2025 жылғы 11-13 шілде аралығында Шахдаг (Әзірбайжан) туристік орталығында Түркі мемлекеттерінің тау курорттары одағының халықаралық саммиті өтті. Оған түркі әлемінің жетекші тау шаңғысы курорттары қатысты: Шымбұлақ (Қазақстан), Шахдаг (Әзірбайжан), Улудаг (Түркия) және Әмірсой (Өзбекстан).
Саммиттің басты шешімдерінің бірі — туристерге одақтың барлық курорттарында бонустар мен жеңілдіктер алуға мүмкіндік беретін бірыңғай адалдық картасын әзірлеу болды. Жүйе қонақтардың мінез-құлық деректерін ескере отырып, жеке ұсыныстар, акциялар және маусымдық абонементтер ұсынатын болады. Сонымен қатар, интеграцияланған цифрлық платформаның прототипі таныстырылды. Бұл платформа қазірдің өзінде Түркия курорттарында қолданылуда және саяхатшылар үшін толық ақпаратты қамтитын B2C модулін, сондай-ақ туроператорлардың маршруттар мен пакеттермен жұмысын жеңілдететін B2B сегментін қамтиды.
«Қазақстаннан келген туристерге қандай пайда? Одақ курорттары арасында бірыңғай шарттармен және бонустармен саяхаттау мүмкіндігі, маусымдық абонементтерді қолдану , ортақ адалдық жүйесіне қатысу, цифрлық платформа арқылы турларды ыңғайлы таңдау және тәжірибе алмасу арқылы қызмет көрсету сапасын арттыру,» — деді Шымбұлақ тау куротының бас директоры Ринат Абдрахманов.
Кадрларды даярлауға да ерекше назар аударылды. Шымбұлақ тау курорты Pisten Bully компаниясымен серіктестікте Орталық Азия елдері үшін ратрак операторлары мен техникалық персоналды даярлау бойынша бірыңғай академия құру бастамасын ұсынды. Cондай-ақ, одақ курорттары арасында кадр алмасу бағдарламасы мен жалпы кадрлық резервті қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Одақ Түркі мемлекеттері ұйымының қолдауымен Шахдаг және Шымбұлақ курорттарының бастамасымен құрылған. Олардың қатарына алғашқы күндерден бастап Түркияның Улудаг және Өзбекстанның Амирсой курорттары қосылып, біртұтас туристік кеңістікті қалыптастыруға мүдделі екенін растады. Шахдагтағы бірінші саммит стратегиялық диалогтың, тәжірибе алмасудың және бірлескен туристік шешімдерді іске қосудың бастапқы нүктесі болды.
Өңірдегі ең ірі туристік және инфоқұрылымдық орталығы — Алматы ерекше назар аударуға тұрарлық. Іле-Алатауының етегіндегі бірегей географиялық орналасуы, дамыған логистика және жылына 11 миллионнан астам жолаушы оны тау туризмін дамытудың табиғи торабына айналдырады. 2024 жылы қала тек қонақ үй сегментінде 150 мыңнан астам шетелдік туристі қабылдады. Әсіресе Үндістан мен Қытай тарапынан қарқынды өсу байқалады, бұл Азия мен Таяу Шығыс нарықтарында масштабтау әлеуетін растайды.