Қазақстан Республикасында әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің маңызды элементтерінің бірі — сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету. Сот шешімі заңды күшіне енген соң, ол міндетті түрде орындалуға тиіс. Алайда, сот актілерінің уақытылы әрі толық орындалуы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін нақты қорғаудың кепілі болып табылады.
Сот актілері — бұл сот төрелігін жүзеге асыру барысында шығарылатын шешімдер, ұйғарымдар, қаулылар және үкімдер. Бұл құжаттарда сот тараптардың арасындағы дауды шешеді немесе нақты құқықтық қатынастар бойынша қорытынды жасайды.
Сот актілеріне:
- Азаматтық істер бойынша (мысалы, қарызды өндіріп алу, мүлікті бөлу),
- Әкімшілік істер бойынша (мысалы, әкімшілік айыппұл салу),
- Қылмыстық істер бойынша (мысалы, үкім шығару) болуы мүмкін.
Қазақстан Республикасында сот актілерін орындау қызметі Әділет министрлігіне қарасты сот актілерін орындау жөніндегі жеке және мемлекеттік сот орындаушыларымен жүзеге асырылады. Бұл органдар келесі қызметтерді атқарады:
- Сот шешімдерін орындау үшін орындау өндірісін қозғайды;
- Қарыздардан мүлік, қаражат өндіріп алады;
- Жалақы, алимент, айыппұл сынды міндеттемелердің орындалуын қадағалайды;
- Қажет болған жағдайда борышкердің мүлкіне тыйым салады.
Сот актісін орындау бірнеше кезеңдерден тұрады:
1) Өндіріп алушының өтініші негізінде орындау өндірісін қозғау, бұл дегеніміз сот шешімі күшіне енген соң, мүдделі тарап сот орындаушыға жүгініп, орындау парағын ұсынылуы.
2) Орындау өндірісін қозғау туралы қаулы шығару, бұл дегеніміз сот орындаушы өндірісті қозғау туралы қаулы шығарып, борышкерге хабарлама жіберілуі.
3) Борышкерге ерікті түрде орындауға мерзім беру, бұл дегеніміз борышкерге шешімді ерікті түрде орындауға 5 күндік мерзім берілуі.
4) Мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану, бұл дегеніміз егер борышкер ерікті түрде орындамаса, сот орындаушы: мүлікті тәркілей алады; банктік шоттарды бұғаттай алады; жалақы мен кірістерден ұстау жасай алады; шетелге шығуға тыйым салуы мүмкін.
Сот актілерін орындау барысында келесі қиындықтар кездеседі:
- Борышкерлердің мүлкінің болмауы немесе оны жасыруы;
- Орындау парақтарының кеш тапсырылуы;
- Сот орындаушылардың жұмыс жүктемесінің көптігі;
- Жеке сот орындаушылардың кейбір жағдайда заң талаптарын толық орындамауы.
Сот актісін орындамағаны үшін заңда бірнеше санкция қарастырылған:
- Әкімшілік жауапкершілік (айыппұл);
- Қылмыстық жауапкершілік (ҚР ҚК 430-бабы: «Сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау»);
- Шектеу шаралары (мүлікке тыйым салу, шетелге шығуға тыйым және т.б.).
Орындау тиімділігін арттыру жолдары:
- Электрондық орындау өндірісі жүйесін жетілдіру;
- Сот орындаушылардың біліктілігін арттыру;
- Халық арасында құқықтық сауаттылықты көтеру;
- Сот актілерін орындамағаны үшін жазаны күшейту.
Қорытындыла келе, сот актілерін орындау – заң үстемдігін қамтамасыз етудегі маңызды саты. Егер сот шешімдері орындалмаса, құқықтық мемлекеттің мәні жойылады. Сондықтан мемлекет пен қоғам сот шешімдерін орындау механизмін күшейтіп, әділеттілікті нақты қамтамасыз етуі тиіс.
Жаңаөзен қалалық сотының судьясы А.Қосмағанбетов