Мемлекеттік қызметші – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң және (немесе) Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасында айқындалған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі – Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіне сәйкес қызметтік әдеп стандарттарында белгіленген мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық қағидалары. Мемлекеттік қызметке келген әрбір азамат мемлекеттік қызметшінің антын қабылдаған кезден бастап белгілі бір шектеулерге ие болады және оны сақтауға міндетті. Мемлекеттік қызметші өз кезегінде халық пен мемлекеттік орган арасындағы көпір іспетті, мемлекеттік қызметте көп жағдай осы мемлкеттік қызметшінің біліміне, кәсіби дағдыларына, сонымен қатар мінез-құлқына, жүріс-тұрысына да байланысты. Қандай да бір мемлекеттік органға кіргенде есіктен қарсы алатын мемлкеттік қызметшілер, ең бірінші адамгершілігімен көзге түседі. Оның қаншалықты өз жұмысына деген қызығушылығы, келіп тұрған қызмет алушының сұрағына, проблемасына бей-жай қарамауы түрлі көңіл-күймен келген халықта аталған мекемеге деген оң көзқарасты қалыптастырады.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші тек қана жұмысында емес, сондай-ақ жұмыстан тыс уақытта да мемлекеттік кізметшінің әдебін ұмытпауы тиіс. Ол қоғам мүдделеріне адалдық танытуға және Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік тіл мен басқа тілдерге, Қазақстан халқының дәстүрлері мен ғұрыптарына құрметпен қарауға міндетті. Қазақта «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деген керемет сөз бар. Әрбір мемлекеттік қызметші ең бірінші өз елінің патриоты болып, өз ана тілін жетік меңгеруі тиіс. Қазіргі таңда мемлекеттік тілде қызмет көрсету, құқық қорғау органдарында, соттарда істерді мемлекеттік тілде қарау көрсеткіштері жылдан жылғы ұлғайып келеді. Бұл дегеніміз өз азаматтарымыздың ешқандай кемсітусіз, таршылық көрмей өз тілінде мемлекеттік органдарға еркін жүгінуі, яғни олардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуы мен сақталуы болып табылады.
Мемлекеттік қызметшіердің әдебі адалдық, әділдік, адал ниеттілік, ашықтық, сыпайылық және қызмет алушыға бағдарлану қағидаттарына негізделеді. Яғни, өз жұмысыңа адал болу, барға қанағат, айналаға адалдықпен қарау, біреудің ақысын жемеу, өз қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланбау, қызмет алушыларға әрқашанда көмекке келу және т.б. Жалпы Әдеп кодексінің ережелерін сақтауда тек қана орындаушылық қатардағы қызметшілерден талап етуден бұрын басшы қатарындағы қызметшілер үлгі болу білуі тиіс. Ол үшін қызметке жаңадан келген мамандарға түрлі семинар сабақтар, басқосулар жасап, орын алып жатқан кейстерді талқылап, мемлекеттік қызмет әдебін құлақтарына құйып, олардың бойында жақсы қасиеттерді сіңдіру жолында өзге де шараларды (спорттық, танымдық, сайыстар ) ұйымдастыру қажет.
Ұлы ойшыл, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының мына шумақтарын еске алсақ: «Біреудің мінін көргенше,
Жамандығын тергенше.
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен алыс өлгенше» демекші, әдепті болу, әдеп нормаларын сақтау тек қана мемлекеттік қызметте емес, күнделікті өмірде де керек нәрсе. Әдеп – ол тәрбие, ал тәрбие отбасыдан басталады. Сондықтан да әр отбасы еліміздің болашағын қалыптастыруға зор үлесін қосады. Әдепті, құқықтық қоғам құру өз қолымызда.
Б.Өтеғалиева
Орал қаласының №2 сотының
Бас маманы