған күннен бастап бір айдан кешіктірмей процестік әрекеттер жасалуға тиісті сотқа беріледі. Арыздың қаралатын уақыты мен орны туралы іске қатысатын адамдар хабарландырылады, алайда олардың кез келгенінің келмеуі арыздың қаралуына кедергі келтірмейді» деп көрсетілсе, аталған  бап төмендегідей талаптармен толықтырылған: «іске қатысатын адамдар  арыздың келіп түскені туралы дереу хабардар етіледі және сотқа пікір  ұсынуға құқылы. Сот өтіп кеткен процестік мерзімді қалпына келтіру туралы арызды сотқа келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді. Сот іске қатысатын адамдарды шақырмай, өтіп кеткен  процестік мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені өз қалауы бойынша  қарауға не сот отырысын тағайындауға құқылы. Бұл ретте сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған іске қатысатын  адамдардың келмеуі оны қарауға кедергі болмайды». Бұл толықтыру сотқа  осындай өтінішхаттармен жүгінген адамдардың әділсот төрелігіне  сенімділігін арттырады. Себебі, сотқа берілген бұл мүмкіндік тараптардың  уақытын үнемдейді.

Саланы цифрландыру – ұтымды қадам

Соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, яғни, соттағы цифрландыруды одан әрі дамыту бағытында Кодекс 133-4-баппен толықтырылып, сот талқылауының аудио-бейнежазбасы электрондық хаттама деп танылады. Толықтығын, құрылымы мен сапалы тыңдалуын қамтамасыз ететін электрондық хаттамаға қойылатын техникалық талаптарды осы Кодекстің талаптарын ескере отырып, соттар қызметінің ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін жүзеге асыратын орган айқындайды.

Ал, Кодекстегі сот бұйрығы негізінде берешекті өндіріп алу тәртібі қаралған 134-бап жаңа редакцияда жазылып, «сот бұйрығы сот актісі болып табылады, судья борышкерді және өндіріп алушыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай-ақ және сот талқылауынсыз, даусыз талаптар бойынша борышкерден ақшаны өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы өндіріп алушының арызы бойынша, сондай-ақ заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда дауды сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған келісімдерді орындау туралы өндіріп алушының арызы бойынша электрондық форматта шығарады».

Енгізілетін жаңа нормалар бойынша судья шешімді түсіндіру туралы мәселені де сот отырысын өткізбестен шешеді. Кодекстің  160-бабы  2-1 бөлікпен толықтырылған. Яғни, іс жүргізу тоқтатылған, талап-арыз қараусыз  қалдырылған жағдайда талап-арызды қайтару кезінде талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралар сот ұйғарымы заңды күшіне енгенге дейін өз күшін сақтайды.

          Медиацияның «тынысын» ашатын тетіктер

АПК 175-бабының бірінші бөлігі жаңа редакцияда «татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот шешім шығару үшін  кеткенге дейін, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін», – деп жазылған. Яғни, тараптарға істің кез-келген сатысындағы сот барысында сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу келісімін жасау мүмкіндігі ашылып отыр. Сәйкесінше, 177-баптың бірінші бөлігінің бірінші абзацы жаңа редакцияда «сот тараптардың татуласу келісімін бекіту туралы өтінішхатын сот отырысында қарауы мүмкін. Іске қатысатын адамдарға сот отырысының  уақыты мен орны туралы хабарланады», — деп толықтырылған. Яғни, қазіргі өзгеріс осы бап бойынша соттардың татуласу келісімін бекітудегі құқығын айқындап отыр десек артық айтқандық емес.

Өзгеріс кодекстің 179-бабының бірінші бөлігіне де енгізілген. Атап айтқанда, тараптар сот шешім шығару үшін кеткенге дейін бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда дауды медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхат беруге құқылы. Яғни, осы баптың бұрынғы диспозициясынан «кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін» — деген сөйлем «сот шешім шығару үшін кеткенге дейін» — деп өзгертілген. Аталған баптың төртінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылған: «бірінші сатыдағы сотта медиацияны өткізу үшін іс басқа судьяға беріледі. Тараптардың өтінішхаты бойынша медиацияны іс жүргізуінде іс жатқан судья өткізуі мүмкін. Ал, толықтырылған өзгеріс келесідей, «егер медиацияны тараптардың өтінішхаты бойынша іс  жүргізуінде іс жатқан судья жүргізсе, онда істі одан әрі қарауды осы судья  жүзеге асырады». Яғни, медиация тәртібімен қаралатын істердің нақты  тәртібі айқындалған.

