Мемлекет шалыс қадам басқан азаматтан теріс айналмайды

Әділетті әрі қауіпсіз қоғам орнату – мемлекеттің басты ұстанымы. Әр азамат өткеніне қарайламайтын, ертеңіне алаңдамайтын бейбіт, берекелі елде өмір сүргісі, тамыр жайғысы, ұрпақ сүйгісі келеді. Ал мұндай бірегей қоғам құрудың бүгінгі формуласы «Заң мен тәртіп» қағидатына топтастырылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылғы жолдауларында Заң мен тәртіп ұстанымын дамудың дара тетігі ретінде дәріптеп келеді. Себебі тәртіпті сақтайтын, заңды жақтайтын елдегі азаматтардың қадамы нық, көңілі тоқ. Бұл қай кезде де құндылығын жоймаған тәмсіл.

Қауіпсіз қоғам құрудың кілті – теңдікте, әділдікте, заңдылықта. Әр азамат өзін жайлы, қауіпсіз санап, қоғам мен мемлекеттің қолдауын сезінгенде ғана Заң мен тәртіп өз мақсатына жетеді. Соның ішінде қателесіп заң шеңберінен шығып, сотты болғандар да қоғам мен мемлекеттің көмегіне зәру. Ізгілендіру саясатын ұлықтап, жазалауды емес, тәрбиелеуді тиімді санайтын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында жаза басқан жандардың назардан тыс қалмайтынын үнемі қаперге салып келеді.

 Құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде Президент: «Мемлекет шалыс қадам басқан азаматтан теріс айналмайды, оның тура, дұрыс жолға түсуіне жәрдем береді. Негізгі мақсат – сотталған адамды қоғамнан алшақтату емес. Тиісті тәрбие жұмысын жүргізу өте маңызды. Олардың бойына заң мен тәртіп құндылығын сіңіретін және қалыпты өмірге оралуына ықпал ететін озық тәсілдерді енгізу керек», – дей келе бұл бағыттағы жұмыстардың қалай жүргізілуі, қандай мәселелер ескерілуі қажет екенін қадап айтты.

Президенттің бұл тапсырмасы Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен өткен алқа отырысында таразы басына салынды. Жиында ҚАЖ саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету, пенитенциарлық мекемелерді жаңғырту, медициналық көмек, сотталғандарды еңбекпен қамту және оларды қайта әлеуметтендіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бас Прокурор Берік Ноғайұлы «Заң бұзған тұлғалар қоғамнан шеттетілмеуі тиіс. Мемлекеттің міндеті – оларды заңға бағынатын әрі қоғамға пайдалы азаматтар ретінде қайта қалыптастыру. Бүгінде 30 мың сотталғанның әрбір үшіншісі бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген. Өз кезегінде бір сотталғанды ұстауға мемлекеттен жылына 3 миллион теңгеге дейін қаржы бөлінедій дей келе, халықаралық тәжірибені ескере отырып сотталғандарды еңбекпен қамту және табысты әлеуметтік бейімдеу неғұрлым тиімді екенін алға тартты. Сондай-ақ Бас прокуратура заңнамаға өзгерістер енгізіп, жазасын өтегендерді қайта әлеуметтендіру функциясын әкімдіктерге беріп, ал бұл жұмысты үйлестіру Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелгені тиімді деген ұсынысын айтты.

Расында айналамызда сүрініп кетіп бүлініп жүрген тағдырлар қаншама?! Ол біреудің әкесі, біреудің бауыры, біреудің баласы. Ең бастысы, өзінің қателігіне, ағаттық жасағанына қарамастан сотталған адам да біздің елдің бір азаматы, сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамның бір мүшесі. Жаза басқан адамды шетке қағып, кемшілігін қайта-қайта бадырайтып бетіне басып, арамыздан алыстатуға тырысқаннан қоғам таза, қауіпсіз болып кетпейді. Қылмысты тыйыммен, қылмыскерді жазалаумен түзеуге болмайтынын өмір көрсетті. Сондықтан да зайырлы, өркениетті елдердің барлығы қылмыстың салдарымен күрескенше, себебіне үңілуге, қылмыскерді соттағаннан гөрі, қылмыстың алдын алуға басымдық береді. Біз үлгі ететін дамыған елдердің көпшілігі сотты болған отандастарын бостандығынан айырып, қоғамнан оқшаулауға емес, жақын жандарының қолдауын сезіне отырып, қателігін түзегенін пайдалы деп есептеп, бас бостандығынан айырмайтын жазаларды жиі қолданады. Қазақстанның бүгінгі құқықтық саясатының да көздегені осы.

