Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне «Дауларды соттан тыс реттеу» атты жаңа тарау енгізілген. Сондай-ақ, осы мақсатта қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының «Төрелік туралы» Заңы дауларды соттан тыс шешу жүйесін дамытуға бағытталады.
Алғаш рет әлемдік тәжірибеде бітімгершілік рәсімдерін жасау құқығы адвокаттардың құзыретіне берілген екен. Дауды соттан тыс реттеу рәсімдері мәселені шешудегі оңтайлы, ұтымды әрі тиімді тәсілдердің бірі екендігі тәжірибе барысында өз дәлелін тауып келеді.
Тараптар арасында туындаған түйіткілдің түйінін бітімгершілікке келу арқылы оңай тарқатуға болады, осы орайда, ымыраға келуге бағытталған медиациялық келісімдер мен шарттар жасасу мүмкіндіктері қарастырыған. Яғни, заңда дауды бейбіт реттеуге ықпал ету көзделіп отыр.
Дауды сотқа дейін реттеудің ерекшелігі – бұл даулы мәселені азаматтық істің кез-келген уақытында бітімгершілік келісіммен аяқтау мүмкіндігінде.
Судья медиацияны жүргізген кезде немесе медиатордың қатысуымен Тараптар жасаған келісімді бекіткен кезде басты ережені есте ұстаған жөн: келісім басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұза алмайды және заңға қайшы келмейді. Бұл ретте келісім жазбаша нысанда жасалады және тараптар немесе олардың өкілдері оларда сенімхатта арнайы көзделген келісімді жасасуға өкілеттігі болған кезде қол қояды. Сот келісім бекітілгенге дейін оны жасасудың құқықтық салдарын тараптарға міндетті түрде түсіндіреді. Қарау нәтижелері бойынша сот келісімді бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату не келісімді бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Бір мезгілде судья тараптарға татуластыру рәсіміне, оның ішінде сотқа дейінгі хаттаманы, медиаторды немесе өкілдерді жасай отырып шақыру құқығын түсіндіреді. Өтінішхат бойынша немесе өз қалауы бойынша тараптардың татуласуына жәрдемдесуі мүмкін басқа адамдарды татуласу рәсіміне қатысуға шақырады.
Сонымен қатар, судья азаматтық істі қозғау және оны сот талқылауына дайындау туралы ұйғарым шығарады, егер тараптар 10 жұмыс күні ішінде сотқа дейінгі хаттама жасамай, татуластыру рәсімдері шеңберінде келісімді бекіту туралы өтініш білдірсе, сотқа дейінгі хаттаманы жасаумен татуласқан жағдайда мұндай ұйғарым 15 жұмыс күнінен кешіктірілмей шығарылады.
Егер Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде немесе заңда өзгеше көзделмесе, татуластыру рәсімдерін қолдана отырып, дауды реттеу туралы өтінішхат талап қою ісінің кез келген сатысында мәлімделуі мүмкін.
Қорытындылай келе, дауды соттан тыс шешудің бірқатар артықшылықтары бар, мемлекеттік бажды төлеудің қажеті болмайды, егер дау сотта басталса, бірақ бітімгершілік келісіммен аяқталса, баж тараптарға қайтарылады. Сонымен қатар, тараптар дауды, жанжалды бейбітшілікпен шешкен кезде, олар жеке өмірінің немесе кәсіпкерлік қызметінің кейбір тараптарын жариялаудан аулақ бола алады, құпиялылықты сақтай алады.
Бұдан бөлек, татуласу рәсімдерін қолдану кез-келген жағдайда дауды соттарда қарауға қарағанда аз уақытты алады.
Осы аталған татуласу тетіктерін қолдану арқылы дауды тез, ең бастысы екі тарап үшін де қолайлы келісімге келу арқылы аяқталуына қол жеткізуге болады.
Қызылорда қалалық сотының судьясы
Нұрлан Жұмабекұлы Төлеш