Қазақстан Республикасында «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдаманың қабылдануы сот жүйесінің, соның ішінде әскери соттардың қызметінде құқық бұзушылықтардың алдын алу (профилактика) мәселесіне жаңа серпін берді. Әскери соттар тек сот төрелігін жүзеге асырушы орган ғана емес, сонымен қатар әскери ортада заңдылық пен тәртіпті нығайтуға, қылмыс пен құқық бұзушылықтардың туындау себептерін жоюға бағытталған маңызды институт болып табылады.
Соттардың алдын алу функциясының құқықтық негіздеріне тоқтала кетсем, әскери соттардың алдын алу қызметінің негізі Қазақстан Республикасының 2026 жылғы Конституциясында және іс жүргізу заңнамаларында бекітілген. Сот төрелігінің мақсаты – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ғана емес, сонымен қатар қоғамда заңға деген құрмет сезімін қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады.
Қылмыстық процестік кодекстің (ҚПК) 405-бабына және Азаматтық процестік кодекстің (АПК) 270-бабына сәйкес, сот істі қарау барысында заңдылықтың бұзылу фактілерін, сондай-ақ қылмыстың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтаған жағдайда жеке қаулы (ұйғарым) шығаруға құқылы. Бұл құжаттар әскери басқару органдарына, бөлім командирлеріне немесе тиісті лауазымды тұлғаларға бұзушылықтарды жою және олардың қайталануын болғызбау үшін жолданады.
Құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктері өз алдына ерекше маңызға ие.Сондықтан әскери соттардың тәжірибесінде алдын алу функциясын іске асырудың бірнеше негізгі тетіктері қалыптасқан. Мысалы:
Жеке қаулылар мен ұйғарымдар шығару: Бұл соттың құқық бұзушылыққа ден қоюының ең пәрменді құралы. Мәселен, егер әскери бөлімде жемқорлыққа немесе жарғыдан тыс қарым-қатынастарға жол берілгені анықталса, сот тиісті органға кемшіліктерді жою туралы міндетті талап қояды. Лауазымды тұлғалар бір ай мерзімде қабылданған шаралар туралы сотқа хабарлауға міндетті, әйтпесе олар әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
Соттың белсенді рөлі: Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) аясында әскери соттар мемлекеттік органдардың шешімдеріне қатысты дауларды қарағанда белсенділік танытады. Сот тек ұсынылған дәлелдемелермен шектелмей, істің мән-жайын жан-жақты зерттей отырып, әскери басқару жүйесіндегі жүйелі қателіктерді анықтайды және оларды түзетуге ықпал етеді.
Көшпелі сот отырыстарын өткізу: Құқық бұзушылық көп жасалатын әскери бөлімдерде істерді тікелей жеке құрамның қатысуымен қарау үлкен тәрбиелік және алдын алу әсеріне ие. Бұл «Заң және тәртіп» тұжырымдамасында көрсетілген «көрнекі әділеттілік» қағидатын іске асыруға мүмкіндік береді.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы жаңа міндеттер де жүктелгенін атап өткен жөн. Мәселен, 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама құқық қорғау және сот органдары үшін «мүлдем төзбеушілік» (zero tolerance) қағидатын басты бағдар етіп белгіледі. Әскери соттар үшін бұл кез келген ұсақ құқық бұзушылықтың артында үлкен қылмыстың тұруы мүмкін екенін ескеріп, заң бұзушылықтың алдын алу жұмысын тереңдетуді білдіреді.
Тұжырымдамада көрсетілген сервистік модель бойынша соттар тек жазалаушы орган емес, азаматтарға (әскери қызметшілерге) құқықтық көмек көрсетуші және олардың құқықтарының бұзылуына жол бермеуші институт ретінде танылады. Соттардың цифрландырылуы және сот актілерінің жариялылығы (транспаренттілік) қоғамдық бақылауды күшейтіп, әскери қызметшілер арасында құқықтық мәдениеттің артуына ықпал етеді.
Әскери соттардың алдын алу қызметінің нәтижесі ретінде мынадай көрсеткіштерді атап өтуге болады:
- Әскери бөлімдердегі қылмыс деңгейінің төмендеуі.
- Жеке құрамның құқықтық сауаттылығы мен сот жүйесіне деген сенімінің артуы.
- Сот шығарған жеке қаулылар бойынша нақты әкімшілік және ұйымдастырушылық шешімдердің қабылдануы.
Әскери соттардың алдын алу функциясы – бұл тек заңдық міндет қана емес, бұл мемлекеттік қауіпсіздік пен «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы стратегиялық маңызды қызмет. Соттардың құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын жою жөніндегі тәжірибесі әскери тәртіпті нығайтуға, заң үстемдігін орнатуға және әрбір әскери қызметшінің құқықтарының сенімді қорғалуын қамтамасыз етуге қызмет етеді.
Алматы гарнизонының әскери сот әкімшісінің бас маманы — сот отырысының хатшысы Сағынбек Ақнур Муратқызы