Қазіргі уақытта құқық бұзушылықтың алдын алу, қайта жасалатын қылмыстың деңгейін төмендету және құқық бұзушыларды әлеуметтік ортаға бейімдеу мәселелері мемлекеттік саясаттың басым бағытының біріне айналды. Осы тұрғыда пробация қызметінің рөлі ерекше, өйткені ол тек бақылау функциясын ғана атқарып қоймай, сонымен қатар әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсету арқылы тұлғаның қайта әлеуметтенуіне ықпал ететін ерекше құрылым. Бұл қызметке жүктелген жауаптылықтың қаншалықты ауыр, сенімнің қаншалықты салмақты екенін Президент сөзінен де бағамдауға болады. «Біз қазір қылмыстық жаза саясатын мейлінше ізгілендіруге, жетілдіруге баса мән береміз, яғни бас бостандығынан айырудан бөлек жаза түрлеріне басымдық беріледі. Бұл пробация қызметіне анағұрлым көп салмақ түседі деген сөз», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Пробация – қылмыстық жазаны өтеудің баламалы түрлерін іске асыратын, сотталған азаматтарды қоғамнан оқшаулаусыз түзетуге бағытталған кешенді институт. Қазақстан – пробациялық жүйені ТМД және Орта Азия елдері ішінде бірінші болып қабылдаған ел. Елімізде пробация ұйымы алғаш рет 2012 жылы қолданыла бастады. Ал, 2016 жылы «Пробация туралы» заң қабылданып, оның әлеуеті мен өзектілігі арта түсті.    Пробацияның басты функциясы қоғамды қылмыстан таза, құқық бұзушылықтан жоғары ұстауға бағытталған. Одан кейінгі міндеттері де осал емес.

Біріншіден, пробация құқық бұзушы тұлғалардың мінез-құлқын оңалтуды, үнемі тілдесіп, пікірлесіп санасына қозғау салуды мақсат етеді. Түзеу жұмыстарында отбасы мен жақындарының ықпалы көп болғандықтан, шалыс басқан жандардың жақындарымен ашық диалог орнатып, оларды тәрбиелеу жұмысына тарту да пробация қызметкерлерінен шеберлік пен кәсібилікті талап етеді.

Екіншіден,  сотталушыларды еңбекке бейімдеу – ең тиімді, ең ықпалды әдіс.  «Ең жақсы ем – еңбек терапиясы» деген тәмсіл тегін айтылмаған. Сондықтан пробация қызметі жазасын өтеушілердің кәсіп меңгеріп, тұрақты жұмыс табуына, жеке кәсібін ашып, өз қабылет-қарымын шыңдауына барынша көмектеседі. Әкімдік, мемлекеттік орган, орта және ірі кәсіп иелерімен бірігіп өткізілетін бос орындар жәрмеңкесіне де пробация қызметкерлері белсене қатысып, жазасын өтеушілердің екі қолға бір күрек табуына қол ұшын созып келеді. Бүгінге дейін сотталғандарды жұмысқа орналастыру үшін бөлінген 183 квотаның 76-ы орындалды, 107-і орындалу сатысында. Бұл жұмыстың атқарылуын прокуратура үнемі бақылауында ұстап отыр. Сондай-ақ «КАТСО», «КазКрахмал», «Kaz Eco Meat», «ЭКОИНВЕСТ ЭС ЭЙ» сияқты ірі кәсіпорындармен екіжақты келіссөздердің арқасында 3 айда 205 тұлға тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл үлкен нәтиже.

Үшіншіден, есепте тұрғандардың әлеуметтік мәселелерін шешу де пробацияның басым бағытының бірі. Тұрақты жұмыс таппаған, отбасында қиындыққа тап болған, тұрғылықты баспанасы жоқ жандардың қайта қылмыс жасау қаупі жоғары. Осындай түйткілдердің алдын алып, кездескен кемшілікті бірігіп шешудің де өз нәтижесі бар.

Айталық әлеуметтік түсіндірме жұмыстарынан кейін 123 жаза өтеушіге 5 млн теңге көлемінде біржолғы өтемақы төленіп, 2 жанұяға жалдамалы тұрғын үй төлемінің 50 пайызын әкімшілік төлеуде. Сонымен бірге 24 жанұяға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 16 отбасыға азық-түлік табысталған. Жеке кәсібін бастауға ниетті 28 жаза өтеушіге 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріліп, 24-не 1,7 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант тағайындалды. Екі азаматтан ауыл шаруашылық техникасын алу туралы өтінім қабылданған.

