Соңғы қоңырау

Түн. Айнала жым-жырт тыныштыққа көмілген. Аспандағы жалғыз ай күміс сəулесін жер бетіне үнсіз төгіп тұр. Жол бойындағы ағаштар да селт етпейді. Əшейінде түн тыныштығын сыбдырымен бұзып тұратын жапырақтардың өзі демін ішіне тартып қалғандай. Сірə, олардың да үні желге ғана тəуелді болса керек. Жел болмаса – үн жоқ. Қозғалыс жоқ. Тіршілік те жоқ секілді. Қара жол жиегінде сұлқ жатқан адам да қимылсыз. Тірі ме? Əлде… Мұндайда тыныштықтың өзі қорқынышты еді. Ай сəулесі жерде жатқан жаңағы адамның үстіне түсті. Жалбыраған шашынан оның əйел адам екенін білу оңай. Үстіндегі киімінің сау тамтығы жоқ. Жыртылған. Киіміндегі баттасқан лайдан матасының бастапқы түсін ажырату мүмкін емес. Бетінің бір жағы қанға былғанған. Көзіне жаққан қара бояу ағып, бетін жапқан. Дəл сол сəтте баяу самал соқты. Жапырақтар сыбдыр қағып, ағаштар қайта тірілгендей қозғала жөнелді. Ай сəулесі олардың арасынан жылт-жылт етеді. Бір кезде жерде жатқан адамнан бəсең ғана ыңырсыған дыбыс шықты. Ол тірі екен. Діріл қаққан қолын əрең көтеріп, қалтасындағы телефонды алмақ болды. Бірақ жаралы қолы оған бағынар емес, қолы дірілдеп барып, жерге сылқ ете түсті. Ол көзін жұмып, ауыр тыныс алды. Кеудесі сырылдап жатыр. Біраздан соң қайта талпынды. Бұл жолы бар күшін жинап, қолын телефонына қарай жылжытты. Саусақтары телефонының шетіне əрең ілінді. Бірақ тағы да телефонын қолына ала алмады. Ол берілуге болмайтынын түсініп, барын салып, талпынуда. Соңғы күшін жинап, тағы ұмтылды. Ақыры дірілдеген саусақтары телефонға жетті-ау! Қолына алған сəтте экраны əлсіз ғана жанып-өшіп тұрды. Қуаты таусылар шақ. Бетіндегі əйнегі шытынап кетіпті. Телефоннан бір нөмірді теріп, құлағына əрең жеткізіп, тыңдап тұрды. Ұзақ қоңырау… Тағы… Тағы… Бірақ ешкім жауап бермеді. Түн бұрынғыдан бетер қоюланып кеткендей болды. Оның дем алысы жиілеп, саусақтары мұздай бастады. Əр секунд сайын үміті де алыстап бара жатқандай еді. Қараңғы түннен қорқып тұрғаны да белгілі. «Жауап берші…» – деді ол əрең сыбырлап. Тағы қоңырау шалмақ болып еді, экран жыпылықтап телефоны сөніп қалды. Қап-қара түн қайтадан бəрін жұтып қойғандай болды. Самал жел де сап тыйылып, сыбдыр қаққан жапырақтар да қайтадан үнсіздік құшағына сіңіп кетті. Жаңа ғана тіршілік белгісіндей сезілген əлсіз дыбыстардың бəрі бір сəтте жоғалып, айналаны қайтадан меңіреу тыныштық басты. Тек қараңғылық қана қалыңдай түскендей еді. Əлгі адамның ыңырсыған нəзік үні ғана түн қойнауына біртіндеп сіңіп бара жатты… *** Сол түні қалалық полиция департаментінің кезекші бөліміне шұғыл хабар түсті. – Алло! Жедел басқарма тыңдап тұр. – Мен… мен əйелімді таба алмай жатыр мын… – Сабыр сақтаңыз. Аты-жөніңіз? – Нұрлан Сейітов. – Жұбайыңыз қашаннан бері жоқ? Есімі кім? – Жанар Сейітова. Кешкі сағат тоғыздар шамасында үйден шығып кеткен. Содан оралмады. – Туыстарыңызбен не құрбыларымен хабарластыңыз ба? – Иə, ешқайда бармаған. Кезекші қажетті мəліметтерді жазып алып, хабарламаны жедел тергеу тобына жолдады. Түнгі сағат 02:17. Бұл істің материалдары бірден Қалалық полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Абылай Қайсеновтің үстеліне қойылды. Таңғы сағат жеті. Абылай үйінің ауласында жаттығуын аяқтап, қолындағы сүлгімен маңдай терін сүртті. Үйдің есігі ашылып, жұбайы Айша шығып: – Қымбаттым, таңғы