Қазақстан Республикасында «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдаманың қабылдануы сот жүйесінің алдына сапалы жаңа міндеттер жүктеді. Бұл құжаттың негізгі өзегі – қоғамда заң үстемдігін орнату және мемлекеттік институттарға деген халықтың сенімін нығайту. Сот төрелігінің тиімділігі мен әділдігі тек судьяның қабылдаған шешіміне ғана емес, сонымен қатар сот аппаратының — сот әкімшісінің мамандарының, хатшылардың және сот приставының — жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты болып табылады.
Сот төрелігін жүзеге асыру барысында сот аппараты ұйымдастырушылық, ақпараттық және талдау жұмыстарын атқаратын маңызды буын болып табылады. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі (АПК) мен Қылмыстық процестік кодексі (ҚПК) сот аппараты қызметкерлерінің құқықтық мәртебесін нақты айқындаған.
Сот әкімшісінің жауапты маманы — сот процесін дайындау мен ұйымдастыруға бағытталған судьяның заңды тапсырмаларын орындайтын мемлекеттік қызметші. Ол істің тиісті рәсімделуін, процестік құжаттардың жобаларын дайындауды (істі мәні бойынша шешетін сот актілерінен басқа) қамтамасыз етеді. Маманның кәсібилігі істің сотта уақтылы қаралуының негізі болып табылады, алайда оның сот төрелігін жүзеге асыруға немесе тараптардың құқықтары мен міндеттеріне әсер ететін іс-әрекеттер жасауға құқығы жоқ.
Сот отырысының хатшысы — сот отырысының хаттамасын жүргізеді және аудио-, бейнежазба жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Хатшы хаттамада іске қатысушы тұлғалардың түсініктемелерін, айғақтары мен өтініштерін толық әрі дұрыс көрсетуге жеке жауапты болады. Процестік заңнамаға сәйкес, хатшы хаттаманың дұрыстығы үшін жеке жауапкершілікте болады.
Сот приставы-сот ғимаратындағы және отырыс залындағы тәртіпті, судьялар мен процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін лауазымды тұлға. Ол судья мен куәгерлерді бөгде әсерлерден қорғайды, соттың тапсырмасы бойынша мәжбүрлеп әкелуді жүзеге асырады және «Сот келе жатыр!» деп жариялай отырып, сот төрелігінің айбынын сақтайды.
2025–2030 жылдарға арналған жаңа тұжырымдама аясында мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметінде сервистік модельге көшу басымдыққа ие. Бұл сот аппаратының жұмыс философиясын түбегейлі өзгертеді: сот қызметкері тек процестік функцияны орындаушы емес, азаматтарға сапалы және сыпайы қызмет көрсетуші маманға айналуы тиіс.
Тұжырымдамада «мүлдем төзбеушілік» қағидаты негізінде қызметтік тәртіпті нығайту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары қарастырылған. Сот аппаратында меритократия қағидаттары бойынша адал және білікті кадрларды ілгерілетуге басымдық беріледі. Бұл өз кезегінде сот қателіктері мен жөнсіздіктерді болғызбауға, сот билігінің беделін нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда сот төрелігінің сапасын арттырудың ажырамас бөлігі – соттарды цифрландыру болып табылады. 2026 жылғы заңнамалық өзгерістерге сәйкес, ақпараттық жүйелер «цифрлық жүйелер» терминімен ауыстырылып, электрондық іс жүргізуге баса назар аударылуда.
Сот аппараты қызметкерлері:
• Электрондық сот ісін жүргізу форматын жетік меңгеруі;
• Аудио-бейнежазба жүйелерін үздіксіз пайдалануы;
• Сот актілерінің электрондық нұсқаларының Төрелік ақпараттық жүйесінде уақтылы орналастырылуын қадағалауы тиіс.
Сот процестерін онлайн-трансляциялау және электрондық форматта құжаттарды қабылдау сот төрелігінің ашықтығын арттыратын негізгі индикаторлардың бірі болып табылады.
Түйіндей келе, сот аппараты қызметкерлерінің кәсібилігі – бұл сот төрелігінің тиімділігін қамтамасыз ететін іргетас. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы негізінде сот жүйесіндегі әрбір қызметкердің жауапкершілігін арттыру, олардың біліктілігін тұрақты көтеру — «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы мемлекеттік маңызы бар міндет. Сауатты да білікті маман дайындау сот шешімдерінің сапасына, заң үстемдігіне және қоғамның сот жүйесіне деген сенімінің өсуіне тікелей әсер етеді.
Алматы гарнизонының әскери сот әкімшісінің бас маманы
Бекболатова Балжан Серикбаевна


