Әлемдегі қуат көзіне, энергетикаға деген қажеттілік көптеген мемлекеттер алдына АЭС салу мәселесін шығарды. Халықаралық талаптар мен ережелер алып станцияның құрылысын бастауды мақсат етіп, қамданып отырған елдерден ядролық реактормен жұмыс істейтін АЭСтің пайдасымен қатар қауіп-қатерін де сүзгіден өткізіп, жан жақты қоғамдық талқыға салуды талап етті. Бір күнде шешіле салмайтын, салмағы ауыр сан тарапты АЭС мәселесі Орта Азия елдерінің де сарабдал саясатындағы ұстанымдарын айқындады. Бұл – білім мен ғылымның талай жылдардан бергі ізденісі сынаққа түсетін сәт.
Орта Азияда бұл мәселені алғашқылардың бірі болып қолға алып жатқан Өзбекстан әлемнің озық тәжірибесіне иек артуда. Онымен қоса, МАГАТЭ-нің халықаралық ережелері мен талаптарына сәйкес, Өзбекстан аумағында және оған көршілес елдерде, соның ішінде Қазақстанда Өзбек АЭС-нің қоршаған ортаға әсері жөнінде қоғамдық тыңдаулар өтті. Және Қазақстан тарапы көрші елдің атом қуатын бейбіт мақсатта
пайдалану үшін қолға алған шараларына оң баға берді. 2020–2021 жылдары құрылысын бастауды мақсат етіп отырған АЭС туралы Өзбекстанның энергетика министрлігі, АЭС 1200 гидроагрегаттан тұратынын, оның әрқайсысының қуаты – 1200 МВт. екенін, алғашқы қуат блогы 2028 жылы, екіншісі – 2030 жылға қарай іске қосылатынын мәлімдеген. Қоғамдық пікірдің бұндай маңызды мәселелерде әртүрлі болуы да заңды. Алыс-жақын, көршілес елдер ғана емес, Өзбекстанның өз ішіндегі пікірлер де екіге бөлінген. АЭС салуды құптаушылар бұл өндірістің құрылысына кемінде 5-6 мыңдай жұмыс күші тартылатынын, мұндай іс-шаралар
елдегі жұмыссыздыққа елеулі тоқтау болатынын айтады. АЭС іске қосылғаннан кейін де екі, үш мыңдаған адамның жұмыспен қамтылатынын алға тартуда. Экономистер жылына 3,7 млрд текше метр газ үнемделіп, ауаға бөлінетін зиянды да улы газ түтіннің мөлшері 3 млн тоннаға азаятынын, электр қуатына деген ішкі сұранысты қамтамасыз етумен қатар экспортқа шығарып сатуға мүмкіндік туатынын жеткізді. Алайда, әлем қауіпсіздік мәселелерінде бірінші орынға шығарды. Оған себеп те жоқ емес. АЭС жарылысынан зардап шегіп, тұтастай бір халықтың өміріне қауіп төнген кездер де аз емес. Ендеше, АЭС тарихының Қазақстанмен байланысы қандай? АЭС-тен келетін қауіп пен қатер, жетістік пен экономикалық ұтыс қаншалықты? Адамзаттың қуат көзіне деген сұранысын қамтамасыз етуде атом энергетикасының баламасы жоқ
екені өткен ғасырда-ақ дәлелденген. Сондықтан, бұл саладағы ғылымның даму деңгейі де айтарлықтай жоғары болып, оған қажетті ғалымдар мен өзге де мамандарды әзірлеу ісі белгілі бір жолға түсіп, атом өнеркәсібі кәсіпорындары қарқынды жұмыс жүргізіп жатты. Алайда, бұл үрдіске 1986 жылғы Чернобыль АЭС-ындағы апат тұсау салып, жаңа АЭС салу жұмысын айтарлықтай азайтты. 2000 жылдардың орта шеніне таман әлемдік экономикадағы жаңа үрдістерге байланысты АЭС нарығы қайта жанданғандай болған. 2011 жылы әлемдегі ең ірі АЭС саналатын Жапониядағы Токио электр қуаты компаниясына қарасты Фукусима
Дайичи энергоблогындағы апаттан кейін бұл үрдіс тағы баяулап қалды.
