Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ешқашан өзектілігін жойған емес. Себебі сыбайлас жемқорлық пен парақорлық орын алған елде даму, іргерілеу болмайды. Соған орай өркениет көшіне ілескен кез келген мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті маңызды міндеттердің бірі ретінде басты бағдарына айналдырған.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Бұл келеңсіздікке тосқауыл қоюдың тиімді жолы – қоғамның күш-жігерін біріктірумен өзектес. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегенді бабаларымыз осындайда айтса керек. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының азаматтық борышы ретінде қаралуға тиіс.
Қазіргі әлемде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Бұл бағытта жемқорлықты жеңген елдердің тәжірибесі зерделеніп, соған сай сыбайластықпен күрес тәсілдері үнемі жетілдірілуде. Тәжірибе көрсеткендей әлемде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің бірегей тетігі жоқ. Әрбір ел қабылдайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әдістері әртүрлі. Індетке қарсы күрес мемлекеттегі саяси және экономикалық тұрақтылыққа ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерге, діни ерекшеліктер мен құқықтық мәдениет деңгейіне, сондай-ақ алып жатқан аумақтың ауданына, тығыздығына, халық санына байланысты. Бұл жерде жергілікті халықтың болмыс-бітімін, менталитетін назарда ұстау маңызды.
Сыбайлас жемқорлық жалпы мемлекеттік институттардың жұмысына және сот төрелігін жүзеге асыру жүйесіне тікелей теріс әсер етеді, қоғамның сот төрелігіне деген сенімін төмендетеді, сот жүйесін адам құқықтарының қорғалуына кепілдік беру мүмкіндігінен айырады.
Қазақстан өзінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қадамдарын заңнамалық актілермен бекіте отырып, 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңды Кеңес одағының қатарынан шыққан елдер арасында тұңғыш қабылдады. Кейіннен құжаттағы кемшіліктер талқыға салынып, 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң қолданысқа енді. Бұл заң жемқорлықтың алдын алуға, кеселге қарсы азаматтар арасында иммунитет қалыптастыруды мақсат етеді.
Сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық, насихаттық жұмыстар да тұрақты назарда. Атап айтқанда, сала жұмысындағы ашықтық, қолжетімділік және жеделдік проблеманы жоюға пәрменді әсер етті.
А.Тургунбаев,
Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы