– Нияз Қартбайұлы, Алматыда таныстырылымын өткізген «Иран қазақтары: зар замана зарпынан зардап шеккендер» деп аталатын жаңа кітап қалай жазылды? Оның басты ерекшелігін атап өтсеңіз?
– Бұл кітаптың құрастырылуына 5-6 ай бұрын арамыздан кеткен «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Əнес құрдасым себепкер болған. 2023 жылдың басында Алматыға келгенде: «Иран қазақтары туралы деректерді жинап, жан-жақты бір кітап жасасақ. Нияз, бұл сенің қолыңнан келеді. Ана жақта шалдарды көрдің. Мен өзім тегін шығарып берем» деді. Иран қазақтарын біреу зерттеймін десе шашылып, əр жерде жатқан деректердің қайбіреуін таба алса, қайбіреуін таба алмайды. Сондықтан негізгі 4 кітаптың ішіндегі мəліметтердің бəрін жинадым да, «Иран қазақтары – зар замана зарпынан зардап шеккендер» деген осы кітапты құрастырдым. Енді кімде-кім Иран қазақтары туралы зерттеу жұмысын жасағым келеді десе барлық дүниені осы кітаптан таба алады. Жалпы, Иран қазақтары туралы осы уақытқа дейін елімізде жарық көрген 4 кітап бар. Олар – Ислам Жеменейдің «Иран қазақтары» (2007), Отыншы Көшбайдың «Сыбызғы сыңсып жылайды» (2008), Таған Дəрібайұлы деген Ираннан келген ақсақалымыздың «Елге ел қосылса – құт!» (2020) атты шағын естелік кітабы жəне Мансұр Киаидың парсы тілінде жазылып, менің аудармаммен қазақ тілінде (2012) кітап болып жарық көрген «Иран қазақтарының салт-дəстүрлері» деген қолжазбасы.
– Байқауымша, мұнда сіз айтқан 4 кітаптан бөлек түрлі уақытта əр жерде жарық көрген Иран қазақтарына қатысты өзге де естеліктер мен мақалалар да жинақталған сияқты?
– Дұрыс айтасыз. Халифа Алтай атамыздың «Алтайдан ауған ел» (2000) деген кітабының «Иран саяхаты» бөлімін енгіздік. Өйткені Құран кəрімді алғашқылардың бірі болып қазақ тіліне аударған аудармашының 1985 жылдың күзінде Иранға барған сапарында жазылған сапарнамасы – Иран қазақтары туралы жазылған алғашқы дүние. Тəуелсіздік жылдары Иранға барып, ондағы қазақтардың арасында болған Ботагөз Уатхан мен оның күйеуі Досан Баймолда жəне тағы басқалардың да естелік əңгімелері енді. Журналист Қуанышбек Қаридың Ирак соғысына қатысқан Иран қазақтары туралы мақалалары да ұмытылған жоқ. Сосын 1980 жылдардың аяғында Иран қазақтары ең болмағанда кириллицадағы 42 əріпті білсін. Атажұртқа оралғанда ең болмаса дүкен мен мекемелердің маңдайшаларындағы жазуды оқыса да бір қажеті болып қалар деген оймен 15 сабақ қылып 30 беттей парсы тілінде шығарған кітапшамды да осында енгіздім. Сондай-ақ қазақтан шыққан алғашқы геолог, діни қайраткер Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы деген кісінің Ирандағы өміріне қатысты жағдайлар да бұл жерде өз орнын тауып отыр. Осы арада оқырманға түсінікті болу үшін Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы туралы аз-кем мағлұмат бере кеткен артық болмас. Бұл кісі өткен ғасырдың 30-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін кезінде Маңғыстаудан қудаланып, содан кейін Түрікменстанға барып, одан кейін Иранда бас сауғалап бірнеше жыл сонда өмір сүрген. Алайда кейін бала кезінде бірге өсіп, бірге ойнаған Кеңес Одағының 2-3 тыңшысы артынан іздеп барып, алдап Кеңес одағына ертіп əкеледі. Содан кейін билік біраз уақыт Түрікменстанның Ашхабад қаласында оның білімін пайдаланып, одан кейін 1938 жылы ату жазасына кеседі. Өз дəуірінің үлкен ғұлама ғалымы, дін қайраткері болған бұл кісінің Ирандағы өмірінің естеліктері сол себепті бұл жинаққа енгізілді.
