12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

СОТ КАДРЛАРЫН АКАДЕМИЯ ЕМЕС, АУЫЛ ТӘРБИЕЛЕЙДІ!

БІРДЕ, ҚАТЕЛЕСПЕСЕМ, 2005 ЖЫЛ БОЛАР, ОБЛЫСТЫҚ СОТТЫҢ ТӨРАҒАСЫ АЯҚ АСТЫНАН ӨЗІНЕ ШАҚЫРДЫ. ЖАСЫРАТЫНЫ ЖОҚ, ҮЛКЕН КІСІ ШАҚЫРСА БОЛДЫ «ҚҰДАЙ-АЙ, ҚАНДАЙ ҒАНА ҚАТЕ ЖІБЕРДІМ, НЕДЕН КІНӘЛІ БОЛЫП ҚАЛДЫМ?» ДЕП КҮМӘН ҚУАЛАП КЕТЕТІН ӘДЕТІМІЗ БАР. СОТ ДЕГЕНІҢІЗ ҚЫП-ҚЫЗЫЛ ОТ ҚОЙ.

Өз өндірісімдегі істерді ойша бір шарлап өтіп, төрағаның үшінші қабаттағы кабинетіне құстай ұштым. Кіріп келіп төрге озған маған ол бірден: «Төраға болуға қалай қарайсыз?» – деп төтесінен сұрақ қойды. Мұндай сауалды күтпеген мен де сол мезетте қолма қол жауабымды сарт еткізіп: «Иә, болғым келеді. Мен болсам, Жоғарғы Соттың төрағасы болар едім. Бірақ, ол жақта Қайрат Әбдіразақұлы отыр. Ол кісіні сыйлаймын, тағына таласпаймын. Бұл жақта, облыстық соттың төрағасы болуға қарсылығым жоқ. Алайда, билікте Сіз отырсыз. «Мен боламын» дегенім дұрыс та болмас. Басқа төрағалықты қаламаймын» дедім. Сіз жанашырлық танытып, маған дос көңілмен «Төбе би болам деп, өле алмай жүр ме едің» – десеңіз, оныңыз да рас, орынды. Ал, онда өлмес өмір өлеңін қайтеміз? Қасым «Ез тірліктен – ер өлім, артық екен дер едім, Шіркін тірлік жақсы ғой, түсірмесең беделін» деп айтқандай, әр кезеңде, әр елде, әр заманда төрағалық тірліктің беделі бірде түсіп, бірде көтеріліп тұратыны заңды.

«Қисық» қағида
Қазір, міне, сот төрағалары екі реттен артық тағайындала алмайтындығы туралы заң нормасы енгізілген соң аудандық сот төрағалары институтының тірлігі туралы әңгіме қозғалды. Аудандық сот төрағаларының ендігі тағдыры жайлы сөзді айтар болсақ біріншіден мына бір заңда көзделген екі нормадан аттап кете алмаймыз. Ол нормалар – елдегі сот билігінің тұрақты судьяларға тиесілігі және сот жүйесінің бірлігі заңдарда судьялардың бiрыңғай мәртебесiн баянды етумен қамтамасыз етілуі. Ол нормаларға сай, төраға да тұрақты
судья санатына жатады. Судья тұрақты болса, төраға да тұрақты болуы жөн ғой. Егер де, тұрақты судья болып табылатын төраға осы лауазымға екі реттен артық тағайындала алмайтын болса, онда тұрақты судьяның бір ауданда, бір қалада, бір облыста, Жоғарғы Сотта он жылдан артық қызмет ете алмайтындығын да енгізу қажет.

