БІР ОТБАСЫНЫҢ МӘСЕЛЕСІ БҮКІЛ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫН ДҮР СІЛКІНДІРДІ. РЕДАКЦИЯМЫЗҒА ГҮЛИЯ ӘЛИХАНҚЫЗЫ АТТЫ АЗАМАТША АРЫЗ АЙТЫП КЕЛДІ. ӨЗІНІҢ АЙТУЫНША БАСТЫ МАҚСАТЫ КҮЙЕУІМЕН АЖЫРАСУ ЕКЕН. БІРАҚ СОЛ АЖЫРАСУДЫҢ АРТЫ ШЫТЫРМАН ДЕТЕКТИВКЕ АЙНАЛЫП КЕТКЕН ТҮРІ БАР. «ОСЫ БІР ІСТІҢ ӨЗІ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫНА ДЕГЕН СЕНІМІМЕ СЕЛКЕУ ТҮСІРІП ОТЫР» ДЕЙДІ ОЛ.
Гүлия Әлиханқызы елімізге Қытайдан көшіп келген. 2001 жылы Қазақстан азаматтығын алыпты. Өзінің айтуынша Жасан Зекейұлымен 1992 жылы Қытайда заңды некеге тұрған, төрт баласы бар. «22 жылдан астам уақыт бойы бір шаңырақтың астында өмір сүріп, 4 баланың атаанасы атанған біздің арамыздағы келіспеушілік 2013 жылы басталды. Сол кезде мені бір кісі әлеуметтік желі арқылы бопсалады. Мен құқық қорғау органдарына арыз жаздым. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің қызметкерлері 2 аптада бопсалаған кісіні анықтап берді. Сөйтсем ол адамға тапсырыс берген өз жақындарым екен. Күйеуім, енем және олардың келінімен беттестірген соң полиция қызметкерлері бұл істі өзара реттеуді ұсынды. Отағасының ұйғаруымен сол жолы мәселе шешілгендей болған», – дейді Гүлия Әлиханқызы. Оның сөзіне қарағанда, ерлі-зайыптылардың арасындағы татулыққа түскен сызат бұдан кейін ұлғайып, ол ақыры ажырасу, мүлікті өзара бөліске салуға қатысты сот процестеріне ұласады. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, қызықтың бәрі осы тұста басталған. Ең бірінші Жасан Зекейұлы өзінің Гүлия Әлиханқызымен некеде екенін жоққа шығарады. Яғни, арада 4 бала бар, олардың әкесі екенін терістемегенімен, Гүлия Әлиханқызымен ешқашан некеге тұрған емеспін дейді. Сот барысында да осы айтқанынан қайтпай, «некеде емеспіз, демек ештемені бөлісуге де тиіс емеспіз» деген ұстаным ұстанады. Нәтижесінде Қытай еліне сұрау салынады. Содан Қытайда тіркелген неке ҚХР консулдығы арқылы біздің елімізде заңдастырылады, содан кейін сот талабы бойынша бұл құжат тағы да алдырылады. Осыдан соң бәрі түсінікті болып, мәселеге нүкте қойылуы тиіс еді. Дегенмен, Жасан Зекейұлы сотқа арыз түсіріп, соның негізінде 2017 жылы 17 сәуірде Бостандық аудандық №2 соты Г.Әлиханқызы неке куәлікті ғана емес, оның консулдық заңдастырылуын да алаяқтықпен қолдан жасады деген шағым бойынша қылмыстық істі қарайды. Алғашқы іс қылмыстық құрамның табылмауына байланысты жабылған, кейін бірнеше мәрте қайта қозғалып, әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Мәселен, 2017 жылдың тамыз айында некені және оны заңдастырудың болған-болмағанын анықтау үшін ҚХР Үкіметіне соттық сұрау салынады. 2019 жылы Әуезов аудандық №2 сотына ҚХР Азаматтық әкімшілік министрлігінен 1992 жылы 9 қарашада Куйтун қаласында Жасан Зекейұлы мен Гүлия Әлиханқызының некесі тіркелгені жөніндегі жауап хат келеді. ҚР Сыртқы істер министрлігінен де бұл неке куәлігінің елімізде заңдастырылғанын растайтын жауап алынады. Керек құжат әкелініп, расталды. Бір қарағанда бәрі осымен шешілуі керек сияқты.
