Оқу мәдениеті білімге ұмтылу— бұл қоғамдағы білімнің сапасын арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі. Қазақстанда білімге ұмтылу мәдениетін қалыптастыру үшін бірнеше шаралар қолға алынуда. Осы орайда мұғалімдердің оқу мәдениетін көтеруге бағытталған кәсіби даму бағдарламалары туралы ой бөлісу үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығының Алматы қаласы бойынша Кәсіби даму институтының «Педагогика және пәндік әдістеме» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ағима Әбілқызы МАХАНБЕТОВАҒА бірнеше сауал қойған едік.
– Білімін үздіксіз көтеруді қажет ететін мамандықтың бірі – мұғалім. Бүгінгі ұстаздардың біліктілігін арттыруда қандай мәселелерге жіті көңіл бөлінеді?
– Кәсіби даму бағдарламалары білім сапасын арттыруды, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіруді көздейді. Бұл бағдарламалар мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіруге, оқушыларға жаңа білім мен дағдыларды тиімді түрде жеткізуге көмектеседі. Қазақстанда және әлемде осы бағытта бірнеше негізгі кәсіби даму бағдарламалары жұмыс істейді. Атап айтқанда: қысқа мерзімді курстар мен тренингтер мұғалімдерге заманауи білім беру технологиялары мен әдістерін үйретеді. Олардың мазмұны көбінесе пәндер бойынша тереңдетілген білім беру, сыни ойлау, шығармашылық қабілетті дамыту, оқу үдерісін инновациялық әдістермен ұйымдастыру сияқты тақырыптарды қамтиды. Мұғалімдердің білім беру стандарттарына сәйкес оқыту курстары оқу процесін тиімді ұйымдастыруды, жаңа білім беру стандарттарына сәйкес педагогикалық әдістерді қолдануды үйретеді. Қазіргі таңда педагогтердің және білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Педагогтердің біліктілігін арттырудың ең тиімді нысанының бірі озық педагогикалық тәжірибені зерделеу және жалпылау болып табылады. «Өрлеу» профессорлық-оқытушылық құрамы мен білім беру ұйымдарының педагогтері үздік ин-
новациялық педагогикалық тәжірибені зерделеу, жалпылау және тарату бойынша мақсатты жұмыс жүргізуде. Мұғалімдерге арналған кәсіби даму топтары мен қауымдастықтары бір-бірімен тәжірибе алмасуға, пікірлер мен ұсыныстарды талқылауға мүмкіндік беретін арнайы қауымдастықтар құруға бағытталған. Бұл топтар педагогтер арасында ынтымақтастықты нығайтуға, жаңа идеялар мен көзқарастарды алмасуға көмектеседі.
– Білім – ең көп сыналатын, ең көп реформа жасалатын сала. Бүгінгі өзгерістер неге негізделген?
– Оң өзгеріс болу үшін сын мен пікірлер сарапталып, назарда ұсталады. Соның ішінде заман талабына сай цифрлық платформалар мен онлайн ресурстарды пайдалану оқушылар мен мұғалімдердің оқу процесін жеңілдетіп, тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан, білім саласына сандық технология жетістіктерін пайдалануға күш салынуда. Мысалы, оқушылар онлайн курстар мен вебинарларға қатыса алады, ал мұғалімдер сандық материалдарды пайдаланып, сабақты интерактивті түрде өткізе алады. Жаңа білім беру стандартына сай білім беру бағдарламаларын, оқыту әдістемелерін жаңарту арқылы оқушылардың шығармашылық және аналитикалық қабілетін дамытуға бағытталған реформалар жүзеге асырылуда. Оқу бағдарламалары мектепте тек теориялық білім беріп қана қоймай, практикалық дағдыларды да дамытуға арналғанын айта кетейік. Оқушылардың сыни ойлау дағдысын дамыту, олардың проблемаларды шешу қабілетін арттыру мақсатында оқу жоспарына тапсырмалар мен жобалар енгізілуде. Бұл оқушыларға тек білім алып қоймай, оны өмірде қолдану жолын үйретеді.
Шығармашылық пәндер мен ғылыми-зерттеу жұмыстары оқушылардың жаңа идеяларды ойлап табуына, өз қабілетін ашуына мүмкіндік береді. Бұл білім алушылардың жеке тұлғалық өсуіне ықпал етеді. Оқу мәдениетін көтеру үшін оқушылардың психологиялық жай күйі де маңызды. Сондықтан мектептерде психологтар жұмыс істейді, олар оқушыларға стресс пен оқу жүктемесінен туындайтын қиындықтармен күресуге көмектеседі. Мектептер мен жоғары оқу орындарының арасында әлеуметтік серіктестікті дамыту арқылы білім беру сапасын арттыруға бағытталған шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, ата-аналардың білім беру процесіне қатысуы да оқушылардың оқу мәдениетін жақсартуға ықпал етеді. Осы шаралар арқылы елімізде оқу мәдениетін арттыруға, оқушылардың білімге қызығушылығын күшейтуге бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр.
– Қазіргі инновациялық әдіс-тәсілдер дегенде алдымен не еске түседі?
– Инновациялық әдіс-тәсілдердің оқу сапасын арттыруға ықпалы өте зор. Оның ішінде цифрлық технология мен интернет ресурстарды пайдаланудың көмегі көп. Бүгінде оқушыларға интернет арқылы оқу материалдарын қолжетімді ету мақсатында түрлі онлайн платформалар мен мобильді қосымшалар қолданылуда. Оқыту кезінде оқушылар нақты мәселелерді шешу үшін топпен жұмыс істеп, жобалар жасап шығарады. Бұл әдіс олардың шығармашылық қабілетін дамытып, шынайы жағдайларда жұмыс істеу дағдысын қалыптастырады. Белсенді оқыту әдісіне тоқталар болсақ, талқылау және пікірталастарда студенттер мен оқушылар өз пікірлерін еркін білдіріп, проблемаларды талқылауға қатысатын жағдайларды жиі пайдалану қажет. Бұл әдіс танымдық қабілетті арттырады. Ойын арқылы оқыту, әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін жиі қолданылады. Бұл тәсіл оқыту процесін қызықты әрі тиімді етеді. Кері байланыс және өздігінен бағалау арқылы студенттер мен оқушылар және мұғалімдер өзара ақпарат алмасып, оқу процесін жақсарту мүмкіндігіне ие болады.
Қорыта айтқанда, инновациялық әдіс-тәсілдер білім беру жүйесін заманауи талаптарға сай дамытуға бағытталған. Олар оқушылар мен студенттердің шығармашылық қабілетін, сын тұрғысынан ойлау дағдыларын және практикалық білімін дамытуға үлкен әсерін тигізеді.
– Ой бөліскеніңізге рақмет.
Ұлбала ТІЛЕУҚЫЗЫ,
«Заң газеті»