Тіл – ең ұлы қару. Тіл – ең асыл құндылық, халықтың болмысы, тамыры, қатынас құралы. Қазағымыздың қазақ болып сақталуы тілдің ұмытылмауына, ұқпақтан-ұрпаққа үздіксіз жалғасуына байланысты.
Қазақ елі ел болып тәуелсіздігін алғанына 30 жылдан асса, тіл туралы заңымыздың қолданысқа енгізілгеніне жалпы 33 жылдан асты. Осы жылдар бойы қазақ тілінің хал-ахуалы қандай болды?
Осыдан 33 жыл бұрын — 1989 жылы 22 қыркүйек күні «Тіл туралы» заң қабылданған болатын. Аталған заңда Қазақ ССР-нің мемлекеттік тілі болып қазақ тілі, ал орыс тілі — ұлтаралық тіл деп бекітілген еді. Тәуелсіздік алған соң Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі болып 1995 жылы Ата-Заңымыз Қазақстан Республикасының Конституциясы, 1996 жылы “Тіл саясаты туралы” Тұжырымдамасы, 1997 жылы «Тіл туралы» Заңы қабылданды.
Дегенмен, еліміз 250-жылдан астам уақыт бойы Ресей державасының бодандығында болды. Сана мен ойға сінген орыс тілінен қазақ тіліне жетене көшу әрине оңайға соқпады. Алаш зиялылары Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған бастамалары, қазақ тілге деген тың көзқарасы ана тіліміздің жағдайын жақсартуға едеуір ат салысты. Олар өте батыл қадам жасап, сол кездері тың еңбектерді жарыққа шығарып, қаншама мақалаларды тайсалмай жазып кетті.
Егемендікке қол жеткізген тұста іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу, оның қолданыс аясын кеңейту сынды проблемалар көлденен шықты. Орын алған ақаулықты шешу жолында 2001 жылы «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» жарық көріп, нәтижесінде аяңбай жүргізілген ауқымды жобалар шеңберінде мемлкеттік органдар түбегейлі іс қағаздарды қазақ тіліне жүргізуге көшті. Сонымен қатар, 2011 жылы «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл ретте сот корпусы да қалыс қалған жоқ. 2009 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты төрағасының өкімі негізінде республика соттарында іс-жүргізу толықтай мемлекеттік тілге көшірілді.
Бұл ретте ескере кететін бір жайт, Қазақстан Республикасының заңнамасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізілетіндігі, қажет болған жағдайда қазақ тілмен қатар, орыс немесе басқа тілдер қолданылатындығы көрсетілген. Бұл барлық азаматтардың құқығы. Нәтижесінде, сот ісін толықтай мемлекеттік тілде жүргізу, тек судьяға байланысты еместігін көрсетеді. Негізінен қазақ тіліндегі істердің пайыздық көрсеткішінің артуына азаматтық істе қорғаушының немесе өкілдің, қылмыстық істе тергеушінің рөлі үлкен. Бұған қоса, кез-келген салада мемлекеттік тіл мәртебесінің артып, өрісінің кеңуіне ең алдымен қарапайым азаматтардың өздері мүдделі болуы тиіс. Әсіресе, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессе» біраз мәселе оң шешімін табар еді.
Өкінішке орай, сотқа келіп түсетін талап арыздар мен істер қазақ тіліне қарағанда, орыс тілінде басымырақ. Бірақ сот жүйесі тарапынан мемлекеттік тілге құрметтеу мен қадірлеуді, бағалау мен асқақтату сияқты ұстанымдарды үздіксіз насихаттау нәтижесінде жылдан-жылға статистикалық көрсеткіштер болашақта қазақ тілін қолдану деңгейінің жоғарылайтындығына сенім ұялатады.
Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Тек қолданатын халықтың саны аз демесеңіз, бұл тілдің құдіреті ерекше.
Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Моммышұлы өз кезінде «Тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері» — деп атап кеткен.
«Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас» деген сөздеріне құлақ асатын кезеңнен асып бара жатырмыз. Қазағым, елім, жұртым дейтін әрбір азамат қазақ тілін құрметтеп, дәріптеп, асқақтату өзінің паразы, міндеті деп танып, білсе қазақ тілінде сөйлеп, жаза алмайтын қазақ қалмас еді. Өз тіліміздің жырын өзіміз жырлап, оның мәртебесін өзіміз көтермесек, кім көтереді? Бесіктегі баладан бастап, қариямызға дейін қазақша сөйлеп, қазақ тілдің қазығын қаға берсек ұлттығымыздың да берік болуы ғажап емес!
Ақтөбе қаласының әкімшілік
құқық бұзушылықтар жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының судьясы М.Купенова