– Иран қазақтары туралы сөз болған кезде олардың қолында өткен ғасырдың 1960 жылдарына дейін сол елдің азаматы екенін растайтын ресми құжаттары болмағанын да айта кеткен жөн шығар?
– Көпшілік қауым Иран қазақтары деп білетін қауым 1928–1932 жылдар аралығында Түрікменстан шекарасынан Иранға бөлек-бөлек өткен өз адамдарымыз ғой. Олар онда алдымен ауылда тұрып, сосын қалаларға барып, өз арасындағы үлкендері мен ақылшы билерінің ұсынысымен жиналып, 3 қаланың шетінен қазақ ауылдарын орнатқан. Мысалы, менің аталарым жоғары адайлар болып есептеледі екен. Олардың жаз жайлауы Ақтөбенің айналасындағы Жем, Сағыз, Ойыл өзендерінің бойы екен де, қыстауы Маңғыстау өңірі болыпты. Қиын кезеңде аласапыран басталғанда Маңғыстау арқылы Түрікменстанға барып, одан ары Иранға өткен. Олар бай болмаған, тек ішінде оқымысты молдалар көп болған. Сіз білетін шығарсыз, Кеңес Одағының екі жауы болған ғой. Біреуі – молдалар, екіншісі – байлар. Жалпы, біз қиындықты көп көрген адамдармыз. Ол кезде біздің қолымызға Иран уақытша рұқсатнама куəлік қана берген екен. Сонымен біз 30 жыл бойы оқу оқи алмадық. Тек 1961 не 1962 жылы Иранның патшасы Кеңес одағына келгенде Д.Қонаев атамыздың бір ауыз сөзінен кейін ғана бұл мəселе шешілді. Нақты айтқанда Кеңес Одағына іссапармен келген Иран патшасын сол кезде Мəскеуде ресми шаралар біткен соң бір жақсы жерде демалсын деген оймен Алматыға жіберген екен. Құрметті мейманды күтіп алып, құрмет көрсеткен Қазақ КСРнің сол кездегі басшысы Дінмұхамед Меңліахметұлы бір сəті түскен кезде: «1932 жылдары біздің 1-2 мың отбасымыз сіздің елге барған еді. Біздің сол қандастарымызға сіз не көмек жасадыңыз?» деп сұраған ғой. Ол кісі ондағы қазақтар туралы хабарсыз болса керек, еліне қайтқан соң көмекшілері хабарласып қазақтарға жеке куəлік таратып, азаматтық бере бастайды.
– Иран қазақтары мұнда келген соң құжаттарын ауыстыра ма, онда бұрын аты-жөндері парсыша жазылушы еді ғой?
– Қазір ауыстырмайды. Біз алғаш көшіп келгенімізде парсыша фамилиялардың бəрін қазақшалауға тырыстық. Бұл үрдісті бастағанбыз, алайда ол заңға қайшы боп шықты. Біріншіден, екі елдің арасындағы келісім бойынша есімді ауыстырмау керек екен. Екіншіден, біздің əкеміздің аты осы жақта туғаны болмаса, кейін сол жақта туылғандарының əкесінің аты жеке куəлікте болмайды.
– Иран қазақтарының қазір саны қанша? Екі елдің арасындағы қарым-қатынас соңғы кезде айтарлықтай жақсарып жатқан сияқты.
– Иə. Қазір байланыс өте күшті. Апта сайын Ақтаудан қазақтар тұратын облыстың орталығы Горганға тікелей рейс қатынайды. Ұшу ұзақтығы – 1 сағат. Бұрын қазақстандықтар Тегеранға бару үшін алдымен Бакуге барып, онда ұшақ ауыстыратын. Сосын Тегераннан қазақтар орналасқан Гүлстан облысының орталығы Горганға 74 сағат машинамен баратын. Енді ол заман артта қалды. Горганнан Ақтауға ұшып келген ұшақ 4-5 сағаттан соң кері оралады. Иранға Қазақстан Президенті іссапармен барғаннан кейін екі мемлекеттің арасында 15 күндік визасыз режим енгізілген. Ал Иран қазақтарының саны туралы айтар болсам, 1930 жылдары барғандар қазір 4-5 мыңнан аспайды деп ойлаймын. Нақты санын айта алмайтын себебім, мен қазір оларды аралап, зерттеп жазып жүрген жоқпын. Қазан айында менің Қазақстанға көшіп келгеніме 30 жыл болады. Мен мұнда 1995 жылдың қазан айында келген едім.
