Судьялардың кəсіби қызметі – бұл қоғамдағы заңдылық пен тəртіпті сақтаудың, əділдікті қамтамасыз етудің маңызды құралы. Олардың жұмысының сапасы мен тиімділігі құқықтық жүйенің негізін қалаушы элемент. Алайда, соңғы жылдары судьялардың кейбір əлеуметтік жағдайлары мен кəсіби қызметтеріне қатысты мəселелер назардан тыс қалуда. Бұл өз кезегінде судьялардың əлеуметтік жағдайының төмендеуіне алып келеді.
Сот процестерінің мəдениеті мен жүргізу тəртібі, ең алдымен, судьялар мен сот қызметкерлері үшін ең ыңғайлы, заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген ортада қалыптасады. Жекелеген аймақтарда судьялар мен сот қызметкерлері күрделі жөндеуді талап ететін, тозығы жеткен ғимараттарда жұмыс істеу ге мəжбүр. Қазіргі таңда сот жүйесіндегі осындай ғимараттар үлесі 20%-ды құрайды. Өкінішке орай, бұл ғимараттар қазіргі заманғы талаптарға сай келмей, судьялардың жұмыс өнімділігін төмендетіп қана қоймай, сот жүйесінің беделін де түсіруде. Егемендігімізге отыз жылдан асқан уақытта осындай жағдайдың орын алып отырғаны қынжылтатын жағдай! Мұндай жағдайларда сот жүйесінің жұмысын ұйымдастыру, процестердің сапасын арттыру, əділдікті қамтамасыз ету мүмкіндігі айтарлықтай шектеледі. Сот жүйесінің тиімділігі мен оның қоғамдағы сенім деңгейі, ең алдымен, судьялардың жұмыс істеуіне қажетті барлық жағдайлармен қамтамасыз етілуіне тəуелді. Əрбір сот қызметкерінің өз міндеттерін адал əрі жоғары кəсіби деңгейде орындауы үшін оған қажетті жағдайлар жасалуы тиіс. Əрине, бүгінгі күнге дейін сот саласында көптеген жетістіктер мен өзгерістер жасалды, бірақ əлі де болса, бұл жүйені əрі қарай дамыту жəне жетілдіру қажеттігі өзекті болып қалуда. Сот ғимараттарының, техникалық құрал-жабдықтардың жаңартылуы, интернет байланысының тұрақты болуы, жұмыс орындарының қолайлылығы – бəрі де сот процестерінің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Тек осындай жағдайларда ғана сот жүйесінің сенімділігі мен əділдігі қамтамасыз етіліп, қоғамда заң үстемдігі нығая түседі. Мəселен, сол аймақтардағы атқарушы билік органдарының ғимараттары заманауи жабдықтармен толық қамтылған жəне олардың жағдайы сот мекемелеріне қарағанда əлдеқайда жақсы. Мұндай мəселе облыстық жəне аудандық деңгейлердегі соттарда қарастырылмаған. Конс титуцияның 3-бабының 4-тармағында атап көрсетілгендей, Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы жəне сот тармақтарына бөлінуі, олардың тежемелік əрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сəйкес жүзеге асырылады. Ал Конституцияның 80-бабына сəйкес Соттарды қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі жəне ол сот төрелігін толық əрі тəуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс делінген. Осылайша, мемлекеттік биліктің үш тармағының арасында теңсіздіктің орын алуы Конституцияның негізіне қайшы келіп отырғанын көрсетеді. Осы негізде тағы да тоқтала кететін жайт, кейбір жағдайларда атқарушы билік өкілдерін, яғни министрлер мен əр деңгейдегі əкімдерді, олардың орынбасарларын істі толыққанды, жан-жақты қарау үшін сотқа жауап алуға шақыру көп қиындықтар туғызады. Бұл жағдай қоғамда заң мен сот алдында теңдік қағидасының бұзылуына əкеліп отыр, яғни биліктің бір тармағының басқа тармақтардан үстемдігін көрсетіп, əділдік қағидасына күмəн келтіреді. Конституцияның 14-бабында «Заң мен сот алдында жұрттың бəрі тең» деп нақты көрсетілген, алайда нақты өмірде бұл принциптің іске асуы кейде үлкен сұрақ туғызады. Аталған баптың мағынасы өте терең жəне маңызды: мемлекеттің заңдары мен соттары алдында барлығының құқықтары мен міндеттері тең болуы міндетті, бұл – əділдік пен құқықтық мемлекет құрудың басты қағидаты. Сот жүйесінің тəуелсіздігі мен тиімділігі – мемлекеттің барлық азаматтарының құқықтарын қорғаудың басты кепілі болуы тиіс. Егер заң мен сот алдындағы теңдік сақталмаса, бұл құқықтық жүйеге деген сенімге нұқсан келтіреді. Қоғамда теңсіздік пен əділетсіздік сезімі пайда болады. Мұндағы теңсіздік құқықтық жүйенің маңыздылығына көлеңке түсіріп, сот жүйесінің дамуын тежейді. Сотқа деген халық сеніміне күмəн келтіреді. Тіпті, Мəжіліс депутаты Мақсат Толықбай да өзінің жақында «Қасқа Жол» арнасына берген сұхбатында соттардың толыққанды тəуелсіздігіне қатысты күмəнін білдірді. Сондықтан құқықтық мемлекет құру жолында сот жүйесінің беделі мен инфрақұрылымын жақсарту маңызды басымдықтардың бірі болуы қажет.

