Қазақстанның тұрақты дамуы мен экологиялық қауіпсіздігі үшін су – ең маңызды табиғи ресурстардың бірі. Соңғы уақытта мемлекет басшысы маңызды баяндамаларында су мәселесіне ерекше назар аударылып, елдегі су ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғауға бағытталған кешенді шаралар талқыланды.Су – халқымыздың тіршілігінің негізі. Оның тиімді пайдаланылуы мен санасын қорғау еліміздің тұрақты дамуы мен болашағына тікелей әсер етеді. Біз су тапшылығына қарсы күрес жүргізіп, су инфрақұрылымын жаңғыртуға бар күшімізді салу қажет деп есептеймін.Қазақстан – климаттық ерекшеліктер мен агроөнеркәсіптік даму салдарынан су тапшылығына ұшырау қаупі бар аймақтардың бірі. Климаттық өзгерістер, табиғи апаттар және су ресурстарына жоғары сұраныс су көздерінің азаюына әкеліп, жаңа, кешенді шараларды талап етеді. Сондықтан да, су мәселесін шешуде заманауи технологияларды енгізу, су тазалау және үнемдеу әдістерін дамыту аса өзекті болуда.Президент Қ.К.Тоқаевтың басшылығымен қабылданған жаңа стратегиялар су инфрақұрылымын жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу және су ресурстарын саналы басқару бағытында іске асырылуда. Сонымен қатар, көрші мемлекеттермен трансконтиненталдық су ресурстарын басқару мәселелерінде ынтымақтастықты нығайту – өзекті бағыттардың бірі болып отыр. Бұл шаралар Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.
Елімізде су мәселесіне баса назар аударуы – еліміздің тұрақты даму стратегиясына сәйкес, су ресурстарын қорғау мен тиімді пайдаланудың маңыздылығын көрсетеді. Су мәселесін кешенді түрде шешу, экологиялық тұрақтылықты нығайту мен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты кепіліне айналып отыр. Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 6-шы тармағы “Таза су мен санитарияны қамтамасыз ету” деп аталады. Бұл мақсаттың негізгі міндеті – баршаға таза ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз ету, су ресурстарын тиімді басқару және санитарлық жағдайды жақсарту арқылы қоғамның өмір сапасын арттыру.Ауыз су – адам өмірінің ажырамас бөлігі. Дегенмен, қазіргі уақытта әлемде 2 миллиардтан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Судың тапшылығы экологиялық, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді тудырып, көптеген елдерде денсаулық сақтау мен өмір сапасына кері әсер етуде.ТДМ 6-мақсаты келесі міндеттерді қамтиды:баршаға ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз ету;Санитария және гигиена жағдайын жақсарту;Су ресурстарын тиімді пайдалану және экожүйелерді сақтау;Суды ластанудан қорғау және қалдықтарды қайта өңдеу.
Қорыта айтқанда, су – өмірдің қайнар көзі екендігі айқын. ТДМ 6-мақсаты – тек суға қолжетімділікті арттыруды ғана емес, сонымен бірге адамдардың денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуды көздейді. Қазақстан үшін бұл мақсатты жүзеге асыру табиғи ресурстарды сақтау және болашақ ұрпаққа таза экожүйе қалдырудың кепілі.
Сулейменова С.Ж
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі,заң ғылымдарының докторы,профессор