12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Теңізжан ЖӘНІБЕКОВ, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің басшысы: «АЯҒЫН ШАЛЫС БАСҚАНДАР ДА БІЗДІҢ ҚОҒАМНЫҢ АДАМЫ»

– Теңізжан Нұрмаханұлы, сіздің құқық қорғау органдарындағы қызметіңіз сонау 90-жылдары Ресейдің Свердловск қаласынан басталғанын білеміз. Одан кейін Алматыда, Астанада, еліміздің өзге де өңірлерінде қызмет атқардыңыз. Сұхбатымызды қылмыстық атқару жүйесінің қиын да, қыр-сыры мол жұмысынан бастасақ.

– Үкіметтің 2021 жылғы 15 желтоқсандағы №893 қаулысымен Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне біріктіру арқылы қайта ұйымдастырылды. Осы қаулының негізінде ҚР Ішкі істер министрінің 2022 жылғы 4 ақпандағы бұйрығымен Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығы болып жаңа қызметке тағайындалдым. Түркістан облысын қабылдап алғаннан кейін, ҚАЖ мекемелерінің жедел жағдайын тұрақтандыру, жедел-қызметтік іс-әрекетінің тиісті ұйымдастырылуын қамтамасыз ету үшін, басшы құрамды тағайындау және ротациялау жүргізілді. Соның ішінде, жедел-режимдік бағыты бойынша бірқатар кадрлық өзгерістерді жүзеге асырып, қызметкерлерді тағайындадым. Жедел және режим қызметкерлерінің 40 пайызы ауысты. Өйткені, бұрынғы қызметкерлер келеңсіз оқиғаларды баяндамай, жасырып келген. Сондықтан да, сотталғандар арасында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін осындай кадрлық өзгерістер жасауға тура келді. Қазіргі кезде жеке құрам арасында рұқсат етілмеген байланыстар мен өзге де құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Жұмысымыздың басты мақсаты – сотталғандарды түзету, әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, сотталғандардың жаңа қылмыс жасауының алдын алу. Бүгінгі күні ҚАЖ мекемелеріндегі жағдай тұрақты. Жалпы, жоспарланған жұмыстар Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауы мен Ішкі істер министрінің, ҚАЖК-нің салалық тапсырмаларын іске асыру мақсатында жүргізілуде.

– Бас бостандығынан айырылғандарды жұмыспен қамтамасыз ету жағдайы күн тәртібінен түспейтін мәселе. Кеше де, бүгін де солай болып келеді. Бұл туралы жұртшылықпен кездесулеріңізде, аймақтағы құқық қорғау органдары басшылары мен облыс, қала әкімдерінің халықпен ашық есік жағдайындағы жүздесулерде жан-жақты айтып жүрсіз. Бұл мәселені үнемі назарда ұстап, мән берулеріңіздің мәнісі неде?

– Қылмыстық атқару кодексінің 7-бабы, 1-бөлігіне сәйкес сотталғандарды түзеудің негізгі құралының бірі қоғамдық пайдалы еңбек және қоғамдық пайдалы ықпал болып табылады. Жалпы, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты мекемелерде осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша еңбекке жарамды 1796 адамның 1017-сі ақылы жұмыстарға тартылған. Сонымен қатар, мекемелердегі кәсіптік-техникалық колледждерде бүгінгі заманғы нарықта талап етілетін тігінші, газ-электр дәнекерлеуші, ағаш ұстасы, темір ұстасы, слесарь-электрик мамандықтарын алып шығу үшін 500 адам білім алып жатса, 278 адам мамандықтары бойынша арнайы куәліктерін алып, еңбек етуге кірісіп кеткен. Оларға біліктілік санаты жоғары, тәжірибелі мамандар, ұстаздар сабақ береді. Оқу мерзімі аяқталған соң әрбір сотталған адамға игерген мамандығына сәйкес біліктілік сертификаттары табыс етіледі де, содан кейін жұмысқа тартылады. Ақылы жұмыс істейтіндердің 204-і «Шымкент-Еңбек» филиалында, 273-і шаруашылық жұмыстарында болса, 540 адам жеке кәсіпкерлікпен, 18 адам шағын және орта бизнеспен айналысады.

– Сотталғандар арасында орын алатын қаскөйлікпен тәртіп бұзушылық деректері, оның себеп-салдары туралы таратып айтып беріңізші.

