Мемлекеттік тіл – ел тәуелсіздігінің, ұлттық бірегейліктің және мемлекеттік басқарудың маңызды негіздерінің бірі. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен тіл туралы заңнамасында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бекітілген. Сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылуы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және құқықтық мәдениетті қалыптастыру тұрғысынан ерекше маңызға ие.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 13-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады. Бұл норма мемлекеттік тілдің сот төрелігін жүзеге асырудағы негізгі тіл екенін айқындайды.
Сот ісін жүргізу тілі – сот процесіне қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз ететін маңызды процессуалдық кепілдіктердің бірі. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14-бабына сәйкес, сот ісін жүргізу тілі талап қою арызының немесе арыздың берілген тіліне байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Істі сот талқылауына дайындау кезінде сот талап қоюшының сот ісін жүргізу тілін жеткілікті деңгейде меңгергенін және істің мәні мен мазмұнын түсінетінін анықтайды. Бұл ретте сот процесіне қатысушы өзіне түсінікті тілде түсініктеме беруге, сотта сөз сөйлеуге және өз құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Яғни мемлекеттік тілдің қолданылуы басқа тілдерді білетін азаматтардың құқықтарын шектеуге емес, керісінше сот төрелігіне барынша қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Сот актісі – азаматтың құқықтары мен міндеттеріне тікелей әсер ететін маңызды құқықтық құжат. Сондықтан оның мемлекеттік тілде сауатты, түсінікті және құқықтық терминология талаптарына сай жазылуы аса маңызды. Сот актісінің тілі күрделі құқықтық терминдерден ғана тұрмай, азаматқа соттың қандай шешімге және қандай құқықтық негіздерге сүйене отырып келгенін түсіндіруі тиіс. Осыған байланысты сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылуы тек істердің қай тілде қаралғанымен шектелмеуі керек. Сот актілерінің, процестік құжаттардың, азаматтарға берілетін ақпараттың және сот қызметіне қатысты түсіндіру материалдарының сапасы да назарда болғаны жөн.
Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі рөлін арттыруда судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби тілдік біліктілігі маңызды орын алады. Құқықтық терминдерді дұрыс қолдану, процестік құжаттарды мемлекеттік тілде сауатты әзірлеу, азаматтардың өтініштеріне түсінікті жауап беру – сот қызметкерлерінің күнделікті жұмысының бір бөлігі. Сондықтан мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде меңгеруге бағытталған оқыту курстарын, семинарларды, құқықтық терминология бойынша практикалық сабақтарды жүйелі түрде ұйымдастыру тиімді.
Бүгінде сот жүйесі цифрлық технологияларды белсенді қолдануда. Электрондық сот сервистері азаматтарға сотқа жүгіну, құжаттарды электрондық түрде ұсыну және сот процестері туралы ақпарат алу мүмкіндігін жеңілдетті. Осы ретте цифрлық сот сервистерінің мемлекеттік тілдегі нұсқаларының сапалы әрі түсінікті болуы да маңызды. Мемлекеттік тілдегі электрондық өтініштер, сот хабарламалары, нұсқаулықтар мен ақпараттық материалдар азаматтардың сот жүйесімен өзара байланысын жеңілдетіп, құқықтық ақпараттың қолжетімділігін арттырады.
Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің рөлі – тек тіл саясатының мәселесі емес, ол заң үстемдігі, азаматтардың құқықтарын қорғау және сот төрелігінің қолжетімділігімен тікелей байланысты.
Алдағы уақытта сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтумен қатар, сот актілерінің тілдік сапасын арттыруға, құқықтық терминологияны біріздендіруге, сот қызметкерлерінің кәсіби тілдік деңгейін жетілдіруге және цифрлық сот сервистерін қазақ тілінде дамытуға басымдық беру маңызды. Мемлекеттік тілдің сот төрелігі саласында сапалы әрі жүйелі қолданылуы – азаматтардың заңды құқықтарын түсінуіне, сотқа деген сенімінің нығаюына және Қазақстандағы құқықтық мәдениеттің одан әрі қалыптасуына ықпал ететін маңызды фактор.
Ақтөбе қалалық сотының бас маманы-Кенесова Әсемгүл