Төртіншіден, пробациялық бақылаудағы азаматтардың жауаптылығын арттырып, құқықтық мәдениетін қалыптастырудың ықпалы орасан. Заң мен тәртіпке бағынған азаматтың ортаға сіңісіп кетуі оңай. Оның әліппесі пробациялық бақылауға уақытылы келіп, ескі әдеттерден арылудан, отбасы мен қоғамға деген жауаптылықты түсінуден басталады.

Түркістан облысының пробациясында 17 бөлім бар. Онда қазір 89 қызметкер еселі еңбек етіп жүр. Пробациялық есепте тұрған 2411 тұлғаның бүгінде 806-сы тұрақты жұмысқа орналасқан, өзін-өзі жұмыспен қамтығаны – 653 болса, 160-сы оқушы, зенеткер, бала күтіміндегі аналар. Пробация қызметінің жұмысын жүйелеп, бағыт-бағдарын айқындауда облыстық прокуратураның да көмегі көп. Себебі прокуратура органы құқық бұзушыларды қоғамға қайта бейімдеу үшін олардың қылмысқа не үшін барғанын, шалыс басуына не себеп болғанын анықтап қоймай, тығырыққа тірелген сәтте қай туысынан көмек қажет екенін білу мақсатында есепте тұрған әр азаматтың әлеуметтік портфолиосын жасайды. Сондай-ақ Қылмыстық атқару жүйесі мекемелері мен білім беру ұйымдары арасында телекөпірлер өткізудің кестесін бекіту де прокуратураның ұдайы назарында. Мұндай іс-шаралар жастарды қылмыстан сақтандырып, қоғамдағы құқық бұзушылықтарға тегеурінді тосқауыл қояды.

Қылмыстың орын алуына, кешегі тәрбиелі жастың бүгінгі құқық белдеуінен аттауына түрткі болатын себептің негізгісі – есірткі мен ішімдік. Осыған орай прокуратура құзырлы органдармен бірлесіп аймақта арақсыз ауылдардың көбеюіне мұрындық болып келеді. Дүкендерде арақ сатылмайтын, дастарханына арақ қойылмайтын ауылдар санының артуы қылмыстың да, қылмыскерлердің де азаюына түрткі болып отырғанын айту артық.

Жылдар бойы берілген тәрбиеден гөрі көзбен көрген бір ғана ашық сот отырысының әсері айтарлықтай жоғары болатыны рас. Бұл әдістің тиімді екенін білгендіктен прокуратура пробация есебінде тұрғандардың қатысуымен ашық сот отырыстарын тұрақты түрде өткізуде. Сот табалдырығын аттаған сотталушыларға заңның салмағы мен пәрменін қайта сезініп, бостандық пен темір тордың ара жігін ажырату айтарлықтай әсер етері анық. Осындай сот процестерінен кейін жазасын өтеушілер өз қателігін түсініп, қайта қылмыс жасамайды.

Жалпы пробация қызметі жыл өткен сайын жанданып, жұмысын жүйелеп келеді. Соңғы жылдары қолданысқа енген «FSM Social» қосымшасының жазасын өтеушілермен тығыз байланыс орнатуда маңызы зор.   Бұл қосымша Түркістан облысында алғаш қолданылғанын айта кету керек. Қосымша есептегі тұлғалардың әлеуметтік көмек, тұрғын үй кезегі, атаулы әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту, денсаулығына байланысты емханаға жолдау, бір реттік қаржылай көмек, балаларын балабақшаға орналастыру сияқты көптеген мәселелер туралы дер кезінде хабар алып, оларды жедел шешуге көмектесті. 2026 жылдың 3 айында «FSM Social» бағдарламасы арқылы 662 сигнал беріліп, оның 225-і орындалды. Соның арқасында есепте тұрған 100 азаматқа  әлеуметтік көмек көрсетіліп, 93-і жұмыспен қамтылды, 73 адам денсаулығына байланысты емханаға жолдама беріліп, 105-і бір реттік қаржылай көмек алды. Бұдан бөлек психологиялық, құқықтық көмек алған, медиаторлар кеңесіне жүгінген, тұрғын үй кезегіне қойылып, демеушілер есебінен қолдауға ие болған, балаларын балабақшаға орналастырғандардың қатары қалың. Осындай нәтижелі жұмыстардың нәтижесінде қайта жасалған қылмыстар саны 22-ден 11-ге, яғни, 50 пайызға төмендеді. Кешенді шаралар тиімділігін көрсеткендіктен алдағы кезеңдерде бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.

