Еліміздегі мемлекеттік тілдің заңдық тұғыры, оның рөлі мен бүгінгі таңдағы бағыт-бағдары баршаға белгілі. Алайда, қазақ тілін қолдану өз керекті жоғары деңгейінде деп айту қиын. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру — күні бүгін де өзекті мәселелерінің бірі болып табылуда.
«… Халықтың мәңгі ғұмыры-оның тілінде. Әрбір тіл өз халқына ұлы» -деген екен атақты жазушы Шыңғыс Айтматов.
Расында да, қай мемлекет болмасын, оның ең әуелі ұлықтайтын тілі – мемлекеттік тілі. Тіл – әлемдік қоғамдастықтағы мемлекеттердің басты белгілерінің бірі әрі ұлт руханиятының алтын қазығы. Сондықтан, мемлекеттік тілдің дамуын жан-жақты қолдау баршамыздың абыройлы міндетіміз деп түсінген абзал. Бұл мәселеге Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та айрықша мән беріп отырады.
Әрине, ең бірінші кезекте мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жандандыру, тіл саясатын іске асыру, тілдің тұғыры мен мәртебесін көтеру мақсатында қолданысын дамыту мәселесін мемлекеттік мекемелер бақылауға алулары қажет деп есептеймін.
Мемлекеттік мекемелердің өзара құжат айналымы тек мемлекеттік тілінде болу қажет, қазақ тілін дамыту саясатын қолдап және осы ұстанулары абзал. Алайда, кейбір жағдайда мемлекеттік мекеме бола тұра, хат алмасу барысында ресми тілінде хат жолданатыны кездесіп тұрады.
Соттар өз тарапынан басқа мемлекеттік мекемелерге сот өндірісіне барлық хаттар мен құжаттар мемлекеттік тілде жолдану қажеттігі жайлы хаттар жолдап, қазақ тілін кеңінен пайдалану мақсатында іс-шаралар жиі өткізіп тұрады. Алдағы уақытта бұл жүргізіліп отырған жұмыстар қажетті көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенеміз.
Қазіргі таңда соттардың іс қағаздары мемлекеттік тілге толықтай көшкен. Барлық құжат мемлекеттік тілде жүргізіледі. Алайда, сот құжаттарын қазақша жүргізуімен ғана мемлекеттік тілдің мәселесі шешілмейтінін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Олай дейтініміз, соттарда қазақ тілінде қаралатын істердің аздығын статистикалық мәліметтер растайды.
Өкінішкі орай, мысал ретінде, ұлты қазақ бола тұра талап қоюшы сотқа талап арызын ресми тілінде өткізіп, ал сотқа келгенде орыс тілін білмейтіні анықталып жатады. Орыс тілін білмесе не себептен орыс тілінде талап арызын келтіргені жайлы сұрағанда – адвокат талап қоюшыға талап арызды орыс тілінде жазып бергені жайлы айтады. Бұл өз кезегінде біршама қиындық туғызады. Әрине, Қазақстан Республикасы Азаматтық Процестік кодексінің талаптарына сай, істі сот талқылауына дайындау кезінде екі тараптың да жазбаша өтінішхаты бойынша сот ұйғарыммен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге болады, бірақ бұның өзі де судьяның біршама уақытын алады. Ал сот отырысы барысында тараптардың тілді білмейтіні анықталса аудармашы шақыртылады. Ондай мысалдар жие орын алуда.
Сондықтан, алдағы уақытта тілге қатысты кемшіліктерге жол берілмей, мемлекеттік тіл қолданысын дамытуға, мәртебесін арттыруға тек мемлекеттік мекемелер ғана емес, сонымен қатар барлық қазақстандықтар атсалысулары қажет, өйткені егеменді еліміздің тәуелсіздігін айқындайтын негізгі конституциялық құқықтық белгілерінің бірі мемлекеттік тіл болғандықтан, оның тұғырын биіктету – баршамызға ортақ парыз және отан алдындағы міндетті борыш деп санаймын.
Орал қаласының № 2 сотының судьясы
Миржан Қадырбаев