Қылмыстық істерді сотта қарау – адам тағдыры шешілетін, қылмыстық сот ісін жүргізудің ең жауапты әрі шешуші кезеңі. Бұл процесте соттың басты мақсаты тек қылмыс жасаған адамды жазалау ғана емес, сонымен қатар кінәсіз адамның негізсіз сотталмауын қамтамасыз ету. Осы орайда сот төрелігін жүзеге асыру барысында соттар бұлжытпас бірнеше басты бағыттар мен қағидаттарды ұстанады.
Қылмыстық істі қарау кезіндегі ең негізгі бағыт – заңдылық қағидатын қатаң сақтау. Судья процесті жүргізгенде және үкім шығарғанда тек Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстердің талаптарына сүйенуге міндетті. Ешқандай сыртқы күштер, қоғамдық пікір немесе жеке көзқарастар соттың заң шеңберінен шығуына негіз бола алмайды. Дәлелдемелердің өзі заңды жолмен алынған жағдайда ғана жарамды деп танылады.
Кінәсіздік презумпциясы. Бұл – бүкіл қылмыстық сот ісін жүргізудің діңгегі. Кінәсіздік презумпциясының басты мәні:адамның кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен дәлелденбейінше, ол кінәсіз деп есептеледі; айыпталушы өз кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес; оның кінәсін дәлелдеу міндеті толығымен айыптаушы тарапқа (прокурорға) жүктеледі; іс материалдарындағы кез келген шешілмеген күмән айыпталушының пайдасына түсіндіріледі.
Тараптардың жарыспалылығы және тең құқықтылығы —қазіргі заманғы сот процесі айыптаушы және қорғаушы тараптардың тең құқықты жарыспалылығына негізделген.
Сот залында прокурор да, адвокат та (айыпталушы) дәлелдемелерді ұсынуға, куәлардан жауап алуға және сараптама тағайындау туралы өтініш жасауға бірдей құқылы. Бұл бағытта сот айыптау немесе қорғау функциясын өзіне алмайды, ол тек процестің әділ өтуін қадағалайтын, тәуелсіз әрі бейтарап төреші міндетін атқарады; істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу — сот істің ақиқатына жету үшін тек айыптаушы тарап ұсынған дәлелдермен шектеліп қалмауы тиіс; объективтілік — сот айыпталушыны әшкерелейтін де, сонымен бірге оны ақтайтын немесе жауапкершілігін жеңілдететін де мән-жайларды бірдей мұқият зерттеуге бағыт ұстайды; толықтық- үкім тек сот мәжілісінде тікелей зерттелген және ешқандай күмән тудырмайтын нақты фактілерге ғана негізделуі керек.
Қорғану құқығын қамтамасыз ету — әрбір күдікті немесе айыпталушы білікті заң көмегін алуға құқылы. Сот істі қарау барысында сотталушының қорғану құқығының бұзылмауын қатаң бақылайды. Егер сотталушының адвокат жалдауға қаражаты болмаса, мемлекет есебінен қорғаушы тағайындалады. Бұл бағыт әділеттіліктің орнауы үшін екі тараптың күштерін теңестіруге қызмет етеді.
Соттағы қылмыстық істерді қарау кезінде ұсталынатын бұл басты бағыттар – жәй ғана заңдық терминдер емес, олар адамның бас бостандығы мен құқықтарын қорғайтын қуатты қалқан. Тек осы қағидаттар бұлжытпас дәлдікпен орындалған жағдайда ғана шығарылған үкім заңды, негізді әрі әділ болып саналады, ал қоғамның сот жүйесіне деген сенімі арта түседі.
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айгүл Нұрланқызы Актулиева


