12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

СОТТАЛҒАНДАР КАРАНТИННІҢ «ИГІЛІГІН» КӨРУДЕН ҮМІТТІ

Жаһанға жайылған қауіпті індет жазасын өтеушілерге де жетті. Бүгіннің өзінде әлемнің бірқатар елдеріндегі түзету мекемелерінде коронавирустан көз жұмғандар саны күн санап артқан. Санитарлық жағдайы сын көтермейтін түрмелерде ауру жұқтырып алса, медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік жоқ. Италия, Колумбия, Шри–Ланка елдерінде жазасын өтеушілер осындай желеумен жаппай бүлік шығарып жатқанда, АҚШ билігі алғашқылардың бірі болып түрме тұрғындарын үй жағдайындағы карантинге жібере бастады.

Өткен аптада АҚШ Федералдық түрме бюросы елдегі барлық түрмелерде тұтқындарға екі апталық міндетті карантин енгізілгенін, адвокаттармен жеке қарым-қатынас жасауға және туыстарымен кездесуіне тыйым салынғанын хабарлады. Биліктің бұл шешімінен кейін тұтқындардың кешірім сұрауы мен жазаны қысқарту туралы өтініші көбейген. Олардың дені жаза мерзімінің жартысын өтеуіне және денсаулығына байланысты
сұранған. Мәселен, Қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны үшін істі болған Берни Мэйдофтың адвокаты Брэндон Сэмпл қорғалушысының ауыр бүйрек ауруына шалдыққанын, коронавирус оның өміріне қауіп төндіретінін жеткізген. Ал, көптеген қаржылық заңсыздығы үшін темір торға тоғытылған АҚШ президентінің бұрынғы адвокаты Майкл Коэн өз твиттерінде сотталушыларды тез арада үй қамауына жіберуге шақырған. «Бұл қадам түрмедегі қауіпті індетті жұқтырушылардың азаюына мүмкіндік береді», – деді адвокат.

Түрме бюросы төтенше жағдайда

АҚШ саясаткерлері, адвокаттары және құқық қорғаушылары көптен бері түрмелерде індеттің басталуы туралы ескертіп, ауру өршіп тұрған кезде тұтқындарды мерзімінен бұрын босату мүмкіндігін қарастыруды ұсынып келеді. Өйткені, қамаудағылар арасында қауіпті дертті жұқтырушылар жиілеп барады. Луизиана штатында есірткі сатқаны үшін 49 жылға сотталған 27 жастағы Патрик Джонс АҚШ-тың түрме жүйесіндегі коронавирустың алғашқы ресми құрбаны. Джонстың өлімінен кейін Окдале түрмесіндегі күзетшілердің бірі
интенсивті терапияға орналастырылды, кемінде 30 тұтқыннан коронавирусқа оң тест нәтижесі шыққан. Жалпы алғанда, 1700 адамға арналған түрмеде 60-қа жуық тұтқын карантинге жатқызылған. Алайда, құқық қорғаушылар мен заңгерлер бұл сандар анағұрлым көп болуы мүмкін дейді. Нью-Йорктегі Колумбия университетінің эпидемиологы Сет Принс федералды агенттіктер коронавирусқа шалдыққандардың күн сайынғы статистикасын жаңартпайтынын айтқан. Оның үстіне елдегі сарапшылар «түрмелер мен тергеу изоляторлары кез келген аурудың таралуына өте қолайлы орын» деп санайды. Оның үстіне штаттағы тұтқындардың көбісі медициналық қызметке ақы төлей алмайды. Осындай бірнеше себепті алға тартқан
адвокаттар өтінішінен соң ел билігі бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдауға мәжбүр болды. Калифорния мен Колорадо федералды прокурорлары зорлық-зомбылықсыз айыпталғандардың барлығы тергеу изоляторынан босатылатынын мәлімдеді. Ал, Огайо мен Техаста мерзімі аяқталуға жақын 200-ден астам тұтқын босап шықты. Флорида, Вашингтон және Алабама штаттарының билігі «жол қозғалысы ережелерін бұзу немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босату ережелері бойынша айыпталған адамдар жергілікті
түрмелерден кетуі керек» деген шешім қабылдаса, Нью-Джерси билігі эпидемия кезінде штаттағы сотталғандардың жартысына жуығын уақытша босату туралы шешім шығарған. Олардың бәрі коронавирус жойылғанда қамау орнына қайта оралады.