асың дайын, – деді. – Қазір барамын. Айша оның жүзіне қарап, бір жағдай болғанын бірден сезе қойды. – Бірдеңе болды ма? – Əйел адам жоғалыпты, – деп Абылай қысқа ғана жауап берді. Айша күйеуінің жанарынан істің ауыр не жеңіл екенін бірден ажырата алатын. – Тірі шығар? – деп Айша ақырын ғана күбірледі. Абылай Айшаға жауап бермеген күйі, үнсіз тамақтанып отыра берді. *** Қаланың шығыс бөлігіндегі екі қабатты үйдің маңына полиция көлігі тоқтағанда, аулаға біраз адам жиналып қалыпты. Бірі күбірлесіп тұр, бірі қақпаға телміріп қарайды. Қызығушылық пен үрей араласқан жүздер. Полковник Абылай көліктен асықпай түсіп, жан-жағына барлай көз жүгіртіп алды. – Қайырлы таң, полковник! – деп капитан Ерлан Əмір алдынан шықты. – Жағдай қалай? – Əйелі əлі табылған жоқ. – Жақсы. Абылай қақпадан кірер алдында бір сəт аялдап қалды. Ол аулаға емес, көшеге қарады. Жаңбырдан кейінгі асфальт əлдеқашан кеуіп қалған. Бірақ қақпаның дəл алдында жеңіл көліктің доңғалақ ізі анық көрінеді. – Бұл көлік кімдікі? – Нұрландікі. – Қашан шыққан? – Түнгі бір жарым шамасында. Əйелін іздеуге шыққанын айтты. Абылай ештеңе демеді. Үйге кіргенде оны орта жастағы ер адам қарсы алды. Көзінің асты ісіңкі. Шашы ұйпа-тұйпа. Ұйықтамағаны көрініп тұр. – Мен… Нұрланмын. Сейітов. – Полковник Абылай Қайсенов. Екеуі қол алысты. Абылайдың қолы нық еді. Ал Нұрланның алақаны мұздай болып тұрды. – Қатты уайымдап тұрсыз ба? – Əрине! Жұбайымнан түннен бері хабар жоқ. – Соңғы рет қашан көрдіңіз? – Кеше кешкі тоғыздар шамасында. – Қайда кетті? – Дүкенге. – Қай дүкенге? – деп Абылай Нұрланның жүзіне үңіле түсті. Нұрлан сəл кідіріп қалып: – Бұрыштағы маркетке, – деді дереу. – Не алмақ болды? – Нан. – Тағы? – Білмеймін. – Өзіңіз бірге баруды ұсынбадыңыз ба? – Жоқ… Əрдайым өзі барып-келіп жүретін. Абылай үнсіз басын изеп: – Бұл жолы қайтып келмеді ме? – Жоқ… Келмеді, – деді Нұрлан кібіртіктеп. Абылай аяңдап, үйді аралай бастады. Қонақ бөлме. Ас үй. Балалардың бөлмесі. Барлығы тап-тұйнақтай. Тек қонақ бөлмесіндегі мəрмəр үстелдің бұрышы ғана оның назарын аударды. Үстелдің өткір қырында өте кішкентай сызаттың ізі байқалады. Абылай еңкейіп қарады. – Мына үстел бұрыннан осында тұра ма?

– Иə. – Жылжыттыңыз ба? – Жоқ. – Кеше ше? – Жоқ… Абылай қалтасынан шамын шығарып, үстелдің қырына жарық түсірді. Ақ мəрмəрдің арасынан көзге əрең көрінетін қызғылт дақ байқалды. – Капитан! – Иə, полковник. – Криминалистерді шақыр, – деді ол сенімді түрде. Нұрлан мазасыздана бастады. Ол іле-шала: – Не болды? – деді көздерін алақтатып. – Əзірге ештеңе, – деді Абылай сабырлықпен. – Бірақ… сіздер… – Біз тек үйді қарап жатырмыз. Алаңдамаңыз. – Балаларыңыз қайда кеткен? – Əжесінің үйінде. Демалыс кезінде əжесі алып кетеді. – Бізге əйеліңіздің жоғалуына себеп болар ештеңе айтпайсыз ба? – Жоқ… – Жақсы. Əзірге біз де сізге кесіп ештеңе айта алмаймыз. Байланыстамыз. Егер есіңізге тың деректер түссе, хабарласыңыз, – деп Абылай сыртқа шығып кетті. Үйдің қақпасынан шығар кезде көрші ауладан егде жастағы əйел Абылайға жақындап келіп: – Балам…, – деді ақырын ғана. Біреу естіп қоймасын дегендей жан-жағына алақтап қарап қояды. – Иə, апа, – деді Абылай əжейге қарап, тыңдап тұрмын. – Кеше кешкісін осы үйде ұрыс-керіс болды. Дауыстары қатты шығып жатқан. Енді Жанар жоғалыпты дегенді естіп, ойланып