12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Азаматтарды кемсітуге, ар-намысын таптауға жол берілмейді

Ата заңымызда көрсетілген Қазақстандағы азаматтар тең құқылы. Оларды жынысына, жасына, ұлтына, тегіне, тіліне, дініне қарай алалауға, шектеуге жол берілмейді. Сонымен бірге, азаматтардың тұрмыс жағдайына, әлеуметтік ахуалына, денсаулығына байланысты кемсітіп, ар-намысына тиюге ешкімнің құқығы жоқ. Мемлекет арнайы заңдар арқылы азаматтың ар-намысын, қадір-қасиетін қорғайды. Соның ішінде Азаматтық кодекске сай ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді құқықтық тұрғыдан қорғау тетігі қарастырылған.

Соңғы жылдары ар-намысыма тиді, іскерлік беделіме нұқсан келтірді деп, моральдық, материалдық зиянды өтеуді талап етушілер қатары өскен. Әсіресе, әлеуметтік желі қолданушылар белсенділігінің артуы мұндай дау-дамайлардың жиілеуіне ықпал етіп отырғаны талассыз. Құқықтық мемлекетте халықтың Азаматтық кодекстің 143-бабын басшылыққа ала отырып қадір-қасиетін кемітіп, беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруға толық құқығы бар. Дегенмен, мұндай талаппен жүгінген кезде мына жағдайларды назарда ұстау шарт.

Алдымен азаматтардың және ұйымдардың (заңды тұлғалардың) ар-намысына және абыройына кір келтіретін мәліметтерді тарату деп қандай жағдайлар танылады? Осыны біліп алған абзал. Дұрысында баспа жүзінде жарияланған, радио, теледидардан, қызметтік, партиялық және басқа да мінездемелерде, арыздарда, әртүрлі ұйымдарға жолданған хаттарда көрсетілген, көпшілік алдында сөйлеу кезінде, лауазымды адамдарға, немесе бірнеше адамға ауызша айтылған жалған, негізсіз мәліметтер адамның ар-намысына тиіп, беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Азаматтық кодекстің 141-бабы 3-тармағы және 143-бабы 1-тармағының талабына сай таратылған мәлімдеменің шындығын дәлелдеу жауапкерге жүктеледі. Ал талапкер тек жауапкердің өзі жөнінде жалған мәліметті таратқанын ғана дәлелдеуге міндетті Жауапкер өзі айтқан, жариялаған мәліметтің негізділігін нақты дәлелдермен көрсетіп беруі керек. Егер өзі таратқан жазбаның шындыққа сәйкес екенін дәлелдеп бере алмаса, онда азаматтың ар-намысын таптап, іскерлік беделіне нұқсан келтіргені үшін жауаптылыққа тартылатынын ұмытпағаны жөн.

Азаматтық кодекстің 143-бабы 2-бөлімінде көрсетілгендей азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс. Егер бұқаралық ақпарат құралдары өздерінде жарияланған мәліметті терiске шығарып бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса не жауапты жариялау туралы азаматтың немесе заңды тұлғаның талабын орындамаса, онда іс сотта қаралады.

Жауапкер соттың шешiмiн орындамаған жағдайда сот тәртiп бұзушыға айыппұл салуға құқылы. Айыппұл азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiп пен мөлшерде салынады. Айыппұл төлеу тәртiп бұзушыны сот шешiмiнде көзделген әрекеттi орындау мiндетiнен босатпайды.

Тағы бір айта кетерлігі, азаматтың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтар таратылған болса, ол мұндай мағлұматтарды теріске шығарумен бірге, өзіне келтірілген залалдың және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы. Өкінішке орай, кейбір жәбірленушілер моральдық өтемақыға қомақты қаржы сұрап, сот белгілеген сомаға көңілі толмай жатады. Азаматтық процестік кодекске сәйкес моральдық зиян өтемақысының көлемі, адалдық, ақылға қонымдылық және әділдік қағидаларына сүйене отырып, істі қарайтын соттың қарауына қалдырылады. Сонымен қатар, моральдық зиянды өтеу туралы талаптар осы дауларды қарайтын судьяларға үлкен жауапкершілік жүктейтінін де ұмытпайық.

Марат Нұрбеков,

Алматы қаласы

Алатау аудандық сотының судьясы

Сауаттылық сергелдеңнен құтқарады

Кез келген даудың түйіні сотқа келіп тарқатылады. Сондықтан Ата...

Еңбек дауының алдын алу маңызды

Еңбектің барлық кезде дұрыс бағалана бермейтінін сот тәжірибесі көрсетіп...

Судьялар съезі – жаңа бастамалар мінбері

Судьялар одағы – қазақстандық қазылардың басын біріктіріп, бір мақсатқа...

Сот алдында бәрі тең

Азаматтық процесс барысында таразы басының тең ұсталып, екі тарапқа...

Кеңседегі іс жүргізу мәселелері

 Кеңсе жұмысы әртүрлі бағытта жұмыс жасайды. Бүгінде бұл бағытта...