«Короновирусқа бола казарманы тастай алмаймыз»

Ресейде де Адам құқықтары жөніндегі кеңес «Жүздеген тағдырды сақтаңыз» атты коронавирусқа байланысты амнистия жобасын бастады. Сөйтіп, «Коронавирусқа рақымшылық жасау туралы» жаңа заң жобасын талқылауға кірісіп те кетті. Құжат жобасына сәйкес, жеңіл-желпі қылмыс бойынша қылмыстық істерді тоқтату және жазасы бес жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы істер бойынша іс жүргізуді тоқтату ұсынылады. Алайда, рақымшылық мәселесі елдегі құқық қорғаушыларды екі топқа бөлді. Бірінші топ коронавирусқа байланысты «мүмкіндігінше рақымшылық жасауға» шақырып, «Бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдарға қауіп төніп тұр. Жазасын өтеушілердің көптігінен сапалы медициналық көмекке қол жетімсіздік көрініс беріп, иммунитеттің әлсіреуі, сондай-ақ, басқалармен үнемі байланыста болу және оқшауланудың мүмкін еместігі білініп жатыр» деп үндеу тастады.
Алайда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық комитет төрағасы Кирилл Кабанов рақымшылыққа қарсы. Ол жазасын өтеушілерді жаппай бостандыққа жібере бермей, оқшаулау камералары мен түрмелерде санитарлық бақылау мен дезинфекция шараларын күшейту қажеттігін алға тартады. «Түсінемін, казарма – көп адам тұратын тығыз және жабық кеңістік, бірақ, коронавирусқа бола казарманы тастап, бүкіл әскерді үйге жіберу мүмкін емес», – дейді Кирилл Кабанов.
Сондай-ақ, Ресейдегі федералдық пенитенциарлық қызмет өзінің мекемелерін сыртқы байланыстардан жабудың жолын таңдады. Айдың соңында тергеу изоляторлары адвокаттардың айыптаушылармен жүздесуіне шектеу қойып, Мәскеудегі тергеу изоляторының сегізінің жетеуі жаңа тұтқындарды қабылдауды тоқтатты. Франция билігі індет кесірінен 6000-нан астам тұтқынды мерзімінен бұрын босатуға мәжбүр. Өйткені, француз түрмелеріндегі тұтқындар мен түрме қызметкерлерінен жаппай коронавирус дерті оң нәтиже көрсетіп жатыр. Кейбір деректерге сүйенсек, елдегі Әділет министрлігі мерзімі аяқталған немесе денсаулығы нашар адамдарды мерзімінен бұрын босату жөнінде науқан ұйымдастырудың арқасында түрмедегілер саны анағұрлым азайған. Бүгіннің өзінде француз құқық қорғаушылары биліктен жазасын өтеуіне алты айдан аз уақыт қалған тұтқындарды жаппай босатуды сұрауда.
Германияда да бірнеше жүз адам бостандыққа жіберілсе, Иордания, Судан, Бахрейн, Үндістан және Канада түрме тұрғындарының бір бөлігін босатуға шешім қабылдады. Себебі, наурыздың басында Италиядағы жаппай тәртіпсіздік өзге елдерге сабақ болғанға ұқсайды. Есте болса, өткен айда Италияда жабық мекемелердегі жазасын өтеушілер бүлік шығарып, кейбіреулер түрмеден қашуға тырысты. Алайда, коронавирустан ең көп зардап шеккен ел билігі әлі де болса ауқымды амнистия жоспарын жариялаған жоқ. Иран билігі болса шешуші шараларды қабылдауда шапшаңдық жасап, наурыздың өзінде ғана 200 мыңға
жуық адамды бостандыққа жіберді. Олардың арасында саяси тұтқындар да бар. Бірақ, бостандыққа шығушылар карантиннен кейін түрмелерге оралуы тиіс.

