Ұшан-теңіз білімі, биік парасаты, ақ алмастай әділдігі бір төбе, айтқан сөзі мірдің оғындай дөп тиетін орақ ауыз, өткір тілді шешендігімен көзі тірісінде-ақ аңызға айналған ұлы тұлға, еліне адал қызмет еткен жайсаң жан, профессор, филология ғылымдарының докторы – Темірбек Қожакеев 1926 жылдың 17 желтоқсанында қазіргі Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ойтал ауылында дүниеге келген. Профессор қазақ зиялы қауымының қара шаңырағына айналған С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетіне 1948 жылдың қыркүйегінде оқуға түсіп, филология факультетінің журналистика факультетінде білім алған. Оқуын аяқтаған соң, 1972 жылға дейін өзі түлеп ұшқан қара шаңырақта оқытушы, аға оқытушы әрі доцент болып жұмыс істейді. Ал 1972–1986 жылдар аралығында журналистика факультетінің деканы қызметін атқарды.
Жалпы Қазақстандағы журналист кадрларын дайындау мәселесінің түбегейлі шешілген тұсы – Темірбек Қожакеев факультетті басқарған жылдар. Оқу жоспарына сапалы да, жүйелі өзгеріс енгізді. Нәтижесінде журналистика факультетіне білікті ғалымдар келді, мықты еңбектер жазды. Телевизия, телерадио журналистика, баспасөз бен газет-журналдың теориялық жинағы жарық көрді. Баспадан оқулық пен монографиялар шықты. Қазақ қоғамының өзекті проблемаларын қаузаған профессор, докторлар шыға бастады.
Темірбек Қожакеевтің асыл қасиеті – жас жетті, қайрат қайтты демей, әдебиет тарихы мен журналистика тарихын «ақтаңдақтардан» аршып, ұлттық санадағы дертке дауа іздегені. Оның кейінгі жазған «Жыл құстары», «Көк сеңгірлер», «Сара сөздің сардарлары» атты еңбектерінің маңызы ұлттың ар-ұжданына айналған арыстарды жұртымен қайта қауыштырғаны. Ғалым Алаш қайраткерлерінің көрінгеннің көзіне түсе бермейтін публицистикалық мақалаларын архив қойнауларынан, қолжазбалар қорынан тірнектеп жиып, шаншыла оқып, көз майын тауыса жүріп жарыққа шығарды. Бар ғұмырын ұлтының кешегісі мен бүгінгісін, бары мен жоғын түгелдеуге арнап, аға буын ретінде ұрпақ алдында борышын өтегендей. Елім, жұртым деп жүріп, жазықсыз жапа шеккен А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Н.Төреқұлов, Б.Сүлеев, Ә. Бірімжанов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов сынды алаш ардақтыларының әруағы Темірбек Қожакеевке риза. Ол ұлылардың «ұрпаққа хатын» сараптап, талдап, байыпты бағалап, түсіне талдап болашаққа аманаттады.
Темірбек Қожакеев қазақ сатирасын жанр ретінде жүйелеп, талдаған ғалым. Осы бағытта жазған көптеген кітабы бұл сөзіме дәлел. Мәселен, Темірбек Қожакеевті ғалым ретінде ғылыми жұртшылыққа алғаш танытқан іргелі зерттеу – «Қазақ Совет фельетоны» деген еңбегі. Ғалым қаламынан туған «Қазақ сатирасы», «Сатира және дәуір», «Адам. Қоғам. Сатира», «Сатиралық жанр», «Сатира – күштілер қаруы», «Сатира негіздері» т.б. шығармалар қазақ әдебиеті мен журналистикада бұрын ешкім кеңінен ортаға салмаған тақырыптарды алғашқы болып көтеріп, рухани мұрамызда өзіндік орны бар сатираны әдебиеттану ғылымының игілігіне жаратып, ғылыми айналымға енгізгені үшін құнды. Сонымен қатар сатиралық жанрлардың, мәселен фельетон, юмор, комедия, памфлет, шарж, эпиграмманың, карикатураның ортақ элементтері мен айрықша детальдары қандай болуы керек деген сауалдарға нақ, тамаша жауап бере білген.
Әлемдік сатира мен юмордың шығу тегін, түп-төркінін антика дәуірінің тұлғалары Гораций, Персидің, Аристофан мен Эзоп, арабтың әл Джахизі мен ағылшынның Даниэль Дефо мен Джонатан Свифт бергі де түріктің Әзиз Несині, орыстың Иван Крыловы және т.б. еңбектерін талдап, таразылап қазақша тәржімалаған. Олардың шығармашылығындағы сәулені, ой-ұшқындарын дәл ұғына білген, ұғындыра білген, күллі түркі халқының ортақ сатира кейіпкерлері Қожанасыр мен Алдаркөседен бастап, Шаншардан шыққан Қонтай, Тонтай сияқты әзілкештер мен сықақшылардың бай мұрасын зерттеп-зерделеп осы күнмен байланыстырып ойлы оқырманға ұсынған. Сол заманда фельетон сатираның ең ықпалды жанры болды. Темірбек ағайдың жазған фельетонының негізінде билік тарапынан арнайы комиссия құрылып сын нысаны болған шаруашылықтар, спорт кешендері, өндіріс ошақтары, ғылыми-шығармашылық мекемелер тексеріліп, келеңсіздіктер әшкереленген.
Шәкіртсіз ұстаз тұл демекші, қазіргі таңда сатиралық жанрларда тамаша туындыларымен елге танылған Әділбек Қаба, Серік Абас-шах, Ермахан Шайхы, Нұрлан Қалқа, Мартбек Тоқмырза сынды шәкірттер Темірбек ағайдың шекпенінен шыққандар деп нық айтуға болады. Олар ұстаздары салып кеткен даңғыл жолды жаңғыртып, сатира туын жықпай келе жатқан сатириктер. Темірбек Қожакеевті қазақ журналистикасының корифейі десек қателеспеген болар едік. Темірбек Қожакеев дарынды жастарды әркез қолдап, бала бүркітті кәсіби құсбегідей баптайтын, қанаты қатайған тұста додаларға салып сынайтын. Сыннан сүрінбей өткендердің әр қадамынан Қожакеевтің қолтаңбасы менмұндалайтын. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дегеніндей Темірбек Қожакеев шәкірттері елін де, жерін де қалам қарымымен қорғай алатын нағыз қайраткерлер. Осындай шәкірт тәрбиелеу – ұлтын шексіз сүйетін азаматтың ғана қолынан келетін ұлы іс. Иә, «Гогольдің шинелінен шықтық» дегендей, журфакта 50–90 жылдары оқыған, журналистиканың бел ортасында жүрген азаматтардың бәрі «Темірбек Қожакеевтің шекпенінен шықтық» деп жүретіндері рас.
Ғұлама ғалым еңбектері сатирадай сан сырлы құбылыстың құпия қырын ашып, жанрларының жігін ажыратып, оның рухани өміріміздегі орнын айқындап беруімен қымбат. Талғамы биік, танымы терең Темкеңдей тұлғаның өмірлік ұстанымы болашақта талай жас талаптың ғылым, білім, өмір жолындағы адастырмас темірқазығына айналары хақ.
Игерді Ақтолқын,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
журналистика факультетінің 4-курс студенті;
Ғылыми жетекші: ф.ғ.к., доцент Ғ. Майкотова.