Судьялықты ауылдан бастау шарт!
Екінші, мәселе ол – судья лауазымына кандидат болуға өтініш берген азамат конкурстан өткенде оның сот қызметі өзі қалаған мекенде емес, алыс, шалғай аудандарға жіберілуі керектігі заңда тура, нақты көзделуі тиіс. Өйткені, тұрақты судьяның азаматтық, адамдық тұлғасы, болашақ беделі алыс ауылдан, шалғай жатқан
шағын аудандық соттан басталады. Ал, одан кейін аудандық сотта төраға бола ма, әлде облыстық сотқа судьялыққа өте ме, арғы жағы өзінің бақ-талайына тікелей байланысты.
Тағдыры өз қолында тұрған соң тұрақты судья терең білімге, биік лауазымға орналасуға талаптанады. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін қазақ тілін еркін меңгеруге мүдделі, мәжбүр болады. Қажеттілік – мәжбүрлеудің негізі. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Сот – біртұтас мемлекеттік биліктің бір тармағы,
мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сондықтан да, елде қазақ тілін еркін меңгерген тұрақты судьялар корпусын қалыптастырамыз десек, судьялыққа кандидаттардың ауылға, ауданға баратындығын заң нормасы арқылы бекіту қажет. Бұл қажеттілік, арпалыс ала құйын заманалар арбасып тұрып алғанда, еліміздің тәуелсіздігін, егемендігін сақтап қалу мақсат-мүддесінен туындап отыр. Еліне, заңға, құқыққа адал қызмет етуге бел буған сот кадрларын Академия немесе қала емес – ауыл, аудан соттары, аудандық сот төрағалары дайындайды.
Адам баласы даму барысында үлкен-үлкен қалаларға қамалып қалған соң енді өзі өсіп-өніп шыққан табиғатқа орала алмай жанталасуда. Қаланы тастап кетейін десе әзір тамақ, әзір асты қимай, «шықпа жаным, шықпа» деп, өзі тірі, көңілі өлі, ездік күй кешіп қиналуда. Ауылға барайын десе ондағы тірлікте еңбек етуді, қызмет қылуды қаламайтын болған соң одан да басын ала қашады. Бұл – жұрттың бәрі миллиондық мегаполистерде сот, төраға болғысы келетінінің бір себебі. Және де пәлсәпалық тұрғыдан қарағанда, бұл – жаны ауырып таппаған, дайын дүниеге үйреніп қалған жаман, қауіпті тірлік. Олар – тірлік арты өлмек-ті ұмытқан, ол ұғымды тіпті білмейді де, білгісі де жоқ. Білмейтіндер, білмейтін затын іздемейді де. Әсте өлмесін білгендей қылық қылған ез, есер жандар кеселді жалқау, қылжақпас болып өсіп шығуы заңды. Сырты – пысық, іші – нас,
артын ойлап ұялмасты да тәрбиелеп шығарған өзіміз. Жоқтан бар пайда болмас. Қалаған қаламда қалам, көңілдегі лауазымды қалай болса да алам деу – отбасы, орта, қоғам, мемлекет тәрбиесінің нәтижесі.

Тірлікте бар іздегеніміз – төрге озу
Төрағалық лауазымға екі реттен артық тағайындала алмау ережесін енгізудің өзі мына тіршілікте өмірден тек төраға болып өтем деген өктемдікке шек қою болып шықты. Қарап отырсаңыз, жер жүзіндегі жақсы, жайлы тіршілікке бойы үйренген адамзатты адамдық қасиетін ұмыту дерті жайлағандай. Көк көйлек, бүтін жаға, жылы-жұмсақ, тоқшылық бізге адамдықтың өзін ұмыттырып жібергендей ме, қалай? Бар қызығымыз, алданышымыз, арманымыз – төрағалық. Тірлікте бар іздегеніміз – төрге озу. Барымызды, нәрімізді соның жолына құрбан етіп бағамыз. Ең соңында барып оның құр бос әурешілік, ит тірлік екенін кеш ұғамыз. Тек бейнеті, күйігі, ызасы қалады да, табынып іздеудің нәтижесі – адамдықты жоғалту екендігін мойындаймыз..
Бір кезекте Абайдың: «Мал, мақтан, ғиззатхұрмет адамды өзі іздеп тапса – адамды бұзбайды һәм көрік болады. Егер де адам өзі оларға табынып іздесе – тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады» дегеніне еріксіз бас шұлғып, іштен тынғаннан басқа амал жоқ. Қырық жылдай сот болған соң талай төрағаларды өткердік, мен ылғи да судьяларға ескерту жасап отыратынмын: «Төрағалар келеді, кетеді, біз – халық, қаламыз» деп.
Иә, мен – халықпын! Бұрын бізді халық соты, халық судьясы дейтін заң. Судья болам десең өзіңді өзің халықпын деп сезіне біл, сездіре біл. Ақылмен біл, көзбен көр, жүрекпен сез. Билік – жүректе. Халық жүрегінде. Тыңдай біл. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Бір өзің бүкіл халықсың. Билік те сенде, жауапкершілік те сенде. Ендеше, бар бол!

