spot_img
spot_img

«ТҮРМЕЛЕРДЕ ЦИФРЛЫҚ БАҚЫЛАУ ҚАУІПСІЗДІКТІ КҮШЕЙТЕДІ»

Сапарғали ЖҰМАҒҰЛОВ, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы:

Қазақстанда қылмыстық атқару жүйесі саласында кешенді реформалар жүргізіліп, сотталғандарды қайта әлеуметтендіру, еңбекке тарту және олардың әлеуметтік бейімделуіне ерекше көңіл бөлінуде. Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы түзету мекемелерінде де осы бағытта жүйелі өзгерістер жүзеге асырылып, түзеу мекемелерінің инфрақұрылымы жаңартылып, цифрлық технологиялар енгізіліп келеді. Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы, әділет подполковнигі Сапарғали ЖҰМАҒҰЛОВ басшылық ететін құрылым осы маңызды реформалардың жүзеге асуына тікелей ықпал етіп отыр. Оның бастамасымен сотталғандарды кәсіптік оқыту, еңбекке баулу және пробация қызметінің тиімділігін арттыру шаралары күшейтіліп, қылмыстық-атқару жүйесінің ашықтығы мен қоғаммен байланысы нығайтылуда. Қылмыстық-атқару жүйесінің қазіргі ахуалы, реформалардың тиімділігі және болашақтағы даму стратегиясы туралы Сапарғали ЖҰМАҒҰЛОВПЕН сұхбаттасқан едік.

Түзету мекемесі – тек жаза орны емес, 

білім мен кәсіпке жол ашатын алаң

– Сапарғали мырза, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының түзету мекемелерінде сотталған азаматтардың білім алуына қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Жазасын өтеушілерге кәсіптік білім беру қалай жүзеге асырылады? 

– Жазасын өтеушілердің белгілі бір мамандықты меңгеруі олардың бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуін жеңілдетіп қана қоймай, жаңа өмір бастауына да мүмкіндік береді. Сондықтан қазіргі таңда Қазақстандағы түзету мекемелерінде кәсіптік оқыту жүйесі біртіндеп жетілдіріліп, арнайы білім беру бағдарламалары енгізілуде.

Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы түзету мекемелерінде сотталған азаматтарға бірнеше бағыт бойынша кәсіптік білім беру ұйымдастырылған. Бұл оқу бағдарламалары сотталғандардың қабілетіне, қызығушылығына және еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес жасақталып, арнайы оқу орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, тігін өндірісі – әйелдер мен ер адамдарға арналған тігіншілік курстары жүргізіледі. Олар киім-кешек, төсек-жабдықтарын тігу, өндірістік жұмыс киімдерін дайындау бойынша кәсіби дағдыларды меңгереді. Ағаш өңдеу – жиһаз жасау, ағаш шеберлігіне үйрету курстары қарастырылған. Бұл бағыт сотталғандарды сұранысқа ие кәсіптермен қамтамасыз етіп, олардың еңбекке араласуына мүмкіндік береді. Металл өңдеу және дәнекерлеу – темірден түрлі бұйымдар жасау, дәнекерлеу ісін меңгеру бойынша арнайы сабақтар өткізіледі. Бұл мамандық бойынша оқыған азаматтардың бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары. Сондай-ақ, қарапайым құрылыс жұмыстары, сылақшы, электрик және сантехник мамандықтарын меңгеруге де жағдай жасалуда.

Оқу барысында сотталғандарға тек теориялық білім беріліп қана қоймай, олардың дағдыларын тәжірибе жүзінде дамытуға да мүмкіндік жасалады. Кәсіптік оқыту курстары түзеу мекемелерінің өндірістік базаларында ұйымдастырылып, сотталғандар өз қолымен жасаған өнімдері арқылы кәсіби тәжірибе жинақтайды.

Кәсіптік білім беру бағдарламаларының басты мақсаты – сотталған азаматтардың қоғамда өз орнын табуына жағдай жасап, олардың қайта қылмысқа бармауына ықпал ету. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, оқу бағдарламалары одан әрі жетілдірілетін болады.

Түрмедегі жұмыс – түзелудің жолы

– Түрмеде отырғандардың еңбекпен қамтылуы қандай деңгейде? Олар өндірістік немесе кәсіпкерлік қызметпен айналыса ала ма? Бұл бағдарламалардың экономикалық және тәрбиелік әсері қандай?

