Президент жоғары бағалаған еңбек: ҚазҰУ ректорының халықаралық білім кеңістігіндегі тарихи бастамасы

Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіндегі халықаралық беделі жаңа белестерге көтеріліп келеді. 2026 жылғы 19 қарашада Астанада өткен ғылым және жоғары білім саласындағы III Стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялануына айрықша үлес қосқан тұлғалардың еңбегіне тоқталды. Президент әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (https://farabi.university)  ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың қызметін арнайы атап өтті.

Бұл – отандық жоғары білімнің халықаралық деңгейде танылуына бағытталған маңызды тарихи қадамдардың бірі. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Орталық Азияда алғашқылардың бірі болып емес, осы өңірде бірінші болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылды. Бұл бастама қазақстандық жоғары оқу орындары дипломдарының шетелде танылуына және отандық білім беру жүйесінің халықаралық академиялық кеңістікпен ықпалдасуына жол ашты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жетістікте Жансейіт Түймебаевтың еңбегі зор екенін атап өтіп, оның Қазақстанның білім беру біліктіліктерін халықаралық деңгейде тану бағытындағы қызметіне жоғары баға берді.

Лиссабон және Токио конвенциялары – жоғары білім беру біліктіліктерін тану саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды құқықтық тетіктері. Олардың негізгі мақсаты – әртүрлі елдердің білім беру жүйелері арасындағы өзара түсіністікті арттыру, академиялық ұтқырлықты кеңейту және білім туралы құжаттарды тану рәсімдерін ашық әрі әділ қағидаттар негізінде жүзеге асыру. Қазақстанның осы екі халықаралық келісімге қосылуы отандық жоғары білім жүйесі үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл қазақстандық түлектердің шетелде білімін жалғастыруына, кәсіби біліктілігін растауына және халықаралық еңбек нарығында мүмкіндіктерін кеңейтуіне қолайлы жағдай қалыптастырады. Сонымен бірге шетелдік студенттер үшін Қазақстан университеттерінің тартымдылығын арттырып, елдің халықаралық білім беру кеңістігіндегі позициясын нығайтады. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысының Жансейіт Түймебаевтың еңбегін арнайы атап өтуі – жеке тұлғаның кәсіби қызметіне берілген баға ғана емес, Қазақстанның жоғары білім саласындағы халықаралық интеграциясының маңызын айқындайтын саяси әрі қоғамдық мәні бар оқиға.

Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстанның ғылыми және білім беру әлеуетін әлемге танытып отырған жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университеттің халықаралық академиялық байланыстары, ғылыми зерттеулерінің нәтижелері, шетелдік білім алушыларды тарту және білім беру бағдарламаларын жаңғырту бағытындағы жұмыстары оның жаһандық білім кеңістігіндегі орнын нығайтуда. ҚазҰУ-дың халықаралық миссиясы тек білім беру бағдарламаларын жүзеге асырумен шектелмейді. Университет ғылыми дипломатияны дамытуға, мәдениетаралық байланысты нығайтуға, халықаралық ғылыми жобаларға қатысуға және білім алмасу үдерістерін кеңейтуге де үлес қосып келеді.

Қазіргі жаһандану жағдайында университеттің беделі оның халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерімен қатар, әлемдік академиялық қауымдастықпен орнатқан байланыстары және ғылыми-білім беру нәтижелерінің халықаралық деңгейде танылуымен өлшенеді. Осы бағытта ҚазҰУ-дың атқарып отырған қызметі Қазақстанның білім мен ғылым саласындағы өңірлік көшбасшылық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