ҚР Судьялар одағының төрағасы
Ол үшін: 1. Теңдік принципін сақтау: атқарушы билік пен сот органдарының беделі мен инфрақұрылымын тең деңгейде дамыту. 2. Қаржылық қолдау. 3. Сот ғимараттарын жаңарту: аймақтардағы барлық соттарды заманауи талаптарға сай салу жəне жабдықтау қажет. Осындай шараларды іске асыру арқылы сот жүйесінің беделін арттырып қана қоймай, құқықтық қоғам құрудың маңызды қадамы жасалады. Судьяларға лайықты жағдай жасау – олардың жұмысына деген құрметтің белгісі жəне құқықтық жүйенің тиімділігіне салынған инвестиция. Яғни, олардың дербестігін қамтамасыз ету жолындағы іс-шара.
СУДЬЯЛАРДЫ ТҰРҒЫН ҮЙМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МƏСЕЛЕСІ
Қазақстанда судьяларды əлеуметтік қолдаудың бір маңызды элементі ретінде тұрғын үймен қамтамасыз ету мəселесі заң деңгейінде қарастырылған. ҚР Конституциясының 80-бабы жəне одан туындайтын басқа да заңнамалық актілерде судьялардың тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін арнайы кепілдіктер мен жеңілдіктер көзделген. Алайда, бұл мəселе бүгінгі таңда əлі де өзекті болып отыр, себебі судьялар арасында үйге мұқтаж адамдардың саны жыл санап артып келеді. Оның бір дəлелі ретінде аталған мəселені Жамбыл облысы кəмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Думан Мəуленов көтерді (№ 1 (282) қаңтар 2025 заңгер). ҚР Судьялар одағының Орталық Кеңесінің (2024 жылдың 4 қазанында 9 съезде сайланған) жаңа құрамы бірінші күннен бастап осы мəселені зерделеуде. Нəтижесінде анықталғандай соңғы үш жыл ішінде 554 судья тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелген. Сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мəртебесі туралы Конституциялық заңында көрсетілген 6 ай мерзім ішінде тұрғын үймен қамтамасыз етілгендері бар болғаны 62 судья ғана (11%) екендігі анықталды. Оның ішінде ҚР Жоғарғы Сотының 8 судьясы да тұрғын үйді 6 ай мерзімінде алмаған. Тағы да статистикаға жүгінетін болсақ, бүгінгі таңда 361 судья (65,1 %) бірнеше жыл бойы тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұр. Бұл көрсеткіштер мəселенің толық шешілмегенін көрсетіп, судьялардың тəуелсіздігіне нұқсан келтіруде. Яғни, бұл Мемлекет басшысының атап өткеніндей, еліміздегі заңдардың үстемдік құрмауының салдары ретінде көрінеді. Судьялар мүддесі үшін қабылданған заңдар тиісті деңгейде орындалмай отыр. Конституциялық заңның 51-бабына сəйкес, судья мен оның отбасы мүшелеріне қызметіне кіріскен күнінен бастап алты ай ішінде, нақты жер жағдайына қарай, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй берілуі тиіс. Алайда, жоғарыда атап өткендей заң нормаларының толық орындалмай, заңның үстемдік құрмауында кездесетін қиындықтар, судьялардың тұрғын үй мəселесін түбегейлі шешуге кедергі келтіруде. Осыған байланысты, аталмыш мəселені шешудің тиімді жолдарын қарастыру қажет. Мысалы, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне көрсетілетін тұрғын үй төлемдері сияқты механизмдер судьяларға да енгізілуі керек. Əрбір отбасы мүшесіне арналған тұрғын үй төлемдерін төлеу арқылы судьялардың əлеуметтік жағдайын жақсартуға қол жеткізуге болады. Бұл шара судьялардың қызметіне деген ынтасын арттырып, олардың отбасыларының тұрмыс жағдайын жақсартуға ықпал етер еді. Егер судьяларды үймен қамтамасыз ету мəселесі бірінші кезекте шешілмесе, олардың əлеуметтік мəртебесі төмендеп, қоғамның сотқа деген сенімі əлсіреуі мүмкін. Судьялардың қоғамдық жəне кəсіби беделі құқықтық мемлекет құру жолында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Сондықтан да судьялар үшін сапалы, қолжетімді жəне олардың мəртебесіне лайықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – бұл мемлекеттің заң үстемдігін қорғауға бағытталған стратегиялық қадам. Судьялар – еліміздегі заңды тəртіпті сақтаушы жəне əділеттілікті қамтамасыз етуші тұлғалар ретінде ерекше құрметке ие болуы тиіс. Бұл құрмет олардың əлеуметтік жағдайларымен тығыз байланысты, себебі олардың қоғамдағы рөлі тек кəсіби қабілетке ғана емес, əлеуметтік қорғалу мен тұрақты тұрмыс жағдайына да тəуелді. Судьялар өз қызметтерін адал жəне əділ атқаруы үшін сыртқы жағдайлардың тұрақты əрі қолайлы болуы қажет. Олардың еңбек жағдайларын жақсарту арқылы біз Қазақстандағы сот жүйесіне деген сенімді арттырып, қоғамда əділдік пен заң үстемдігінің орнауына ықпал ете аламыз. Осы тұрғыдан алғанда, судьяларға арналған тұрғын үй мəселесін жүйелі түрде шешу, оларды əлеуметтік тұрғыдан толыққанды қолдау – тек сот жүйесін нығайтуға ғана емес, жалпы қоғамның құқықтық мəдениетін, əділеттілікке деген сенімін арттыруға да бағытталған маңызды шара болып табылады.