Білікті басшыны тәрбиелеуге уақыт керек
Ибраһим Құнанбаев неге Абай атанды, халық ары болды? Ол – өзінде барды ортаға көп салды. Көп сала білу – аянбау. Бар білім, білігіңді, ақыл, қайрат-жігеріңді, жүрегіңді жібер жарысқа. Ақ көңілді жақсыдан, Аянбай салыс ортаға. Ақылы, ары тапшыдан, Қу сөзін алма қолқаға. Үйткені, «қу сөз – у». – Мен ішпеген у бар ма, – деп Абай бекер айтты ма? Тура біздің Абай сияқты ойшыл неміс ақыны Гёте мен орыс ойшылы Л.Толстой да
шындықтың тереңіне бойлап, шабыт әлеміне енгені соншалықты, тіпті олар өздеріне өздері қол салуға дайын халге жетіп еді, дейді білгір Н.А.Бердяев.
Шынында да, бар болу – ұлы шабыт. Поэзия – тірлік тезі, сын соты. Қара сөз – әділ сот процесі. Әр нәрсенің шыққан себебі және оны іздеу барысы – поэзия. Сот – өлмес, өшпес өмір кешу. Басқа шауып, төске өрлеу. Қара сөзде қазаққа дес бермеу. Қасым Аманжоловтың «Өлмес өмір өлеңі» атты дүниесінде «тірлік беделі» деген ұғым бар. Меніңше, Қасым қолданған «тірлік беделі» ұғымын философ Бердяевтің «гениальность» деген ұғымымен салыстырған жөн болар. Бердяев «гениальность» ұғымын «талант» пен «гений»- ден де жоғары қояды. Бердяевтің «гениальность» туралы бар айтқан сөзінің Абайдың «Таза мұсылман, толық адам» формуласына ұқсастығы бар. Ұқсау дегеніміз ұғу, үйрену. Кім үйретпек? Ауылдың, аудандық соттың төрағасы. Он жылда бір сапырылыстырып ауыстыра берсек жаңа сайланған судья мамандықтың қыр-сырын кімнен үйренбек десеңізші. Жақсы тәрбиелі, білімді, білікті төрағаның өзін тәрбиелеп шығаруға да уақыт керек қой. Қолдан келе бере ме, жұрт меңгермек? Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», әз Тәуке ханның Кұл
төбенің басындағы күнде кеңесте қабылданған «Жеті жарғысын» білмек керек. Һәм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергеннен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, телеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ – деген Абай сөзін еске алыңыз. Әркімнің төраға болуға қабілет-қарары келмейді. Төрағалық – өнер. Құдай берген дарын. Төраға – елші, дипломат. Ел-жұрттың тілін таба білу. Сот билігінің беделін көтере білу – ғылым. Сот төрелігінің беделін түсірмеу. Бұл аса үлкен жауапкершілік. Сөзде тұру – ер тірліктің арқасында келмек. Бас қосылса Арысқа, кім шабады намысқа? Әрине, төраға. Міндетін мінсіз атқаратын да төраға. Ол – ұжымды ұйымдастыра білетін адам. Мұндай қабілет – қымбат бұйым. Жаманға жақсының қолы ұжымақтай. Жақсылық
– үлгі, өнеге. Төраға билікке келсе: «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ. Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, Думан-сауық ойда жоқ, әуел баста-ақ» деп келмек.
Міне, осындай жақсы, үлгілі төрағадан үйренбек жаңа судья. Үйрен сөзінің түп тегі – Үй. Әлемдік ғылым адам баласының алғашқы құқықтық бірлігі, тірлігі, кеңістігі, ұжымы, ұйымы, ұясы – Үй (отбасы) деп таныған. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің». Сот этикасының негізі осы – Үй, Ұя. Ұят кімде болса, иман сонда. Бұл енді байырғы қазақтың ықылым заманнан бар Үй этикасы.