– Сіздің Иран қазақтарының Қазақстанға алғашқы ресми көшін ұйымдастырушы болғаныңызды білеміз. Кейбір ақпарат құралдарында Иран қазақтары Атажұртқа ресми көштен бұрын келе бастағаны жарияланып жүр. Бұл мəселеге қатысты өз ойыңызды айта кетсеңіз.
– Оның жағдайын білем. Ауғанстаннан десе мұндағы ел үрке қарайтын болған соң Ираннанбыз дегендер оған дейін болған. Алғашқы көш екі елдің келісімшартымен болған дүние. Ол кезде Иранның Президенті Акбар Рафсанджани деген белгілі молда еді. Тегеранда елшілік ашылды. Оған Мырзатай Жолдасбеков деген ғалым ағамыз Елші болып келді. Сосын көшу мəселесі қозғалды. Мен ағылшын тілі маманы ретінде мұғалім болғам. 1994 жылы өз еркіммен жұмыстан босадым да, көшем дейтін адамдардың құжаттарын жасап, бірнеше рет Иранның Сыртқы істер министрлігіне бардым. Сосын Қазақстан Елшілігіне бардым. Бəрін дайындап 1995 жылдың 27- 28 қыркүйегінде біз кемеге мініп Қазақстанға қарай жүрдік. Қазан айының 4-інде біз Ақтау теңіз портына түстік. Мұнда 70 отбасы болып келдік.
– Жинаққа енген ирандық этногроф Мансур Киаидың қолжазбасы туралы кеңірек айтып беріңізші? «Иран қазақтарының салт-дəстүрлері» деп аталатын бұл кітаптың ерекшелігі неде?
– 1977 жəне 1983 жылдары ол қазақтардың арасына қайта-қайта келіп, оларды аралап, этнографияға қатысты мəліметтер жинады. Мен де оны бірнеше рет қариялардың ортасына ертіп апардым. Онда М.Киаи қазақша білмейтін болған соң, сұрақтарын жəне жауаптарды аударып беріп отырдым. 2010 жылы мен Маңғыстау облысының əкімі Қырымбек Көшербаевтың аудармашысы болып Иранға барғам. Ресми келісімдерге қол қойы лып, кездесулер біткен соң əкім: «Нияз, сен осында туған адамсың ғой. Сөзің өтеді. Қазақтарды бір жерге жинасаң, кездесу өткізейін» деді. Сосын Мендертүркмен деген қалада бір аулаға жиналдық. 3-4 сағаттан кейін ұшып кетуіміз керек болатын. Енді кеткелі жатқанда Мансур Киаи бір қазақ досымен бірге сол жерге келді.
– Мұны жазуға көп еңбектендім. Көп адамдар шығарамыз деп уəде беріп, сөзінде тұрмады. Солардың қатарында Ирандағы Францияның мəдени өкілдігі де бар. Енді оны шығаратын менің жағдайым жоқ. Мұны өзіңіз бірдеңе қылып шығарарсыз, – деп əкімге өзінің кітабының қолжазбасын берді. Қырымбек Көшербаев: «Нияз, барғанда мен көмектесем. Сен мынаны жақсылап аударып, ағаларыңның біреуіне көрсетіп тексерт. Сосын кітап қылып басып шығарамыз» деді. Сосын 2012 жылы «Иран қазақтарының салт-дəстүрлері» деген атпен бұл кітаптың 200 данасын мен қазақша аударып Орхон баспасынан басып шығардым. Иран қазақтары деген Маңғыстаудың қазақтарының бір бөлігі ғой. Мансур Киаидың кітабы солардың жүріс-тұрысы, киімі деген сияқты салт-дəстүріне қатысты еңбек. Ол жүз жыл бұрынғы қазақтар туралы емес, байырғы құндылықтары сақталған. Тегеранға бір барғанымда ғалымның үйіне барып, сіздің зерттеу жұмыстарыңыз маған берген қолжазбадан көбірек еді ғой деп сұрадым. Ол «өзің білесің əйелім екеуміз де мұғалімбіз. Тегеранда жеке үйіміз болған жоқ. Көшіп-қонып жүргенде жинаған дүниемнің жартысы жоғалып кетті» деп айтқан еді.