қалдым. – Рақмет, əжей. Мұны іс барысында ескереміз. Сізге рақмет. Көлікке отырған соң капитан Ерлан үнсіздікті бұзды. – Полковник, сіздің ойыңызша, бұл жоғалу ма, əлде қылмыс па? Абылай жолға қадала қарап отырып, біраз уақыттан кейін ғана: – Мені бір нəрсе мазалап тұр, – деді терең күрсініп. – Не нəрсе? – Нұрлан əйелінің қай дүкенге кеткенін айтты. – Иə. – Нан алуға шыққанын да айтты. – Сонымен? – Бірақ …, – деп Абылайдың жүзі салмақтанып кетті. – Ол бірдеңені жасырып тұрған сияқты. Сөзін толық аяқтамай тұр. Ерлан аң-таң болып қалды. Көзін аударып, төңкеріп: Ол маңызды ма? – деді қулана. – Ол өтірік айтып тұр… Тергеу бөліміне оралған соң Абылай кабинетіне ешкімді кіргізген жоқ. Үстел үстіне жиналған құжаттарды бір-бірлеп жайып шықты. Жоғалғаны туралы арыз. Көршілердің алғашқы жауабы. Кезекші бөлімнің хаттамасы. Бəрі бір-біріне сай келетіндей көрінеді. Бірақ тəжірибелі тергеушіні дəл осындай «мінсіздік» əрдайым күмəндандыратын. Кабинетке капитан Ерлан кіріп келді. Ол нық сөйлеп: – Полковник мырза, көршілерден қайта жауап алдық, – деді. – Не дейді? – Барлығы бірдей дерлік жауап беріп отыр. Кешкі сағат тоғыз шамасында ерлі-зайыптылардың сөзге келіп қалғанын естіген. – Жанжал қанша уақытқа созылған? – Шамамен жеті минут. Абылайдың қолындағы қалам тоқтап қалды. – Жеті минут? – Иə. – Барлығы солай деді ме? – Иə. – Бірдей ме? – Иə. Абылай креслосына шалқайып отыра кетіп: – Қызық, – деп терең күрсінді. – Несі қызық? – Бір көшеде тұратын төрт көрші уақытты секундтап өлшеп отырғандай бірдей жауап беріп отыр екен ғой? Ерлан түсінбей қалды. Қабағын түйіп: – Сонда? – Адамның жады дəл болмайды, капитан. Бірі «бес минуттай» дейді, бірі «он минуттай» дейді. Ал бəрі бірдей «жеті минут» десе, мұнда бір гəп бар. – Демек… – деп капитан одан əрі таңдана түсті. – Демек, біреу айтып берген əңгімені өзгелері қайталап отыр. Ерлан ойланып қалды. – Яғни, олар алдын ала сөйлесіп алған дейсіз бе? – Жоқ. – Онда? – Біреу олардың есіне уақытты салып қойған. *** Сол күні түстен кейін Абылай көршілердің бірін жеке шақыртты. Зейнеткер Қали ақсақалдың кабинетке кірген бойда қобалжып отырғаны байқалды. – Амансыз ба, ата? – Аманбыз. – Шай ішесіз бе? – Рақмет. Ішпеймін. Абылай бірден тергеуге көшпеді. Əуелі ауа райын сұрады. Немерелері туралы əңгімелесті. Сосын ғана: – Кеше кешкі жанжал туралы айтып беріңізші, – деді кенет. Ақсақал асықпай баяндап шықты. Абылай үнсіз тыңдап отырды. – Жеті минуттай айқай болды ма? – Иə, дəл солай. – Сағатқа қарадыңыз ба? Ақсақал тосылып қалды. – Жоқ, қарамадым. – Онда жеті минут екенін қайдан білдіңіз? Қария үндемей қалды. Бірнеше секундтан кейін ғана ол ауыр күрсініп: – Расын айтайын ба, балам? – Сол үшін отырмыз, ата. – Түнде Нұрланның өзі келді. Капитан Ерлан орнынан қозғалақтап, ақсақалды мұқият тыңдауға ыңғайлана түсті. – Не деді? – «Полицейлер сұраса, ұрыс жеті минутқа ғана созылды деңіз. Əйелім ашуланып, үйден шығып кетті. Не істерімді білмей тұрмын», – деді. – Неге бірден айтпадыңыз? – Енді, балам, көрші ғой. Отбасы аман болса екен дедім. Абылай қарияға алғыс айтып, кабинетінен шығарып салды. Есік жабыла салысымен Ерлан қуанып кетіп: – Полковник! Болды! Енді Нұрланды ұстаймыз! Бұл істі ерте жауып тастайтын болдық, – деді екі алақанын ысқылап. Абылай басын шайқап: «Əлі ерте» – деді.