Соған қарамастан ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында Қазақстанның атом өнеркәсібі саласындағы жетістігі дүниежүзін елең еткізген болатын. Уран өндірісі бойынша әлемдік нарықтағы қатаң бәсекелестікке төтеп беріп қана қоймай, алдына зор мақсаттар қойып, оған кезең-кезеңімен қол жеткізіп, нарықтағы өзге ойыншыларды өзімен санасуға мәжбүр етті. Қысқа уақыттың ішінде кеніштердегі техникалық жабдықтарды қауіпсіздік (OHSAS 18001) пен қоршаған орта стандарттарына (ISO 14001) сәйкестендіріп, өндірістегі барлық процесті
автоматтандыру нәтижесінде уран өндіру жағынан дүниежүзі бойынша көшбасшыға айналған «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының жұмысына қызыға да қызғана қарайтындар көп болды. 2013 жылы қаңтарда өткен Үкімет отырысында Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның АЭС-ы болуы керек, түрлі себептермен қазір оны талқыламаймыз. Қазір біз мұны істей аламыз. Орынды анықтаңыздар, кіммен қарым-қатынас жасайтынымызды сөйлесуге кірісейік. 2020 жылға дейін Қазақстанда кемінде 1 АЭС болуы керек»,
– деген-ді. Сосын 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында да бұл мәселеге тоқталды. Сондай-ақ, 26 наурызда Гаагадағы III ядролық қауіпсіздік саммитінен кейінгі брифингте қазір әлемде атом энергетикасының «қайта өрлеу» дәуірі байқалып отырғанын тілге тиек ете келіп, Қазақстан АЭС-тары үшін ядролық жанармайдың толық циклін өндіруді дамыту мен атом электр станциясын салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Содан кейін Қазақстанда салынатын АЭС құрылысы бойынша «Қазатомөнеркәсіп» пен «Росатом» басшылары 2014 жылы өзара ынтымақтастық туралы арнайы меморандумға да қол қойды. Соның негізінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен жұмыс жасайтын арнайы жұмыс тобы да құрылып, 2018 жылдың аяғына дейін нақты шешім жарияланады деп жоспарланды. Сонымен қатар, АЭС салынатын орынға Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласы мен Алматы облысы Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылының бірін таңдау ұсынылды.
Егер Қазақстанның қазіргі жағдайда АЭС салуға қаржылық мүмкіндігі шектеулі екенін ескерсек, бұл мәселе тағы бірнеше жылға кейін шегерілуі ықтимал. Дегенмен, оған дайындықты қазірден бастамасақ, Қазақстан тағы да Ресейге технологиялық жағынан ғана емес, онда жұмыс жасайтын мамандар дайындау бойынша да тәуелді болып қалуы күмәнсіз. Өйткені, энергетикалық мұқтаждықты шешу үшін Қазақстан ерте ме, кеш пе, бәрібір АЭС салуға мәжбүр болады. Ал, оған қажетті реакторды кімнен, қандай шартпен алатынымыз бөлек қаралуы тиіс.
Зияда АХМЕТЖАНОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың География және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының профессор м.а.:
АЭС құрылысының артықшылықтарына келсек, мегаполисті үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге қауқарлы. Алайда, зияны да жоқ емес. Біріншіден, атом электр станцияларында жоғары білікті кадрларға деген қажеттілік туындайды. Яғни, жергілікті халық жұмыспен қамтамасыз етілмейді, осы аймаққа шетелдік азаматтардың көптеп келуіне жол ашады. Екіншіден, радиоактивті қалдықтардың көп мөлшері пайда болады, оларды жою қымбатқа түседі. Үшіншіден, қалпына келтірілуі қиын апаттар болуы мүмкін. Мәселен, Жапониядағы немесе Чернобылдегі жарылыстар. Төртіншіден, бұл аймақтың ядролық полигонға айналу
ықтималдығы жоғарылайды. Менің ойымша, балама қуат көздерін іздеу қажет емес. Жеке өзім атом электр стансасын салуға қарсымын.
Алмабек ЕРБОЛАТҰЛЫ
[ratings]