Тіл – мемлекеттің тұтастығын нығайтатын, қоғамды біріктіретін маңызды құндылық. Әрбір елдің даму деңгейі мен ұлттық бірегейлігі оның тіліне деген құрметінен көрінеді. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі.
Қазақстан Республикасында қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Бұл – тәуелсіздігіміздің маңызды жетістіктерінің бірі. Мемлекеттік қызметкерлер үшін қазақ тілін жетік меңгеру тек кәсіби міндет қана емес, ел алдындағы жауапкершілік болып табылады. Себебі мемлекеттік қызмет халықпен тікелей жұмыс істеуді, азаматтардың өтініштері мен қажеттіліктеріне жауап беруді талап етеді.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында елімізде түрлі бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып келеді. Құжат айналымын қазақ тілінде жүргізу, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, білім беру мен ақпараттық кеңістіктегі қазақ тілінің үлесін көбейту – осы бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі.
Тілдің дамуы заңдармен ғана емес, азаматтардың күнделікті қолданысымен де өлшенеді. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілдің үлгісін көрсетіп, оның беделін арттыруға өз үлесін қосуы қажет. Бұл қоғамда тіл мәдениетін қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, тіл тағдыры – ел тағдыры. Мемлекеттік тілдің өркендеуі мемлекетіміздің дамуы мен болашағының кепілі. Тілімізді құрметтеу, оны дамыту жолында аянбай еңбек ету – әрбір мемлекеттік қызметкердің азаматтық әрі кәсіби борышы.
Д.Ходжаева, Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы


