Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Осы ерекшелікті ескере отырып, елімізде қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту мақсатында 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) құрылды. Биыл ұйым өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы уақыт ішінде Ассамблея Қазақстандағы этносаралық келісім мен бейбітшіліктің басты институттарының біріне айналды. ҚХА-ның басты ерекшелігі – оның конституциялық мәртебесі мен ел дамуына қосатын практикалық үлесі.Бүгінде Ассамблея елдегі 100-ден астам этнос пен 20-дан астам конфессияның өкілдерін біріктіріп, бейбітшілік пен келісімді сақтау маңызды екенін түсіндіріп келеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті қылмыстық құқық қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасы да Қазақстан халқы Ассамблеясының идеяларын қолдап, елдегі қоғамдық тұрақтылық пен құқықтық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқаруда. Қазақстанда этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы көбінесе құқықтық жүйенің сапасына байланысты. Бұл тұрғыда кафедра оқытушылары құқықтық саясатты зерттеу, заңнаманы жетілдіру және болашақ заңгерлерді даярлау бағытында ауқымды жұмыс атқаруда. Факультеттің ҚХА-мен байланысы бірнеше негізгі бағытта көрініс табады:құқықтық зерттеулер мен сараптамалар – заң факультетінің ғалымдары этносаралық қатынастарды реттейтін заңнаманы жетілдіру бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, ҚХА-ның құқықтық негізін нығайтуға атсалысады.Оқу бағдарламаларында болашақ заңгерлерге мультикультурализм, этносаралық құқықтық реттеу, адам құқықтары салалары бойынша білім беріп, ұлттық бірлікті сақтауға ықпал ететін мамандар даярлайды. Кафедрамыздың студенттері ҚХА жобаларына белсенді қатысып, “Жаңғыру жолы” жастар қозғалысы, “Қазақтану” бағдарламасы аясында түрлі ғылыми-практикалық конференциялар, пікірталастар өткізуде. Олардың басты мақсаты – құқықтық білім беру арқылы қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту.Заң факультетінің түлектері бүгінде Прокуратура, Сот жүйесі, Әділет министрлігі, Ішкі істер органдары сияқты құқық қорғау салаларында еңбек етіп, елдегі заң үстемдігін қамтамасыз етіп келеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – тек өткен жолды қорытындылау ғана емес, жаңа міндеттер мен мақсаттарды айқындайтын маңызды кезең. Алдағы уақытта заң факультеті мен ҚХА арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығайып, этносаралық құқықтық реттеу саласында жаңа зерттеулер мен бастамалар жүзеге асатыны сөзсіз.“Бірлік. Татулық. Келісім.” – осы ұран ел дамуындағы басты құндылық ретінде қала бермек. Заң факультеті Қазақстан халқы Ассамблеясының қағидаттарын қолдай отырып, болашақ заңгерлерді даярлауда, құқықтық мәдениетті нығайтуда өз үлесін қоса береді дегенге сенімім мол.
Алимкулов Е.Т.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының профессор м.а., з.ғ.к.
Мухамадиева Г.Н.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық
іс жүргізу және криминалистика кафедрасының доценті,з.ғ.к
Жұмаш Ақниет
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің студенті