– Мекемелерде мұндай тәртіп бұзушылықтар саны 99-дан 216-ға артқан. Себебі, қазір сотталғандардың тәртіп бұзушылықтарын жасыруға жол берілмейді. Бұл бір. Екінші, тыйым салынған заттардың енуінің алдын алу және тәркілеу жұмыстары жандандырылғаннан кейін және режимдік жағдайды қамтамасыз ету барысында мекемеде сотталғандар тарапынан арандатушылық іс-әрекеттері орын алғаны жасырын емес. Осылайша, сотталғандар арасында дене мүшесіне зақым келтіру, яғни өз-өзіне дене жарақатын салу дерегі 33-тен 70-ке дейін артты. Орын алған деректер бойынша құзырлы мекемелер (сотталғандардың арыздары бойынша) тексеру жүргізіп, заңсыз іс-әрекеттер анықталмады. Бұл нені білдіреді? Егер де тәртіп жағына қатал болмасаң, заңда көрсетілген талаптар бұзылады. Соған қарамастан, жыл басынан бері 1676,4101 грамм есірткі заттары, 235 дана кескіштескіш заттар, 6 литр спирттік ішімдік, 557 дана ұялы телефон тәркіленді.

– Нақты мысалдар келтіруге бола ма?

– Мысалы, 2022 жылдың 4 наурызында сағат 12:00 шамасында «Нексия» маркалы автокөлігі ИЧ-167/3 мекемесінің №2 бақылау із жолағына скотчпен оралған белгісіз затты лақтырып, бой тасалаған. Мекеме қызметкерлері арқылы тез арада Шымкент қаласы ПҚ жедел басқару орталығына автокөліктің бағыты хабарланған. Нәтижесінде, Шымкент қаласы, «Колос» ықшамауданында Ж.Омаров пен бұрын сотты болған С.Асланов ұсталып, автокөліктің ішінен шамамен 1 кг 300 гр есірткі заты, 5 дана смартфон, 2 дана қуаттағыш және 2 дана ойын картасы тәркіленді. Біз бұл фактілерді жасырған жоқпыз және есептер бойынша ҚАЖ комитеті мен ІІМ-ге баяндадық. Осындай үздіксіз жүргізіліп жатқан бақылау-қадағалау жұмыстарының нәтижесінде ҚАЖ мекемелерінің ішкі аймағына белгісіз азаматтардың тыйым салынған заттарды лақтыруының 32 дерегі орын алып, бақылау камераларының жазбаларына сәйкес 17 азамат құрықталды. Олардың екеуіне ҚР ҚК-нің 296-бабының 1-бөлігі және 296-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сотты болды. Қылмыс жасаған С.Асланов 4 жылға бас бостандығынан, Д.Аубакиров 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 6 қылмыстық іс тергеуде жатыр, 9-ы бойынша қылмыстық істер тоқтатылған. Сондай-ақ, тыйым салынған заттарды жеткізу барысында 15 дерек тіркеліп, әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша 8 дерекке сай сот қаулысы шықты. 5 дерек соттың өндірісінде жатыр, 2-еуі қысқартылған. Бұл бағытта жұмыстар күшейтіліп, бақылау-өткізу бекеттері, жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің мекемеге кіріп шығатын көліктері жіті тексерілуде. Айталық, №53, 54-мекемелердің сыртқы аумағына, яғни, тыйым салынған заттарды лақтыруға ыңғайлы жерлерге 9 дана «Сергек» бейне бақылау камерасын орнатып, іске қостық. Бұл бейнебақылау камераларындағы жазбалар тікелей Шымкент қалалық полиция департаментінің жедел басқару орталығына түседі. Бұдан өзге күнделікті бір қызметкер ҚАЖ мекемелерінің сыртқы аумақтарын бақылап отыру үшін жедел-басқару орталығына тәуліктік кезекшілікке түсуде. Сонымен бірге, мекеме қызметкерлері тарапынан жаяу патрульдік кезекшілік те ұйымдастырылған.

– Сотты болғандардың бас бостандығынан айыру орындарындағы құпия «көмбелерін» табу оңайға түспейтін шығар.

– Қылмыстық атқару мекемелерінде қолдануға тыйым салынған заттардың тізбесі жасалып, оны енгізбеудің барлық жағдайы қарастырылған. Соған қарамастан тінту-тексеру шаралары кезінде мұндай заттарды табуға болады. Олардың ішінде жиі қолға түсетіні: шағын ұялы телефондар, кескіш және тескіш заттар. Сіріңке қорабындай ғана орынға телефонды жасыратын жерлер көп. Құпия орындарды еден астынан, желдеткіш қуыстарынан кездестіруге болады. Ал кейбір аса тапқырлық танытатын сотталғандар құпия жәшіктер мен күнделікті қолданатын тұрмыстық заттарды осындай құпия «көмбеге» бейімдеп алады. Бірде осындай жоспарлы тінтулер кезінде арнайы құрылғының тілі кәдімгі қара сабынды көрсеткен. Оны кесіп, екіге бөлгенде ішінен көлемі өте шағын ұялы телефон шыққан. Биылғы жылы тыйым салынған заттарды өткізу әдісі жаңа сатыға көтерілгенін айтуымыз керек. Оны мына бір оқиғадан байқауға болады. Қауіпсіздігі жоғары мекемелердің бірінде кәдімгі көзілдірікті сәлемдемеге өткізбек болған. Арнайы аспаптармен тексеру кезінде бұл көзілдірікке бейнебақылау құрылғысының орнатылғаны анықталған. Сотталғандардың туыстары мен жақындары телефон ғана емес, кейде наркотикалық заттарды өткізіп жіберуге әрекет жасайды. Ол үшін шампунь құтылары, тіс пасталары, конфет, жаңа пісірілген еттің арасын пайдаланады. Алайда, тексеріп өткізу тобының қырағы көздері мұндай аса қауіпті саналатын заттарды жіті байқап, дер кезінде тосқауыл қойып отырады.

– Аймақтағы пробация орталықтарының жұмыстары туралы айтып берсеңіз.

– Өздеріңіз білесіздер, пробация орталықтарының мақсаты – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық, медициналық жәрдем, жұмысқа орналастыру, құжаттандыру, зейнетақы және жәрдемақыларды рәсімдеуге байланысты түрлі көмектер көрсету болып табылады. Қазір Шымкент қаласы мен Түркістан облысының барлық аудандарында пробация орталықтары жұмыс істейді. Олармен бүгінгі күні 958 адам жұмысқа орналастырылса, 1032 адамға түрлі медициналық көмек көрсетілген, 8 адам кәсіптік оқу орындарында алған білімі бойынша жұмысқа орналастырылған. Басқа да оңалту көмектеріне 1300-ден аса адам ие болған. Ал, пәтер алу үшін 50 адам үй кезегіне қойылып отыр. Жалпы, біз әңгіме етіп отырған кезеңде пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар арасында қайталанған қылмыстың саны 70-тен 119-ға, яғни 49 дерекке немесе 58,8 пайызға өсіп отыр. Себебі, күнделікті Шымкент қаласы және Түркістан облысы ПД қылмыстар жөніндегі ақпараттар алынып, тексерілуде. Нәтижесінде, қайта қылмыстық құқық бұзушылық жасау деректерін жасыруға жол берілмеуде. Сондай-ақ, өзімнің төрағалығыммен апта сайын өткізілетін жедел кеңестің күн тәртібінде облыс бойынша қайта орын алған қылмыстар қаралады. Оған барлық қала, аудандық пробация қызметтерінің бастықтары бейнеконференц-байланыс режимінде қатысады. Сонымен қатар, апта сайын қала аумағында, аудандарда пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтармен кездесулер өткізіп, жеке қабылдау жүргіземін. Олар бойынша да тиісті тапсырмалар беріліп, қадағалауға алынады. Осы жерде атап өтетін нәрсе – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар мен пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін қала, аудан, ауыл округі әкімдіктері мен денсаулық сақтау орындарына, ауыл шаруашылығы басқармаларына, жекелеген ұжымдар мен мекемелерге міндеттеп, квота белгілеу мәселесін жан-жақты дамытып, ұдайы назарда ұстап отыру қажет. Атақты жазушымыз, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің мынадай бір сөзі есімнен кетпейді: «Мал баласын бауырында өсіреді, ағаш біткен жапырағын ығына қарай жаяды, ұрығын ығына қарай төгеді. Ал, адам баласы қоғамның шылауында өседі» дейді ол кісі. Сол айтқандай, аяғын шалыс басқандар да біздің қоғамның адамы. Етіңнен ет кесіп лақтырып тастамайсың ғой. Оны емдейсің, жазасың. «Тентегі мен телісін түзете алмаған ел ел емес» деген Мұхтар Әуеозовтің сөзі осындайда қайта-қайта ойға оралады. Біз оларды тәрбиеледік, енді бауырға алуымыз керек. Өсетін елдің баласы осылай істейтініне менің сенімім мол.

– Өзіңіз жоғарыда атап өткен қылмыстың өсу себептері нендей жағдайларға байланысты?