– Бірақ, полковник, ол куəлардың жауабына араласқан ғой? Бұл жеткіліксіз бе? – Жеткіліксіз, – деді Абылай терең ойға батып. Ерлан үнсіз қалды. Абылай орнынан тұрып, қабырғадағы тақтаға үлкен əріппен үш сөз жазды: Өтірік. Қорқыныш. Себеп. – Мына үшеуі қосылған жерде ғана қылмыс болады, капитан. – Ал бізде əзірше… – Бізде əзірше өтірік қана бар. – Полковник мырза! – деді криминалистің толқыған дауысы телефонның арғы жағынан. – Мəрмəр үстелден табылған дақтың сараптамасы дайын болды. Абылайдың жүзі бірден өзгерді. – Не шықты? – Ол – адамның қаны. Абылай телефон тұтқасын жайлап орнына қойды. Капитан оның жүзіне үнсіз қарап отырды. – Не болды? – деді ол ақырын ғана. – Үстелдің қырынан табылған дақ, – деп бір сəт үнсіз қалды. — Адамның қаны болып шықты. Ерлан қабағын түйіп: – Жанардікі ме? – Əзірге белгісіз. ДНК сараптамасы ертең дайын болады. *** Түнгі он бір жарым. Тергеу тобы тағы да Нұрланның үйінде жүр. Криминалистер əр сантиметрді қайта қарап жатыр. Абылай үнсіз ғана қонақ бөлмені айналып шықты. Ол мəрмəр үстелдің жанына тоқтады. Қан табылған жерге ұзақ қарады. – Ерлан? – Иə, полковник. – Мына үстелді ешкім қозғамасын. – Жақсы. – Ал мына кілемді абайлап көтеріңдер. Кілем шеті жайлап қайырылды. Астындағы паркеттің бір жері көзге бірден түсті. Қалған ағаш еден күңгірт тартқан. Ал дəл үстелдің астындағы тақтайдың түсі өзгеше. Сəл ғана ашық. – Мұнда не болған? – деді Абылай. Криминалист еңкейіп қарады. – Жуылған сияқты. Арнайы шамның көк сəулесі паркетке түскенде көзге көрінбейтін бірнеше ұсақ дақ жарқырап шыға келді. – Тағы да қан. Ерлан еріксіз күрсінді. – Демек… – Асықпа, – деді Абылай. – Бірақ екі жерден қан табылды ғой. – Қанның болуы адам өлтірілгенін білдірмейді. – Онда? – Біреу жарақат алғанын ғана білдіреді. Нұрлан оларды үнсіз бақылап тұрды. Қолдары қалтырай бастаған. Абылай оған жақындап: – Үстелді қашан сатып алдыңыз? – деді салмақтылықпен. – Былтыр, – деді Нұрлан сасқалақтап. – Əйеліңіз таңдады ма? – Иə. Абылай басын изеп: – Əдемі үстел екен, – деді. Нұрлан алғаш рет сəл жымиып: – Жанар мəрмəрді жақсы көретін, – деді көзіне жас үйіріліп. – Солай ма? – Иə. – Онда неге үстелдің бұрышындағы жарықты ешқашан жөндетпедіңіз? Нұрлан селк ете қалды. – Қандай жарық? – Мынау. Абылай шамын түсірді. Мəрмəрдің қырында өте жіңішке жарықшақ созылып жатыр. Кəдімгі көзбен қарасаң байқалмайды. – Бұны байқамаппын. Бірақ кеше Жанар аспашамды жуам деп, шелегі құлап, қолын əйнек кесіп кеткенін айтқан. – Рас па? – Иə. Абылай үндемеді. Бірақ оның көзі Нұрланда.Үйден шыққан соң Ерлан шыдай алмай: – Полковник, жарықшақтың қандай маңызы бар? – деп сұрады. Абылай көлікке мінбей тұрып: – Мəрмəр өте қатты тас. Оны мұндай етіп жару үшін қатты соққы керек, – деп жауап берді. – Демек, үстелге ауыр зат тиген ғой? – Немесе… Адам құлаған, – деді Абылай. – Егер адам дəл осы бұрышқа басымен соғылса… Онда қанның қайдан шыққаны түсінікті болады, – деп капитанның жүрегі дүрсілдеп кетті. – Сонда Жанар… – деп Ерлан сөзін жалғастыра бергені сол еді, Абылай: «Жоқ!» деп оның ойын шорт кесті. – Неге? – деп Ерлан күйініп кетті. – Айғақ қолымызда. Неге Нұрланды ұстамаймыз? – Біз əлі ештеңе білмейміз. – Бірақ… – Тергеушінің ең үлкен қателігі – болжамын шындық деп қабылдауы. Осы сəтте криминалист жүгіріп келді. – Полковник! – Не болды? – Сарапханадан шұғыл хабар келді. – Айта бер. – Мəрмəр үстелдегі де, паркеттегі де қан… – деп ол бір сəт демін ішіне тартты. – ол …бір адамдікі. – Жанардікі ме? – Иə.

Ерлан үнсіз қалды. Ал Абылайдың жанарында қуаныш та, қорқыныш та жоқ еді. Тек бір ғана ой тұрды. «Егер Жанар осы жерде жарақат алса, онда ол үйден өз аяғымен қалай шығып кеткен?» Келесі күні жауап алу бөлмесінде Нұрлан тағы отыр ды. Бұл жолы Абылайдың алдында қағаз да, хаттама да жоқ. Тек бір стақан су. – Нұрлан. – Иə… – Мен сізге бір ғана сұрақ қоямын. – Тыңдап тұрмын. – Əйеліңізді жақсы көрдіңіз бе? Нұрлан бірден: – Əрине, – деп жауап берді. – Онда неге оның жоғалғанын хабарлағаннан кейін бірде-бір рет ауруханаға хабарласпадыңыз? Нұрлан сасып қалды. – Мен… – Жедел жəрдемге де телефон шалмадыңыз. Мəйітханаларға да хабарласпадыңыз. Сіз тек полицияға келдіңіз. Бөлмені үнсіздік жайлады. Абылай сабырмен сөзін жалғастырды. – Себебі сіз əйеліңіздің қайда екенін білдіңіз. Солай ма? – деп Абылай Нұрланға біраз психологиялық қысым жасап көруге тырысты. Нұрланның маңдайынан тер бұршақтап кетті. – Жоқ… – Онда неге іздемедіңіз? – Іздедім! – Қайдан? – Көшелерді араладым… – Қандай көшелерді? Нұрлан үндемей қалды. Абылай орнынан тұрды. – Өтірік айту үшін есте сақтау керек. Ал шындықты айту үшін, – деп ол Нұрланға тіке қарады. – Тек еске түсіру жеткілікті. Нұрланның саусақтары үстел үстінде еріксіз дірілдей бастады. Абылай Нұрланның іс-қимылын бақылау үшін осындай сөздермен біраз сілкіп алғысы келді. *** Келесі күні таңғы сағат тоғызда полковник Абылай Тергеу басқармасының жиналыс бөлмесіне кірді. Үлкен экранға Жанардың соңғы жиырма төрт сағаттағы телефон байланыстары шығарылып тұр екен. – Медғат келді ме? – деп сұрады Абылай. – Келдім, əке, – деп Абылайдың ұлы Медғат ноутбугін көтеріп ішке кірді. Ол IT саласында көп жылдан бері жұмыс істейтіндіктен, полиция күрделі цифрлық ақпаратты талдағанда оған жиі жүгінетін. – Не анықтадың? – деді Абылай. – Телефон өшкенге дейінгі соңғы үш сағатты қалпына келтірдім, – деп ол экранға қоңыраулар тізімін шығарды. – Қараңыздар, ол 18:54 – анасымен, 19:03 – əпкесімен екі минуттай сөйлескен.19:08 – оған белгісіз нөмір қоңырау шалған. 21:14 – Нұрлан. Медғат экранды үлкейтіп көрсетіп: – Міне, ең қызығы осы. 21:14-те болған қоңыраудың ұзақтығы – бес-ақ секунд. – Кімге соққан? – деді Ерлан. – Нұрланға. Абылай үнсіз ойланып қалды: «Бес секунд…» – Бес секунд сөйлесуге жетпейді, – деді Абылай тағы. Медғат басын изеп: – Мен де солай ойладым, – деді. – Демек, – деп Абылай орнынан тұрып тақтаға жақындады. – Бұл қоңырау əдейі үзілген. Ерлан таңырқап қалды. – Неге адам өзі қоңырау шалып, өзі үзеді? – Өйткені үлгермейді. – Немесе? – Телефон қолынан түсіп кетеді. – Дұрыс. Немесе біреу қолынан тартып алады. – Егер Нұрланға қоңырау шалса?… Кабинетте отырғандардың бəрі үнсіз қалды. *** Сол күні түстен кейін Нұрлан тағы да жауап алуға шақырылды. Кабинетте полковник Абылай мен капитан Ерлан ғана отырды. Үстел үстінде қалың іс папкасы жатқанымен, Абылай оны ашпады. Біраз уақыт үнсіз отырып, Нұрланға тіке қарады. – Нұрлан мырза, əйеліңіздің аман-есен табылғанын қалайсыз ба? Нұрлан таңырқай қарап қалды. – Əрине, қалаймын. Мұндай сұрақты неге қойып отырсыз? – Онда неге бізге көмектеспей жүрсіз? – Мен көмектесіп жатырмын ғой. – Жоқ. Сіз шындықтың бəрін айтпай жүрсіз. Нұрлан қабағын түйіп: – Мен өтірік айтқан жоқпын, – деді. Абылай дауысын өзгертпестен сөзін жалғады. – Сіздің жауабыңызда шындық бар. Бірақ сол шындықтың арасына өтірік араласып кеткен. Мен сіздің өтірік айтып отырғаныңызды емес, неден қорқып отырғаныңызды түсінгім келеді. Нұрлан үнсіз қалды. – Қорықпаңыз. Кейде шындықтың өзі адамды құтқарады, – деді Абылай