ҚазҰУ-дың халықаралық білім беру кеңістігіндегі қызметінде ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің де өзіндік орны бар. Факультет шетелдік азаматтар мен қандастарды жоғары білім алуға даярлау арқылы университеттің халықаралық және ағартушылық миссиясын жүзеге асыруға үлес қосып келеді. Әсіресе ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының қызметі Қазақстанның білім беру жүйесіне келетін тыңдаушылардың академиялық және мәдени бейімделуіне бағытталған. Кафедрада білім алушылар тілдік даярлықпен қатар, Қазақстан тарихы, мәдениеті және қоғамдық өмірі туралы білімдерін толықтырып, университеттік ортаға қажетті оқу дағдыларын меңгереді. Бұл бағыттың маңызы шетелдік тыңдаушыларды жоғары білімге даярлаумен ғана шектелмейді. Ол Қазақстанның мәдениетін халықаралық ортада танытуға, шетелдегі қазақ жастарының тарихи отанымен байланысын нығайтуға және еліміздің білім беру кеңістігін халықаралық деңгейде кеңейтуге қызмет етеді. Осылайша, университеттің халықаралық беделі жоғары деңгейдегі келісімдер мен академиялық әріптестіктер арқылы ғана емес, білім алушылармен күнделікті жүргізілетін жүйелі жұмыс арқылы да қалыптасады. ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының қызметі осы үлкен миссияның маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

III Стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы Қазақстанның жоғары білім мен ғылым саласындағы стратегиялық мақсатына да тоқталды. Оның айтуынша, елімізді Орталық Азияның академиялық хабына айналдыру, әлемдік білім нарығына сапалы білім мен ғылыми жетістіктер арқылы ену – алдағы кезеңнің маңызды міндеттерінің бірі. Президент Қазақстанда білім алып жатқан шетелдік студенттер санының артып келе жатқанын атап өтті. 2025 жылы елімізде 31 мың шетелдік студент білім алса, 2026 жылы олардың саны 41 мыңға жеткен. 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа қол жеткізуде отандық жетекші университеттердің, соның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жауапкершілігі мен рөлі ерекше. Мұндай стратегиялық міндеттер университеттерден тек сапалы білім беруді ғана емес, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуді, шетелдік білім алушыларға қолайлы академиялық орта қалыптастыруды және ұлттық ғылымның әлемдік деңгейдегі ықпалын арттыруды талап етеді.

Мемлекет басшысының Жансейіт Түймебаевтың халықаралық білім беру кеңістігіндегі еңбегін атап өтуі ҚазҰУ ұжымы үшін де маңызды оқиға. Бұл университет басшысының кәсіби қызметі мен отандық жоғары білімнің халықаралық деңгейде танылуына бағытталған бастамалардың сабақтастығын көрсетеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзінің академиялық дәстүрін, ғылыми әлеуетін және халықаралық байланыстарын дамыта отырып, Қазақстанның білім мен ғылым саласындағы стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруға үлес қосып келеді. Бүгінде университеттің миссиясы – бәсекеге қабілетті маман даярлау ғана емес, ұлттық интеллектуалдық әлеуетті нығайту, ғылым мен инновацияны дамыту, әлемдік академиялық кеңістікте Қазақстанның беделін  зияткерлік мүмкіндіктерін әлемге танытатын маңызды жетістік. Ал осы үдерістің алдыңғы қатарында тұрған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – білім мен ғылымды ел дамуының басты капиталына айналдыру жолындағы өз миссиясын жалғастырып келе жатқан ұлттық университет.

ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы Бегалиева Айша Кәріпжанқызы

«Тәрбие баспалдағы» – тәрбие мен тағылым тоғысқан алаң

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Абай ауылындағы №2 орта...

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – қоғам дамуының маңызды негізі

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықпен күрес – кез келген құқықтық,...

Құқықтық көмек көрсету мәселелеріне қатысты — халықаралық шарттар

Қазіргі жаһандану дәуірінде мемлекеттер арасындағы құқықтық ынтымақтастықтың маңызы артып...

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МОНТЕССОРИ САММИТІ ӨТТІ

Абай университетінде өткен «Монтессори – адам дамуы және өзгермелі...

Налоги, бизнес и реформы

Как известно, национальная валюта в истории современного Казахстана была...