Алайда судьяның ауысуына байланысты іс басынан бастап, қайта қаралуда. Сот процесі биыл да аяқталмай, 2021 жылы да жалғасуы мүмкін деген болжам бар. Себебі шағымданушы мен судья Қытайдан және ҚР СІМ келген ресми жауапты қайта тексертіп жатқан көрінеді. Осы арада Г.Әлиханқызы бойынша ашылған түсініксіз қылмыстық істі сағызша созып отырған соттың бұл әрекетіне қатысты көңілде түрлі күмән туып отырғанын жасыруға болмас. Ал мүлік дауына қатысты әкімшілік істер бір емес, бірнеше сотта қаралып жатыр. Біз бұл іске қатысты Жасан Зекейұлының пікірін білмек болып хабарласқан едік, «Бұған дейін әлеуметтік желілерде жарияланған сөздеріме алып-қосар ештеңем жоқ. Ал кейбір нақтылайтын жәйттеріңді менен емес, Прокуратурадан өздерің сұрап алыңдар», – дегенді айтып, бұл әңгімені қозғауға құлықты еместігін аңғартты. Сонымен кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін сот шешімі шыққанша тағы да ешкім айта алмайды. Ал оның қашан аяқталатыны белгісіз. Яғни, оқиғалары сериалдағыдай шытырманға толы отбасылық бұл дау-дамай болашақта Қазақстан сотының тарихына енуі әбден мүмкін.
Г.Әлиханқызының адвокаты Дархан Өмірзақұлы да бұл істің осыншалықты созылуына өз таңданысын білдіріп отыр. Оның айтуынша Қытайдағы некенің тіркелуіне қатысты анықтаманы жауапкер тарап 2017 жылы Қытайға барып өздері әкелген. Солай болуы заңды да, өйткені сол уақыттары барлық құжаттар тек қағаз жүзінде архивте сақталған, қазіргідей интернет арқылы қарай салатын электрондық база болмаған. Мысалы Қазақстанда да 2008 жылға дейін некеге тұрғандар электрондық базада жоқ. Сондай анықтаманы бұл кісілер 2017, 2019, 2020 жылы да әкеп көрсетіп жүрді. Бұл жерде полицияның әрекеті түсініксіз болып отыр. Сот ресми түрде Қытайға хат жіберіп, ресми жауап алды. Тергеуші соттың ісіне қалай күмән келтіріп жүргенін білмеймін, олар қайта сұрау жіберіп жатырмыз дейді.
«Бұл қылмыстық істің құрамында қылмыс жоқ деп қысқартқаннан кейін қателеспесем 3 рет жаңартылды. Бүгінде санынан да жаңыла бастадық. Жалпы некеге күмән келтіретіндей сотта негіз жоқ қой. Сот өз құзыретімен Қытайға сұрау салып, жауап алды. Ресми тіркелгені және оның заңдастырылғаны расталды. Қайта сотпен дәлелденген анықтама негізінде қылмыстық істі жауып тастауы керек қой. Себебі, тергеуден сот жоғары. Соттың қабылдағаны – соңғы шешім. Ол бұзылған жоқ. Өкінішке орай осыны тергеушілерге жеткізе алмай отырмыз. Мүлікке қатысты іс қаралып жатқан кезде тергеушілер менің қорғауымдағы адамды қайта-қайта шақырып тергей бастайды. Содан бұл кісінің жүйкесі де тозып жүр. Жалпы Жасан Зекейұлы мен Гүлия Әлиханқызының некесін растап ҚР Жоғарғы Соты да 2019 жылы 4 қыркүйекте қаулы шығарған. Ол күшінде. Мүлік бойынша Алмалы аудандық соты да растап, шешім шығарып берді. Ж.Зекейұлының мүлкінің ½ бөлігі жұбайына тиісті деген шешімді Әуезов аудандық соты да шығарып берді. Ол да бұзылған жоқ. Бірақ ол 19 қазанда Алматы қалалық сотында аппеляциялық құраммен қаралады», – дейді.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»