Сот саласындағы мемлекеттік тіл — билерден бастау алған құқықтық дәстүрдің жалғасы

               Қазақ халқының тарихында ел бірлігін сақтап, дау-жанжалды әділдікпен шешуде билердің орны ерекше болған. Би – тек дау шешуді ғана емес, халықтың сөзін сөйлеген, елдің салт дәстүрі мен  әдеп ғұрпын терең білген, шешендігімен, парасаттылығымен елге жол көрсеткен тұлға. Билер сотының басты құндылығы — әділдік, адамгершілік және елдік мүдде болды. Ал осы құндылықтардың халыққа жетуінің негізгі құралы- тіліміз еді.

          Қазақ қоғамындағы билер институты мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі ерекше орнын айқындаған тарихи мектеп болды. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды ұлы тұлғалар ел арасындағы күрделі дауларды бір ауыз сөзбен шешіп, әділ төрелігін қазақ тілінде жеткізді. Олардың шешімдері халыққа түсінікті әрі ұғынықты болды. «Тура биде туған жоқ» деген нақылдың өзі билердің әділдік қағидатын жоғары қойғанын көрсетеді.

           Билердің шешендік сөздері мен төреліктері – қазақ тілінің құқықтық, қоғамдық және рухани әлеуетінің жоғары болғанының айқын дәлелі. Олар заң баптарына ғана сүйенбей, елдің дәстүрін, әдеп-ғұрпын, адамгершілік қағидаларын негізге алып, дауласқан тараптарды мәмілеге келтіре білді. Демек қазіргі сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданылуы — халқымыздың құқықтық мәдениетімен сабақтасып жатқан табиғи тарихи үрдіс.

          Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында қазақ тілі — мемлекеттік тіл. Мемлекеттің тілдің мәртебесі Конституцияның 9-бабында бекітілген. Сот төрелігін жүзеге асыру барысында тіл мәселесінің маңызы айрықша. Себебі — азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделері қорғалатын, тағдырлы шешімдер қабылданатын мемлекеттік орган. Сондықтан сот процесінде қолданылатын тілдің түсінікті, нақты әрі сауатты болуы — заңдылық пен әділдіктің маңызды кепілі.

           Сот саласындағы мемлекеттік тілді дамыту — тек құжаттарды қазақ тілінде жүргізумен шектелмейді. Ол сот отырыстарында қазақ тілінде еркін сөйлеу, сот актілерін мемлекеттік тілде сапалы әзірлеу, заң терминдерін дұрыс қолдану, азаматтарға құқықтық ақпаратты ана тілінде түсіндіру сияқты маңызды бағыттарды қамтиды.

          Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі судьяның қызметі мен кешегі бидің қызметінде ұқсастық бар. Екеуіне де қойылатын басты талап — әділдік пен жауапкершілік. Би халық алдында өз сөзінің салмағын сезінсе, қазіргі судья заң алдында жауап береді. Би шешімін елге түсінікті тілмен жеткізсе, қазіргі сот актісі де азаматқа түсінікті әрі нақты болуы тиіс.

          Қазақ билерінің шешендік өнері бүгінгі сот саласындағы мемлекеттік тілдің дамуына үлгі бола алады. Мысалы, Қазыбек бидің ел бірлігін, татулықты дәріптеген өткір сөздері, Төле бидің сабырлы әрі байыпты шешімдері, Әйтеке бидің әділдікке негізделген билік айту дәстүрі – қазіргі құқық саласының мамандары үшін де өнеге.

          Сот саласында қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту арқылы біз тек мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп қана қоймаймыз. Сонымен қатар ұлттық құқықтық мәдениетіміздің тарихи сабақтастығын сақтаймыз. Заңды түсіну үшін азамат ең алдымен өз құқығы мен міндетін өзі жақсы түсінетін тілде білуі қажет.

          Қазіргі сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің беделін арттыру үшін судьялар мен сот қызметкерлерінің қазақ тілінде кәсіби сөйлеу мәдениетін жетілдіру, құқықтық терминологияны біріздендіру, сот актілерінің тілін қарапайым әрі түсінікті ету маңызды. Сонымен бірге жас мамандардың  бойында мемлекеттік тілге деген құрмет пен кәсіби жауапкершілікті қалыптастыру қажет.

          Бабаларымыздың «Бас  кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген сөзі- сөз бостандығы мен әділдіктің халық санасында қаншалықты жоғары тұрғанын аңғартады. Ал бүгінгі қоғамда бұл қағида заң үстемдігімен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен сабақтасып жатыр.

     Қорыта айтқанда, сот саласындағы мемлекеттік тілдің дәрежесін көтеру — өткен тарихымызға құрмет, бүгінгі заңдылықтың талабы және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Билер заманынан бастау алған әділ сөз бен парасатты төрелік дәстүрі бүгінгі сот жүйесіндегі жаңа мазмұнда жалғасын табуы тиіс.

          Қазақтың ұлы билері халыққа әділдікті өз тілінде жеткізді. Ендеше, бүгінгі сот жүейсінде де мемлекеттік тіл- әділ сот төрелегін, заң үстемдігінің және халықпен ашық байланыстың маңызды тілі болуы заңды. Ана тіліміздің сот саласындағы қолданысын кеңейту арқылы біз мемлекеттік тілдің мәртебесін ғана емес, елдің құқықтық және ұлттық құндылықтарын да нығайта түсеміз.

Абай облысының қылмыстық істер

жөніндегі мамандандырылған

ауданаралық сотының  сот әкімшісі

басшысының орынбасары

А.И.Ахметжанова

Сот отырысында аудио-бейне тіркеу жүйесін пайдалану ережелері» тақырыбында мақала

            Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз...

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»

Тіл мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен...

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ: НЕГІЗГІ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТАЛАПТАР

2026 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі...

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – қоғамның ортақ міндеті

Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің тұрақты дамуына кері әсер ететін...