Республика күні – тарихи күн. Арғы заманды айтпағанда, тəуелсіздік төңірегінде қаншама күрделі өзгерістер орын алды. Мұндай тартыстарды қарапайым халықтың біле бермейтіні түсінікті. Десек те, тəуелсіздік бəзбіреулер ойлағандай төбеден топ етіп түсе қалған жоқ. Азаттық – тəңірдің берген тартуы. Əрі ел үшін жанын берген майталман тұлғаларымыздың өлшеусіз еңбегінің нəтижесі.
Мыңдардың көтере алмаған жүгін ауырсынбай арқалайтын атпал азаматтарымыз қай заманда да болған. Тəуелсіздік тағдыры таразы ға тартылғанда, келешегіміз не болар екен деген дүдəмал ойлар көкейді мазалағаны рас. Осындай жағдайда саяси ареналардағы дауыл мен борандардың өтінде заң саласының корифейі, академик Салық Зимановтай марғасқалар бастаған заңгерлердің жүргендігін көз көрді. Өйткені, қаншама арыстарымыз жолына басын тіккен, қаншама буын ұрпақтың нақақ қандарының төгіліп, артына сойқан ізін қалдырып, халық тағдырына аяусыз таңбасын салған, осыншалық қымбатқа түскен тəуелсіздікті тек қазығы мықты қағылған төрт құбыласы тең, жан-жақты ойластырылған, тоқсан түрлі торкөз сараптамалар сүзгісінен өткен заңдар арқылы бекітуге болатын-ды. Бұл өзі ескі замандардан айқындалған, тағылымды тарихымыздан белгілі, əлмисақтан танылған ақиқат. Бүгінгі майталман заңгерлеріміз кешегі əулиедей ардақты билеріміздің орнын басып, мойындарына артқан елдік ауыртпалығын белдері қайыспай көтере білді. Өткен дəуірлерді былай қойғанда, біздің заманымыздағы тəуелсіздігіміз де əртүрлі дау-дамайлы өткелдерден өткені рас. Оның айналасында қызу тартыстардың жүргені де ақиқат. Республика күніне байланысты біраз ауытқулар мен толқулар жүріп өткенін біз еске алмасақ та, сергек саналы қоғам ұмыта қоймаған шығар. Дегенмен, тəуелсіз Қазақстанның тəй-тəй басқан қадамдары мен алғашқы заңдық құжаттарына тоқталмай кетуге болмайды. Республика күнінің тарихы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басынан басталады. Нақтылай түссек, 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тəуелсіз ел атануына тікелей жол ашқан аса маңызды құжат болатын. Декларацияда Қазақстанның тəуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізі жарияланды. Осы Декларация ның арқасында Қазақ КСР өз ішкі əскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды. Декларацияның қабылдануымен мемлекет тəуелсіздігінің іргетасы қаланып, еліміздің өз территориясы, азаматтығы, мемлекеттік өкіметтің дербестігі мен толықтығы, бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі бекітілді. Сонымен қоса, мемлекеттік рəміздері, Ұлттық валютасы нақтыланды. Заңдық акт арқылы əлем картасында «Қазақстан» атты жаңа мемлекет пайда болып, Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тəуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Тəуелсіз еліміздің алғашқы заңдық құжаттарының дайындалуына ең алдымен, ең үздік заң қайраткерлері тартылды. Ел заңнамасы тарихында есімі алдымен ауызға алынатын заң корифейі Салық Зиманов бастаған Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Нағашыбай Шəйкенов, Оразалы Сəбден, т.б. айтулы заңгерлеріміздің жинаған мол тəжірибесі осы тұстарда ел игілігіне жарады. Тек олар емес, жалпы еліміздің заңы мен сот салаларының иығына осы кезеңдерде үлкен салмақ түсті жəне олар осы сынақтан абыроймен өте білді. Əрине, бұл өзге сала мамандары ел тəуелсіздігінің негізі қаланып, қалыптасуына атсалыспады дегеніміз емес. Осы ретте философ, академик Жабайхан Əбділдин, тарихшы, академик Манаш Қозыбаев, қайраткер ақын-жазушылар Əбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсыновалардың ел мүддесін қорғаған жалынды істеріне талай куə болдық. Осы ардақтыларымыз кейбір қысқа ойлайтын азаматтар: «біз одақтан айрылмайық, қалай болған күнде де Ресейдің қолдауынан қол үзіп қалмауымыз керек» дегенде ел