Бала тәрбиесіндегі ең басты құрал – ата-ананың, отбасы мүшелерінің, жалпы үлкендердің жеке үлгісі екенін айқын көрсетеді. Бала – айна сияқты, ол естігенінен гөрі, көзбен көргенін тез қабылдап, санасына сіңіреді және соны қайталайды.
Ең басты байлық бұл –адамның бойына жинағаны, яғни, адамгершілік, адалдық, мейірімділік, кісілік. Ертедегі нақыл сөздерде де кісілікке көп мән берген: «Кісі арасында кісі бол, Үлкені болма, кіші бол, Қызмет қылсаң жорғалап, Маңдайдан терің сорғалап, Азаматтың ісі бұл», «Үлкенді сен сыйласаң, Кіші сені сыйлайды, Кіші сені сыйласа, Кісі сені сыйлайды», «Бұрынғының кісісі –Бүгінгінің кішісі». Бұл жерде «Кісілік» деген «кішілік» мағынада көп айтылғанын байқаймыз. Оның артында үлкен мағына жатыр, ол дегеніміз адам қанша жерден мансабы жоғары, бай, қарт, атақты тұлға болса да қарапайымдылықты алға ұстап, кіші бола білуі. Бұның өзі сыйластықтың алтын белгісі.
Қазіргі таңда көптеген ата-аналар балаға сөзбен ақыл айтуға бейім. Алайда, ересектердің айтқан сөзі мен істеген ісі екі бөлек болса, бала тек іс-әрекетті үлгі етеді. Бұл күнделікті өмірде нақты көрініс табады.Егер ата-ана бос уақытын тек телефонға үңіліп немесе теледидар алдында өткізсе, балаға «кітап оқы» деп бұйырудың еш пайдасы жоқ. Үлкендер өзара дауыс көтеріп, дөрекі сөйлессе де, бала агрессияны қалыпты қарым-қатынас түрі деп қабылдайды. Баланы өтірік айтпауға үйрету үшін, үлкендердің өзі ұсақ-түйек жағдайларда да шыншыл болуы тиіс, себебі, ересектер біреуді алдап тұрса, бала мұны «Өмір сүрудің ережесі» ретінде қабылдап алады.
Баланың бойындағы мейірімділік, еңбекқорлық, жауапкершілік сияқты асыл қасиеттер күнделікті тұрмыс-тіршілік барысында қалыптасады. Үлкендердің айналасындағы адамдарға деген құрметі, сыйластығы, табиғатқа, жан –жануарларға жанашырлығы, жұмысқа деген жауапкершілігі баланың мінезіне негіз болады.
Егер әкесі анасына қолғабыс етіп, құрмет көрсетсе, ұл бала болашақта өз отбасында сондай үлгіні қайталайды. Ал қыз бала сол ортадан көрген мейірімділік пен қамқорлықты бойына сіңіріп өседі. Отбасындағы жылы атмосфера мен өзара сыйластық – ең мықты тәрбие мектебі.
Жақсы ұрпақ өсіргісі келген адам ең алдымен өз бойындағы кемшіліктермен күресіп, өзін-өзі дамытуға күш салуы қажет. Өзін басқара алмайтын, жаман әдеттерден арылмаған адамның баласына берер тағылымы аз болады.
Баламыз қандай болсын десек, өзіміз сондай болуға ұмтылуымыз керек. Тәрбиелі, саналы әрі білімді ұрпақ – ісі мен сөзі қабысқан, отбасында шынайы әрі жақсы үлгі көрсете білетін үлкендердің ғана қолынан келетін ұлы еңбек. Жас ұрпаққа дұрыс бағдар беру үшін әрбір ересек адам өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауы тиіс.
«Болған кісі, болдым демес, Болдым десе, болғаны емес», бұл жерде адмның қаншалықты биікте, үлкен дәрежеде болса да, ол өзінің биікте тұрмын деп санамай, кіші болып жүруі, ал көнеден қалған: «Жүрегіңнің жұмбағын, Жүзің шешіп береді, Жүзің шешіп бермесе, сөзің шешіп береді» бұл нақыл сөз әдемі қасиетке жүрегі толы жандардың жүзі де шырайлы, сөйлеген сөзі де шырайлы екенін айтып отырғандай. Қай заманда болмасын адам болмысының әдемілігін, адалдығын, берекеттілігін және мейірімділігін арттыру үшін баршамыз кісілігімізбен, жүзіміздің шырайлылығымен, мағыналы –мәнді түзу сөздерімізбен асыл қасиетті бойға жинайық!.
Г. Ходжабекова Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жетекші маманы