– Негізі, еңбекпен айналысу сотталғандардың психологиялық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, олардың қоғамға қайта қосылуына, әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және бостандыққа шыққаннан кейін жаңа өмір бастауына мүмкіндік береді. Сондықтан қазіргі таңда қылмыстық-атқару жүйесінде сотталғандарды еңбекке баулу шаралары кеңейтіліп, түзеу мекемелерінде өндірістік және кәсіпкерлік қызметті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

Сотталған азаматтарға кәсіпкерлік қызметпен айналысу мүмкіндігі де қарастырылған. Оларға белгілі бір кәсіпті игеруге және шағын өндірістік қызмет түрлерін бастауға жағдай жасалуда. Бұл бағыттағы жұмыстар түзеу мекемелері мен жеке кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып, сотталғандардың кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі. Кейбір мекемелерде арнайы оқыту бағдарламалары жүргізіліп, сотталғандар бостандыққа шыққаннан кейін өз ісін бастауға мүмкіндік беретін сертификаттарға ие болуда.

Еңбек бағдарламаларының экономикалық тиімділігі де айтарлықтай. Біріншіден, сотталғандар өндірістік жұмыспен айналыса отырып, мемлекет алдындағы айыппұлдарын және жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығындарды өтеуге мүмкіндік алады. Екіншіден, олардың еңбекақысының белгілі бір бөлігі өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға жұмсалады. Бұл түзеу мекемелеріндегі өмір сүру жағдайларын жақсартып, сотталғандардың өз-өзін материалдық жағынан қамтамасыз етуіне жағдай жасайды.

Ал тәрбиелік әсері одан да маңызды. Жазасын өтеу барысында еңбекпен айналысқан адамдардың қоғамға қайта бейімделу деңгейі жоғары болады. Олар белгілі бір мамандықты игеріп, бостандыққа шыққаннан кейін жұмыс табуға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде олардың қайта қылмысқа бару ықтималдығын төмендетеді. Сонымен қатар, еңбекке дағдылану – адамның мінез-құлқына оң әсер етіп, өз еңбегінің жемісін көруге үйретеді, жауапкершілік сезімін оятады.

Темір есіктің арғы жағында жауапкершілік жоғары

– Қылмыстық-атқару жүйесінде қызметкерлердің кәсіби дайындығы қалай жетілдірілуде? Олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша қандай нақты шаралар қабылданып жатыр?

– Қылмыстық-атқару жүйесінің тиімді жұмыс істеуі – осы саладағы қызметкерлердің кәсіби дайындығы мен әлеуметтік жағдайына тікелей байланысты. Қызметкерлердің моральдық-психологиялық тұрақтылығы, олардың білім деңгейі мен тәжірибесі түзету мекемелеріндегі тәртіп пен құқықтық тәртіпті сақтауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан соңғы жылдары бұл салада мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жүйелі шаралар қолға алынуда.

Қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеру үшін арнайы тренингтер, қайта даярлау курстары мен біліктілікті арттыру бағдарламалары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. ҚР Ішкі істер министрлігінің Жоғары оқу орындары мен арнайы дайындық орталықтары базасында қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлеріне арналған курстар өткізіліп, олар заманауи құқық қорғау стандарттарына сай білім алады. Бұл курстарда теориялық біліммен қатар, тәжірибелік дағдыларға да баса мән беріледі.

Сонымен қатар, қызметкерлерді психологиялық тұрғыдан дайындау мәселесі де назардан тыс қалмайды. Түрме жағдайында жұмыс істеу психологиялық төзімділікті қажет ететіндіктен, қызметкерлер үшін стресске төзімділік, дағдарысты жағдайларды басқару, конфликтология және медиация бойынша арнайы оқыту бағдарламалары енгізілуде. Қызметкерлердің өзара қарым-қатынасын жақсарту, кәсіби этиканы сақтау, сотталғандармен дұрыс жұмыс жүргізу бойынша да арнайы әдістемелік оқулар өткізіледі.

Қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет ететін мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту – мемлекет тарапынан ерекше бақылауда тұрған мәселе. Бұл бағытта бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылып келеді.

Ең алдымен, жалақыны кезең-кезеңімен көтеру және қызметкерлердің еңбекақысын олардың жұмыс жүктемесіне сай әділ белгілеу мәселесі жолға қойылған. Қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру мақсатында тұрғын үймен қамтамасыз ету, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға қатысу, арнайы әлеуметтік пакеттер ұсыну сияқты бастамалар қолға алынуда.

Сондай-ақ, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерін медициналық сақтандыру, жеңілдетілген зейнетақы бағдарламаларына енгізу секілді әлеуметтік қамсыздандыру тетіктері қарастырылуда. Бұл саладағы жұмыс физикалық әрі психологиялық төзімділікті талап ететіндіктен, еңбек жағдайын жақсарту, жұмыс уақытын оңтайландыру және қауіпсіздік деңгейін арттыру бойынша да жүйелі өзгерістер енгізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, қызметкерлердің құқықтарын қорғау, олардың заңды мүдделерін сақтау бағытында да маңызды шаралар қабылдануда. Қызмет бабында қиындыққа тап болған мамандарға құқықтық көмек көрсету, олардың кәсіби қызметін адал атқаруы үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері басты назарда.

Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің кәсіби дайындығы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту – олардың жұмыс сапасына, жүйедегі реформалардың тиімділігіне тікелей әсер ететін факторлар. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, қызметкерлердің білімін жетілдіру мен әлеуметтік жағдайын жақсарту шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Ашықтық пен бақылау жүйесі күшейтілді

– Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы түзету мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай алдын алу шаралары қолға алынған? Жемқорлық фактілері бойынша қанша қызметкер жауапқа тартылды?

– Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы түзету мекемелерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Алдымен, ашықтық пен бақылау жүйесі күшейтілді. Бұл бағытта жазасын өтеушілердің құқықтарын қорғау, түрме әкімшілігінің қызметін қадағалау және қоғаммен байланыс орнату мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған. Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері мен сотталған азаматтар арасындағы кез келген заңсыз әрекеттерді болдырмау үшін бейнебақылау жүйесі жетілдіріліп, тәуелсіз бақылаушы органдардың мекемелерге қолжетімділігі арттырылды.

Сонымен қатар, профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы түзету мекемелерінде өзіндік қауіпсіздік қызметі және жеке құрам бойынша инспекторлар тұрақты түрде мониторинг жасап, алдын алу шараларын ұйымдастырады. Тоқсанына бір рет барлық түзеу мекемелерінде, сондай-ақ аудандық пробация қызметтерінде қызметкерлермен түсіндірме әңгімелер мен жедел кеңестер өткізіледі. Бұл жиындарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, қызметтік этика талаптары және құқықтық жауапкершілік мәселелері кеңінен қарастырылады.

Тағы бір маңызды қадам – жемқорлықпен күрес бойынша қатаң жазалау шараларын енгізу. Құқық бұзушылыққа жол берген қызметкерлер заң аясында жауапқа тартылып, қатаң тәртіптік жазаға кесіледі. Мұндай жағдайлар болашақта сыбайлас жемқорлық фактілерінің қайталануына жол бермеуге ықпал етеді.

Осы атқарылған шаралардың нәтижесінде, соңғы жылдары Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы түзету мекемелерінде жемқорлыққа байланысты қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілікке тартылу деректері тіркелмеген. Бұл – жүйелі алдын алу жұмыстарының, қадағалаудың күшеюінің және қылмыстық-атқару жүйесінде ашықтық пен тазалық қағидаларын ұстанудың нақты көрсеткіші.

ҚАЖ жүйесінің қоғаммен байланысы нығайып келеді

– Қылмыстық-атқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қоғам өкілдері мен журналистердің мекемелерге қолжетімділігі қаншалықты қамтамасыз етілген?

– Ашықтық және халықпен кері байланысты күшейту мақсатында Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ғимаратында тәулік бойы (24/7) жұмыс істейтін арнайы Call-орталық құрылды. Бұл орталық кез келген азаматтың, оның ішінде сотталғандардың туыстары мен құқық қорғаушылардың өзекті мәселелер бойынша жедел ақпарат алуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар арқылы түзету мекемелерінің жұмысы тұрақты түрде жарияланып келеді. Instagram, Facebook және TikTok платформаларында департаментке қарасты мекемелер мен пробация қызметтерінің күнделікті жұмысы, реформалар барысы, маңызды іс-шаралар туралы ақпарат кеңінен қамтылады. Бұл қоғаммен тікелей байланыс орнатуға және азаматтардың құқық қорғау саласына қатысты сұрақтарына жедел жауап беруіне мүмкіндік береді.

Журналистер мен құқық қорғау ұйымдарының өкілдері үшін де ашықтық қағидаты барынша қамтамасыз етілген. Ақпарат алу, ресми сұрау жіберу және түзету мекемелеріндегі ахуалды өз көздерімен көру үшін БАҚ өкілдері тиісті ережелерді сақтай отырып, ҚАЖ департаментінің рұқсатымен түзеу мекемелеріне бара алады. Бұл қадам – қылмыстық-атқару жүйесіндегі әділеттілік пен ашықтықты нығайтуға бағытталған.

Сонымен бірге, департамент басшылығы мен басшылық құрам кез келген өзекті сұрақтарға ашық әрі әділ жауап беруге дайын. Бұл – құқық қорғау органдары мен қоғам арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету арқылы қылмыстық-атқару жүйесінің қоғам алдындағы жауапкершілігі артып, оның қызметі туралы объективті ақпараттың таралуына жағдай жасалуда.

