Отандық соттағы ЖИ: ізденістер мен ілкімді істер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрлық даму және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Мұндай шешім қабылдаудың стратегиялық мәні бар. Өйткені әлем цифрлық даму бойынша іргелі ізденістер жасап, әр саланың жұмысын жеңілдетуге, жылдамдатуға, жаңғыртуға талаптануда. Мұндай оң өзгерістерден Қазақстанның да сырт қалуы мүмкін емес. Әлемнің озық отыз елінің қатарына қосылуды мұрат еткен мемлекетіміздің цифрлық даму мен жасанды интеллект үшін арнайы жыл белгілеуінің де мәні осында.

Президент тапсырмасынан кейін мемлекеттік құрылымдарда цифрландыру тетіктерін енгізу, жұмысты жасанды интеллект арқылы жүйелеу бағытында үлкен жұмыстар қолға алынды. Осы бойынша нәтижелі жұмыс жүргізіп келе жатқан саланың бірі – отандық сот саласы.

Сот құрылымына сандық технология жетістіктері таңсық, жаңа дүние дей алмаймыз. Сотқа жүгінген азаматтар саладағы оң өзгерістерді біліп, көріп отыр. Әсіресе «Төрелік», «Сот кабинеті» сервистері халық сенімінен шыққан, өзін тәжірибе жүзінде толық ақтаған цифрлық қосымшалар. Айталық «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдамалық жүйесі кіріс, шығыс хат-хабарларды және ішкі құжаттарды, электронды іс жүргізуді тіркеумен қатар, азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істерді және материалдарды есепке алып, оларды автоматты түрде судьяларға бөлетін болса, «Сот кабинеті» сервисі арқылы сотқа әкімшілік істер, талап арыздар, бірінші сатыға, апелляциялық, кассациялық сатыға шағымдар жолдау, сот бұйрығы, электронды сенімхат беруге болады.

Судьялар мен сот қызметкерлерінің де электрондық қызметті пайдалануда білімі мен білігі қалыптасқан. Соның арқасында бүгінде сот отырыстарын онлайн өткізу қалыпты үрдіс, әрі сот отырысына қатысушылардың аймақтарда, шетелдерде тұрып онлайн процестерге қатысуы күнделікті жұмыс дағдысына айналған. Қазақстан соттарының цифрлық технологияны қаншалықты жоғары меңгергенін жария сот отырыстарынан да байқауға болады. Астана қаласы мен Алматы облыстық соттарының ұйымдастыруымен тікелей эфирде өткен сот отырыстарын тек Қазақстан халқы емес, әлем жұртшылығы көргені белгілі. Міне, осы сот отырыстарының еш кедергісіз, жоғары сапада, тыңғылықты ұйымдастырылуының өзі сот қызметкерлерінің жаңа технология жұмысынан жетік хабардар екенін көрсетсе керек.

Сот саласы бұл жетістіктермен тоқталып қалмасы анық. Оны биылғы арнаулы жылда қолға алынып жатқан ізденістерден де байқауға болады. Жоғарғы Сот жасанды интеллект көмегімен республикадағы барлық қаралған сот істерін жинап, ұқсас істерді негізгі сөздер арқылы табуға жол ашатын ортақ база қалыптастыруда. Бұл базаны жолға қою халыққа да, сот судьяларына да тиімді. Мәселен судьялар өзі қарағалы отырған іс бойынша республика соттарындағы ортақ тәжірибемен танысып, сындарлы, сапалы шешім шығарады. Бұл судьяның жұмыс уақытын үнемдеуіне көмектеседі. Ал ортақ базаның көмегімен азаматтар сот істерінің нәтижелерін іздеп, өз қадамдарының болашағын болжай алады.

Қандай мықты цифрлық құрал, робот-судья, жасанды интеллект болса да ол судьяларды алмастыра алмайды. Алайда бұл заманауи механизмдер соттар мен судьялардың күнделікті жүктемесін жеңілдетеді. Сонымен қатар жасанды интеллектіні қолдану адам ресурстарын үнемдеуге, қателіктерді азайтуға және судьяларға күрделі істерге жіті назар аударуға мүмкіндік береді. Сондықтан жаңа үрдіске бейімделген отандық соттың ізденістері өзін ақтарына сенім мол.

Ильяс Косаев,

Алматы қаласы,

Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Марат Сұлтанғазиев: тәртіп бар жерде тазалық та бар

Алдағы мерекелік демалыстар Алматы облысында «Тазалық күні» деп жарияланды....

ҚазҰУ-да салқындату индустриясы, желдету жүйелерін дамыту мәселелері талқыланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан-Холод 2026» ХV халықаралық...

Судьялар одағының беделі биік, ықпалы зор

Қазақстан Республикасының Судьялар одағы қоғамда өзінің орнын айшықтаған, сот...

Мұрагерлік құқықтық тиімді қорғау өзекті

Мұрагерлік – құқықтық тұрғыдан реттелетін рәсімнің бірі. Ал мұрагерлік...