Шешімді жариялаудың кеңейтілген тәртібі

Кодекс толықтырылатын 187-1-баптың 3-бөлігінің талаптарына сәйкес, сот талқылауы барысын аудио және бейнежазу осы Кодекстің 19-бабы жетінші бөлігінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады. Олардың сақталмауы кейіннен пайдалану мен тарату мүмкіндігін жоққа шығарады және кінәлі адамды сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауапқа тартуға негіз болып табылады.

Кодекстің 222-бабының бірінші бөлігі, яғни «шешімді жария ету» мынадай редакцияда толықтырылған: «соттың шешімі қабылданғаннан және оған қол қойылғаннан кейін судья шешімді толық не оның қарар бөлігін  жария етеді. Ал, осы баптың бұрынғы талабы бойынша соттың шешімі қабылданғаннан және оған қол қойылғаннан кейін судья сот отырысы залында сот шешімінің қарар бөлігін жария етеді. Яғни, өзгеріс сот шешімін жариялаудың кеңейтілген тәртібін ұсынып отыр, ол судьялардың күрделі істер бойынша сот актілерін сапалы әзірлеуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аталған бап келесідей мазмұндағы 1-1 бөлікпен  толықтырылған. «Іске қатысатын адамдар келмеген жағдайда сот отырысында шешімді жария ету жүргізілмейді. Шешімнің көшірмесі іске қатысатын адамдарға осы Кодексте белгіленген тәртіппен жіберіледі». Бұл өзгеріс соттың шешімді жария ету тәртібіндегі нақты әрекетін айқындап берді.

235-баптың екінші бөлігі «шешімдегі қате жазулар мен анық арифметикалық қателерді түзету» мынадай редакцияда жазылған: «сот  шешімінде жіберілген қате жазуларды немесе анық қателерді өз бастамасы бойынша немесе іске қатысатын адамдардың арызы бойынша түзете алады. Мұндай арыз сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады. Іске қатысатын адамдар арыздың келіп түскені туралы дереу хабарландырылады  және сотқа пікір ұсынуға құқылы.

Сот өз қалауы бойынша іске қатысатын адамдарды шақырмай, қате  жазуларды немесе анық арифметикалық қателерді түзету туралы мәселені қарауға не сот отырысын тағайындауға құқылы. Бұл ретте сот отырысының  уақыты мен орны  туралы тиісінше хабарландырылған іске қатысушы адамдардың келмеуі оны қарау үшін кедергі болып табылмайды». Яғни, бұл өзгерісте де заң шығарушы іске қатысатын адамдарды шақыруды соттардың өз қалауына қалдырып, сот төрелігінің мүмкіндігін арттырып отыр.
Кодекстің 237-бабының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылған: «судья шешімді түсіндіру туралы мәселені сот отырысын өткізбестен  шешеді. Іске қатысатын адамдар шешімді түсіндіру туралы арыздың келіп түскені жөнінде хабарландырылады және сотқа пікір жіберуге құқылы. Аталған баптың талабы бұрын іске қатысатын адамдар, сондай-ақ сот орындаушысы, қарау және шешу нысанасы оның түсіндіру туралы  өтінішхаты болған жағдайда сот отырысының уақыты мен орны туралы  хабарландыратынымен негізделген болатын. Қазіргі өзгеріс аталған талапты жеңілдетті. Аталған баптың үшінші бөлігі мынадай екінші абзацпен  толықтырылған: «шешімді түсіндіруден бас тарту туралы соттың ұйғарымы прокурордың өтінішхаты бойынша шағым жасауға, қайта қарауға жатпайды. Яғни, осы баптың бұрынғы талаптарында көзделген прокурордың шағым  беру құқығы өзгеріс бойынша шектелген.