сенімділікпен. Ұзақ үнсіздіктен кейін Нұрлан ауыр күрсініп: – Иə… өтірік айттым, – деді. Ерлан орнынан қозғалақтап қойып, бар ынтасымен оны тыңдай түсті. Ал Абылай сабыр сақтай отырып, оны шындықты айтуға жетелей түсті. – Əйеліңізбен ұрыстыңыздар ма? – Иə. – Қол көтердіңіз бе? Нұрлан басын төмен түсірді. – Иə… – Ұрыстың себебі не болды? – Жанар… мені енді сүймейтінін айтты. – Сіз оған бірден сеніп қалдыңыз ба? – Иə. Біреуді тауып алған шығар деп ойладым. – Дəлеліңіз болды ма? – Жоқ, – деп Нұрлан үнсіз қалды. Абылай оның жүзіне зер сала қарап отырды. – Кейде ашуға булыққан адам жүрегіне ауыр тиген сөзді ойланбай айтып жібереді. Сіз осыны ескермедіңіз бе? – Жоқ… Ескермедім… Өйткені мен де ашулы едім, – деп Нұрлан жанарын еденге қадады. – Ол қатты шаршағанын айтты. Таңнан кешке дейін жұмыста жүреді. Үйге келсе тағы үйдің тірлігі күтіп тұрады. Балалардың сабағы, тамағы, кір-қоңы… Бəрі өз мойнында екенін айтты. «Мен де осы отбасы үшін жұмыс істеп жүрмін. Бірақ ешқашан демалмаймын. Құрбыларыммен бір сағат сыртқа шығуға да рұқсат бермейсің. Дəрігерге қаралуға да уақытым жоқ… Сен мені сүймейсің… » деп жылады. – Сіз не дедіңіз? – Иə, сүймеймін, – дедім… – Сосын ол да осы сөзді қайталады. Мен ашуға булығып кеттім. Біреуі бар деп ойладым. – Сосын? – Ашумен… шапалақпен тартып жібердім. Кабинет ішін үнсіздік басты. – Құлады ма? – Жоқ. Бетін ұстап алды да, ештеңе деместен үйден шығып кетті. – Сағат қанша шамасында? – Тоғыздар кезі. – Ұрыс қанша уақытқа созылды? – Жиырма минуттай. Абылай іс папкасын ашып, бір парақты алды. – Ал көршілеріңізге ұрыс жеті минутқа ғана созылды деп айтыпсыз. Нұрлан көзін жұмып алып, терең күрсініп: – Иə…, – деді. – Неге? – Қорықтым. – Неден? – Егер Жанарға бірдеңе болып қалса, бəрі мені кінəлайды деп ойладым. Балаларыма не деймін деп ойладым. Абылай біраз үнсіз отырды. – Нұрлан мырза, сіз бір нəрсені білесіз бе? Тергеуші үшін екі күннің өзі емес, – деп ол саусағымен үстелді жай ғана тықылдатты. – Екі минуттың өзі қымбат. Сосын папкадан телефон байланыстарының көшірмесін алып шықты да: – Сағат 21:14-те Жанар сізге қоңырау шалған. Нұрлан селк ете қалды. – Неге бұл туралы айтпадыңыз? Дауысы əрең шықты. – Қорықтым… – Телефонды алмадыңыз ба? – Жоқ… – Неге? – Ашуға булығып тұрдым. Əдейі жауап бермедім. «Өзі кетсе, өзі қайтып келеді» деп ойладым. Абылайдың жанары қатая түсті. – Сіздің өтірік жауабыңыз біздің екі күнімізді жеп қойды. Кабинет іші тағы да үнсіз қалды. – Нұрлан мырза, – деді ол тағы. – Сіздің əрбір жасыр ған ақпаратыңыз тергеуді кейінге шегерді. Біз жоғалтқан əр минут Жанарды іздеуге кетуі керек еді. Нұрланның иығы салбырап кетті. – Кешіріңіздер… Абылай орнынан баяу тұрды. – Кешірім сұраудың да өз уақыты болады. Ал тергеу де ең қымбат нəрсе – уақыт. Өкінішке қарай, жоғалған уақыт ешқашан қайтып келмейді. Абылай үстел үстіндегі телефон байланыстарының көшірмесін тағы бір мəрте көзінен өткізді. – Нұрлан мырза, сіздің өтіріктеріңіздің көбі енді əшкереленді. Бірақ бір нəрсе көңіліме қонбай тұр. – Не нəрсе? – Əйеліңіз үйден ашуланып шығып кеткеннен кейін не істедіңіз? – Терезеден қарап тұрдым. – Қай бағытқа кетті? – Орталық көшеге қарай. – Соңынан бармадыңыз ба? Нұрлан үнсіз басын шайқады. – Жоқ. Ашуы тарқасын деп ойладым. Абылай папканы жауып қойды. – Ал оның өміріндегі ең үлкен қателігі де, сіздің ең үлкен өкінішіңіз де дəл сол шешім болған сияқты. *** Келесі күні жол-патрульдік полициядан күтпеген хабар келді. Қаладан он бес шақырым жердегі тас жол бойында орналасқан жанармай бекетінің бейнебақылау камералары