СУДЬЯ ЖАЛАҚЫСЫ ОЛАРДЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ КЕПІЛДІК БЕРЕТІН ТЕТІКТЕРДІҢ БІРІ. БАРЛЫҚ ЕЛДЕ БҰЛ ЛАУАЗЫМ ИЕЛЕРІНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖӘНЕ БАСҚА ДА ЖАҒЫМСЫЗ САЛДАРДАН АУЛАҚ БОЛУ ҮШІН ҚАРЖЫЛЫҚ ТҰРҒЫДАН БАРЫНША ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАСАЙДЫ. СОТ ТӨРЕЛІГІНІҢ ТИІМДІЛІГІ БОЙЫНША ЕУРОПА КОМИССИЯСЫ ШЫҒАРҒАН АРНАЙЫ ЕСЕПТЕ ЕУРОПА КЕҢЕСІ МИНИСТРЛЕР КОМИТЕТІНІҢ «СУДЬЯЛАРҒА БЕРІЛЕТІН СЫЙАҚЫ ЗАҢМЕН КЕПІЛДЕНДІРІЛІП ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ШЕШІМІНЕ ЫҚПАЛ ЕТУІ МҮМКІН СЫРТТАН ЖАСАЛАТЫН ТҮРЛІ ЫНТАЛАНДЫРУДАН САҚТАЙТЫН ДЕҢГЕЙДЕ БОЛУ КЕРЕК» ДЕГЕН ҰЙҒАРЫМЫ ҚАПЕРГЕ АЛЫНАДЫ. СОНДЫҚТАН СУДЬЯ БОЛУ КӨПТЕГЕН ЕЛДЕРДЕ ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕГЕ ИЕ БОЛУМЕН ҚАТАР, САПАЛЫ, ЕШ НӘРСЕДЕН МҰҚТАЖДЫҚ КӨРМЕЙ, ҚАЛАУЫНША ӨМІР СҮРУДІҢ МҮМКІНДІГІ.
Десе де, көптеген елдердің фемида өкілдері Швейцарияда судья болуды армандайды. Өйткені, швейцариялық судьялардың орташа айлық табысы 157000 доллар. Бұл әлемдегі судьялар алатын ең жоғары табыс. Одан кейінгі орында 154000 доллар жалақымен америкалық судьялар тұр. Алайда, құрама штаттардағы судьялар мансабының ең жоғары сатысындағылар 359000 долларға дейін табыс табады екен. Осы екі елге жетпесе де судьялық қызметке жоғары жалақы төлейтін елдердің қатарында Ұлыбритания, Дания, Норвегия, Израил, Кипр, Нидерланды бар. Бұдан түйетін қорытынды экономикасы мен өмір сапасы барынша дамыған елдерде судьялардың жалақысы жоғары, еңбегі бағалы. Ал, көршілес Ресей судьяларының жалақысы 20000 доллар көлемінде. Бұл көрсеткіш бойынша ресейлік судьялар Польша, Болгария, Армениядағы әріптестерімен тең жағдайда. ТМД елдерінде ең аз жалақы алатын судьялар Украинада. Олардың айлық табысы 6000-8000 доллар аралығында. Қай елде де, судьялар жалақысы туралы айтылғанда фемида өкілдерінің жұмыс жүктемесінің көптігі, жалақысын еңбегіне сай көтеру қажеттігі баса айтылады. Бұл мәселені АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Украинада да жиі естуге болады. Ресейде судьялары жүктемесі тиісті мөлшерден екі еседен астам көп. Былтыр маусым айында Владимир Путин судьялар жалақысын индексациялайтын заңға қол қойды. Украинада бұл мәселе көптен
айтылып жүр, тіпті былтырдан бастап жалақыны көтеру жоспарланған болатын. Алайда бастама аяқсыз қалды. Ондағы судья жалақысы ең төменгі күнкөріс деңгейі бойынша есептеледі. Осыған орай жергілікті судьялар жалақысын 20 күнкөріс деңгейінен 25 күнкөріс деңгейіне дейін көтеруді, ал, апелляциялық пен жоғары мамандандырылған сот судьяларының жалақысын одан сәл артық тағайындау ұсынылған. Алайда, бұл ұсыныс қолдау таппады. Ондағы судьялар өзгенің құқын қорғап жүріп, өздерінің тәуелсіздігі мен кепілдігін белден басқан билік өкілдерінен зардап шегетініне қапалы. Қалай дегенде де Еуропа елдері судьялар еңбегін бағалауда алда тұр. Әйтсе де сот жүйесінде