Судьяның құзыреті кең

Кодекстің 281-бабының бірінші бөлігінде «Осы кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, бірінші сатыдағы соттың  әрбір сот отырысы туралы, сондай-ақ отырыстан тыс жасалған әрбір жеке процестік әрекет туралы жазбаша нысанда хаттама не сот отырысының аудио-бейнежазбасы жүргізілген кезде қысқаша хаттама жасалады» деп жазылған. Тараптардың сот отырысына қатысуынсыз, сырттай іс жүргізуге, не жаңа дәлелдемелер зерттелмей қаралатын істер бойынша сот отырысының хаттамасын жүргізу қажеттігін судья белгілейді. Аталған баптың талабында бұрын іске қатысатын адамдардың бәрі сот отырысына келмеген жағдайда аудио-бейнежазба жүргізілмейтіні көрсетілген болатын. Жаңа өзгерісте ол процестік әрекеттерді судья шешеді.

409-бап мынадай мазмұндағы 3-1-бөлікпен толықтырылған. Яғни, «апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстің 407-бабы бірінші бөлігінің 2,3,4 тармақшаларында көзделген негіздер болған кезде шағымды берген адамға  оны кері қайтару туралы ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарым шағым жасауға жатпайды, алайда апелляциялық шағыммен, өтінішхатпен, бірінші сатыдағы сотқа қайта жүгінуге кедергі болмайды. Аталған жағдайда, жоғарыдағы заң талаптарына сай  тараптардың шағымды қайтару жөніндегі ұйғарымға құқығы болмағанымен, негізгі сот актісіне жоғары тұрған сотқа  шағым беру құқығы нақты айқындалған.  Сонымен қатар 426-бап бесінші бөлікпен  толықтырыып: «егер судьяның жеке басына байланысты мән-жайлар бойынша мүмкін болмаған кезде апелляциялық сатыдағы судья осы Кодексте  белгіленген мерзімде дәлелді қаулыға қол қоя алмаса, онда оны жасауды  алқа төрағасы істі қарауға қатысқан басқа судьяға тапсырады. Қаулыда жоқ судьяның оны қандай себептер бойынша дайындай алмайтыны көрсетіледі» деп жазылған. Бұл толықтыру өте дәйекті және дер кезінде ескерілген деп есептейміз.

Кодекстің 429-бабының жетінші бөлігі мынадай редакцияда жазылған: талап арыздарды қайтару, талап қоюды қамтамасыз ету, соттылық, қате жазуларды, жаңсақ жазылымдарды және анық арифметикалық  қателерді түзету, шешімді, хаттамаға ескертулерді түсіндіру, іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру, талап арыздарды қараусыз қалдыру мәселелері жөніндегі жеке шағым немесе прокурордың өтінішхаты бойынша шығарылған  апелляциялық сатыдағы соттың істің одан әрі қозғалу мүмкіндігіне бөгет болатын ұйғарымдарына шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін. Бұл өзгеріс, мазмұнының өзі көрсетіп тұрғандай, тараптардың заңмен қорғалатын құқығының жүзеге асырылуына жағдай жасайды.

464-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылған, яғни «төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат Қазақстан Республикасының тиісті апелляциялық сатыдағы сотына беріледі. Ал, 465-бап 1-1 бөлікпен толықтырылған, яғни «төрелік шешімнің күшін жою  туралы өтінішхатты апелляциялық сатыдағы сот алқалы құрамда, алқаның  кемінде үш судьясы осы Кодекстің 3-бөлімінің қағидалары бойынша қарайды». Аталған бап мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылған: «төрелік шешімнің күшін жою туралы ұйғарымда сот төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға беру туралы ұйғарымның күшін жою мәселелерін  шешуге тиіс».

Аталған өзгерістер мен толықтырулар сот процесінде істің толық және уақытылы қаралуын қамтамасыз етеді деген сенім мол.

Талғат БАРАТБЕКОВ,

Түркістан облыстық сотының төрағасы

[ratings]

Жұмыс режимін сақтау бойынша жиын өткізілді

2024 жылдың 10 желтоқсанында Мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты режимін...

КОДЕКС СУДЕЙСКОЙ ЭТИКИ

Судьи Республики Казахстан, основываясь на Конституции Республики Казахстан (далее...

Харассмент: за молчаливым барьером

Актуальность данной темы в современном обществе невозможно переоценить. За...

Полиция «Альфард» жүргізушілеріне түсіндірме жүргізді

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасымен жеке...

Жастардың құқықтық санасын, рухын оятып, мәдениетін дамыту керек

Сыбайласқан жемқорлық атты дерттен арылу және жойу жолын жастардың...