– «Иран қазақтары – зар замана зарпынан зардап шеккендер» деп аталатын бұл кітапта мəдени ғана емес, бұған дейін еш жерде жарияланбаған тарихи маңызы бар құнды суреттер де бар екен.
– Ираннан 50-60 жыл бұрынғы суреттерді сұрадым. Суреттерді таңдауда қатты қиналдым. Себебі 1979 жылдан бастап Иран Ислам Республикасы орнады. Содан кейін біздің ұлттық қиімдеріміз өзгеріске ұшырады. Əйел адамдарымыз басына бұрама жаулық, ілмелі жаулық, қызыл түсті орамал таға алмайтын болды. Сондықтан суреттерге қарап мынау қазір Иранда жүрген қазақ деп айтуға болмайды. Əйелдің киімі көбінесе біздің ұлттық болмысымызды көрсетеді ғой. Бұл кітаптағы Иран қазақтарына қатысты құнды суреттің бірі 1968 жылы түсірілген. Онда 1992 жылы Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайына келген Иран қазақтарының арасында ең алғашқы боп жоғары оқу бітірген Мұхаммед Ескелді деген азаматтың Иран патшасы Мұхаммед Риза шаһ Пехлевидің қолынан оқу орнын үздік бітіргені туралы диплом алып тұрғаны көрсетілген. Мен осы уақытқа дейін Қытайда, Моңғолияда, Түрікменстанда, Өзбекстандағы, Ресейдегі қазақтар арасынан естіген де, көрген де жоқпын сол жақтағы үздік бітірген қазақ қандас ағайынымыз сол елдердің патшасының қолынан үздік диплом алыпты дегенді.
– «Иран қазақтары – зар замана зарпынан зардап шеккендер» деп аталатын бұл кітаптан сол жақта тұрып жатқанына жүз жылдан асқан қазақтар туралы деректер кезіктіріп қалдым. Бір зерттеушіден Ирандағы жалайырларға қатысты бір емес, бірнеше жүздеген кітап бар дегенді де естіген едім.
– Иранға 1930 жылдардан бұрын барғандарды біз білмейміз. Мына жинақта Айтжан Айдашов деген кісінің Иранда тұрып жатқанына жүз жылдан асқан қазақтар туралы бір мақаласы бар. Бұл көп жыл Иранда Бас консул болған кісі. Жалайырларға қатысты Мырзатай Жолдасбеков кезінде Елші болып қызмет істегенде көптеген материалдар жинап келген. Ол кісінің үйінде ондаған папка бар шығар деп ойлаймын. Сосын қазір Астанада тұратын жоғарыда аты аталған Айтжан Айдашев деген азамат та кезінде көп материалдар жинаған болатын. Жалпы Ирандағы қазақ тарихына қатысты бүкіл деректерді жинап, аудару қажет болса оған мемлекет өзі мұрындық болып, зерттеушілерге жағдай жасау керек деп ойлаймын. Мен өзім 4-5 жылдан бері Иранның Астандағы Елшілігінің мəдени өкілдігінің тапсырмасымен парсыша-қазақша академиялық үлкен сөздік жасап жатырмын. Кейде күніне 5 сағат отырып 1 бетті зорға жазуым мүмкін. Өйткені ол кейін дерек көзі ретінде пайдаланылатын болған соң жауапкершілігі жоғары дүние. Сондықтан бұл сөздікті бітірмей басқа дүниемен айналыса алмаймын. Онда əлі 2-3 жылдық жұмыс бар.
– Еңбегіңіз жемісті болсын. Сізге сəттілік тілеймін. Сұхбатыңызға рақмет, аға.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»