Тіл – ең асыл құндылық

Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани тірегі әрі елдің болмысын айқындайтын ең басты құндылықтардың бірі. Белгілі бір ұлттың ұлт ретінде қалыптасуы мен мемлекеттің тәуелсіздігін танытатын негізгі белгілердің бірі де – оның ана тілі. Себебі тіл жоғалса, ұлттың тарихи жады, мәдениеті мен ұлттық болмысы да әлсірейді.

Қазақ халқы үшін ана тілі – атадан балаға аманат болып келе жатқан асыл мұра. Сондықтан оны құрметтеу, қадірлеу және келер ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет.

Бауыржан Момышұлының: «Өз тілінің сұлулығын сезінбей жатып, өзге тілдің сұлулығын сезіну екіталай» деген сөзі осы ойды тереңдете түседі. Өзге тілдерді білу – білімділіктің белгісі. Алайда өзге тілді меңгермес бұрын өз ана тіліміздің қадір-қасиетін түсініп, оны дұрыс қолдана білуіміз қажет.

Бүгінде тіл мәселесі қоғам үшін әлі де өзекті. Әсіресе жастар арасындағы тіл қолданысына назар аударсақ, әдеби тілдің сақталуы былай тұрсын, күнделікті ауызекі сөйлеу мәдениетінің өзі өзгеріп бара жатқанын байқаймыз. Қазақ және орыс тілдерінің араласуы, орынсыз қолданылған кірме сөздер, қате аудармалар, әлеуметтік желідегі сауатсыз жазбалар мен сөздерді әдейі қысқартып қолдану – тіл тазалығына әсер ететін факторлардың бірі.

Мәселен, әлеуметтік желі мен мессенджерлерде сөздерді қысқартып жазу қалыпты әдетке айналды. «Отырмын» сөзін «отырм», «барамын» сөзін «барам» деп жазу кей жағдайда уақыт үнемдегендей көрінуі мүмкін. Бірақ мұндай әдет көбейе берсе, сауатты жазу мәдениетінің қалыптасуына кері әсер етпей ме? Тілдің графикалық тұрғыдан бұзылуы да оның сапасына ықпал ететінін ескерген жөн.

Тіл тазалығына қауіп төндіретін тағы бір мәселе – сөзбе-сөз аударма. Өзге тілдегі сөз тіркесін қазақ тілінің табиғатына бейімдемей, сол қалпында аудару арқылы біз кейде сөздің бастапқы мән-мағынасын жоғалтып аламыз. Қазақ тілінің өзіндік көркемдігі мен оралымды тіркестері бола тұра, дайын үлгілерге жүгіну – тілдің табиғи дамуына кедергі келтіреді.

Осы орайда әрқайсымыз өзімізге қарапайым сұрақ қойып көргеніміз жөн: «Мен бір күн бойы өзге тілдің сөздерін араластырмай, таза қазақ тілінде сөйлей аламын ба?». Үйдегі заттарды атаудан бастап, күнделікті іс-әрекетімізді, ойымызды толық қазақша жеткізіп көруге тырыссақ, кей сәтте сөз таба алмай қиналатынымыз анық. Бұл – тілдің әлсіздігін емес, біздің сөздік қорымызға жеткілікті көңіл бөлмейтінімізді көрсетеді.

Қазақ тілінің байлығы – оның сөздік қорында ғана емес, әр сөздің астарында жатқан тарихы мен ұлттық танымында. Бүгінде қолданыстан біртіндеп алыстап бара жатқан көне әрі көркем сөздеріміз бар. Бір кездері күнделікті өмірде қолданылған сөздер қазір тек кітап беттерінде кездесуі мүмкін. Егер біз оларды қолданбасақ, кейінгі ұрпақ ол сөздердің мағынасын қайдан біледі?

Тілдің тағдыры тек тіл мамандары мен филологтарға ғана тиесілі мәселе емес. Ол – бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Әсіресе жастардың тілге деген көзқарасы маңызды. Себебі бүгінгі жастардың сөйлеу мәдениеті – ертеңгі қоғамның тілдік бейнесі.

Меніңше, ана тілді құрметтеу үлкен ұрандардан емес, күнделікті қарапайым әрекеттен басталады. Дұрыс сөйлеу, сауатты жазу, сөздің мағынасын түсініп қолдану, орынсыз тіл араластырмау, қазақ тіліндегі көркем шығармаларды оқу – тілге деген құрметтің нақты көрінісі.

Біз «қазақша сөйлеймін» деп қана қоймай, «қазақ тілін сапалы қолданамын» деген ұстаным қалыптастыруымыз керек. Себебі тілдің өміршеңдігі оның қанша адамның ана тілі екенімен ғана емес, сол тілде қаншалықты сауатты әрі еркін сөйлеп, жазатынымызбен де өлшенеді.

Тіл – өткеннің мұрасы ғана емес, болашаққа бастайтын көпір. Сондықтан оны бүгін қалай қолдансақ, ертеңгі ұрпаққа да сондай күйде табыстаймыз. Ана тіліміздің қадірін өзге тілге қарсы қою арқылы емес, өз тілімізді сүйіп, дұрыс қолданып, дамыту арқылы арттыра аламыз.

Болашақ – жастардың қолында. Ал жастардың қолындағы ең үлкен жауапкершіліктің бірі – ұлттың тілін сақтау. Ендеше, тілімізді тек мерекеде дәріптемей, күнделікті өмірде құрметтейік. Әр сөзімізге мән беріп, әр сөйлемімізге жауапкершілікпен қарайық. Өйткені тіл – ең асыл құндылық, ал оны сақтау – әр ұрпақтың азаматтық парызы.

Диана Болат

Алаяқтар обал-сауапты білмейді

Алаяқтардың алдауына түскен азаматтар аз емес. Халықтың құқықтық сауатын...

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі және оның маңызы

Қазақ тілі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасы,...

Заң – тәртіп пен әділеттіліктің негізі

Қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтардың қауіпсіз өмір сүруінің маңызды кепілі...

Абай облысындағы әйелдер колониясының қызметкерлері «Мектепке жол» акциясы аясында көпбалалы отбасына көмек көрсетті

Абай облысы бойынша ҚАЖ әйелдер колониясының қызметкерлері республикалық «Мектепке...