12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Әріптестер арманы орындалған күн

Жоғарғы Сот еліміздегі мереке күндерінің тізбесіне өзгерістер енгізу туралы жоба дайындап, Үкіметке жолдаған болатын. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов оны толықтай мақұлдап, өзінің 2022 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен «24 маусым – Судья және сот қызметкерлері күні» – деп белгіленді.

Жоғарғы Соттың түсіндірме хатында айтылғандай, 24 маусымды кәсіби мереке деп белгілеу кездейсоқтық емес. 1992 жылы дәл осы күні Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап қолданыста болған «Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы» заңға тек соттың сот төрелігін жүзеге асыруы туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сонымен қатар, онда республика соттары ретінде: «Жоғарғы Сот пен жергілікті соттар (облыстық, қалалық, аудандық), сонымен бірге Әскери соттар» көрсетілген.
Аталмыш қаулыда «Судья және сот қызметкерлері күні» конституциялық негіздерді дамытуға, заңдылықты қамтамасыз етуге, жеке адамның құқығы мен заңды мүддесін қорғауға қосқан үлесі үшін сот қызметкерлеріне құрмет ретінде ұсынылғаны ерекше атап өтілген. Еліміздің судьялар қауымдастығы, сот қызметкерлері, доғарыстағы судьялар, сот саласының ардагерлері отыз жыл бойы күткен төл мерекесін міне бірінші рет 24 маусымда ерекше күймен атап өтеміз.
Төл мерекеміз неге отыз жыл бойы белгіленбеді? Оған не себеп болғаны белгісіз. Бірақ күрмеуі шешілместей көрінген осы мәселені он жыл бұрын көтерген сот саласының азаматтарын атап өткенді жөн санаймын. Сол кездері мен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сот алқасының судьясы болатынмын. Аталған сотқа Нұрсерік Шәріпов басшылық етті. 2012 жылдың басы болса керек, облыстық соттың әр дүйсенбіде өтетін жедел жиналысын аяқтаған соң төраға баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенбі екеумізді кабинетіне қайта шақырды. Өзінің көптен бері көкейінде жүрген, шешімі табылмай келе жатқан мәселе туралы кеңескелі отырғанын айтқан төраға: «Қай адам өзі таңдаған кәсібін сүйіп мақтан тұтпайды. Еліміздің сот билігі Конституцияда көзделген заң талаптарын басшылыққа алып, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын бірден-бір орган болғанымен, сот төрелігін жүзеге асыратын судьялардың осы кезге дейін төл мерекесі жоқ екен» – деп өзін мазалаған сауалдың шетін шығарды. Соған орай, облыстық соттың БАҚ-пен жұмысын үйлестіруші судья ретінде маған осы мәселе туралы мақала жазып «Заң газетіне» жолдауды, ал баспасөз хатшысы Қ.Дүйсенбіге сол жазылуға тиіс мақалаға арқау болатын мәліметтерді беруді және оған қатысты болған барлық іс-шаралар бойынша көмектесуді тапсырды. Тапсырма анық, енді тек оны мерзімінде орындауды өз жауапкершілігімізге алып, жұмысқа кірістік.
Баспасөз хатшысы Қ.Дүйсенбінің және өзім жинақтаған деректер негізінде «Судьялардың төл мерекесі белгіленуі тиіс» – деген тақырыппен аталған мақаланың жобасы дүниеге келді. Оны алдымен Нұрсерік Кәрімұлына көрсеттік. Одан кейін төл басылымымыз «Заң газетіне» жолдадым. Арада көп уақыт өтпей «Заң газетінің» 2012 жылғы 13 қаңтардағы санында менің мақалам жарияланды.
Мақалада судьялардың кәсіби мерекесін белгілеудің маңызы егжей-тегжейлі айтылды. «Судьяларды бірде Конституция күнімен құттықтаса, бірде Тәуелсіздік күнімен байланысты құттықтап жатады. Әрине, мемлекеттік мейрамдар бәрімізге ортақ, дегенмен менің және әріптестерімнің пікірінше – «Судьялар күнін» әр жылдың желтоқсан айының 25 жұлдызында, яғни «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң қабылданған күніне сәйкестендіріп белгілесе болмас па еді?! Егер осы мәселені Жоғарғы Сот жанындағы Судьялар одағы қолдап, тиісті органдардың алдына қойса, ал соңынан оң шешімін тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді» деп жаздық алғашқы мақаламызда.