Әрине, «Бес саусақтың бірдей болмайтыны» сияқты, мемлекет пен қоғам тарапынан ауқымды қолдау мен көмек көрсетіліп жатқанына қарамастан, пробациялық есепте тұрғандардың да теріс әрекет жасап, құқық бұзушылықты қайталайтындары кездеседі.  Бостандық пен қамқорлықтың қадірін білмегендерге жаза қатал. Мәселен биылғы жылы есепте тұрған 23 азамат ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Сонымен бірге құқық бұзушылыққа және қылмысқа бейім 42  жаза өтеуші анықталып, олар бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылып отыр. Заң – қысым көрсету немесе қудалау құрал емес. Дегенмен, «Қамысты бос ұстасаң қол кеседі» демекші, мемлекет тарапынан жасалған жеңілдік мен қолдаудың парқын түсінбегендерге кешірім болмауы тиіс. Бұл басқаларға да сабақ болады.

         Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құқық қорғау қызметкерлері қатысқан келелі кеңесте: «Кейбір елде жазасын өтеушілер «қамау мерзімін қысқартуға» мүмкіндік беретін шараларды қолдана алады. Абақтыда ескерту алмаған, жаңа білім игерген, спорттық-мәдени шараларға қатысқан адамдарға осындай жеңілдік беріледі. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, осы мәселені мұқият пысықтауы қажет. Шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн. Бұл жұмысқа отандық сарапшыларды да тарту қажет» деген еді.

Прокуратура тарапынан пробациялық қызметті жандандыруға, бұл саланың жұмысын нәтижелі етуге ықпал ететін механизмдерді зерделеуге қатысты ізденістер жасалып жатыр. Осы ретте пробация институты қалыпты жұмыс істейтін өркениетті елдердің тәжірибесіне үңілген артықтық етпейді. Мәселен Америка Құрама Штатында түзеу мекемелерінен босатылған, немесе бас бостандығынан шектелген азаматтар пробациялық есепке алынған сәттен көптеген коррекциялық, яғни түзету бағдарламалары мен сынақтарынан өтуі міндетті. Соның ішінде мінез-құлықты түзеу, бойдағы ашу мен агрессияны төмендетуге көмектесетін курстар мен белгілі бір кәсіпті меңгеруіне жағдай жасалады. Бұл сынаққа бағынбағандар түзеу мекемесіне қайта қайтарылады. Міне, осындай коррекциялық бағдарламаларды үйлестіру біздің елімізде де маңызды.

         Сонымен қатар, шетелдерде пробациядағы азаматтарға психологиялық көмек беретін, олардың туыстарына қолдау көрсететін, отбасылық қиындықтардан шығуына жол сілтейтін волонтерлар шоғыры қалыптасқан. Мұндай еріктілер пробация қызметінің жүктемесін айтарлықтай жеңілдетеді.

         Бұдан бөлек, көп елдерде пробациядағы азаматтарға кәсіп үйрететін, қоғамға қажет дағдыларды қалыптастыратын үкіметтік емес ұйымдар да баршылық. Ал бізде әлі күнге дейін азаматтық қоғам сотты болған азаматтардан алыс жүруге тырысады. Тіпті олардан қауіптеніп кәсіби байланыс жасаудан да қашатындар жеткілікті. Шындығында сотталғандар да адам. Олар жасаған қателіктен ешкім де сақтандырылмаған. Сондықтан, қалыпты өмірге оралғысы келетін, қылмыстан қол үзіп, ел дамуына үлес қосқысы келетін азаматтардың кемшілігіне кешіріммен қарап, қатарымыздан табылуына қоғам болып қол ұшын созғанымыз абзал.

Мұрат Тлеубердиев,

Түркістан облысының прокуроры

Жемқорлықпен күрес: заң және жауапкершілік

Қазіргі қоғамда жемқорлық мәселесі өзектілігін жоғалтпай отыр. Бұл тек...

Сот жүйесінде электронды цифрға өтудің маңыздылығы

Қазіргі кезеңде ақпараттық технологиялардың дамуы сот жүйесіне де елеулі...

Аида Балаева: ҰБТ жүйесін жаңғырту – білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам

Қазақстанда талапкерлерді іріктеу жүйесін жетілдіру мақсатында Ұлттық бірыңғай тестілеу...