– Бұл, біріншіден, пробация қызметінің қызметкерлері тарапынан бақылау мен қадағалау жұмыстарының тиісті дәрежеде жүргізілмеуінен орын алғанын атап айтуға тиіспіз. Себебі, 54 қылмыс түнгі мезгілде, 34 қылмыс демалыс (мереке) күндері, 38-і жұмыссыздармен, 39 қылмыс басқа мекемеден ауысып келген сотталғандар тарапынан жасалған. Осыған орай, 119 қылмыс бойынша қызметтік тергеулер жүргізіліп, қорытындысына сай 55 қызметкер тәртіптік шараға тартылды. Сонымен бірге, сот үкімімен тағайындаған жазаны өтеу тәртіптері мен шарттарын қасақана бұзған сотталғандардың бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру, қоғамдық жұмысты қамаққа ауыстыру бойынша сотқа жалпы 278 материал жолданып, сотта 164 материал қаралған. Оның ішінде 111 адам бас бостандығынан айыру орындарына, 1 адамның қоғамдық жұмысы қамаққа ауыстырылды, қазір сот қарауында – 52 материал жатыр. Үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап заңмен және сотпен белгіленген жаза өтеу тәртібін бұзған сотталғандарға қатысты электрондық бақылау құралдарын (браслет) тағатын жағдай енгізілді. Мұндай құралдар 91 адамға кигізілген. Нәтижесінде, аталған азаматтар қылмыстық және өзге де құқық бұзушылықтарға жол берген жоқ.

– Бас бостандығынан айырылғандардың арыз-шағымдары қалай қаралады?

– Сотталғандарды қинау және азаптау фактілерінің алдын алу және болдырмау мақсатында, мекеме әкімшілігінің қатысуынсыз сотталғандардың өтініштері мен арыз-шағымдарын жолдау үшін ҚАЖ мекемелеріне жалпы 18 дана электрондық терминал орнатылып, іске қосылған. Сонымен бірге, бас бостандығынан айырылғандардың отбасымен онлайн форматтағы кездесулерін ұйымдастыру үшін 28 дана компьютер жеткізіліп, отбасылық онлайн кездесулер жүзеге асырылуда. – Бас бостандығынан айырылғандарды тәрбиелейтін, бақылау-өткізгіштік басқару жүйесі заманауи талаптарға сәйкес келетін мекемелер салу мәселесі еліміздің әр аймағында жиі-жиі сөз болып, арнайы мәселе ретінде көтеріліп жататыны жасырын емес. Сіздерде қалай? – Қазақстан Үкіметінің «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді іс-шаралар жоспарында» Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 500 орынға арналған тергеу изоляторы, 50 орынды арнайы мамандандырылған қабылдау мекемесінің құрылыстары енгізілген. Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің құрылысына Түркістан қаласының инфрақұрылымды тиімді аймақтан 1,11га (Кадасторлық номері: №19-307- 160-439) жер телімі бөлініп, жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, құны 1 млрд 426 млн 834 мың теңге мемлекеттік сараптаманың (27.12.2019 жылғы ГЭ №19-0053/19) оң нәтижесі алынған. Түркістан облысының аумағынан «BAZIS CONSTRUCTION» ЖШС-мен мемлекеттік-жекеменшілік серіктестік аясында «1500 орындық аралас режимді түзеу мекемесін» салу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі кезде «Bazis construction» ЖШС құрылыс жұмыстарына қажетті 30 га жер телімін сатып алу жұмыстарын жүргізуде. Оған қоса, «500 орындық тергеу изоляторының құрылысы» (болжамды құны 7млрд 195млн теңге) және «50 орынды арнайы мамандандырылған қабылдау мекемесі құрылысы» (болжамды құны 1 млрд 773,1 млн теңге) бойынша жобалық сметалық құжаттар әзірленіп, жер бөлу жұмыстары жүргізілуде.

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!

Сейтхан ЗЕБЕРХАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Жалдамалы тұрғын үйге берілетін субсидияны қалай алуға болады?

Елімізде әлеуметтік осал топқа жататындар мемлекеттен пәтерді жалдау ақысының 50 пайыз мөлшерін ала алады. Судсидиялау тәртібін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі реттейді. Жалдамалы тұрғын үйге берілетін субсидиялау қалай жүзеге асырылады? Оған кімдер және қалай қатысады?

Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың деректері жарияланды

ТЖМ Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты ақпаратты жариялады.

Жылан жылы қандай болады? Қазақстандық астролог жауап берді

Биыл қазақтың жыл санауы бойынша Жылан жылы. Жылан - мүшел есебінің алтыншы жылы, Ұлу жылынан соң, Жылқы жылынан бұрын келеді. Қазақ бұрыннан әр жылдың өзіне тән сипатын берген. Ал Жылан жылы қандай болады?

Қазақстанда автокөліктің утиль алымы төленгенін қалай тексеруге болады?

Автокөлікті тіркеу және заңды түрде пайдалану үшін утиль алымының төленгенін тексеру - маңызды қадам. Әсіресе шетелден әкелінген көліктерді сатып алу кезінде бұл мәселені назардан тыс қалдырмау керек.

Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақ бортында қанша қазақстандық болған?

Министрліктің алдын ала ақпаратына сәйкес бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.