мүддесіне шырылдап араша түсті. Міне, осы тұста Салық Зиманов бастаған қайраткер заңгерлеріміздің қыруар еңбек сіңіргендігін баса айтуға қақылымыз жəне міндеттіміз. «Айтпаса сөздің атасы өледі». Нақ осы тарихи, сындарлы, жауапты кезең туғанда, өткен дəуірлердегі билер институтының марғасқа майталмандары секілді, біздің заманымыздағы олардың ізбасарлары тарих сахнасына көтеріліп, ел мүддесіне тізе қосып еңбек етті, тəуелсіздігімізді тұрақтандырып, баянды етуге бар қажыр-қайратын жұмсады. Ақиқаты осы. Өкінішке қарай, жоғарыда айтқанымыздай, тəуелсіздікті тұрақтандыру төңірегінде бəрі тақтайдай теп-тегіс болып, алдымыздан даңғыл жолдар сайрап ашыла қалған жоқ. Соның бір үлкен дəлелі – осы қаншама еңбекпен жеткен мұрат-мүдделеріміз кезінде аяқ асты болып, тəуелсіздікке жол ашқан республика күні он үш жыл бойы мереке ретінде аталмай қалғанын көпшілік ұмытпаған болар. Əрине, дəл қазір бұған айыпты іздеп, себеп-салдарын түгендеу жөнсіз. Ең бастысы, тəуелсіздігіміздің тарихындағы жаңылыстық түзетілді, кемістіктің орны толды. 2022 жылдың маусым айында Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Республика күніне Ұлттық мереке мəртебесін қайтаруды жəне бұл күнді мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізуді ұсынды. Өз сөзінде: «Республика күні – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Əрине, тəуелсіздік күнінің бастапқы мəні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, Тəуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді. Президенттің бұл қадамын Тəуелсіздік мұраты жолында еңбек еткен, тіпті, жанын құрбан еткен алаш арыстарына деген құрмет деп түсіндік. Сонымен бірге бұл осы ұлы мұрат жолында империямен арпалысқан ерлерімізге құрмет жəне осы Тəуелсіздіктің тұрақтылығына үлес қосқан, қаншама заңдар, ең басты құжат – Декларацияны бекіту жолында тер төккен Салық Зиманов сияқты ардақты тұлғаларымыздың баға жетпес еңбегін бағалау, жаңғырту деп ұғындық. Осы қадам арқылы халық үшін жасалған еңбектің ешқашан өлмейтініне сеніміміз нығая түсті. Ең бастысы, Республика күнінің – Ұлттық мереке ретінде қайта түлеп, жаңғыруы халқымыз үшін зор қуаныш. Елдің өнегелі тарихы осылайша жасалмақ. Біз осындай аршынды, мемлекеттік маңызы жоғары қадамдарға қуана отырып, қолдауға əзірміз. Біз өткеніне құрметпен қарайтын, ата-баба салтына бас иіп, ұлағатын ала білетін халықпыз. Тіпті, азуын айға білеген империяның өзі ұлттық қасиеттерге тұнған рухымызды сындыра алмады. Ғасырлар бойы жұртымызды қанша соқпақты, соқпақсыз, дүрбелең, қиын-қыстау замандарға душар қылып, ықтиярсыз соғыс, шапқыншылықтарға мəжбүрлесе де, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» дəуірлерге ұрындырса да, ар-намысты, жігерлі жұрт тарих сынақтарына төзе білді, еңсесін түсірмей, қиындыққа қарсы тұра білді. Жұбан ақын айтпақшы, «мың өліп, мың тірілсе де» келешегіне сенді, ұрпағы үшін жарқын болашағына үлкен үмітпен қарады. Тарих сынағы демекші, алаш ардақтысы Мұстафа Шоқай дүниеге төңкеріс жасап, əлемді уысында ұстағысы келген диктатор тирандардың мəңгілік емесін мегзеп, олар құрған адамзат мүддесіне кереғар жүйеге де ақырзаман туарына болжам жасап, мынадай терең, ұлағатты, əрі қатаң, əрі қара қылды қақ жарғандай əділетті түйін жасаған: «Тарих рақымсыз. Ол ғұламаны да, білгірді де, өнер иесін де, хандар мен патшаларды да аямайды. Ол өз заңына қарсы келгендердің бəрін езіп, жаншып жүре береді. Тарих заңдары кері қайтуды білмейді жəне оны жаратпайды». Мұстафа Шоқайдай кемеңгердің ақиқат пікіріне келтірер мысалдар аз ба? Оған дəлел ретінде кешегі дүниені қызыл қанға бояған тирандар қолымен дүниеге келген жауыз кеңестік империяның əп-сəтте опырылып, қаусап, құлап түскенін айтсақ та жеткілікті. Өз заңына қайшы келген саясатқа тарих «рақымсыздық» танытты, тарих