кадрдың жетіспеушілігі өткір мәселе. Олар бұл түйінді жалақы көлемін арттыру арқылы шешуге ұмтылуда. Мәселен, ең жоғары жалақы төленетін Ұлыбритания жоғарғы сотындағы бос орындардың көптігінен судьялар жалақысын 25 пайызға көтеруге мәжбүр болған. «Мықты заңгерлерсіз бәрі зардап шегеді, біздің халықаралық беделімізге нұқсан келеді» деп атап көрсетті бұл жағдайды сол елдің әділет министрі Дэвид Гоук. Украиндық әріптестері айтатын әңгімені біздің елдің судьялары тарапынан да жиі естуге болады. Себебі, Қазақстанда судьялар жалақысы олардан да аз. Оның көлемі ең көп дегенде екі мың доллардан сәл асады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми өкілі Айдос Садуақасовтың айтуына қарағанда, Жоғарғы Сот судьяларының айлығы 800-900 мың теңге көлемінде. Осыдан екі жыл бұрын судьялар жалақысына өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, судьялар жалақысы әр өңірде әртүрлі тағайындалады. Осы ретте «Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы соттар судьяларының жалақысы өзге өңірлердегі әріптестерінің айлығынан неге көп?» деген сұрақ жиі қойылады. Біз бұл сауалды Айдос Қартаңбайұлына қойған едік. Оның айтуынша, бұл айырмашылық осы қалаларда экономикалық жағынан өмір сүру нарқының қымбаттағы және судьялар жүктемесінің көптігіне байланысты екен.
Өңірлердегі судьялардың жалақысы да әртүрлі. Мәселен, облыс орталығындағы судьялардың жалақысы 600 мың теңге болса, басқа аудандардағы судьялардың жалақысы 400 мың теңге. Шығыс Қазақстан өңірін алып қарайтын болсақ, оның орталығы Өскемен қаласындағы судьялардың жалақысы 600 мың теңге, ал Семей қаласындағы, басқа да аудандардағы судьялардың жалақысы 400-450 мың аралығында тағайындалған. Жұмыс өтіліне қарай аудандық сот төрағасы 500 мың теңге алуы мүмкін. Судьялар жалақысының көлеміне олардың қызмет өтілі де ықпал етеді. Биыл қазан айында өткен судьялардың VIII съезінде қазылардың жалақысын біріздендіру мәселесі көтерілді. Онда сот жүйесін қаржыландыруды пайыздық деңгейде қарастыру ұсынылған болатын. Мұны Мемлекет басшысы қолдады. Демек, алдағы уақытта судьялар жалақысын олардың еңбегіне сай көтеру және біріздендіру өз шешімін табуы мүмкін.
Жалпы елімізде аудандық, облыстық және Жоғарғы Сотты қоса алғанда 2 684 судья бар. Қазіргі таңда судьялық орынның 14 пайызы бос тұр. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов сот саласына білікті кадрларды тартудың қиындығын үнемі айтумен келеді. Табыс еңбекке сай емес. Осыған орай бұл лауазымға келгісі келетін тәжірибелі заңгерлер көп болғанымен, жеме-жемге келгенде әуелгі ойынан бас тартады екен. Өйткені, оларға төрелік алаңында тынымсыз жұмыс істеп, аз айлық алғаннан, ірі компанияларда заңгерлік қызмет етіп, еселеп табыс тапқан қолайлы. Тоқетерін айтқанда, жалақы көлемі сот корпусын білікті мамандармен қамтамасыз етуге кері ықпалын тигізуде.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»