Қауіпсіздік шарасы көңіл көншітпейді

Қазақстандағы коронавирустық індетке байланысты тұтқындардың кейбір тобын түрмелерден босату керек. Белгілі адвокат Абзал Құспан жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа осындай мәтіндегі хат жазған. Себебі, біздегі түрмелерде коронавирустың таралу қаупі жоғары көрінеді. Айтуынша, Қазақстандағы түрмелердің көпшілігі халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. «Камералары ескі және тар. Екі адамдық камерада төрт адам, төрт адамдықта сегіз тұтқын тұрады. Барлығы бір камерада жеп, ішеді, дәретханаға барады, таза ауа, күн жоқ, санитарлық норма болмаған кезде тышқандар пайда болады. Осының бәрі түрмедегі аурудың тез таралуына себеп болуы мүмкін», – дейді адвокат. Оның ойынша, қылмысы жеңілдерге рақымшылық жасалуы қажет. Зейнеткер, жасөспірім және әйелдерге жеңілдік болуы мүмкін. «Тергеу изоляторындағы адамдардың кінәсі әлі дәлелденген жоқ, оларға қарсы сот үкімі де жоқ. Сондықтан оларды
үй қамағына жіберген жөн», – дейді Абзал Құспан. Оның үстіне бұл шара мемлекет үшін экономикалық тиімді
деген қорғаушы: «Мемлекет күніне бір адамды түрмеде ұстау үшін төрт мың теңге жұмсайды. Егер 30 мыңға
жуық адам босатылса, бұл айына 3,6 млрд теңге немесе жылына 43,2 млрд теңгеге үнем», – деп отыр. Адвокаттың айтқанын тіркелмеген оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы жетекшісі, Владимир Козлов растап «Түзеу мекемелерінде дәрі-дәрмектің жетіспеуі туралы сенімді түрде айтуға болады. Гигиена сақталмайды. Маскалар, антисептиктер жоқ, кейде сабын да болмайды», – дейді.
Халықаралық түрме реформасы (PRI) Орталық Азиядағы өкілдігінің орынбасары Жанна Назарова елімізде
түрмедегілерді босату туралы айтуға әлі ерте деп отыр. Ол үшін алдымен азаматтардың белгілі бір бөлігі уақытша жағдайда босатылса да, олардың орналасуы мен карантиннің сақталуына нақты бақылау болуы қажет.
 

