«Қазақстан тұтынушылар лигасы» қауымдастығы (ҚТЛҚ) тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты қолданыстағы заңнамадан кәсіпкерлердің хабардар болу дәрежесін анықтау үшін жүргізілген зерттеу нәтижесін жариялады.
Ол Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп жүргізілген болатын. Зерттеу барысында 2020 жылғы 25 маусымдағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес қабылданған түзетулер туралы сұралды.
– Зерттеулер аясында әлеуметтік қызметкерлер 2120 сауда нысанына барды. Олардың 1272-сі аяқ киім мен киім-кешек, 424-і азық-түлік, 212-і дәріхана және оптика, 212-сі құрылыс және шаруашылық дүкені болды. Бұл нысандардың 80 пайызы жеке кәсіпкерлердің, 20 пайызы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің меншігі. Олардың 30 пайызын сауданың иелері жүргізсе, 70 пайызында оған жалдамалы сатушылар тартылған. Сауалнама нәтижесінде тұтынушылардың құқықтары және кәсіпкерлердің міндеттері туралы 5 пайызы ғана хабардар екендігін көрсетті, – деді «Қазақстан тұтынушылар лигасы» қауымдастығының басқарма төрағасы Светлана Романовская. Оның айтуынша, кәсіпкерлер: тұтынушы өтініштерін қараудың қабылданған тәртібі; тұтынушы шағымдарына оларды алған сәттен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде жазбаша жауап беру міндеттері; дауларды сотқа дейін қарау субъектілері және олардың байланыс деректерін тұтынушылар үшін қолжетімді жерде орналастыру қажеттілігі; тұтынушының құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жүгіну құқығы туралы ақпаратты көрсету міндеттері; тұтынушы құқықтарын қорғаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесі; тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдарының қоғамдық бақылау жүргізуге құқығы; кәсіпкердің дауларды сотқа дейін қарау субъектілері, уәкілетті мемлекеттік орган туралы ақпаратты орналастыру бойынша міндеттерін сақтамағаны, тұтынушының талабына белгіленген мерзімде жауап бермегені, тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарларды қайтару/айырбастаудан бас тартқаны үшін енгізілген әкімшілік жауапкершіліктен хабарсыздығы мәлім болды. Сондықтан зерттеудің осындай нәтижелері кәсіпкерлермен олардың құқықтық сауатсыздығын жою бойынша жұмыс жеткілікті деңгейде жүргізілмейді. Бұл олардың тұтынушылардың құқықтарын үнемі бұзуына әкеледі деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»