дөңгелегі əділетсіздік пен қиянат, қысымға негізделген империялық жүйені таптап, тас-талқан етті. Дүниенің бəрі салыстырудан – ақ-қарасын айырудан, асылы мен жасығын, жақсысы мен жаманын, күнгейі мен көлеңкесін, бары мен жоғын ажыратудан тұрады. Салыстырмай сапаны сараптау жоқ, айырып-ажыратып алмай, ақиқатты тануымыз да мүмкін болмас. Тап сол сияқты бүгінгінің қадір-қасиетін тану үшін, өткенімізді сүзгіден өткізуге тура келеді. Кеңестік жүйе халқымызды нақ осы сараптап салыстыру, талдап-таразылау мүмкіндігінен айырды; таңдау қалдырмай, тек, əкем де, шешем де, жалғыз қамқорым да, Құдайым да – совет үкіметі» деген жалғыз ұғыммен тəрбиеленіп өстік. Ұлттық мұрат-мүддеміз, атабабалар жолы, өнегесі мен ұлағаты, ғасырлар бойғы қалыптасып келген салт-дəстүр, əдет-ғұрып, ұлттық барша қадір-қасиетің «советтік менің өз елім!», «Алға, комсомол!», «Бастаушымыз – коммунистік партия!», «Партия қайда болса – жеңіс сонда!» – деген ұрандардың астында көміліп қалды. Тəуелсіздіктің үлкен жеңісі сол – осы таптаурынға айналған ұғымдардың қоясын қопарып, шаңын аспанға шығарды, сана-сезімдерді дүр сілкінтті, басқаша ойлауға, ұлт қадір-қасиетіне тереңдеп бойлауға үйретті. Ең бастысы, ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолдарының тағылымы мен үлгі-өнегесін тануға, тəлім-тəрбиелік мəнін ұғуға үйретті. Иə, терең тағылымды тарихымыз бар екен, ғасырлар қойнауы толы қалың қатпарлы шежіре, тұнып тұрған тылсым тарихат екен! Тəуелсіздік таңымен бірге ел тарихының өткені оралып, жаңа беттері ашылды, яғни, өткеніміз бен бүгініміз бетпе-бет жүздесті, қазақ баласы мұндайды «өлгенім тіріліп, өшкенім жанды» демеуші ме еді?! Осылайша, елдіктің тұғыры биікке көтеріле бастады. Таяуда Семей жерінде, данышпан Абай елінде ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойында елдігіміздің мəртебелі мерейіне куə болдық. Данасын ұлықтаған елдің көл-көсір қуанышын көріп, көңіліміз шарықтады. Заңгер ретінде, ұлы Абайдың би-заңгерлік болмысының үлкен мінбелерден айшықтай аталып, кемеңгерлік келбетінің ашыла, жаңғыра түскеніне қатты қуандық. Иə, қай заманда да би-заңгерлеріміз елдік мұрат-мүдделеріміз жолында халқының алдыңғы сапында жүріп, белсене еңбек етіпті, осыны сезіну біз үшін зор мақтаныш. Халқымыздың парасатты перзенттерінің бірі, көрнекті қаламгер Шерхан Мұртаза: «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты», – деген екен, бұдан асырып, заңның тұғырын көтере алмаспыз, сірə. Республика – елдік атауы, мемлекет тұғыры, ал оның тұғыры мен тұрақтылығын нығайтатын – заң. Рим ойшылы Платон: «Мен заңның ешқандай күші болмайтын жəне біреудің билігіндегі мемлекеттің күні санаулы екенін айта аламын. Билеушілер заңның құлы болатын мемлекеттің адамдарына Құдай игілік сыйлайды», – деген екен, заңның құдіреттілігін осыдан асырып қалай жеткізе аларсыз?! Қазақтың даналығын өз ішіңізден іздесеңіз де жаңылыспай табасыз: «Қазақтардың моральдық кодексін олардың мақал-мəтелдері мен аңыз əпсаналарынан іздеңіз», – деген екен халқымыздың дарынды перзенті Олжас Сүлейменов. Иə, айтса айтқандай, ұстаз тұтар білікті би-заңгерлеріміздің баршасы халықтық педагогикамен тəрбиеленіп, мақал-мəтелдермен, даналық өсиеттермен көзін ашқан, сол арқылы ақыл-парасат деңгейіне көтерілген, жұртының ыстық махаббатына бөленген. Ұлт көсемі Əлихан Бөкейхан: «Біздің іздегеніміз – алаш атының бəйгеден келгені. Тірі болсақ алдымызда үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар», – деген екен. Қайран есіл ер, басы ноқтада, мойны бұғаулы жүрсе де, қазағы үшін той дүбірі алыс еместігіне сенген, болашақ ұрпағы үшін қуанған. Ендеше, ел-жұртымыз дың мерейі əрқашан үстем болсын, елдігіміз баянды бола берсін! Республика күні құтты болсын!
Досжан ƏМІР, ҚР Судьялар одағының төрағасы


