Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдыретті. Тіл әрбір азаматқа ана сүтімен беріліп қалыптасады. Ана сүтімен бойға енген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталуы керек. Айналада адамдарға, өзіңнің өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарас та туған тіліңді білуден басталады. Тіл – халықтың рухани, мәдени байлығының дамуының құралы.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл-қазақ тілі болып табылады. Қазақ тілі – әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай тілдердің бірі. Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі. Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан –ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Тіл байлығы — әрбір ұлттың мақтанышы.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Қазіргі таңда сот жүйесінде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесіне жіті көңіл бөлінуде. Ресми құжаттар негізінен мемлекеттік тілде жазылады, ал орыс тілінде жазылған құжаттың аударма нұсқасы болуы бұлжымас талапқа айналды.
Қазақ тілінің мемлекеттік органдардағы қолдану үлесін сөз еткенде, сот саласын аттап өту мүмкін емес. Бүгінгі сот жүйесінде ана тіліміздің үлесі көңіл қуантарлық. Атап айтар болсақ, сот өндірісіндегі кіріс-шығыс хат-хабарлар мемлекеттік тілде жолданады. Соттың ресми сайты қазақ және орыс тілдерінде, ал, ішкі құжат айналымы қазақ тілінде жүргізіледі. Бұл көрсеткіштер жыл сайын еселену үстінде. Сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігін әр жыл сайын өтетін тестілеу анықтап береді. Сонымен бірге, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оны отбасы құндылығы ретінде қарастыруды көздейтін іс шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мұнан өзге мемлекеттік тілде рәсімделген сот актілерінің сапасына талдау жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, тіліміздің сот жүйесінде қолданылу деңгейі жыл сайын артып келеді.
Тіл мәселесі мемлекет үшін аса маңызды болып саналады. Мемлекеттік тілді жетік білу бүгінгі күні әр мемлекеттік қызметкердің Отан алдындағы міндетті борышы деп санаймын. Ендеше, тоқсан рулы елдің дауын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеген ата-бабаларымыздың дәстүріне сай жүйелі сөйлей білсек, бәрімізге де абырой. Ең бастысы, тіліміздің мәртебесі асып, заман талабына сай жан-жақты дами түссе нұр үстіне нұр болар еді.
Маңғыстау облысының қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының сотының әкімшісі
М.Жебелханова