Сөз айттым, кейінгілер ұғынар деп…
Ауылдағы, аудандағы төраға Ұят үшін қызмет етеді. Ұятқа қалмайын, қалдырмайын деген ниетпен қызмет етпек. Абай айтқан «Әділеттік, арлылық, махаббат пен — Үй жолдасың қабірден әрі өткенде» ережесін ұстану. Ғаделет ісінің алды – артын байқарлық білім мен ғылымды бір ғана халық ортасынан алуға болады. Кітаптан
оқыған, кафедрадан тыңдаған ілім түкке де жарамай қалып жатқанына бәріміз куә. Қала көшесі тар, қапырық, асыққан, аптыққан жұрт, сүрініп кетсең көзге де ілмейді, аттап, таптап өте шығады. Дала кең, дархан, биік. Таңы да, түні де таңғажайып. Далада көктем туады, жаз шығады, күз келеді, қыс түседі. Бар табиғат – бір тіршілік баяғы. Табиғатпен тілдесіп, үндесіп, үйлесіп тірлік етесің. Танымы мықты, адал азамат, әділ судья тәрбиелеп шығаратын да табиғат – төраға. Табиғатқа жасандылық, көзбояушылық, немкеттілік, немқұрайдылық, науқаншылдық жат. Бәрі шынайы. Өмір үшін күрес. Таза ниет, таза жүрек, таза қол. Көрегендік, көркемдік, қырағылық қасиет те табиғаттан. Жақсы иіске ғашық болмақ, жаман иістен қашық болмақ та дала – табиғаттың ісі, байлығы.. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Байлық та, баршылық та – ауылда. Адалдық та, адамдық та – ауылда. Енді, ауыл – үйге ие болып отырған сот төрағасын екі кезеңнен асырмай ауыстырып отырсақ не береке-бірлік таппақбыз? Шіркін, тірлік жақсы ғой, түсірмесек беделін. Болашақ ауылдық, аудандық сот төрағаларының көңілдерінде әлден алаң туғызып біраз уақыт өткенде татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі таба алмай қалмайық. Абай айтпақшы: «Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық, Үзілмес үмітпенен бос қуардық. Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп, Жүрмесін деп, аз ғана сөз шығардық»

Марат АЗБАНБАЕВ,
доғарыстағы судья
ҚАРАҒАНДЫ

Жұмыс режимін сақтау бойынша жиын өткізілді

2024 жылдың 10 желтоқсанында Мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты режимін...

КОДЕКС СУДЕЙСКОЙ ЭТИКИ

Судьи Республики Казахстан, основываясь на Конституции Республики Казахстан (далее...

Харассмент: за молчаливым барьером

Актуальность данной темы в современном обществе невозможно переоценить. За...

Полиция «Альфард» жүргізушілеріне түсіндірме жүргізді

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасымен жеке...

Жастардың құқықтық санасын, рухын оятып, мәдениетін дамыту керек

Сыбайласқан жемқорлық атты дерттен арылу және жойу жолын жастардың...