Алдағы уақытта да журналистер мен азаматтық қоғам өкілдерінің түзеу мекемелерінің жұмысына қолжетімділігін арттыру бағытындағы шаралар жалғасын табады. 

Теолог мамандар сотталғандармен тұрақты кездесулер өткізеді

– Түрмелерде радикалдану қаупін азайту үшін қандай шаралар қолданылуда? Радикал көзқарастарға бейім сотталғандармен жұмыс істеудің ерекшеліктері қандай?

– Бүгінде түзету мекемелерінде сотталғандардың діни көзқарастарын сараптау, олардың теріс идеологияға еруін болдырмау және зайырлы қоғам қағидаларын түсіндіру мақсатында жан-жақты шаралар қолға алынған. Түрме әкімшілігі мен Дін істері басқармасы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдары, сондай-ақ «Ақ-ниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығының теолог мамандары сотталғандармен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың діни сауатын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізуде.

Радикал көзқарастарға бейім сотталғандармен жеке жұмыс істеудің ерекшеліктеріне келсек, бұл азаматтарға жеке дара тәсіл қолданылып, психологиялық және әлеуметтік оңалту шаралары жүзеге асырылады. Олармен тұрақты түрде теологтар, дінтанушылар, психологтар және пробация қызметкерлері жеке сұхбаттар жүргізіп, олардың көзқарастарын өзгертуге, радикалдық идеологияның зиянды екенін ұғындыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар, қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, радикалдануға бейім сотталғандардың байланыстары мен іс-әрекеттерін қадағалау қатаң бақылауға алынған. Олардың басқа сотталғандармен байланысын реттеу, сыртқы әлеммен қарым-қатынасын шектеу және түзеу мекемелеріндегі экстремистік идеологияның таралуына жол бермеу мақсатында жедел бақылау-қадағалау шаралары жүзеге асырылып келеді. 

«Цифрлы түрме»: 

Қоғам үшін қауіпсіздік, сотталғандар үшін мүмкіндік 

– Сандық технологиялар мен цифрландыру қылмыстық-атқару жүйесіне қандай өзгерістер әкелді? Түрмелерде цифрлық бақылау жүйелері мен электронды қызметтер қалай енгізілуде?

– Сандық технологияларды енгізу ең алдымен бақылау жүйесінің тиімділігін арттыруға, қызметкерлердің жұмысын жеңілдетуге және сотталған азаматтардың құқықтарын сақтау процесін автоматтандыруға бағытталған. Бүгінде электронды бақылау жүйелері, бейнебақылау және онлайн қызметтер біртіндеп енгізіліп, қылмыстық-атқару жүйесінің жұмысын оңтайландыруға ықпал етуде.

Түрмелерде бейнебақылау жүйелері толық жетілдіріліп, сотталғандардың іс-әрекеттерін үздіксіз қадағалау мүмкіндігі артты. Бейнебақылау камераларының заманауи үлгілермен жаңартылуы арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу, сотталғандар арасында тәртіп бұзу фактілерін азайту, сондай-ақ қызметкерлердің заңға қайшы әрекеттерін болдырмау тетіктері күшейтілді.

Сонымен қатар, электрондық білезіктер мен геолокациялық бақылау жүйелері пробация қызметінде кеңінен қолданылуда. Бұл сотталғандардың қозғалысын бақылауға, олардың белгіленген аумақтан шықпауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, цифрлық технологиялар қоғамдық қауіпсіздікті күшейтудің тиімді құралына айналуда.

Цифрлық технологияларды енгізу нәтижесінде жазасын өтеушілердің жағдайын бақылау, пробация қызметін жетілдіру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және құқық бұзушылықтардың санын азайту секілді маңызды нәтижелерге қол жеткізілуде. Бұл жүйе сотталғандарды қадағалаудың тиімділігін арттырып қана қоймай, олардың әлеуметтік бейімделу процесін де жеңілдетеді.

Сұхбаттасқан – Серік ЖҰМАБАЕВ.

ҚазҰУ — студенттері бірден шетелден де білім ала алады

         Үлкен білім ордасы қасиетті қара шаңыраққа келетін студенттер денгейі...

ҚАЗІРГІ ҒЫЛЫМИ ӘЛЕМДЕГІ ҚАЗҰУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДАМУЫ

Қазақстан тарихында берік орныққан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті...

Қазалы ауданында пробация қызметінің есебіндегі азаматтарға бағыт-бағдар берілді

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Қазалы аудандық пробация қызметінің...

Спорт – денсаулық кепілі

Ағымдағы жылдың 31 наурызында облыстық Дін істері басқармасының мемлекеттік...

Французский язык и культура в образовательных программах КазНУ имени аль-Фараби: интеграция и инновации

Изучение французского языка открывает перед студентами широкие перспективы в...