Жаңа заңнамаларды заманауи қажеттілік тудырады. Жоғарғы Соттың бастамасымен әзірленген Азаматтық процестік кодекстің жобасы да қоғамның сұранысынан, құқықтық қарым-қатынастарды жаңа үйлестіру қажеттілігінен өмірге келген болатын.
Азаматтық процестік кодекске енгізілетін түзетулердің артықшылығын саралау үшін алдымен қолданыстағы АПК тоқтала кетсек: қазіргі АПК-те судьяның процестік еркіндігі жоқ. Мәселен қазіргі таңда Сіз белгілі бір дау бойынша сотқа барған кезде нақты, соңғы шешім шыққанға дейін 10-25 тіпті кейде 30-ға дейін сот рәсімдері өткізіледі. Яғни көптеген сот отырыстары уақытты алады. Соттың әртүрлі ұйғарымдары, шешімдері шыққанға дейінгі әрекеттер өте ұзақ. Судьяларға да қағазбастылық көп жүктелген. Судьяның ол рәсімдерді орындамасқа, қағазбастылықтан бас тартуына амалы жоқ. Өйткені заңның талабы сондай. Ал АПК-ға енгізілетін түзетулерге сай судья мұндай жүктемелерден, басы артық әрекеттерден арылған. Қолданыстағы заңнамада судьяның әрбір әрекеті қатаң регламентке бағындырылған. Мәселен екі тарап сотқа келді делік, дау болған соң бірін бірі айыптайды. Айыптауға сәйкес позициясы дұрыс бірақ дәлелдемелері жеткіліксіз болған жағдайда судья оған көмек бере алмайды. Егер көмек көрсеткен жағдайда екінші тарап «бейтараптық прицпін бұзуына» орай айыптайды. Ал талқыдағы заң жобасына енгізілетін түзетулерге сай судья екі тарап ұсынбаған дәлелдемелерді сұрату арқылы ақиқатқа жетіп қана қоймай, процес барысында тараптардың уәждеріне қатысты дауға сай өз пікірін де білдіруге құқығы бар. Бұл осы кодекстің ең үлкен жетістігі деуге болады. Осыдан екі жыл бұрын Жоғары соттың төрағасы Жақып Қажыманұлы аудандық соттың төрағаларымен кездескен кезде олардан қандай мәселелері барын сұрағанда, азаматтық істерді қарайтын судьялардың көбісі «біз қатып қалған регламенттің шегінен шыға алмаймыз, азаматтарға көмек бере алмаймыз. Олардың құқықтық сауаттылығы төмен, бірақ олардың азаматтық позициялары дұрыс болған жағдай жиі кездеседі. Талап арыздарын дұрыс жаза алмайды, дәлелдемелерді уақытында ұсына алмайды. Ал көмек берейік десек, заң оған тыйым салып қойған. Кейде айыпты болса да іс құжатқа мықты тараптың пайдасына шешіліп кетеді» деген секілді ұсыныстарын айтқан. Заңға енгізілетін түзетулер осы ұсынысты елеп, ескеріп отыр. Яғни сот процесінде әділдікке, ақиқатқа жету жолын біршама жақындата түсті.
Жаңа заңдағы тағы бір артықшылық қазір татуластыру рәсімдері сотта да жүргізіледі. Сотқа дейінгі татуласу рәсімі бар, сотқа келгеннен кейін де бітімгер судьяның көмегімен бітімге келуге болады. Қолданыстағы заң бойынша ондай судьяларға тараптарды татуластыруға бес-ақ күн уақыт беріледі. Ал тақыланып жатқан заң жобасында судьяға 10 күн уақыт беріледі. Бітімгер судьялардың айтуынша бес күн жеткіліксіз. Жер дауы, еңбек дауы, мұрагерлікке қатысты қаралған істерде дауды бес-ақ күннің ішінде шешіп алу оңай емес. Тараптар да бес күннің ішінде судья шақырған бітімге келісе қоймайды. Сондықтан алдағы уақытта мұндай істерге он күн толығымен жеткілікті болады деп ойлаймыз. Тағы бір айта кетер жайт, егер тараптар келісім берген жағдайда дауды Астана халықаралық қаржы орталығының сотына беру көзделеді. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес Елордада Астана халықаралық қаржы орталығы құрылған болатын. Оның жанына АХҚО Соты мен Халықаралық арбитраж төрелік орталығы ашылған еді. Бұл шетелдік ағылшын-саксондық құқық жүйесі негізінде құрылған соттар. Қазақстанның сот жүйесіне кірмейтін халықаралық стандартарға сәйкес ағылшын құқығы бойынша жұмыс істейді. Онда ірі инвесторлардың даулары, қаржылық даулар қарастырылады. Жаңа заңға енгізілген өзгерістерге сай егер тараптар ісінің АХҚО қаралғанын қаласа өтініш беру арқылы жүзеге асыруына болады. Тағы бір жаңашылдық бізде оңайлатылған тәртіппен қарайтын істер бар. Аты айтып тұрғандай ол істерді қараудың тетіктері оңай. Салыстырмалы түрде алып қарағанда посткеңестік елдердің ішінде және дүниежүзі бойынша істерді қарауға төленетін мемлекеттік бас салығы бізде өте төмен. Оның жақсы да, жаман да жағы бар. Жаман жағы кейбір азаматтарымыз өз құқығын асыра пайдаланады. Сотқа қайта қайта арызданып, дау қуып кетуі мүмкін. Сондай жағдайларды болдырмау үшін мемлекеттік баж салығы жеке тұлғалар үшін 200 АЕК (550 600 тг) 1000 АЕК-ке дейін (2 778 000), заңды тұлғалар үшін 700-ден (1 944 600 тг.) 2000 АЕК-ке (5 556 000 тг.) дейін артады. Бұл шамамен алып қарағанда 30 мыңдай істі қамтиды деп күтілуде. Жаңа заңнамада электронды сот төрелегіне байланысты да жаңашылдықтар бар. Қазақстандық сот жүйесі ІТ жүйелерді қолдану жағынан әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің соттарымен тең дәрежеде деуге болады. Біздің елімізге алыс-жақын шетелден қазақстандық сот жүйесінің ІТ мүмкіндігін, Смарт сот жүйесімен танысып тәжірибе алмасуға меймандар көп келуде. Еліміздегі карантин, пандемиялық жағдай еліміздегі ІТ технологияның қолдану мүмкіндігін арттырды. Қазіргі таңда еліміздегі сот отырыстары 100 пайыз онлайн режимде қолданылуда. Мұндай жағдайда барлық сот процесі аудио және бейне жазбаға түсіріледі. Бұрын бұл процестің заңда көзделген құқықтық мәртебесі жоқ болатын. Енді заңдағы өзгерістерге сай оған электронды хаттама мәртебесі беріледі. Яғни енді аудио-бейнежазбаның электронды хаттамалық құжаттық күші бар деуге болады. Енгізілген осы өзгерістердің барлығын саралап-сараптай келсек, еліміздегі азаматтардың құқықтарын қорғауда, судьяларды процестік тәуелділіктен құтқаруда бұл заң жобасының маңызы зор деуге болады.
Айдос СӘДУАҚАСОВ,
ҚР Жоғарғы Сотының
баспасөз хатшысы