қайта қаралып жатқан. Бейнежазбаның сапасы төмен болғанымен, бір көрініс криминалистердің назарын аударды. Кешкі сағат 21:26. Қара түсті жеңіл көлік жоғары жылдамдықпен келіп, кенет тежегіш басады. Камера кадрынан жүгіріп шыққан əйелдің сұлбасы ғана көрінеді. Келесі сəтте қатты соққы болады. Əйел бірнеше метр жерге ұшып түседі. Көлік бір сəтке тоқтайды. Жүргізуші сыртқа шығып, жерде жатқан əйелдің жанына еңкейеді. Бірнеше секундтан кейін жан-жағына алақтай қарап, əйелді көліктің артқы орындығына көтеріп салады. Содан кейін көлік қаладан сыртқа қарай жүйтки жөнеледі. Жедел-тергеу тобы бейнежазбаны бірнеше рет қайталап көрді. Кабинет іші тағы үнсіз. Бірінші болып капитан Ерлан тіл қатты. – Демек… Жанарды Нұрлан өлтірмеген… Абылай экраннан көзін алмастан жауап берді. – Əзірге ондай қорытынды жасауға болмайды. – Бірақ оны көлік қақты ғой. – Иə. – Онда бəрі түсінікті емес пе? Абылай басын шайқады. – Жоқ, капитан. – Неге? – Себебі жүргізуші жедел жəрдем шақырмаған, – деп ол бейнежазбаны тоқтатты. Экранда əйелдің жанында еңкейіп тұрған жүргізушінің бұлдыр бейнесі қатып қалды. – Ол қорыққан, – деп Абылай сөзін жалғады. – Сондықтан… Сондықтан əйелді ауруханаға жеткізудің орнына, ешкім көрмейді деп ойлап, қала сыртындағы ағаш арасындағы ескі жолдың жиегіне апарып тастап кеткен. Кабинеттегі əр адамның өңі өзгеріп кетті. – Сонда? Абылай сөзін жалғастырды: – Егер ол сол жерде бірден «103»-ке хабарласқанда, оқиға мүлде басқаша аяқталуы мүмкін еді. Ол үстел үстіндегі қаламын қолына алды. – Бұл іс бізге бір нəрсені үйретті. Ашудың бір ғана сəті бір отбасын ойрандады. Ал қорқыныштың бір ғана сəті сол қателікті орны толмас қайғыға айналдырды. *** Нұрланға Жанардың денесінің қала сыртындағы жол жиегінен табылғаны туралы хабар жеткенде, төбесінен жай түскендей болды. Көзіне жас үйіріліп, тізерлей отыра кетті. Екі алақанымен бетін басып, ұзақ үнсіз қалды. – Жанар… Кешір мені, – деген сөз ғана ернінен əрең шықты. Сол сəтте оның жан дүниесін өкініш өртеп бара жатты. «Сол түні соңынан барып, тоқтатсам ғой… Соңғы қоңырауына жауап берсем ғой… Ашуыма ерік бермегенде ғой…» деген ойлар жүрегін тілгілеп, өзегін өкінішке толтырды. Бірақ уақытты кері қайтару мүмкін емес еді. *** Жүргізуші үш күннен кейін ұсталды. Оның аты – Қанат Есімов екен. Жасы қырық бірде. Екі баланың əкесі. Жеке құрылыс компаниясында жүргізуші болып жұмыс істейді. Жауап алу бөлмесіне кіргеннен-ақ оның өңінен ұйқы көрмегені байқалды. Көзі шүңірейіп кеткен. Сақалы өсіп, жүзі бозарып тұр. Абылай оның қарсы алдына жай ғана отырып: – Қанат мырза, мен сізден жалғыз ғана нəрсе сұраймын. Сол түні не болды? Қанат үнсіз қалды. Абылай үстел үстіне бейнебақылау камерасынан алынған суретті қойды. – Бұл сіздің көлігіңіз ғой? Қанат басын изеп – иə, – деді. – Ал мынау – Жанар. Қанаттың екі иығы дір ете қалды. – Мен… əдейі соққан жоқпын! – Оны ешкім айтып отырған жоқ. – Ол аяқ астынан жүгіріп шықты… Мен көрмей қалдым, – деп дауысы дірілдеп кетті. – Мен тежегішті бастым. Бірақ үлгермедім… – Сосын не істедіңіз? – Көліктен түстім. – Тірі ме еді? Қанат көз жасын сүртіп жіберді. – Білмеймін. Ес-түссіз жатқан. – Сонда неге жедел жəрдем шақырмадыңыз? Қанат екі қолымен бетін басып: – Қорықтым, – деді дірілдеп. – Неден? – Бұрын бір жол апатына кінəлі болып, жүргізуші куəлігімнен айырылғанмын. Осы жолы сотталамын деп ойладым. – Сосын? – Оны көлікке отырғызып, қала сыртындағы ағаш арасындағы ескі жолға апарып тастадым… – Неге дəл сол жерге? – Ешкім көрмейді деп ойладым… Абылай ауыр күрсініп: – Қанат