Smoke Free Sweden халықаралық сарапшылары «Екі елдің тарихы» атты баяндамасын ұсынды. Онда алдағы төрт онжылдықта Қазақстанда 165 мыңға дейін адамның мезгілсіз қайтыс болуының алдын алуға болатыны айтылған.
Баяндамада 2000 жылдардың басында Қазақстанда темекі шегу деңгейін төмендетуге қол жеткізілгенімен, кейін бұл бағыттағы ілгерілеу баяулағаны атап өтіледі. Реттеу шаралары күшейтілгеніне қарамастан, 2014 жылдан бері ересектер арасында күнделікті темекі шегетіндердің үлесі небәрі 19%-дан 15%-ға дейін азайған. Бұл ретте ерлердің 34%-ы және әйелдердің 5%-ы темекі өнімдерін тұтынады. Ал темекі шегуге байланысты аурулар жыл сайын 17 мыңнан астам қазақстандықтың өмірін қияды.
Ал Швецияда, керісінше, 2012 жылдан бері темекі шегу деңгейі 54%-ға төмендеп, ел «темекі түтінінен азат ел» мәртебесіне барынша жақындады. Қазір Швецияда темекі шегуге байланысты аурулардың көрсеткіші Еуропадағы ең төмен деңгейде. Сондай-ақ ерлердің өкпе обырынан болатын өлім-жітім көрсеткіші Еуропалық одақтағы орташа деңгейден 61%-ға төмен.
Баяндамада швед моделінің табысы темекіге қарсы дәстүрлі бақылау шараларын зияны төмен түтінсіз баламаларға – никотин паучтары мен электронды темекілерге заңды қолжетімділікпен ұштастыруға негізделгені түсіндіріледі. Ал Қазақстан вейптер мен никотин паучтарына тыйым салды, ал темекіні қыздыру жүйелері іс жүзінде кәдімгі темекімен бірдей реттеледі.
Зерттеудің тең авторы, қазақстандық кардиолог әрі зиянды азайту саласының маманы, доктор Гинтаутас-Юозас Кентра бұл бағыттағы ілгерілеуді қайта жандандырудың кілті икемді тәсілде екенін атап өтеді:
«Қазақстан темекі шегу деңгейін төмендете алатынын көрсетті. Алайда барлық никотин өнімдері әлі күнге дейін кәдімгі темекімен бірдей қауіп төндіретіндей қарастырылатындықтан, бұл бағыттағы ілгерілеу тоқтап қалды. Ғылыми деректер мұның олай емес екенін анық көрсетеді. Ал Швеция ересек темекі шегушілерге қаупі төмен, реттелетін балама өнімдерге қолжетімділік беріп, сонымен бірге жастарды қорғаудың қатаң шараларын сақтап қалды», – деп атап өтті доктор Кентра.
Зерттеу авторлары зиянды азайту тұжырымдамасын Қазақстанның мемлекеттік денсаулық сақтау саясатына тікелей енгізуді ұсынып отыр. Ол үшін заңнамада кәдімгі темекі мен қаупі төмен түтінсіз өнімдердің аражігін нақты ажырату қажет.
Мұндай тәсіл жастарды никотиннен барынша қорғауға мүмкіндік беріп қана қоймай, темекі шегетін ересектерге саналы таңдау жасауға жағдай туғызады. Сарапшылар ғылыми мониторингке сүйенуге және қоғамға никотин өнімдерінің қауіп деңгейіндегі нақты айырмашылықтар туралы берілетін ақпараттың сапасын арттыруға шақырады. Олардың пікірінше, бұл мыңдаған адамның өмірін сақтап қалудың негізіне айналмақ.
Зерттеу авторы туралы
Доктор Делон Хьюман (Delon Human) – жалпы тәжірибелік дәрігер, жаһандық денсаулық сақтау саласындағы халықаралық сарапшы және Smoke Free Sweden науқанының жетекшісі. Бұған дейін Дүниежүзілік медицина қауымдастығының және Азық-түлік пен сусын өндірушілердің халықаралық альянсының Бас хатшысы қызметін атқарған. Сондай-ақ Африканың зиянды азайту альянсының (AHRA) тең құрылтайшысы. Жаһандық қоғамдық денсаулық сақтау стратегиялары мәселелері бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының үш Бас директорына және БҰҰ Бас хатшысына кеңесші болған.
Smoke Free Sweden туралы
Smoke Free Sweden – әлемнің түрлі елдеріндегі дәрігерлерді, ғалымдарды және қоғамдық денсаулық сақтау саласының мамандарын біріктіретін халықаралық сараптамалық бастама. Науқан Швецияның әлемде алғашқылардың бірі болып «темекі түтінінен азат ел» мәртебесіне жақындауына мүмкіндік берген тәжірибесін зерттеп, насихаттайды. Бастаманың зерттеулері мен материалдары smokefreesweden.org сайтында жарияланады.


