Биыл заң шығару үрдісі халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нәтижелі қадамға толы болды. Бұл ретте депутаттардың белсенділігі айқын көрінді. Олар барынша халыққа жақын болып, елдің мұң-мұқтажын естудің мүмкіндігін тиімді пайдалануда. Мұны сегізінші сайланған Парламенттің екінші сессиясының қорытындысынан айқын көруге болады.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың айтуына қарағанда, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының саны 100 болса, соның әр үшіншіcіне депутаттар бастамашылық етіпті. Бұл құжаттар қоғамды ұзақ уақыт бойы алаңдатып келген өткір мәселелер – халықтың шамадан тыс кредит алуы, әйелдер мен балалар қауіпсіздігі, сондай-ақ лудоманияға бағытталды. Аса маңызды заңдар ішінен «Ұлттық қор – балаларға» және жер қойнауын пайдалану мәселелері туралы заңдарды айырықша атап айтуға болады. Бұл заңдар – әлеуметтік әділеттілік қағидаты іске асып жатқанының айшықты айғағы. Ондаған жыл бойы шахтер, кенші, металлургтердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі шешілмей келген еді. Осы орайда «Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау» туралы заң қабылданып, соның негізінде 400 мыңнан астам өндіріс еңбеккерлерінің талап-тілегі орындалды. Депутаттар Мемлекет басшысының үшінші Ұлттық құрылтайда айтқан заңнамалық бастамаларын да іске асырды. Атап айтқанда, вейп таратуға қарсы, бірегей тарихи объектілерді қорғауға арналған заңнамалық шара қабылданды. Вандализм үшін жауапкершілік күшейтілді. Депутаттар өз қызметі аясында парламенттік бақылау әлеуетін толық көлемде пайдаланды. Мәселен, олар осы сессия барысында мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына 527 депутаттық сауал жолдады. Бұл сауалдарға азаматтардың талап-тілегі мен мұң-мұқтажы арқау болды. Парламент негізінен Президенттің саяси реформаларын ілгерілететін заңдар топтамасын қабылдады. Олардың ішінде сот жүйесі туралы конституциялық заң, адам саудасына қарсы іс-қимыл және масс-медиа туралы заң бар. Бұған қоса, ел Президентінің жаңа экономикалық саясатын іске асыру үшін мемлекеттік сатып алу, бизнес жүргізу, жылу энергетикасы, жер қойнауын пайдалану туралы заңдар қабылданды. Депутаттардың өңірге барып, сайлаушылармен тығыз байланыста жұмыс істегенін атап өткен жөн. Халықпен кездесулерде айтылған мәселелерді шешу жайында Парламент Мәжілісі Үкіметтің жауабын сессия барысында екі рет тыңдады. Сайлаушылардың проблемалық мәселелерін шешу жұмысы жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Әрине, шешілмеген мәселелер де бар. Мұны депутаттар, фракция жетекшілері үнемі биік мінберден көтеріп, Үкіметтің назарына салып келеді. Олардың ішінде шағын мектеп, үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру тетіктерін толыққанды пысықтау, 80 пайызы тозған жылу электр орталықтары мен сумен жабдықтау, сапасыз жол мәселелері бар.
Халықтың өмір сапасына әсер ететін бұл проблемалар жүйелі әрі тұрақты шаралар қабылдауды қажет ететіні анық. Үкімет, жергілікті атқарушы органдар мен депутаттардың бірлескен іс-қимылы бұл орайда өте маңызды. Осы жұмыс форматын барынша тиімді ету күн тәртібінен түспеуі қажет. Өткен сессияда республикалық бюджеттің атқарылу сапасына парламенттік бақылау да күшейді. Мәселен, Жоғары аудиторлық палата төрағасының су мәселелері жөніндегі, сондай-ақ көлік саласына қатысты есебі екі рет тыңдалды. Сонымен қатар азаматтық және сарапшылар қауымдастығымен тығыз әрі тиімді байланыс нығайды. Осы бағытта Мәжіліс жанында Қоғамдық палата табысты жұмыс істеп жатыр. Палата мүшелері қоғамның пікірін ашық білдіретін ең маңызды заң жобалары бойынша құрылған жұмыс тобының құрамына енеді. «Инклюзивті Парламент» депутаттар тобы мүмкіндігі шектеулі жандар мәселелерін шешуде. Мәжіліс жұмысында Қоғамдық қабылдау маңызды орын алады. Осы сессия барысында депутаттар екі жарым мыңға жуық азаматты қабылдапты. Адамдар депутаттарға өз проблемаларын айтып, бұрынғыдан да жиі жүгінетін болды. Қошанов мырзаның айтуынша, бұл – тұрғындардың депутаттарға деген сенімінің арта түскенінің көрінісі. Сайлаушылармен ашық диолог құра отырып, халық қалаулылары өздері қоғамдық пікірталастың басымдығын айқындай бастады. Мәселен, сондай өзекті мәселелердің бірі – тұрғындардың несиеге батуы жайлы парламенттік тыңдау жасалып, бұл мәселе Парламент қабылдаған бір заңның негізіне айналды. Заң шығарушылық жұмыстың ашықтығы да бүгінде қалыпты құбылысқа айналып отыр. Парламенттің барлық отырысы мен жұмыс топтары онлайн режимінде өтіп, бүкіл елге кеңінен тарауда. Мәжілістің көп партиялылығы бүгінде толыққанды жүзеге асып, елдің саяси жүйесінде өзіндік орын алғанын айту қажет. Жаңа Мәжіліске партиялық көзқарас пен идеологияның әртүрлілігі тән. Бұл бүгінде әлеуметтік топтардың мүддесін барлық қырынан ескере отырып, теңгерімді шешім табуға көмектесуде. Әрбір фракция, әрбір бір мандатты депутат өзінің белгілі бір көзқарас, ұстанымымен қоғамға қажет бастама жасап келеді. Олар ең алдымен азаматтардың әл-ауқатын көтеруге және Президент жасап жатқан реформа мұраттарын жүзеге асыруға бағытталған. Тоқетерін айтқанда, Парламент кәсіби тұрғыдан шыңдалып, өсе түсуде. Бұл, әрине, белгілі деңгейде қоғамның, азаматтардың білім деңгейінің өскенін көрсетеді. Бүгінде өз құқығын сауатты түрде талап ете алатын қоғам бар. Олар құзырлы орындардың уақыт ағымынан қалмай жұмыс істеп, ел әлеуетін арттыруға деген ұмтылысына үлкен қозғаушы күш бола алуда.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»