2024 жылдың 13 қарашасында Жаңақорған аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен «Нашақорлыққа қарсы бір айлық акция» аясында «Нашақорлық — ғасыр дерті» атты дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шараға аудандық нарколог маманы Диляра Абдуллаева, салауатты өмір салтын қалыптастыру бөлімінің маманы Баян Кадирова, аудандық емхана дәрігерлері және Жаңақорған аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар қатысты.
Дөңгелек үстел барысында мамандар нашақорлықтың денсаулыққа және қоғамға тигізетін зияны туралы жан-жақты ақпарат беріп, бұл әлеуметтік проблемамен күресудің маңыздылығын атап өтті. Нарколог маман Диляра Абдуллаева нашақорлықтың медициналық, психологиялық және әлеуметтік салдарларын түсіндіріп, осы дерттің алдын алудың маңызды жолдарын сөз етті. Ол есірткіге тәуелділікті жеңу үшін тек медициналық емдеу ғана емес, сонымен бірге психологиялық көмек пен оңалту шаралары да маңызды деді.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру бөлімінің маманы Баян Кадирова жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, дұрыс өмір салтын ұстану және есірткіге қарсы мәдениет қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Аудандық емхана дәрігерлері өз кезегінде есірткі заттарының әсерінен туындайтын аурулар туралы кеңес берді. Мамандар нашақорлықтың қоғамда ауыр салдарларға әкеп соғатынын, сонымен қатар адамдардың өміріне қауіп төндіретінін атап өтті. Кездесу соңында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар өз пікірлерін білдіріп, мамандарға сұрақтарын қойып, кеңестер алды.