БОСАТЫЛҒАНДАР ҮЙІНЕ ДЕЙІН ЖЕТКІЗІЛЕДІ

Алайда қоғамда айтылып жүрген алып-қашпа әңгімелерге сенуге әсте болмайтынын айтқан ҚАЖ комитеті
төрағасының орынбасары, әділет генерал-майоры Мейрам Аюбаев елдегі 82 мекемедегі 29 мыңға жуық жазасын өтеуші төтенше жағдайға байланысты жақындарымен жүздесе алмаса да, телефонмен тілдесуіне тосқауыл жоқ екенін алға тартты. Ол аз десеңіз бейнебайланыс арқылы сөйлесуге жағдай жасалған. Бұл түрмедегілердің туыстары тарапынан түсінбеушілік болмас үшін ұйымдастырылған. Сондай-ақ, ҚАЖ комитетінде азаматтардың мәселелерін қарау үшін Call-орталық (8 (7172) 72-30-40) құрылып, оған сотталғандардың туыстары мен қорғаушылары өздеріне қажетті сұрақтар бойынша жүгіне алады. Орталықтың жұмысы басталғалы 180-ге жуық қоңырау келіп түскен.
Осылай деген Мейрам Аюбаев бүгінгі күні сотталғандарды және жеке құрамды коронавирустық инфекцияны
жұқтырудан қорғау үшін алдын алу шаралары кешені қабылданғанын алға тартты. Мәселен, ҚАЖ мекемелеріне кіру шектелген, оның ішінде туыстарымен және өзге де адамдармен кездесуге тыйым салыныпты. Қабылданып жатқан шараларды мониторингілеу үшін ҚАЖ мекемелеріне баруға құқылы қоғамдық бақылау комиссиясының өкілдері мен ұлттық алдын алу тетігі мүшелерінің өзінің мекемеге келуіне рұқсат жоқ. Карантин кезінде мекемелерде жалпы білім беретін мектептер және кәсіптік колледждердің жұмыс істеуі тоқтатылған, ал, ҚАЖ мекемелерінің аумағындағы кәсіпорындар мен кәсіпкерлік субъектілердің өндірістік қызметі қабылданған шараларды ескере отырып ұйымдастырылады. Ал, департаменттер мен мекемелердегі санитариялық-эпидемияға қарсы талаптар жан-жақты қамтамасыз етілген. Айталық, әкімшілік
ғимараттардың кіру топтарында арнайы құрылғыларды (байланыссыз термометр), дезинфекциялау және вирусты инфекцияларға қарсы арнайы жеке қорғану құралдары қолданылады. Дезинфекциялау бойынша күшейтілген режимде тұрақты жұмыс жүргізіліп, адамдар маскамен толық қамтамасыз етілген.
ҚАЖ комитеті төрағасы орынбасарының айтуынша, бірінші қажеттіліктегі тауарларды жеткізу үшін онлайн режимде тапсырыс жасайтын электрондық дүкендер жұмыс жасайды. Сотталғандар және тергеу қамауындағылар аш қалатындай күдік те негізсіз, себебі, мекемелерде екі айлық азық-түлік қоры бар. Бұдан басқа, көктемгі кезеңде тағамға 50 мл аскорбин қышқылын қосу арқылы тағамдарды витаминдеу жүргізіледі.
«Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған сотталғандар бар. Алайда, олардың төтенше жағдай
кезінде үйіне жетуі қиындық туғызуда. Қазір аумақтық департаменттер бұл мәселені әкімдіктер жанындағы
жедел штабтармен пысықтап жатыр. ҚАЖ қызметкерлері мекемеден босатылғандарды үйлеріне дейін апарып тастайтын болады. Және олардың бәрі жеке гигиена құралдарымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, пробация
қызметінің жұмысы онлайн-режимде жұмыс істеуде. Қызметкерлер есепке алынған адамдардың үйіне бармайды, тексеру бейнебайланыс арқылы жүргізіледі. Оларға тек шұғыл түрде, хабарсыз кеткенде ғана барады», – дейді Мейрам Аюбаев.
Орынбасардың айтуынша, мекемелердегі қазіргі жағдай тұрақты, коронавирустық инфекцияны жұқтыру жағдайы анықталмаған. Сотталғандар және тергеу-­қамауындағылар көпмәртелік қорғау маскаларымен қамтамасыз етіліп, олар күнделікті термиялық өңдеуден өткізіледі. Керісінше елімізде маскалардың
жетіспеушілігіне байланысты мекеме кәсіпорындарында қорғаныш маскалары мен комбинезондар тігілуде.
Сондай-ақ, «Еңбек» ҚАЖ кәсіпорны ғимаратқа кіретін адамдарды санитарлық өңдеу үшін есіктерге орнатылатын дезинфекциялық туннель әзірлеп жатқанға ұқсайды.
Материалдық-тұрмыстық жағдайлары да жаңартылып, халықаралық стандарттарға сәйкес камералық
ұстауға біртіндеп көшу жүзеге асырылуда. Бүгінде осындай жеке камералық 9 мекеме бар. «Сотталғандарды
материалдық-тұрмыстық қамтамасыз ету жақсартылды. Олардың тұрғын үй нормаларының шаршы алаңын
ұлғайттық», – дейді әділет генерал-майоры.
Адвокаттың ұсынысын қолдайтынын айтқан үш баланың анасы Сара Тұрбашова: «Қауіпті індет күн сайын
көбейіп жатқанда түрмедегі абайсызда қылмыс жасаған аналарға кешірім бергені дұрыс-ақ. Анасының амандығы бостандықта қалған баласы үшін бәрінен қымбат. Ал, бостандыққа шығуына аз қалған жемқор сотталушыға\ көп мөлшерде айыппұл салып, рақымшылыққа жіберуге болады деп ойлаймын. Бірақ, оларды мемлекеттік маңызды қызметке тағайындауға болмайды», – дейді.
Ал, нұрсұлтандық тұрғын Ерсанат Қыдыржанұлы қылмыс жасағандарға қандай жағдай болса да кешірім беруге болмайтынын айтады. «Тергеу мекемелерінде отырғандарды үйге жіберу дегенге үзілді-кесілді қарсымын. Себебі, олар күнә жасап, қылмысқа барғанда түбі қайда баратындарын білді. Біреудің көз жасына қалса, ал, біреуді ажал құштырды. Карантинге деп шығып алып қайта қылмыс жасамасына кім кепіл? Шетелдерде уақытша бостандыққа шығарылғандарды бақылау күшті. Ал, біздің сотталғандарға тағылатын электрондық білезік түгілі электрондық үкіметті қарық қылғанымыз шамалы», – дейді Ерсанат Қыдыржанұлы.

Жадыра МҮСІЛІМ

[ratings]

ЖЕР БАҒАСЫ АСПАНДАП ТҰР

Қиян шеттегі ауылды қайдам, аудан орталығындағы жер бағасы сіз бен бізді ойландырмай қоймайды. Облыс не үлкен қала орталығына жақын елді мекендерді былай қойғанда, 10-15 мың түтіні бар моноқалалық жерде 10 сотық жер бағасы 2-3 млн теңгеден асып жығылады.

Қазақстан су тасқыны кезеңіне дайын ба?

Төтенше жағдайлар министрлігі 2025 жылдың су тасқыны кезеңіне дайындық барысы туралы айтты.

Елімізде 35 градусқа дейін аяз болады

Синоптиктер 24, 25 және 26 желтоқсанда Қазақстанда ауа райы қандай болатынын болжап айтты.

ШҚО-да қар көшкініне байланысты жолдар жабылды

Шығыс Қазақстан облысында көлік қозғалысына шектеу қойылды.

Елімізде қанша ұшақ 25 жылдан ұзақ пайдаланылған?

Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда жолаушы тасымалдайтын қанша ұшақтың мерзімі 20 жылдан көп екенін айтты.