мырза, – деді. Ол бір сəт үнсіз қалды. – Сол түні сіз полициядан емес, – деп дауысы бұрынғыдан да бəсең шықты. — … өз арыңыздан қашыпсыз. Қанат еңкілдеп жылап жіберді. *** Сот-медициналық сараптаманың соңғы қорытындысы істегі барлық күдікті сейілтті. Жанар үйден шыққан кезде тірі болған. Нұрланның шапалағынан алған жарақаты өміріне қауіп төндірмеген. Ал өлімге себеп болған ауыр жарақаттар жол-көлік оқиғасы кезінде алынған. Сарапшылардың қорытындысы тағы бір ащы шындықты көрсетті. Егер сол сəтте дереу жедел жəрдем шақырылғанда, Жанардың аман қалу мүмкіндігі өте жоғары болған. Капитан Ерлан үнсіз ғана қағазды жауып қойды. – Сонда бұл қайғылы оқиғаға кім кінəлі? Абылай терезе алдына барып тоқтады. Жаңбыр жаңа ғана басылған. Күн сəулесі бұлт арасынан сығалай бастаған. – Заң əр адамның жауапкершілігін өз орнына қояды, капитан. Нұрлан əйеліне қол көтерді, шындықты жасыр ды. Қанат жол-көлік оқиғасын жасап, зардап шеккен адамды тағдырдың тəлкегіне жалғыз тастап кетті. Екеуі де өз қорқынышының құрбаны болды. Ерлан үнсіз басын изеді. *** Абылай кезекті іссапардан үйіне оралды. Есіктен кіргенде Айша күлімдеп қарсы алды. Қызы Еркеназ кітап оқып отыр екен. Ұлы Қасым университеттен жаңа келіпті. Медғат та бүгін үйде екен. Абылай бір сəт үнсіз тұрып қалды. Осы қарапайым ғана көріністің өзі оған үлкен бақыт болып көрінді. Айша оның ойын сезгендей: – Не болды? – деп жымиды. Абылай басын шайқады. – Ештеңе… Аз ғана үнсіздіктен кейін сөзін жалғастырды. – Тек бір нəрсені тағы түсіндім. – Нені? – Отбасын бір күнде құру мүмкін емес. – Ал бір сəттік ашумен, – деп ол балаларына қарап қойды, – … өмір бойы жинаған бақытыңнан айырылып қалуың мүмкін екен. *** Тіршілік өз арнасымен жалғасып жатты. Ал полковник Абылай Қайсенов қылмыстың ізі міндетті түрде табылатынын жақсы білетін. Бірақ кейбір өкініштің ізі ешқашан өшпейді. Аспан шайдай ашық. Таңғы самал өзен бетін аймалап, мөлдір судың бетіне күміс толқындар түсіріп тұр. Қалың тоғайдың арасынан құстардың саналуан үні естіледі. Абылай мұндай сəттерді ерекше жақсы көретін. Қолы қалт еткенде қармағын алып, отбасымен табиғат аясына шығуды əдетке айналдырған. Өзен жағасында қармағын үнсіз суға тастап отыр. Жанында жұбайы Айша самаурынның буы бұрқыраған шайын дайындап жүр. Еркеназ гүл теріп, өзен жағасындағы көбелектерді қуалап кеткен. Қасым əкесіне жем əзірлесе, Медғат ұстаған балықтарды суретке түсіріп, əзілдеп қояды. Абылай жан-жағына көз жүгіртті. Осындай тыныштықтың қадірін оның мамандығындағы адамнан артық түсінетін жан кемде-кем еді. Дəл сол кезде қалтасындағы ұялы телефоны безілдей жөнелді. Абылай үнсіз ғана көкжиекке көз тастады. Табиғаттың тыныштығына бөленіп отырған көңіл-күйі əп-сəтте кəсіби сергектікке ауысты. Ол телефонын жай ғана қалтасына салды. Жұбайы оның жүзіне қарап-ақ бəрін түсінді. – Тағы ма? Абылай үнсіз басын изеді. Айша жай ғана жымиды. – Бара бер. Біз күтеміз. – Жақсы. Рақмет… – Жолың болсын! Өмір өз ағысымен жалғасып жатты. Бір іс аяқталғанымен, полковник Абылай Қайсенов үшін əділет жолындағы күрес ешқашан аяқталмайды.

Ғайша Мұқаш

Оянбаған әке

Көздері қанталаған күннің қызыл өткір сəулесі бөлме ішіне ентелей...

ҚАЛАДАҒЫ КӨЛЕҢКЕ

Анадан қалған жалғыз із Күләш пен Әлиханның бар байлығы -...

Cүймен

1991 жыл. Мұрат жалғыз отырған кабинеттің есігін біреу тақ-тұқ...

БҰҚТЫРМАДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Қайсенов Абылай Әзімханұлының Өскеменге қайта оралатыны ешқашан ойында болған...

Көлеңкедегі тамыр

Алматыда күрең күз. Тау бөктерінен ескен ызғарлы жел көше...