Қазақстан Республикасының баланың құқықтары туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының бала құқықтарын қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. Негізгі мақсаттары: балалардың құқықтарын мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, баланың құқықтарының негізгі кепілдіктерін нығайту және құқықтары бұзылған жағдайларда оларды қалпына келтіру болып табылады.
Еліміздің ертеңгі күні, мемлекетіміздің жарқын болашағы соңымыздан ерген, өсіп келе жатқан ұрпақ жастардың қолында. Ең алдымен толыққанды, бақытты отбасында дүниеге келіп, ата-мейірімін көріп өсіп, тәрбиелі болып өсуі маңызды.
Қазіргі таңда қоғамның көкейкесті мәселесі – кәмелетке толмағандардың құқығы, ата-мейірімін көрмеуі, отбасындағы ата-ана арасындағы келіспеушіліктер, отбасының құлдырауы, әлеуметтік жағдайдың төмендеуі, соның салдарынан баланың да тиісті білім алмауы болы табылады.
Мейірім мен сүйіспеншілікке бөленіп өскен, қолдау көрген бала, өзіне сенімді, ертеңгі елдің болашағының дамуына үлес қосарына кәміл сеніммен айта аламын.
Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау үнемі маңызды болып саналып, бақылауда болу қажет. Қоғам болып олардың балаға лайықты өмір сүруіне, тиісті білім алуына, денсаулығына, зорлық-зомбылыққа, кемсітушілікке қарсы тұрып күресуіміз, бақытты балалық шақ қамтамасыз етуіміз қажет.
Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мақсатында мемлекет басшысының тапсырмасымен біршама заңдылықтарға өзгеріс енгізіліп, әлеуметтік бағдарламалар, практикалық жұмыстар мен жобалар жасалынуда.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау қағидалары көптеген Халықаралық және Ұлттық ережелерде анықталған. Солардың бірі ретінде жоғарыда атап өтілген, зорлық-зомбылық, кемсітушілік, білім алу т.с.с.
Тегiне, нәсiлiне және қай ұлтқа жататындығына, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, жынысына, тiліне, бiлiмiне, дiнге көзқарасына, тұрғылықты жерiне, денсаулық жағдайына, балаға және ата-анасына немесе басқа заңды өкілдерiне қатысты өзге де мән-жайларға қарамастан, барлық бала тең құқыққа ие. Некеден де және некесіз де туған балалар тең әрi жан-жақты қорғауды пайдаланады. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, баланың құқықтарын шектеуге болмайды. Баланың өмiрiне, денсаулығына және дене бітімі мен психикасының қалыпты өсiп-жетілуіне зиян келтiретiн кез келген ғылыми тәжiрибелер немесе өзге де эксперименттерге тыйым салынады.
Әрбір бала туылғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тіркелуге тиіс. Туылған кезінен бастап оның аты, әкесінің аты және тегі, ұлты және азаматтығы болуына құқығы, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда оларды сақтауға құқығы бар.
Әрбір бала – бақытты болуға лайық. Өмірге әкелген соң, ата-ана бірдей баланың алдында оның өсіп жетілуіне, тәрбие беруіне жауапты. Ата-ана үшін бала өмірдің сәні. Әрбiр баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға, мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзiнiң ата-анасын және басқа да жақын туыстарын бiлуге құқығы, олардың қамқорлығы мен тәрбиесiн алуға құқығы бар.
Мемлекет баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн қамтамасыз етедi, оны физикалық және (немесе) психикалық күш көрсетуден, адамның қадір-қасиетіне қатыгездікпен, дөрекілікпен қараудан немесе оны қорлаудан, баланы жәбірлеуден (буллингтен), жыныстық қатынас сипатындағы әрекеттерден, баланы қылмыстық iс-әрекетке және қоғамға жат әрекеттер жасауға тартудан, және оны адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекiтiлген құқықтары мен бостандығына қысым жасаудың өзге де түрлерiнен қорғауды жүзеге асырады.
Мемлекет бала тәрбиелеп отырған отбасыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен әлеуметтiк көмек беру арқылы қолдау көрсетедi.
Бала құқығын шектеуге байланысты туындаған, осы бапта көзделген даулар сот тәртiбiмен шешiледi.
2024 жылғы есептік кезең бойынша Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының өндірісіне кәмелетке толмағандардың мүддесіне қатысты 8 талап қою түскен. Олардың ішінде кәмелетке толмаған балаларға тиесілі есептік шотқа тыйым салғаны үшін жеке сот орындаушылардың әрекетіне дау айтып, қаулысының күшін жою; кәмелетке толмаған балалардың жылжымайтын мүлкіне билік ету бойынша қамқоршысына мәміле жасауға рұқсат беру туралы қолайлы акт қабылдау туралы; ата-анасының шетелге шығуына байланысты жалпы білім беру ұйымында экстернат нысанында баласына оқуға рұқсат беру туралы өтінішінің қараусыз қалғаны үшін білім беру мекемесінің әрекетсіздігіне дау айту; борышкердің жеке сот орындаушының алимент берешегін анықтау туралы қаулысына дау айту, күшін жою туралы талаптарымен жүгінген. Нәтижесінде 2 талап қою ҚР ӘРПК-нің нормаларына сай соттың қарауына жатпайтынына байланысты қайтарылса, 2 арыз талап қоюшылардың талап қоюды қайтару туралы арызы негізінде қайтарылса, 2 талап қою бойынша тараптар бітімгершілікке келіп, медиациялық келісім жасалып, сотпен бекітілді.
2025 жылдың 1 тоқсандағы есептік кезеңі бойынша кәмелетке толмағандардың мүддесіне қатысты 2 талап қою білім беру мекемесінің бұйрығына дау айтып, күшін жоюды сұраған, 2 әкімшілік іс бойынша талап қою тараптардың медиациялық келісімге келуіне байланысты қайтарылған.
Бала құқықтарына қатысты заңдардың бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Баланың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталады және оны уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған құзыреті шегінде жүзеге асырады.
Ата-аналардың (олардың орнындағы адамдардың) міндеттерін орындаудан жалтаруы, сондай-ақ міндеттерін тиісінше орындамауы, ата-ананың перзентханадағы (оның бөлiмшесiндегі) немесе балаларды емдеу мекемесiндегi баласынан бас тартуы, балаларды қадағалаусыз қалдыруы, оларға қатыгездiкпен қарауы, оларды қанауы ата-аналық құқықтарынан айыруға немесе оларды ата-аналардың орнындағы адамдардан шектеуге әкеп соғады.
Ата-ана (олардың орнындағы адамдар) балаларға арналған жәрдемақыларды және өзге де төлемдердi мақсатсыз пайдаланған жағдайда, егер бұл баланың мүдделерiне елеулi нұқсан келтiрсе, әлеуметтiк қорғау органдары, қорғаншы және қамқоршы органдар, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялар немесе прокурор бала мүдделерiне орай оған негiзсiз жұмсалған қаражатты өтеу туралы талап қояды. Сот арқылы өндiрiлген қаражат баланың банк шотына аударылады.
Ата-аналық құқықтарынан айырылған ата-ана ата-аналық құқықтарынан айырылуына қатысты балаларға алименттер төлеу жөнiндегi мiндеттерден босатылмайды.
Ақтөбе облысының
мамандандырылған ауданаралық әкімшілік
сотының әкімшісі басшысы А.Аманжолова