Төл мерекеміздің белгіленуіне тек біз ғана мұрындық болдық, «Американы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьялары ашты» деп көкірек керуден аулақпын. Солай бола тұрса да бір нәрсе анық және шынайы шындық, ол да болса соттардың төл мерекесі жайлы БАҚ беттерінде, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының бұрынғы төрағасы Нұрсерік Шәріповтің бастамасымен, оның жеке қолдауымен бірге, бірінші болып көтерген азаматтардың арасында жеке өзімнің және облсоттың баспасөз хатшысы Қ.Дүйсенбінің болғанын мақтанышпен еске аламын.
Әрине, Нұрсерік Кәрімұлы өзінің осы мәселе бойынша ұсыныс айтқанын жарияға жар салатын азамат емес. Сондықтан оның бастамашыл, жаңалыққа құштар жан екенін көрсетіп өту парызым. Төрағаның қызметін сол кезеңде айт­сам, ол жағымпаздық деп қабылдануы мүмкін. Қанша дегенмен Нұрекең төраға, ал мен қатардағы судьямын. Даудан да, жаудан да тайсалмаған батыр Бауыржан атамыздың мірдің оғындай: «Мен істедім дегенше, ер істеді десеңші. Ер істеді дегенше, ел істеді десеңші» – деген сөзін қатаң ұстанатын Нұрекеңе жалаң, арзанқол абыройдың керек еместігін мен де жақсы білемін.
Мақала газет бетінде жария болған соң Нұрекең бізге жақын арада Астанаға жол жүретінін, Жоғарғы Соттың сол кездегі төрағасы Б.Бекназаров пен ҚР Судьялар одағының төрағасы В.Борисовке арнайы жолығатынын, сонда көтерілген мәселені аталған басшыларға айтатынын жеткізді. Алайда, неге біздің бастама, ұсынысымыздың он жыл бойы нақты шешімін таппағанын түсінбей-ақ қойдық.
Біздің мақала жария етілген соң, араға сегіз ай салып «Заң газетінің» 2012 жылғы 10 тамыздағы санында профессор Ағыбаев Арықбай ағамыздың «Сот жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі белгіленуі қажет» – деген көлемді мақаласымен қатар Алматы гарнизоны Әскери сотының төрағасы Мұхамеджан Пақырдіновтың Жоғарғы Сот басшыларына үндеуі жарияланды. Аталған мақаламен таныса сала, ондағы келтірілген мәселелерді толықтай құптай отырып, тағы бір мақаламды «Заң газетіне» жол­дадым. Аталған басылымның редакция­сына мың да бір алғыс, өйткені мен жолдаған мақаланы жедел түрде газеттің 2012 жыл 16 тамыздағы санында жария­лады. Осы мақаламның соңын: «Егер мәселені Жоғарғы Сот және Судьялар одағы қолдап, тиісті органдардың алдына қойса, ал соңынан оң шешімін тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл көтеріліп отырған мәселені толықтай қолдай отырып, судьялар күнін атау қажеттігін тағы бір рет қалың оқырман есіне салуды мақұл көрдім» – деп аяқтаппын.
Өткен жылдың шілде айында БАҚ беттерінен, ғаламтор желісінен «Судья және сот қызметкерлері күні» нақты белгіленетін болды деген сүйінші хабар құлаққа тие сала, тағы бір мақала жаздым. Ол «Заң газетінің» 2021 жылғы 20 шілдедегі санында «Мәселе оң шешімін тапты» – деген атпен жарияланды.
Әрине, көпшілік күткен түйткілдің дұрыс шешілгені қуантады. Дегенмен, төл мерекемізді белгілеуге күш салған Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановқа айтар алғысымыз шексіз.

Ыбырай Мәтібаев,
Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының экс-судьясы

Сот хатшысы болу абыройлы міндет!

Сот саласында сот хатшысының өз орны бар. Бірде-бір процесс...

Үлкенге де, кішіге де қамқор аға

Қазақстан соттарының төл мерекесі тек сот қызметкерлері үшін ғана...

ДАМУ ЦИФРЛАНУҒА ТІКЕЛЕЙ ТӘУЕЛДІ

Сот жүйесінің кешегісіне көз жүгіртіп, бүгінгісіне талдау жасайтын болсақ...

Жүйе Конституциялықнегіздерді нығайтты

Конституцияға сәйкес республикада мемлекеттік билік біртұтас. Ал Конституция мен...

Ардагер-судьяларға алғысымыз шексіз

Кәсіби мерекені белгілеудің өзіндік мәні бар. Бұл әр мамандықтың...